Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 11868 0 пікір 24 Қазан, 2014 сағат 09:09

ТӘМСІЛ

(Әмірхан Балқыбектің қойын дәптерінен)

 

Өмірден ғапыл кеткен досымыз Әмірхан Балқыбек дүниеге нағыз ойшылдың көзімен қарап өтті. Бәріне мән беріп, пікір түйіп, пәлсапалық байлам жасап жүруші еді ол. Төмендегі дүние Әмірханның сол ойшылдығынан, зеректігінен, зиындылығынан сыр ақтарады. Қойын дәптердегі жазбалар ілгеріде баспасөз беттерінде жарық көрді. Таяуда «Парасат» журналында да жарияланды. Әмірханның «Тәмсілін» біз де abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік.   

 

Гүл қуанышы мен тас қайғысы

Ерте көктемде енді-енді жіпси бастаған жердің төсін түртіп оятып, әдемі бір гүл өсіп шықты.

– Бұл жерде қандай тамаша! – деді төңірегіне тамсана көз тастаған гүл.  – Ауасы қандай тап-таза!

– Миллион жылдан бері осы көрініс, – деді терең күрсінген тас, жылда-жылда қайталана береді. Іш пыстыратыны соншалық, жарылып кете жаздайсың.

Өмірің қызықты болсын десең, дүниеге сәби көзімен қарап үйрен.

 

Саусақ

Сырқат дәрігерге мұңын шағып отыр:

– Шамасы, ұзамай өлетін шығармын... Саусағыммен қай жерімді түртіп қалмайын, сырқырап қоя береді.

Ауруды тексеріп көрген дәрігердің әңгімесі:

– Әрине, солай болады. Өйткені саусағыңыз сынған ғой.

Бар болғаны саусағыңыз сынғанмен, біздің өзімізді өліп қалатындай сезінетін кездеріміз аз емес. Дұрысы сабырдан айырылмаған.

 

Жол беріңіз!

Кезінде газет беттерінде жазылған, өмірде болған оқиға.

Америка Құрама Штаттарының флоты Канада жағалауындағы суларда әскери-теңіз жаттығуларын өткізіп жатқанда, радио торабында мынандай әңгіме болады:

– Соқтығысып қалмас үшін бағытыңызды 15 градус солтүстікке қарай өзгертуіңізді сұраймыз.

– Жоқ, соқтығысып қалмас үшін сіздердің оңтүстікке 15 градус бұрылғандарыңыз жөн болады.

– Керісінше, соқтығысып қалмас үшін сіздер солтүстікке бұрылуға тиіссіздер.

– Бұл –  Америка Құрама Штаттары әскери кемесінің капитаны. Тағы да қайталаймын, бағытыңызды өзгертіңіз.

– Ал біз – Канада жағалауындағы шамшырақпыз (маяк). Яғни, бәрібір сіздердің бағыттарыңызды өзгерткендеріңіз дұрыс болмақ.

Кейде шамшыраққа соқтығысып қалмас үшін босқа дауласпаған дұрыс және жіті қимылдаған жөн.

 

Күнәһар

Екі монах ағысы қатты өзеннен өткелі жатады. Бұлардың тізеге дейін түрініп, енді дайындала бергені сол еді, бағанадан бері өзен жағалап жүрген әдемі қыз бұларға жақындайды. Өзеннен өтейін десе қорқып тұрғанын айтып, көмек берулерін өтінеді.

Монахтардың бірі үндемеген қалпы бойжеткенді иығына отырғызады да өзеннің арғы бетіне алып өтеді.

Бұған екінші монах қатты ашуланған. Ештеңе демегенмен іші алай-түлей бұрқасын болып жатыр еді. Олар монастырға жақындағанда, ашулы монах серігіне бұрылып былай дейді:

– Бұлай етуге тыйым салынған. Сенің бұлай әрекет етпеуің керек еді. Мен бұның бәрін монастыр басшылығына айтуға тиіспін.

Бірінші монах таң қала сұрайды:

– Не жайлы айтып тұрсың? Неге тыйым салынған?

– Сен өзеннен әдемі бойжеткенді иығыңа отырғызып алып өткеніңді ұмытып қалдың ба?

Бірінші монах күліп жібереді де, былай деп жауап қатты.
– Мен оны бір-ақ минутта алып өттім. Ал, сен болсаң әлі көтеріп келе жатырсың.

Адам өзгеден алдымен өзінде барды көреді. Сондай-ақ, қазақта «Әркім өз ойынан хабар береді» деген де сөз бар.

 

Патша мен данышпан

Падишах бірде кеңесшісі Бірбалдың қаншалықты данышпан екендігін тексеріп көргісі келеді де, жерге таяқшамен сызық сызады. Сосын не қысқартпай, не өшірмей қысқартуға бұйырады.

Сонда Бірбал падишах сызығының жанына одан да үлкен етіп тағы бір сызық сызыпты.

– Мінеки, әлемнің әміршісі! Енді сіздің сызығыңыз кішірейіп қалды, – депті миығынан күле жымиып.

Өмірде де осылай. Егер мықтының қасына одан да мықты біреу келетін болса, бәрі де өзгеріп шыға келеді. Қазақ мұны «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар», – дейді.

 

Бәрі өзіңнің қолыңда

Ертеде бір топ шәкірті бар ғұлама өмір сүріпті. Өмір бәсекесіз бола ма, осы шәкірттерінің бірі ұстазы жауап бере алмайтын сауал тауып қоюды армандапты. Сол үшін бірде қырға шығып, көбелек ұстап алады да, оны алақанына жасырған қалпы ұстазының алдына келеді:

-          Ұстаз, айтыңызшы: менің қолымдағы тірі көбелек пе, өлі көбелек пе?

Шәкірт ұстаз жауабына орай көбелекті өлтіріп не ұшырып жіберуге даяр еді. Өлі десе ұшырып, тірі десе бір сығып өлтіре салмақ. Әйтеуір, өз айтары ақиқат болып шықса болды...

Шәкіртіне назар да салмаған Ұстаз сонда былай деп жауап беріпті:

-          Бәрі сенің қолыңда.

Егер ақиқаттың ақиқат болмағы тек саған байланысты болса, бұл ақиқат емес.

Abai.kz

0 пікір