Жұма, 19 Сәуір 2024
Тарихтың бір күні 11273 0 пікір 1 Желтоқсан, 2014 сағат 12:19

ЕЛІМЕН ЕТЕНЕ ЕЛБАСЫ

Бүгін – Тұңғыш Президент күні. Осыдан 23 жыл бұрын Қазақстан халқы Нұрсұлтан Назарбаевты ел Президенті етіп сайлаған еді. Ел бағына туған Елбасымыз өзі құрған мемлекетті жаңа биіктерге бастай берсін!

 

Бүгін халқымыз Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті күнін атап өтіп жатыр. Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланған тұста депутаттардың бастамасы бойынша белгіленген бұл мерекенің қазіргі заманғы Қазақстан тарихында алатын орны ерекше. Осыдан жиырма үш жыл бұрын дәл осы күні Қазақстан халқы өзінің Мемлекет басшысын сайлауға деген егемен құқығын алғаш рет іске асырды.

1991 жылғы 1 желтоқсанда болған, ел азаматтарының 88,23 %-ы қатысқан Қазақстан Президентінің жалпыхалықтық сайлауы – Қазақстанның жаңа тарихының ұмытылмас кіріспесі, жалпықазақстандық бірліктің маңыз­ды тұғырларының бірі. Сайлауда Н.Ә.Назар­баев­қа қазақ­стан­дықтардың 98,78 %-ы дауыс берді.

Сол кезде, дәуірлер тоғысқан тұста Қазақстан халқы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ұлы жауапкершілік жүктеп, ұлы міндеттер артты. Содан бергі жылдар ішінде біздің Президентіміз осы тарихи миссияны Елбасыға тән әкелік даналықпен және өз халқы­на деген перзенттік сүйіс­пен­шілікпен атқарып келеді.

Ол – идеяларынан үміт туындап, сенім нығая түсетін әрі азаматтарымыздың зият­керлік қуат-қажыры мен ізгі ниетін тарихи ұлы істерге, көпұлтты халықтың бірлігі жолына жұмылдыра білген Елбасы. Есімі мен мемлекеттік құрылысының моделі, саясаты бү­гінгі күні әлемдік тарихтың жылнама­сына жа­зылған көрнекті де прогресшіл басшы­лары­ның атқарар жүгі қашанда осындай болған.

Осыдан 23 жыл бұрын ол бізді ортақ тарихи тағдырмен біріккен он бес миллион адам үшін қолдан келмес шаруа жоқ екеніне, татулық пен келісімде өмір сүру, білім, жасампаз еңбек, орынды шамшылдық пен өзіңе және өз халқыңа деген зор сенім ғана жақсы болашаққа бастар жол аша алатынына сендіре алды.

Туған жерінің қадір-қасиеті сүйегіне сіңген нағыз Елбасы ретінде ол осы істе өз халқының іргелі құндылықтарын – бейбіт­шілік сүйгіштік пен тағаттылықты, жаңа білім мен дағдыларға деген ашық­тық­ты, дәстүрлі рухани жомарттықты, азаттық рухы мен ынтымақтастықты өзіне серік етіп алды.

Бүгінгі күні Қазақстан – үлкен эконо­ми­калық, саяси, әлеуметтік, инновациялық, зияткерлік, рухани, пассионарлық әлеуеті бар тәуелсіз, тұрақты, құрметті және әлем жұртшылығына ашық мемлекет.

Қазақстан тәуелсіздігінің тарихын Тұңғыш Президенттің күшті көш­бас­шылығынан бөліп қарауға болмайды.

Елбасының көшбасшылығы – тынымсыз жасампаз еңбектен, оптимизм мен құрыш болаттай жігерден, жаңалыққа деген ұдайы ұмтылыстан, саяси көрегендік дарыны мен өзінің көпұлтты біртұтас халқына жақсылық тілеудің зор ниетінен бастау алатын ұлы табыс тарихы болып табылады. Ол өз халқын бөле жармай, оған тарихы мен тағдыры бір, болашағы ортақ біртұтас халық ретінде қарайды.

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев – 17 миллион отандасы үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін де тәуелсіз Қазақстанның ең басты жасампаз құрушысы.

 

* * *

 

Қазіргі өмірдің қарқынды ырғағы, алынатын ақпараттың ауқымды бөлігінің толымсыздығы мен үстіртінділігі, бірін-бірі алмастырып жатқан оқиғалар ағымына өз бетінше «қосылу» біздің еліміздің ең жаңа тарихының нақты оқиғаларына асықпай, жан-жақты, ретроспективті талдау жасауға ықпал етпейді. Бәлкім, бұған ауқымды істер анық көрінетін уақыт «аралығының» өзі жетпей жатқан болар.

