Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 6507 0 пікір 17 Қараша, 2014 сағат 16:23

Бейбіт Сарыбай. АЯУЛЫ ПИНГВИНДЕР!

Құрметті Антрактидалықтар! Аяулы Пингвиндер!
Дәл қазіргі уақытта күллі әлем көптеген қауіп-қатерлермен бетпе-бет келіп тұр. Адамзат баласы бастан кешіп отырған экономикалық дағдарыс бізге әсер етпегенімен, ғаламдық жылынудың әсері жоқ деп айта алмаймыз. Мен бұған дейінгі жолдауларымның барлығын тұрып жасап келгенмін, и до конца тұрып жасаймын... Өйткені отырып жасасам қазақтар құсап «шаршай бастаған екен»,- деп сыпсыңдап шыға келетіндеріңді білемін. Жә, жолдауыма көшейін. Біздің ұлттық қорымызда 2 млн 456 мың шаян, 365 миллионнан астам балықтар бар. Мен шаяндардың 1 млн 300 мың кезінде, балықтардың 250 млн кезінде ескерткенмін. «Күні ертең қандайда бір жағдай белең алғанда жейміз, қазірше тимеңдер, олар біздің ұлттық қорымыз» дегенмін. Соның арқасында олардың санын едәуір арттырып алдық. Енді міне сол ұлттық қордағы ас-ауқатымызды пайдаланатын кез-келді. Же дегенге жұтып, қылғыта бермей, ұқыппен жеңіздер. Күні ертең не боларын білмейміз. Ұлттық қор тікелей өзімнің бақылауымда болады. Тағы бір айта кететін жағдай бар. Дәл қазіргі уақытта геосаяси ахуал ұшқынып тұр. Бізге киттермен килігудің, акулалармен айқасудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Мұхиттың жоғарғы қабатында да, тереңінде де жүргендіктен біз көпвекторлы саясат ұстануға тиіспіз. Қалғып, мүлгімей дұрыстап тыңдап алыңыздар. Бәрібір оқымайтындарыңызды білемін. Күні ертең оқымай, білмей насихаттауға көшесіңдер. Ұсақ балықтардың өсуінің баяулауы бізді экономикалық тығырыққа тірейді. Біз құрлықта да өмір сүре алатын болғандықтан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басуымыз керек. Бұл біздің қосымша ресурсымыз болып табылады. Бізге инфрақұрылымды дамытудың ешбір қажеттілігі жоқ. Табиғатта не бар, соны пайдаланамыз. Біз құрлықта да, суда да жұбымызды жазбай жүруге тиіспіз. Бұл дамудың пингвиндік модельі деп аталады. Көбею біздің негізгі идеологиямыздың негізгі тіні.
Менің биылғы жолдауымда айтарым осы. Осы бағытта барлықтарыңызға табыс тілеймін.

 

 

0 пікір