Жұма, 29 Наурыз 2024
Алаң 8466 0 пікір 24 Қазан, 2014 сағат 12:32

ИЛЬЯ АЗАРДЫҢ РЕПОРТАЖЫ

 

Украинаның оңтүстік-шығысында соғыс өртін тұтатты. Егерде орыстардың саны мен сепаратистік өткенін ескерер болсақ, «лап етуге» дайын тұрған аймақ Қырымның Ресейге қосылуы және кейін кеңестік кеңістіктегі Қазақстанның Шығысы. «Медузаның» корреспонденті Илья Азар жергілікті астана— Усть-Каменогорскіге (автордың стилін сақтау үшін алмастырмай беріп отырмыз – Ә.Ә.Ә.) сапарлап барып, онда өзіндік «халық республикасының» өмірге келу-келмеуін ұғынып қайтты.

«Мынадай бір мысал бар. Құрбақаны ыстық суға салғанда, оның денесі күйіп, жаны қиналған ол секіріп шығып, қашып кетеді.

Ал, егер құрбақаны салқын суға салып, баяу қыздырсаң, су қайнағанда құрбақа өздігінен пісіп қалады. Бірінші құрбақа – ол Украинадағы орыстар, ал екінші мысалдағысы – Қазақстандағы орыстар» деп сипаттайды Қазақстандағы орыстың жағдайын Кенді Алтай орыс общинасының төрағасы Олег Масленников. Ол Украинада 23 жыл бойы «орыстарды және Ресейді жек көруге тәрбиелеп келді» (оның соңы Донбасстағы соғысқа алып келді). Қазақстанда да дәл сол процесс жүруде, тек ол «ақырындап» қана жүргізіліп келе жатқанына сенімді.

Кенді Алтай — Алтайдың оңтүстік-батысы, оның үлкен бөлігі астанасы Усть-Каменогорск болып саналатын ШҚО еншісіне тиеді. 2013 жылы жергілікті статистикалық ведомствоның жинаған мәлімет деректері бойынша, Қазақстандағы орыстардың үлесі –21% болса, елдің шығысында – 38%, ал, Усть-Каменогорскде – тіптен 58% құрайды.

Қазақстанның Ресеймен шекаралас облыстарындағы орыстардың тағдыры Қырымның тағдырына, ал, ұлттық құрамы Донбасстағы орыстың құрамына ұқсастығы 2014 жылдың күзіндегі көз үйренген жағдайға айналғандай көрінеді. Қыркүйекте Кремльге жақтас жастардың  форумында президент Владимир Путин кенет украин оқиғасының Қазақстанда да орын алуы мүмкіндігін сөз етті. Путиннің ойынша, әзірше, Қазақстанның қорқып-қалтырауына орын жоқ. Бірақ та, Астананы Ресей басшысының осы тақырыпты қозғағаны қатты дүрліктірді. Оның үстіне Путин «[Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев зор еңбек жасады] – ол ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды» деп қазақтардың жанды жерін тырнап өтті.

 «Путиннің сөзінен кейін мұнда не болғанын білсеңіз ғой! Оның сөзінің дұрыс емес екенін дәлелдеуге тырысқандар том-том кітап жазды, «оны абайсызда шатасып айтқан болар» деп өздерінше болжам жасағансыды. Олар Жер планетасының тарихы сол қазақ мемлекеттілігінен басталды дейтін шығар» деп ирониямен сипаттайды Өскеменнің орыс тұрғыны, сатушы Сергей (ол өзінің шын есімі мен кәсібін атамауды өтінді). Қазақтар тіпті осы жағдайға орай «Тарих оқулығын Путинге жолда» деген акция өткізуге тырысыпты.

«Бірақ барлығы у-шусыз аяқталды, өйткені, Назарбаев дана адам ғой, істің аяғы неге барып тірелерін жақсы біледі» деп әңгімелейді Орта Азия жөніндегі сарапшы, журналист және саясаттанушы Аркадий Дубнов.

 

ЕЖЕЛГІ ОРЫС ЖЕРЛЕРІ

Кенді Алтайға казактар келгенге дейін онда ешқандай да қазақтың көшпенді мемлекеті болмағанына сенімді. Қалалардың болмағаны да анық. 1720 жылы орыстың лейб-гвардиясының майоры Иван Лихарев Өскеменде, Ертістің Үлбіге құяр тұсында бекініс салдырған.

Ал, көршілес Семей қаласы одан екі жыл бұрын ғана пайда болған.