Дегенмен, қазірдің өзінде Тарих таспасына біздің Елбасымыз өшпестей етіп жаз­ған парақтардың бар екені анық, оның ше­шім­дерін – константтарын Қазақстан саясат­кер­лері мен азамат­тары­ның әлі бірне­ше ұрпағы өз бойына өлшем тұтатынына сенім­дімін.

Осы шешімдерге біршама тоқтала кеткім келеді.

Қазақстандағы ынтымақ және әлемдегі Қазақстан

«Халықтың билеушісі халықтың қалың топтарының жандүниесінде оларды ха­лық пен халықтар өз арасындағы әртүрлі топ­тардың көптігіне, олардың жағдайлары мен әрекеттері әртүрлі екеніне қарамастан, бір әрекет жасап, бір мақсатқа қол жеткізетін тұтас дүние бола алатындай келісімге, бір-бірімен өзара байланысқа және қарым-қатынасқа бастайтын органдар мен ерік-жігер қабілетін жасап, сіңіруге тиіс». Әл-Фараби. («Философияның дінге қатынасы»).

Адамзат тарихы – бұл, негізінен, жаулап алу соғыстарының тарихы. Көптеген ғасырлар бойы халықтардың тағдырын соғыс өнері айқындап-шешті. Сондықтан да тарихта ұлы қолбасшылар мен жаулап алушылардың есімдері сақталып қалған. Мемлекеттердің экономикада үстемдік құру, өз ықпалын жүргізу аясын және өз аумағын кеңейту үшін үздіксіз күресі, өкінішке орай, күні бүгінге дейін геосаясаттың қозғаушы күші болып қалып отыр.

Өркениет дамуының өзі ХХІ ғасырдың басында жаңа қатерлер мен тәуекелдер тобына тап болып, өзін-өзі құртудың орасан зор әлеуетіне ие бола отырып, адамзатты өте нәзік өзара тәуелді жағдайға алып келді – жаһандық саясат туындайтын қарама-қайшылықтарды өркениетті әрі үйлесімді түрде болғызбауға және шешуге қабілетті, татулық пен күш көрсетпеушілік, тағаттылық пен үнқатысу құндылықтарын дәйекті әрі табанды түрде қорғайтын жауапты прагматик саясаткерлердің, бір сөзбен айтқанда «Бейбітшілік өнерін» жоғары кәсіби деңгейде меңгерген БОЛАШАҚ КӨШБАСШЫЛАРЫНЫҢ пайда болуын аса қажетсініп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің болмысы мен дүниетанымынан бітімгер өнерін шебер меңгерген дәл осындай көшбасшы болып табылады.

Ол тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік саясатын тұжырымдай отырып, өзін ішкі және сыртқы саясатта болашақтың осындай көшбасшысы, бітімгер көшбасшы ретінде көрсетті. Оның философиясы барлық ұлы және шынайы мәселелер секілді қарапайым: жасампаздыққа жету, болашаққа ілгерілеу үшін қоғамда келісім қажет. Ал келісім баршаның және әркімнің құқықтары мен бостандықтарының тең болуын талап етеді.

Сонау алыста қалған жылдарға ойша оралған кезде менің көз алдымда Қарағанды шахтерлерінің ереуілі туралы телевизия кадрлары келеді. Президенттің сол кезде: «Мен Назарбаевпын. Мен сіздердің проблемаларыңызды шешетін боламын!» дегені есімізде сақталып қалды.

Міне, одан кейінгі өткен жылдар ішінде ылғи солай болып келді де: қандай да бір проблема туындап, қоғамды алаңдатса, халық оның жауабы мен шешімін әрдайым өзінің ұмтылысы мен талпынысы ортақ, көпұлтты халқының қасынан табылатын өз Елбасының аузынан естіді.

Кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте этносаяси жанжалдар үлкен және кіші соғыстардан көрініс тауып, бейбіт халық арасында көптеген құрбандыққа әкеліп соқты, тұтас халықтардың қайғы-қасіретіне айналды. Толық емес деректер бойынша сол кездерде 600 мыңнан астам адам қаза тауып, хабар-ошарсыз кеткен. Ұлтаралық жанжалдардың теріс салдары тікелей шығындармен шектеліп қалмайды: аумағын жанжал жалыны шарпыған бұрынғы КСРО елдерінен кемінде 5 млн. адам қашып шықты. Жанжал аймақтарындағы экономикалық залалға баға беру мүлдем қиын.

