Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Экономика 9584 0 пікір 4 Желтоқсан, 2014 сағат 14:06

ДСҰ: БІЗДІ НЕ КҮТІП ТҰР?

 

Еліміз 2016 жылдың қаңтарынан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі мүмкін. Ал, Қазақстан ДСҰ-ға кіру туралы ресми өтінішін 1996 жылғы 26 қаңтарда ұсынып, сол жылғы ақпанда бақылаушы ел мәртебесін алған. 2003 жылы ұйымға қосылудың ақпараттық кезеңі аяқталып, қазір Қазақстанның ұйымға кіруі бойынша құрамында 50 мүше елден тұратын жұмыс тобы жемісті қызмет атқарып отыр.

Қазақстанның заңдарын ДСҰ қағидаларына сәйкес келтіру үшін мамандар тынбай жұмыс жүргізуде. 2004 жылдан бастап Үкімет Парламентпен бірлесе отырып бизнестің жүргізу үдеріс­терін жеңілдетуге және Қазақстанның жалпылай инвестициялық климатын жақ­сартуға ықпал ету мақсатымен қазақ­стандық  елуден астам заңға өзгерістер енгізген.  Кеден одағы келісімдері де осы сауда ұйымы ережелеріне сәйкес келтірілген. Сондай-ақ, 2006 және 2013 жыл­дардың арасында магистральдық темір­жолдың экспорттық, импорттық бағыт­тағы және елдің ішіндегі көліктік та­­риф­терін бір деңгейге келтіру жұмыс­тары аяқталған.

ДСҰ аясындағы келіссөздердің маңызды бөлігі Қазақстанның мұнай, газ және тау-кен өнеркәсібінде жұмыс істеп жатқан инвес­торлардың отандық тауарларды сатып алу талабына қатысты болып табылады. Мұнай-газ және тау-кен саласында қол қойылған 564 инвестициялық келісімшарт шеңберінде шетелдік және отандық инвесторлар өздерінің міндетте­мелерін жүзеге асырып жатыр. Олбо­йынша сатып алынатын қазақстандық тауар­лардың орташа есептегі көлемі 13 пайыз шамасында болып табылады.

ДСҰ аясында еліміздің  ауыл шаруашы­лығына қатысты келіссөздер күрделі күйінде қалып отыр. Талап бойынша ауыл шаруашылығы саласының институционалдық дамуына және ауыл инфрақұрылымына салуға бағытталған мемлекет тарапынан берілетін субсидияларды немесе көмекті шектеусіз жүзеге асыруға болады делінген. Бұл қолдаудың мөлшері қазірде 47,4 млрд. теңгені құрап отыр. Ал, ДСҰ-ға өткеннен кейін де мемлекет тарапынан бұл көмек еш шектеусіз арта бере ме? Отандық өндірушілерді ойлантатыны осы…

Қазақстан ДСҰ-ға  өткеннен кейінгі бес жылдан кейін шетел банктері мен сақтан­дыру компаниялары біздің елімізде өзде­рінің тікелей филиалдарын ашуға мүм­кіндік алады. Өз кезегінде Қазақстан қар­­жы нарығындағы тұрақтылықты қам­та­масыз ету мақсатында шетел қаржы ком­панияларына арнайы міндетті талаптарды қоя алады. Сондай-ақ, ДСҰ-ға өткен­нен кейін Қазақстанға технология саласының жоғары сұранысқа ие мамандары квотасыз келе алады екен.

 

ДСҰ ДЕГЕНІМІЗ...

Дүниежүзілік сауда ұйымы әлемнің 159 мемлекетін қамтиды, үлесінде бүкіл әлемдік сауданың 95 пайызы, яғни осында халықаралық сауданың құқықтық базасы қалыптасқан. 

Дүниежүзiлiк Сауда Ұйымы аталатын әйдiк құрылымның кiндiгi 1995 жылдың 1 қаңтарында қиылған. Штаб-пәтерi Швейцарияның Женева қаласында орналасқан. Атқарушы хатшылығы 500 адамды құрайтын ұйымды бас директор басқарады. Жылдық қаржы қоры 134 млрд. швейцар франкi, яки 90 миллион АҚШ доллары шамасында екен. Соңғы жылдардағы дерек бойынша ДСҰ-ға әлемнiң жүз елуге жуық мемлекеттерi мүше болып табылады.

Әрине, осыншалық орасан ықпалға ие үлкен жоба аяқ астынан пайда бола қалған жоқ. Бiз мүшелiгiнен дәмеленiп отырған ДСҰ-ның дүниеге келуiне екiншi дүниежүзiлiк соғыстан соң қол қойылған сауда тарифтерi туралы Бас келiсiм негiз болды. Бұл келiсiмдер серiктес елдер арасында ГАТТ атауымен таралды. Әлемдiк өндiрiс өрттей қаулап өскен 1950 жылдардың бастапқы кезеңiнде-ақ сыртқы тауар айналымы ұлғайған мемлекеттер дамудың жаңа дәлiздерiн игере бастады. 
Сауда нарығындағы келiсiм қадамдары ортақ тарифтердi қолдану мен өндiрiлген тауарды талғаммен тұтынудың сыртында тұрақты экономикалық бәсекеге де айқын жол ашты. Бақсақ, ғаламның ұйқысын қашырған жаһандану ұғымы сол кездiң өзiнде-ақ бар болған екен. 
Мемлекеттер арасындағы келiссөздер легi, кәсiби тiлде раундтар деп аталатын шаралар ұлғая келе әлемдегi сауда нарығын құқықтық тұрғыдан реттеп отыратын заңды тұлғаны қажетсiне бастады.

1986–1994 жылдар аралығындағы келiссөздер кезеңiнде мәселенi пiсiрiп алған ГАТТ мүшелерi Уругвайда бас қосқан жылы Дүниежүзiлiк Сауда Ұйымының шаңырағын тiктеп тарқасты. Сөйтiп сауда тарифтерi туралы бас келiсiмнiң мұрагерi саналатын ДСҰ Бiрiккен Ұлттар Ұйымы тарапынан мойындалып, заңдастырылды.

Дәл қазiр ДСҰ-ның жоғарғы басқару органы барлық мүше елдердiң өкiлдерi қатысатын конференция болып табылады. Әр екi жыл көлемiнде өтiп отыратын құрылтай бас директорды тағайындап, нақты зерттеп, реттеп отыратын түрлi комитеттердi бекiтедi. Ал ұйымның толыққанды жұмыс жүргiзуi мен қызметкерлердiң құрамына бас директор жауапты. Конференцияның негiзiнде Жоғарғы Кеңес шақырылып, ағымдағы он жылдықта артқарылатын iстер талқыға алынып тұрады. Сауда саясатында туындаған кез келген мәселенi анықтау құзырына осы Жоғарғы Кеңес ие. Ұйымның қатарына қабылдау мүше елдердiң өкiлдерiнiң дауыс беруi нәтижесiнде шешiледi.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ.

Абай.kz 

0 пікір