ХХ ғасырға дейін шығыс және солтүстік Қазақстанда қазақтардың үлес салмағы басым болды — Семей облысында 1897 жылы  88% жетті. Уақыт өте келе,  орыстар әуелі Столыпиннің арқасында, ал, одан кейін кеңес өкіметінің арқасында  — аймақтағы үлес салмағы   арта түсті. 1920-шы жылдары аталған жерлерде астанасы Оренбург болып табылған Қырғыз АКСР (шын мәнісінде қазақ) құрылып; 1936-шы жылдан бастап, Қазақ КСР болып саналды.

1989 жылғы бүкілодақтық санақ кезінде еліміздің шығысындағы (ШҚО Семеймен қоса алғандағы бүгінгі аумағында) орыстың үлес салмағы 51 %-дан асып кетіпті. «Кеңес Одағы кезінде қазақты көрсек – негрді көргендей болатынбыз» деп еске алады жергілікті тұрғын, жұмысшы Андрей.

— Бізді, Путинше сөз саптасақ, кәртөшкедей әлдебіреуге арқалата салды, — деп Қазақстандағы тым танымал «Лад» славян қозғалысының белсендісі Олег Навозов мұрнын тыжыртады.

— Білмеймін, Ленинге кімнің Кенді Алтайды қазақтарға беру тақырыбын қозғағанын деп сөз саптайды жергілікті орыс қауымдастығының төрағасы Масленников (орыс ұйымындағы басқа әріптестеріне қарағанда ол – өзінің 50 жасымен олардың ішіндегі ең жасы болып саналады).

Өскемендегі «Русский мир» қорының өкілі Николай Плахотиннің айтуынша (бұл адам да кәртамыс тартқан), Лениннің мұндағы ойы мынада екен: «Қазақтардың өз өнеркәсібі мен пролетариаты жоқ еді, ал кеңес билігінің негізі осында болатын. Сондықтан Кенді Алтайды беруіне тура келді.

Кейін кеңес лидері Никита Хрущев Украин КСР-на «қоса салған» Қырыммен ұқсастығы көзге ұрып тұр. «Автономиялық республикадан толық қанды КСР-ге айналу үшін тұрғындардың санын арттыру керек деп Плахотинмен саясаткер Дубнов та келіседі. — Сол кезде Қырымдағы сияқты бұған ешкім назар аудармас еді».

Қазақ үкіметі, жергілікті милетшілер сияқты емес, аймақ дамуындағы орыстардың еңбегін жоққа шығармайды. Бірақ, кез келген ұлттық мемлекеттердегі сияқты, өз аумағында қазақ исінің мүңкуін қалайды. Олар Шығыс Қазақстанда орыстар төбе көрсеткенге дейін Қазақ хандығының тұрғындары тұрған деп есептейді.

Украинаның оңтүстік-шығысындағы «федералдандыру» талабы турасында «Украинадағы [жұртқа белгілі] оқиғаның басталуының себептерінің бірі көпұлтты тұрғындар құрамын унитарлық формамен басқаруға көңіл толмаушылық болған-ды», — деп есімізге салады жергілікті орыс қауымдастығының төрағасы Масленников. Қазақстандағы нағыз федерализациялану, әлбетте,  күн тәртібінде тұрған жоқ. «Қазақстанда Лениннің ескерткіштері де жоқ. Ал Украинадағы Ленин ескерткіштері жақында, осы еуромайдан кезінде ғана құлатылғаны естеріңізде болар. Өскеменнің орталық алаңы облыс әкімдігінің алдындағы Лениннің орынын қазақ классигі, ақын Абай алмастырған.

* * *

Кеңес тарихының себеп-салдары— Қазақстандағы орыстардың жалғыз проблемасы емес.

Украиндағы төңкеріске дейінгі соңғы төрт жылда елдің президенті украиншасына қарағанда, орысшасы тайпалаған жан болды; донецкілік, луганандық және қырымдық басшылар мемлекеттік тілді тіпті мерке кезінде де қолданған емес. Орыстардың билікке араласуы Донбасс пен Қырымға қарағанда сирек, мемлекеттік аппаратта, сот мекемесінде, күш құрылымдарында да орыстың саны көп емес (ресми дерек бойынша мемқызметтің 95 пайызы қазақ ұлтының үлесінде).

Бірақта Усть-Каменогорскінің мәслихатында (қалалық думасында) орыстар бұрынғысынша тең-жарымды құрап отыр.

— Олардың бәрі сүзгіден өткізілгендер, әсіреұлтшыл орыстар ұсынылған кезде жіберілмейді,-деп статистикаға қолын бір сермейді «Русский мирлық» Плахотин.

— Олардың ешқайсы қазір орыс адамының позициясы үшін кеңірдек жыртпайды, — деп өкпелей тіл қатады Навозов.