Сол кезде Тәуелсіздік таңында бүгінгі күні «Назарбаевтың моделі», «қазақстандық жол» деп аталып жүрген және әлемнің түкпір-түкпірінде мұқият зерттеліп жатқан саясаттың «алтын арқауы» күнбе-күн қалыптасып жатты.

Барша азаматтардың тең құқылығы, мәдени алуантүрлілікті сақтай отырып, ұлттық бірлікті қалыптастыру, тағаттылық пен диалогты дәріптеу, үйлесімді тіл саясаты, этносаралық және конфессияаралық келісімге зиян келтіруі мүмкін кез келген әрекетке заң жүзінде кедергі қою, Қазақстан халқы Ассамблеясы – осы модельдің негіз құраушы қағидаттары осылар. Бірақ ең бастысы – бұл көпұлтты халықтың Көшбасшысы факторы.

Осы орайда, бір сұхбатта құрметті ағамыз Әкім Таразидің айтқан сөздері есіме түсіп отыр: «Мен оның Қазақстан халқының достығын сақтай алғанын нағыз ерлік деп санаймын. Оның даналығы – ол қазақтардың ғана емес, Қазақстанда тұратын барлық халықтың Президенті болды» («Казахстанская правда», 2013 жылғы 2 желтоқсан).

Келер жылы біз 20 жылдығын атап өткелі отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының саясатын жүргізудегі жетекші ұйым болып табылады. Ассамблеяны Қазақстандағы барша этностардың мәдени өзіндік болмысын сақтай отырып, жалпыазаматтық бірдейлікті, жалпыұлттық бірлікті құрудың күрделі жолындағы қажымас-қайтпас күрескен десек те болады. Қазіргі таңда институттық тұрғыдан алғанда Қазақстан халқы Ассамблеясы 820 этномәдени бірлестіктің басын біріктіріп отыр, бүкіл ел бойынша олардың қызметіне үш миллионнан астам азаматтарымыз қатысады.

Бүгінгі күні конституциялық мәртебе алған Ассамблея ел Парламентінде де өкілдік етеді. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясының тоғыз депутаты қабылданып жатқан заңдардың этносаралық келісім мен тағаттылық қағидаттарына мүлтіксіз сәйкес келуін қамтамасыз ете отырып, заң шығару ісіне нақты ықпал ете алады. Нұрсұлтан Әбішұлы Ассамблеядан сайланған депутаттардың алғашқы құрамына ақ жол тілей отырып, «Сіздер достықтың елшілері болып табыласыздар», деген болатын. Ал біздің әріптестеріміз осы миссияны абыроймен атқарып келе жатыр.

Өткен тарих тақырыбына арналған қызу пікірталастарды еске түсіре отырып, біздің Президентіміздің сонау 1996 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІІ сессиясында сөйлеген сөзінен бір үзінді келтіре кеткім келеді:

«Бұдан бұрынғы кезде қазақтардың мемлекеттілігі болмағаны туралы алуан түрлі сыпсың пікірлерге елеулі түрде тосқауыл қою қажет. Осыған байланысты «мемлекеттілік» пен «мемлекет» деген ұғымдар бір мағынаны білдірмейтініне көңіл аударар едім. Біз мемлекеттілік туралы айтқанымызда, ең алдымен жер аумағына ғана емес, қайта саяси-құқықтық қатынастардың, әлеуметтік және мәдени-рухани бастаулардың бүкіл кешенін ескереміз. Міне, осылардың негізінде қоғам тұтас жүйе ретінде тіршілік ете алады. Бұл мағынада алғанда қазақтардың мемлекеттілігі ежелден орныққан. Қазақ мемлекетін саяси-құқықтық құрылым ретінде хаттауға келсек, бұл басқа іс. Мұның өзі ХV ғасырда болғаны белгілі».

Біздің Президентіміз – саяси-құқықтық жағынан ғана емес, ең алдымен идеялық, аксиологиялық, рухани мағынадағы Елбасы. Сондықтан да оның мемлекеттілік, тәуелсіздік, мемлекеттік тіл тағдыры, мәдениет пен рух туралы әрбір сөзі қоғамда үлкен резонанс туғызады. Мәселен, оның таяуда ғана Ұлытаудың етегінде берген сұхбаты қоғамда үлкен үндестік тапты.

Елінің шынайы тарихын қымбат тұтатын әрбір адам Елбасының келесі жылы қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын мерекелеу туралы шешімін және оның тапсырмасына орай осы мәселе бойынша қабылданған Үкімет шешімін зор ықыласпен қабылдады деп ойлаймын.

