Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Анық 8035 0 пікір 29 Қазан, 2014 сағат 17:11

ҰЛЫҚТАУҒА КІМ ЛАЙЫҚ?

Менің парақшамды біраз шенеунік, дипломаттар оқитынын жақсы білемін. Соларға құлаққағыс деп есептейік.

Еліміздің ішінде керемет байқала бермейтін үрдістер болып жатыр. 
Соның бірі меценаттық қызмет, меценаттық үрдіс. Соның бір айғағы Семей өңірінің тумасы Шыңғыс Құлжанов деген азаматтың тіршілігі. Осыдан бірер жыл бұрын бұл кісі танымал қаламгер, журналист Валерий Михайловтың "Хроника Великого джута" атты кітабын жаңадан шығарып, оны қазақ тіліне жаңадан әдебилендіріп аударған болатын (аудармашы Ғұсман Жандыбаев).
Валерий Михайлов­тың «Мектеп» баспасынан жарық көрген «Ғаламат жұт шежіресі» атты қазақ тілінде жария болған кітабының таралымы 10 мың дана болды. Таралым еліміздегі барлық кітапханаға тегін таратылды.

Орыс тіліндегі қомақты таралым қазақ қалың отырған Омбы, Томбы, Астрахань, Саратов сияқты Ресей өңірлерінде тегін таратылды. 
Осыдан біраз уақыт бұрын кітап неміс тілінде шығып, Германия аймағына тарап кетті. 
Бүгінгінің басты жаңалығы - жақында Лондондағы STACEY international атты саяси әдебиет баспасынан кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасы 2000 данамен шықты. Кітап сол жақтағы аймақты зерттеуші орталықтарға, кітапханаларға тегін жеткізіліп, сауда айналымына да түседі. 
Қарап отырсаңыздар ғаламат жұмыс!

Дәнекер адамдар туралы бөлек айта кету қажет.

Осы жұмыстардың басы қасында жүрген азаматтардың бірі - "Мектеп" баспасының басшысы Ерлан Сатыбалды мырза. Танымал қайраткер, әдебиетші, әйгілі Міржақып атамыздың жиені.

Кітаптың ағылшын тіліне аудармасын Орта Азия аймағына жанашыр адам, зерттеуші Кэтрин Юдельсон жасады (суретте). Кэтрин Лондондағы Археология институтының ғылыми қызметкері, Қазақстанда, Орта Азияда бірнеше рет болған адам. Ұзақ уақыт бойы Мәскеудегі Progress Publishers баспасында да қызмет еткен.

Кітаптың неміс тілінде таралуына, насихатына көп еңбең еткен адамның бірі - Гумбольдт университетінің қызметкері Роберт Киндлер мырза. Роберт Киндлер Орта Азия мен Қазақстанның сталиндік кезеңі туралы бірден-бір маман. "Сталин көшпелілері" (Stalins Nomaden) және "Қазақстандағы билік пен аштық" (Herrschaft und Hunger in Kazakchstan) атты кітаптардың авторы.

Ұсыныстар мынадай:

1. Президенттің жыл сайын тапсырылатын "Бейбітшілік және прогресс" атты халықаралық премиясы бар. 
Осы премияны ешкімді алаламай, бөлмей Валерий Михайлов, Ғұсман Жандыбаев, Ерлан Сатыбалды, Кэтрин Юдельсон, Роберт Киндлер деген азаматтарға табысталса. 
Жалпы Юдельсон, Киндлер сияқты азаматтарды елге көбірек шақыртып, ғылыми ортамен, жастармен көбірек таныстырған жөн. Бұлар ғылым адамдары. Шақырған жерге келеді. Қайда кетпей жатқан қаражат. Бұл кісілер жақсы авторларды кездестіріп жатса, жаңа тақырыптарды көріп жатса, өз елдерінде аударуға келісім берсе елдің аты шығады, даңқы шығады. Әлем біздің тарихымыз бен мәдениетіміз туралы хабардар болады. 
Қарымта құрмет ретінде осы кісілердің Қазақстан туралы жазған дүниелерін қазақ тіліне аударуымыз міндет болып табылады. Осыны да ұмытпайық.

2. Шыңғыс Құлжанов деген азамат (жеке танымайды екенмін) еліміздегі меценаттарға табысталатын премияның біреуімен марапатталса. Бұл ғана емес, талай үлкен әлемдік те, жергілікті де жобаларға ат салысып жүрген меценат, кәсіпкер.

3. Мәдениет министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, елшіліктер арқылы ағылшын тілінде шыққан "The great disaster" кітабы алдағы жылдың Букер сыйлығына ұсынылса. Ұсыну жолдары, тәртібі сайттарда анық жазылған. 
Жалпы айта кетейін, соңғы екі жылда Букер сыйлығы демократияланып жатыр. Сыйлыққа барша ағылшын тілінде шыққан дүниелер ұсыныла алатын болды. Тақырыптардың, идеялардың тапшылығы заманында өмір сүріп жатырмыз. Жақсы жұмыс істелсе кітаптың "Ұзын" және "қысқа" тізімдерге ілігуінің мүмкіндігі аса жоғары болады. Мысалы, осы жылдың Букерін Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі жағдай туралы жазғаны үшін австралиялық Ричард Флэнаган алды. 
The Man Booker Prize сыйлығын алу үлкен мәртебе болып табылады. Елдің атын шығарудың, қазақ әлемін ағылшын тілді оқырманға түсінікті етудің ең үздік жолы осы.

Айтпағым осы ғана еді.

Abai.kz

0 пікір