Жергілікті «Регион» баспа үйінің директоры Евгений Черкашин билік органдарындағы ұлттық үйлесімсіздіктің себебін «Шенеуінік қос тілді болуы керек— заң солай. Қазақтар түгелге жуық қос тілді де біледі, сондықтан бірден шенеуінікке айнала алады. Жүйенің көзқарасы бойынша бұл – орынды, сондықтан маған, орыс адамына, өкпелеудің еш орны жоқ. Оның үстіне көптеген орыстар әлі өз орындарында отыр, оларға қысым көрсетіліп жатқанын естіген емеспін, ешкімде газетке шағым айтып келе қойған жоқ» деп түсіндіреді.

Қазақстанда жұмысқа қабылдау кезінде ұлттық негізде кемісітушілік нышаны жоқ. Қаладағы кәсіпорындардың бірінде істейтін Борис Золотарев (мәскеулік фирманың қызметкері, қожайындары соңғы бір жарым жыл бойы Усть-Каменогорскіге жиі жіберіп отырады) мәселенің бәрі «азиаттық ерекшелікте» деп санайды.  «Егер қазақ бір жақсы жерге жұмысқа орналасатын болса, бірден түк істемейтін, қолдарынан ештеңе келмейтін туыс-туғанын жанына алдыра бастайды.

Жалақы алу оған қалыпты нәрсе, ал, өзінің ерекше еңбегі үшін қосымша үстемеақы алуға мойны жар бермейді» дейді жұмысшы Золотарев. Сатушы Сергей ол жағдайды былай суреттейді: «Әрбір бастықтың 3-4 орынбасары бар, олар – туысқаны, жай ғана жақсы адам, ақылдымсыған қазақ және бір орыс. Барлығының жұмысын сол орыс істейді». 

Усть-Каменогорскінің бұрынғы халық қалаулысы Игорь Любимов «бірінші шақырылымында тек қана орыстар болғанын («үкіметтің өзі Қазақ елі болғандықтан – бірде-бірде қазақ депутаттың болмауына наразы болғанды»), бірақ сол кездің өзінде «Шығыс Қазақстанға ұлттық-мәдени автономия мәртебесін беру» туралы заң қабылдау мүмкін болмағанын» еске алады. «Ал қазір сайлауда демократия да жоқ, тек қана саяси технологиялар, өзіңіз түсінесіз» дейді Любимов ресейлік тірлікті де ишаралай алға тарта отырып.

Заманалық қазақ қоғамының саяситехнологиялық  «өнімдерінің» бірі — қалалық мәслихаттың депутаты Станислав Каримов. Новосибир техникалық университетін бітірген ол 30 жаста; басқа көпшілік  отандастарынан айырмашылығы ШҚО-ға қайтып оралғандығы. Каримовті «кәсіби орыстар» ұғынымындағы термин бойынша «әсіреорысшыл» деп айта алмайсың. «Сіз қарап көріңіздер, меморгандарда қандай жетімсіздіктің орын алып отырғандығын, бізде шығыста адамдар жетіспейді. Бұл жүйенің, адам ресурстары бойынша проблемасы, ұлттық проблема емес. Облыс басшылығы деңгейінде ұлттық басымдықты қалап отырғандығына өз басым кепілдік берем», —деп ой түйеді Каримов.

 Қазақстанға ауылдық жерде бірнеше дүкен ұстап отырған ата-анасына қайтып оралып, 25 жасында өзінің барша «материалдық мәселерін шешкен»  Каримов саясатқа араласып, президент партиясы «Нұр Отан» қатарына өтеді.

— Партияда сен сияқты орыстар көп пе? — деп мен одан сұраған шағымда табандылықпен қойған сауалымнан жалтырды.

— Аз деп айтуға болмас, саған таңылған көзқарасты бұзып-жарып шығу проблемасы бар. Бәріне кінәлі адам факторы, -  деді ол ақыры.

Ескерту: Илья Азардың бұл репортажы орыстілді сайттарды шарлап жүр. Қазақстанның «мәңгілік досы» болып табылатын, қауіпсіздік іс-шаралары мен экономикалық қарым-қатынас барысында қарайлас елдің баспасөзі қазір не болса соны жазып, ақпараттық агрессия қысымын күшейте түсуде. Азардың репортажын аударып ұсынғандағы мақсатымыз - ұлтаралық дүрдараздықты қоздыру емес, ел бірлігіне, мемлекет тұтастығына қауіп төндіретін ақпараттарға абайлап қарап, билік орындары пәрменді қимылдау керек дегенге саяды. Оқырман тарапынан қызғушылық болса, репортаждың жалғасын жария етуге дайынбыз. Репортаждың орыс тіліндегі кем-кетігі, журналистің кәсіби білігінің төмендігі аударамада толық сақталып берілді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564