Бүгінгі күні біздің еліміз – 140-тан астам елмен қарым-қатынасын дамытып отырған, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы секілді ең ірі халықаралық ұйымдарды басқарған, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы секілді өңірлік ұйымдарды құрудың бастауында тұрған, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы идеяларды ойдағыдай іске асырған, әлем қауымдастығына құрметті, жалпыжұртқа ашық мемлекет. Біз көршілеріміз – Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, сондай-ақ, АҚШ-пен, Еуропалық одақпен, Азия елдерімен жемісті стратегиялық әріптестікті жүзеге асырып отырмыз.

Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізге тартылған тікелей инвестициялар көлемі 160 млрд. доллардан асты. Бұл әлемдік қоғамдастықтың біздің елімізге деген сенімінің басты көрсеткіштерінің бірі емес пе?

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы табысты өткен саммитінен кейін әлемдік тарихқа «Астана рухы» деген ұғым енді. Ол көптүрліліктегі сенімнің, келісімнің, тағаттылық пен бірліктің нышанына айналды.

Астана экономикалық форумында ұсынылған G-global түріндегі жаңа әлемдік саясат пішімі Елбасының бітімгершілік бастамаларының болашағы жарқын жалғасы болып табылады. Осы бастаманың мәнін Президенттің өзі айқындап айтқандай, бұл «әділетті әрі қауіпсіз әлем сипатын құру ісіне баршаның күш-жігерін біріктіру».

Алматыда Иран ядролық бағдарламасы проблемаларын реттеу жөніндегі көпжақты келіссөздердің екі раундын өткізу Қазақстанның байыпты бітімгершілік қызметінің жарқын айғағы болды.

Кез келген мемлекет үшін басты мәселелердің бірі – мемлекеттік шекараларды халықаралық-құқықтық ресімдеу. Сондықтан да өз көршілерімен құрлықта он төрт мың шақырымға жуық шекарасы бар Қазақстан үшін тәуелсіздік алғаннан кейінгі өмірлік маңызды мәселелердің бірі мемлекеттік шекараны нығайту болды. Біз ұлттық мүдделерді ұдайы қорғай отырып, осы мәселелердің мәселесін сабырлы, салиқалы түрде біржола шешу үшін Мемлекет басшысының қаншалықты күш-жігер жұмсағанын тек қана болжап біле аламыз. Біздің Тұңғыш Президентіміздің дипломатиялық талантының арқасында Қазақстанның сыртқы шебі – бейбітшілік пен тату көршілік шекарасы болып отыр.Өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтудың алғы шебінде жүру Тұңғыш Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты басымдықтарының бірі болып табылады.

  ТАБЫС СТРАТЕГИЯЛАРЫ 

«Саясат дегеніміз қатты қат-қабаттарды бір мезгілде әрі құшырланып әрі салқынқанды көрегендікпен табан тірей отырып, баяу бұрғылау. Бүкіл тарихи тәжірибе, егер әлемде мүмкін емеске ұдайы ұмтылыс болмаса, мүмкін боларлыққа да қол жеткізе алмасымызды көрсетеді. Бұған қабілетті адам көсем болуға, оның үстіне, ол батыр болуға да тиіс. Егер ол өзі ұсынғысы келетін іс үшін әлем аса әңгүдік немесе аса сұмырай болып шықты деп ойлайтын болса, өзінің міз бақпайтынына нық сенімді адамның ғана; барлығына қарамастан, «дегенмен де!» деп айта алатын адамның ғана – сондай адамның ғана саясатқа кәсіби бейімі бар». Макс Вебер («Саясат бейімділік пен кәсіп ретінде») 

Әр жолы, «экономикалық проблемалар», «дағдарыс» және тағы сол сияқты сөздерді естіген кезде пикеттер мен митингтер, жалақы мен зейнетақының көптеген айлар бойы іркілуі, ең қажет тауарларды талондармен беру, бос сөрелер, ақшаның орнына берілетін «чектер», жұмыссыздық, үрей билеген қыстар мен болашағымыз бұлыңғыр болған кездер, жадымызда қалған қиын-қыстау 90-шы жылдар есіме түседі. Қазақстандықтардың қазіргі ұрпағы өз әкелерінің қандай дәуір сынақтарынан өткенін елестете де алмайтын шығар.

Мемлекет басшысының өзі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның жағдайын «Жағдайды ешбір әсірелемей, тікелей айтайын, 1990-шы жылдардың басында біз шыңыраудың жиегінде тұрдық» деп сипаттады. Бұл шынында да солай болды. Тыныштықтың тірегі әлсіз, болашағымыз бұлыңғыр, қауіп-қатерде сан жоқ еді.

Әрбір адамның өміріндегі секілді саясаткер үшін және саясатта ең қиыны – таңдау жасау. Дегенмен, Мемлекет басшысының өз таңдауы үшін жауапкершілігі мүлдем ғаламат, өйткені оның таңдауының артында миллиондардың тағдыры тұр.

Күйреген империяның экономикалық және саяси коллапсы жағдайында Қазақстанның Тұңғыш Президенті алдында қиын таңдау – жаңа елдің экономикалық дамуы мен саяси транзит моделін таңдау, яғни мәні жағынан өзінің мың өліп, мың тірілген халқының болашағын таңдау міндеті тұрды. Ол Ескі және Жаңа дүниенің, сондай-ақ, Еуропа мен Азияның тәжірибесін терең талдай келіп, олардың ішіндегі ең қажеттісін Қазақстанға бейімдеп синтездеп алды.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл бағытты қысқа түрде «алдымен – экономика, содан соң саясат» деп тұжырымдады. Мемлекет басшысының ұлттық экономиканы дамытуға, инвестициялар тартуға және қазақстандықтардың әл-ауқатын үнемі арттыруға баса назар аударуы өзінің жемісін беріп отыр.

Мен осы арада оқырманның назарын елдің экономикалық, саяси және әлеуметтік өрлеуі үшін үлкен маңызға ие болған екі бағдарламалық құжатқа бұрғым келеді. Ең алдымен, бұл Мемлекет басшысының 1997 жылғы алғашқы Жолдауы, онда Қазақстанды 2030 жылға дейін ұзақ мерзімді дамыту стратегиясы жарияланды. Бұл құжатта Қазақстан дамуының жалпы жолы, сондай-ақ, жеті басым бағыт бойынша нақты ұзақ мерзімді мақсаттар айқын белгіленді. Бұл мәні жағынан болашақтың бейнесін көзбен шолып қараумен бірдей еді. Ал сол кездің нақты жағдайы бұл бейнеден өте алыс болатын…

1997 жылы БҰҰ-ның адами даму индексі бойынша Қазақстан әлемнің 174 елі ішінде – 93-орында, ал бұрынғы КСРО республикалары арасында 7-орында тұрды. 1990-1995 жылдары орташа өмір сүру ұзақтығы 4,7 жылға қысқарды, білім алушылар саны 30 %-ға азайды, халықтың жан басына шаққандағы ұлттық табыс 7 есе кеміді және 1995 жылы біздің еліміз бұл көрсеткіш бойынша 129-орынға түсіп қалды. Республикадағы халық саны қысқара бастады. Бес жыл ішінде бала туу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 19,1-ден 14,7-ге дейін азайды. Туберкулез, ісік, тері аурулары, жүрек-қан тамырлары аурулары секілді әлеуметтік аурулар кеңінен тарады. Балалар өлімі және денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыздық жағдайлары көбейіп кетті. Жұмыссыздар, уақытша жұмыссыздар немесе «лажсыздан демалыста жүргендер» санын дөп басып айту мүмкін емес еді.

 Осындай жағдайда «Қазақстан-2030» Стратегиясы  өмірге жолдама алды.               Бағдарламалық мақсаттармен салыстырғанда президенттік Стратегия қазақстандықтарға анағұрлым көп нәрсе бергендігіне сенімдімін. Онда жалпы құндылықтар айшықты түрде және дұрыс тұжырымдалған, ол  қоғамға үміт ұялатты, рух берді, сол кезде орындалуы мүмкін еместей көрінген нәрселерге сеніммен қол создырды. Кейіннен Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі атап өткендей, «бұл құжат көзқарасымыздағы аса  маңызды серпiлiс болды».

Бұл – жаңа саяси бағдар мен болашақтың жаңа стратегиясы.   2012 жылғы желтоқсан айында Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялады. Ең ғажайып ғимараттардың бірі – жаңа опера және балет театрының сыңғырлаған сиқырлы залында Қазақстан эволюциясының жаңа келбеті жарқырай ашылып, оның алтын дәуірі басталды, ол – Мәңгілік Елге бастар жол.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы – Қазақстанның ХХІ ғасырдың ортасында өркениетті елдердің алдыңғы қатарынан ойып тұрып орын алуға жасаған қарышты қадамы, айшықты іздері, атап айтқанда, әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына кіру траекториясы.              Бұл құжаттың ауқымды тарихи болашағы бүкіл еліміз үшін, оның ішінде заң шығару үдерісінде де күретамыр бағыттарды айқындап, Парламент жұмысындағы басты бағдаршамға айналды. Біздің сайланымның рөлі ерекше, ол әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына кіру жолындағы Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік жаңаруын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету болып табылады.

 Президент Нұрсұлтан Назарбаев іске асырған экономикалық модель әлемдік дағдарыс жайлаған жағдайда аса тиімді әрі тұрақты модель болып табылады. Оның жарқын дәлелі – Мемлекет басшысының тек біздің елде ғана емес, сонымен қатар, шетелдерде де үлкен серпіліс туғызған Қазақстан халқына Жолдауы, онда «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты жария етілді.

 Бұл – теңдесі жоқ ауқымды тарихи құжат. Оның ауқымды екендігі жоспарларының ұланғайыр кеңдігінен және олардың материалдық жағынан молынан қамтамасыз етілуінен көрінеді. Оның тарихи екендігін Елбасының әлемдегі геосаяси жағдайға өте дәл баға беруімен қатар, еліміздің жуық арадағы перспективалық даму векторын айқындап бергендігі және Қазақстанның тағдыры үшін саяси жауапкершілікті ел басшылығының өз мойнына алуға дайын екендігі растады. Ал Президенттің іс-қимыл жоспарын уақтылы іске асыру біздің елде  қауіп-қатер мен дағдарысқа қарсы тұрып қана қоймай, әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына кіру жолын одан әрі жалғастыруға да мүмкіндік береді.

 

       ЕУРАЗИЯ ИДЕЯСЫ: ЖИЫРМА ЖЫЛДАН КЕЙІН

«Жаһандық экономикалық интеграцияның жаңа, барынша тиімді әрі әділ сәулеті керек. Біз бұрын құрылған және жаңадан құрылып жатқан интеграциялық бірлестіктердің, экономикалық одақтардың бір-біріне қарсы қойылмауын жақтаймыз. Керісінше олар бір-бірімен жемісті және сындарлы түрде ынтымақтаса жұмыс істеуге тиіс». Н.Ә. НАЗАРБАЕВ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – тек қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл еуразиялық  үлкен қоғамдастық, Қазақстанның әлемдегі барлық достары мен әріптестері үшін маңызды болып табылатындығына сенімдімін.

ХХІ ғасырдың Еуразиялық формуласы біздің Президентіміздің бүгінде шындыққа айналған интеграциялық тұжырымдасында жаңаша көрініс тапты. Одақтың барлық елдерінде  жұртшылық пен саяси элита пікір алуандығы, егемендік және нарықтық экономика идеясын төңіректеп жүрген кезеңде, интеграция тақырыбына ешкім көңіл бөлмеді және кейбіреулердің наразылығын туғызып, тіпті оны қабылдағысы да келмеді. Бұл жағдайда тек Нұрсұлтан Назарбаев қана көрші мемлекеттермен барлық қатынастарды үзудің  болашағымыз үшін қауіпті екендігін жақсы түсінді.

1991 жылғы 21 желтоқсанда Елбасының ұсынысы бойынша Алматы қаласында  кеңестік кезеңнен кейінгі 11 республика басшыларының кездесуі болып өтті, онда «ТМД-ның Алматы декларациясы» қабылданды, бүгіндері оның тарихи маңызының өлшеусіз зор екендігі аян. Мәселен, Беловежье тоғайындағы оңаша келісім әлемге КСРО-ның тарағанын мәлім етсе, ТМД-ның Алматы декларациясы жылдар бойы тірнектеп жинаған жетістіктерді сақтау үшін жаңа бірлестіктің құрылғанын паш етті.

Осы мақаланы жазу үстінде мен Президенттің ММУ-дегі тарихи лекциясынан жарты жыл бұрын, 1993 жылы Маастрихтте өткен «Global Panel» халықаралық конференциясында сөйлеген сөзіне көзім түсті. Одан мына бір үзіндіні келтірмесе болмас:

«Қазақстанның бұрынғы Кеңес Одағының және Еуропаның басқа мемлекеттерімен өзара іс-қимылына қатысты бір-екі ауыз сөз айтайын. Қазақстан экономикалық бірлесуді жақтап келген  және алдағы уақытта да жақтай беретін болады. Болашақ экономикалық одақта Қазақстанның да, Украинаның да, біздің туыстас Орталық Азия республикаларының да және Ресейдің де түпкілікті мүдделері бар. Мен басқа бірқатар проблемалар бойынша нық сенімді болмасам да, бірлесудің дұрыстығына сенемін және соған жұмыс істеймін. Бұған, әрине, жекелеген елдер күле қарар. Бірақ көбісі терең ойлана бастады. Қандай да бір кедергі болмасын, бәрібір шындық жеңіп шығады».

 Жиырма жылдан кейін осы шындық жеңіп шықты.

2015 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейтін Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Қазақстан, Ресей және Беларусь парламенттері үш елдің президенттері ағымдағы жылғы мамыр айында Астана қаласындағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында қол қойған  Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартты ратификациялады.

Қазақстан Көшбасшысы бірнеше рет атап өткеніндей, барлығымызға түсінікті қағидаттар Еуразиялық экономикалық одаққа негіз етіп алынған, олар: экономикалық прагматизм, егемендікті құрметтеу, интеграцияның еріктілігі, барлық шешімдерді қабылдау кезіндегі теңдік, эволюциялық даму, еуразиялық кеңістіктің ашықтығы.

Қазақстан Парламенті ратификациялаған экономикалық Одақ құру жөніндегі шарт  шеңберінде мемлекеттер егемендігінің теңдігі, олардың ұлттық мүдделерінің теңқұқықтығы мен олардың ескерілуі қағидаты қамтамасыз етілген, қандай да бір тараптың үстемдікке ие болуының кез келген мүмкіндігіне жол жоқ.

Мемлекет басшысы: «Біздің бірлестікте мемлекеттердің саяси егемендігі берік әрі мызғымастай, бұл – аксиома. Оның үстіне, экономикалық интеграциялар ұлттық мемлекеттілікті нығайту, дамуды, оны тұрақты экономика арқылы одан әрі  тұрақтандыра түсу үшін», – деп атап өткен.

Елбасы Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін көзінің қарашығындай сақтайды. Ол тәуелсіздіктің бас сәулетшісі және оның жасампаз құрушысы ретінде «Қазақстан Республикасы» деген атпен салынып жатқан ғимараттың әрбір сәулетшілік ой-ниетінің, оның әрбір кірпішінің, әрбір белағашы мен арматурасының бағасын жақсы біледі. Еуразиялық экономикалық одақ шартын жасасуға байланысты туындаған әртүрлі алыпқашпа сөздер мен пікірталастарға жауап ретінде ол кісі: «Егер, қандай да бір бірлестіктер еліміздің тәуелсіздігіне, біздің Конституциямызға нұқсан келтіретін болса, біз бұл ұйымды тастап, одан жедел түрде шығамыз», – деп мәлімдеген болатын.

Сондықтан, ешкім де, Президенттің өзі айтқандай, басты құндылығымыз – Қазақстанның Тәуелсіздігін тәуекелге тігіп отыр немесе біреулерге осындай мүмкіндік беріп отыр деп ойламауға немесе күдіктенбеуге тиіс. Қазақстанның тәуелсіздігі – Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл өмірінің мұраты, ол үшін Елбасы бар күш-жігерін, тіпті, жүрегі мен жанын да беретінін мен нық сеніммен айта аламын.  Осылайша, Қазақстан прагматизм және басқа мемлекеттермен екі жақты әрі көпжақты нысанда ынтамақтастықты кеңейту қағидаттарына адал екенін көрсетіп отыр.

 

 АСТАНА УАҚЫТЫ

«Астаналар сәулетінің өзіндік саяси мақсаты бар: ол ұлтты орнықтыра түседі, өзіне ғылым мен сауданы тартады, халықты  өз елін сүюге тәрбиелейді, бұл дегеніңіз ­– мемлекеттегі атқарылатын барлық ұлы істердің қайнар көзі емес пе».  Кристофер Рен, ағылшын сәулетшісі

1994 жылғы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңесте Президент астананы Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс айтты. Бұл шешімнің төңірегінде қандай қызу пікірталастың өрбігені бәріміздің есімізде. Шындығында ол кезең мемлекетіміздің тарихындағы қиын кезең еді, ол кезде – елдің сол кезеңнен аман-сау өтуінің өзі басты проблема болатын. Сол кезде немістер өздерінің астанасын Боннан Берлинге көшірмек болып жатқаны менің есімде, баспасөзде бұл көшке 8-10 млрд. марка керек екен деген әңгіме айтылып жүрді. Қазақстанның мұндай шығыстарға қаражаты жоқ еді, оның үстіне ол кезде Ақмоланы Берлинмен салыстыруға да келмейтін…

Бұл тарихи ұлы жоба – жаңа елордамыз Астана Нұрсұлтан Әбішұлының саяси ерік-жігерінің, мызғымас сенімінің және қайтпас табандылығының арқасында ғана жүзеге асты деп бүгін мен нық сеніммен айта аламын. Осы көрегендік және дана мемлекеттік шешім  үшін болашақ  ұрпағымыз  Қазақстанның Тұнғыш Президентіне әрдайым риза болады.

 

     Қасиетті Сарыарқаның төрінде бой көтерген жаңа елорда бүкіл еліміздің дамуында орасан зор жаңғыртушы рөл атқарды. Бүгінде  бүкіл ел «Астана уақыты» бойынша, жаңғыру уақыты бойынша өмір сүруде.

Бүгінгі күні Астанада бүкіл мемлекеттік билік шоғырланған. Алайда ол билік шоғырланған жерден де артық.

Астана – бүкіл ұлттың ерік-жігерін шоғырландырып, бүкіл халықтың өкілдерінің басын қосқан жер.

Біздің Астанамыздың рухы осындай, оның дүниеге келіп, жаратылғаны  үшін біз, бәрінен бұрын, Нұрсұлтан Назарбаевқа қарыздармыз!

 

* * *

 

         Бүгін – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні.

Бұл – халықтың өз Елбасымен, ал Елбасының өз елімен біте қайнасқан бүкіл қазақстандықтар мерекесі.

 Кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте болып жатқан қайғылы оқиғаларды көріп отырып, Елбасы мен халық тағдырының өзара байланыстылығын, өзара тәуелділігін, өзара шарттастығын түсінесің. Мықты әрі жауапты көшбасшысы болмай, шетсіз-шексіз саяси, экономикалық, әлеуметтік проблемаларға ұшырап жатқан елдің азаматтары жаппай басқа жерден өз бақыттарын іздеп жүргенін көргенде осыны жақсы түсінесің.

Қазақтарда «жол ашу» деген ұғым бар, оның мағынасы «сәт сапар тілеу» дегенді білдіреді. Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты біздің 17 миллион азаматымызға өмірлік жаңа жол ашты және әлі де жолдарын ашуда.

 Елбасы еліміз халқының 27 пайызын немесе 4,4 миллион адамды құрайтын қазақстандық жастарға да жол ашты. Қазақстанның Тәуелсіздігімен бірге өскен ұрпақ өз Отанының тәуелсіздігі мен бостандығына ешкімнің қол сұғуына жол бермейді. «Алаш туы астында Күн сөнгенше сөнбейміз!» – міне, біздің жастарымыздың рухы осындай! Олар өздеріне Елбасының әкелік қамқорлықпен арнаған білім беруді, денсаулық сақтауды дамыту бағдарламаларын, «Болашақ», «Қолжетімді баспана», «Балапан» сияқты мемлекеттік бағдарламаларды барынша бағалай біледі.

Бұл тақырыпта әлі де ұзақ әңгімелеуге болады.

Әрине, қандай да бір салада, мемлекетте және тұтастай қоғамда, әрбір қазақстандықта шешілмеген проблемалар мен өмірлік қиындықтар кездеседі.

 Әйтсе де идеялар мен жоспарлар, мемлекеттің және әлеуметтің іскерлік белсенділігі, әрбір қазақстандықтың үміті мен күш-жігері, мақсаты мен болашаққа деген ұмтылысы бар емес пе! Әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіру, таңдаулылардың арасында олармен тең болу сияқты Жалпыұлттық Стратегия да бар. Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қазақстан халқының «Мәңгілік Ел» болуға ұмтылған ұлы мұраты тағы бар.

 

«Мәңгілік Ел» дегеніміз – Қазақстанның Мемлекеттілігі мен Тәуелсіздігінің мызғымастығына және мәңгілігіне жоғары деңгейде ұмтылу.

«Мәңгілік Ел» дегеніміз – әлем тарихының буырқанған ағысында өзін өзі танытуға ұмтылған халқымыздың ғасырлық арман-мүдделерінің орындалуы.

«Мәңгілік Ел» дегеніміз – бір ел, бір халық, бір тағдыр.

«Мәңгілік Ел» дегеніміз – қасиетті Сарыарқаның зеңгір көк аспаны астында мәңгілікке салынған Астана.

«Мәңгілік Ел» дегеніміз – біздің басты жетістігіміз – біздің жүрегіміздің төрінен орын алған сүйікті еліміз.

Ол біздің тарихи ортақ болашағымыз – саламатты әрі өсіп-өркендеген Қазақстан!

Бұл асқақ арманға қол жеткізу үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару қажет.

«Мен үшін марапаттың ең үлкені – маған осы жылдары тұрақты түрде көрсетіліп келе жатқан бүкілхалықтық қолдау мен халықтың сенімі. Бұл сенім мені ең қиын сәттерде жігерлендірген еді және әлі де жігерлендіріп келеді… Бір нәрсені анық айта аламын: мен денсаулығым мен күш-қуатым барда Отаным мен Қазақстан халқының игілігіне қызмет ете беремін!».

Жүректен шығып, жүректерге жеткен бұл сөздерді біздің Елбасымыз айтқан еді.

Лайым, әманда осылай бола берсін!

Мерекелеріңізбен, Қазақ елі!

Қабиболла ЖАҚЫПОВ,

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің Төрағасы.

0 пікір