Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Қоғам 10211 0 пікір 25 Желтоқсан, 2014 сағат 08:16

Жолтай ЖҰМАТ. ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗАҚҚА ҚАДІРІ

...Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.

Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім...

М.Мақатаев,

«Фаризаға»

 

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, осы әңгімені айта-айта біз де қартаятын шығармыз, сірә!

Не туралы дейсіз бе?

Әрине, жыры бітпес ауызбіршілік әңгімесі! Әрине, қайтсек қазақ деген қабырғалы ел боламыз деген ұлы арман! Әрине, бөліне-бөліне бөріге жем болып келе жатқан қазағымның болашағына алаңдаушылық жайы...

Осы біз, шамасы, өз қадірімізді өзге түгілі, өзіміз біле алмай келе жатқан халық болармыз! Немесе, біле тұрып, білмеген болуды үйреніп алдық па әлде? Өзімізге өзіміз «жау» болардай не басымызға күн туыпты! Бұл не деген масқаралық!... Не деген дүмбілездік!...

МҰҚАҒАЛИ НЕГЕ ФАРИЗАҒА МҰҢ ШАҚТЫ?

Әйгілі ақынымыз Мұқағали Мақатаевты ( қадіріне енді жете бастадық-ау) Алматыда студент болып жүрген шақта өз көзімізбен көрдік. Кафедегі бір үстелде отырып, аз-кем уақыт дәмдес болдық. Өз аузынан ойлы-ойлы әңгімесін тыңдадық. Сөзіне иландық. Өлеңдерін шалқи оқып, шалқая сөйлеп,кесек турап,  шын тәнті еткен еді-ау сол шақта біздей бозбалаларды...

Бізді қойшы! Біз бейбақ ол кезде елден келген сарыауыз бозбаламыз. Өзімізде билік, сөзімізде қадір жоқ дегендей. Тек қолымыздан келері – адуын ақынды көрсек, жанына үйіріліп, әр сөзіне мән бере тыңдап, таңдай қаға таң қалу... Бозбала – көңілден, расында да, одан өзге не тілеуге, не күтуге болады!

Сол кезде дейміз-ау, талантты ақынды еркелете маңдайынан сипаған билік басындағы марқасқа ағалар көп болды ма? Әй, қайдам! Ондай жылы сөз естіген болса, көңілінде ешқандай кермек ой қасатталмаса, Мұқаң 1974 жылы өз басындағы қиын да ауыр халды айтып, Орталық партия комитетіне ашына-жалына ашық хат жолдар ма еді!

Оны барынша түсініп, қадіріне жеткен жандар расымен көп болса, Мұқаң сол шақта партиядан, Жазушылар Одағынан шығарылып, әдеби ортадан шеттетілер ме еді!

Жә, билік дегеніміз – қалай десең де өз дәуірінің қожасы, иесі, басшысы! Оған не айтсаң да сазбеттеліп, сазарып тұра беруі әбден ықтимал! Билік жайы түсінікті.

Біздіңше, Мұқағали ақынды әбден титықтатып, сезімтал жүрегін жаралаған – айналасында қоян-қолтық араласып жүрген ежелден тамыр-таныс адамдар! Әйтпесе, жау алыстан келе ме! Әдебиетті өз деңгейінде түсінеді-ау деген кейбір аға-інілері ақын өлеңдерінің қуатын, пәрменін, ойлылығын ашып айту орнына, керісінше, «қайтсек орға жығамыз» деген түлкі қулыққа бейіл болғаны өтірік пе! (Жанында жақын жүріп, жақсы ниет-пиғылын сездіре алған кейбір ағалардың көңіліне келмесін!)

Алайда, менің осы күнге дейін таң қалатыным – Мұқағали ақын бір адамды жамандап, кемшілігін термелеп айтып, үстінен ат айдаған емес... Ондай қиғаш әңгімесін өз басым естімеппін.

Бір жолы... Алматыдағы кішкене кафелердің бірінде көңіл көтеріп отырған Мұқағали ағаның жанына жайғасып, сөзін тыңдадық. Мені қасына ертіп келген ақын ағамыз (аты-жөнін айтпай-ақ қояйын) Мұқағалиға бас шұлғып тыңдап отырып, оның Олжасқа деген кішкене өкпелі сөзін іліп әкете:

- Ой, Олжас та ақын ба, сізбен салыстыруға келмейді, оны қоя беріңіз,-деп сөз бастағанда, Мұқаң:

- Тәйт, аузыңа келгенді оттама! Олжас – ақын!- деп орнынан атып тұрып, бізді тастап кетіп қалғанын көріп едік.

Сол кезде Мұқаң Жазушылар Одағында мүшелікте жоқ еді, ал жағдайы тіпті мәз емес болатын. Бірақ Олжастың ақындығы туралы ойын бүлтелектемей, бір-ақ кесіп айтты.

Осы күні зиялы қауым ортасында Олжас Сүлейменов туралы әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Оның бәрі де ақынның саяси ұстанымы мен ұлтқа деген көзқарасындағы кінәраттарға келіп тіреліп жатады. Біз ол жағын терең қаузап айтуды мақсат етпейміз, бұл жерде Мұқағали сөзімен өрбітер болсақ – Олжастың ақындығы  мүлде естен шығып бара жатқан жоқ па екен деген ой!

Жә, бұл енді басқа әңгіме.Басқа тақырыптың желісі.

Қайтадан бастапқы сөзімізге оралалық.

Айтшы, оқырманым, Мұқағали неге Фаризаға мұң шақты деп ойлайсыз?

Ақынның ішкі жан дүниесіндегі сырын, ой иірімдерін бүгінгі күні қалай дөп басып айта алармыз? Алып кеуденің қалтарыс-қатпарын қалайша түп-түгел тінтіп шыға аламыз? Дегенмен, біздің ойымызша – бұл ақын жүрегіндегі жанайқай! Іште бұлқынған кермек күрсінісі...

Кешегі Кеңестік кезеңде ойым еркін, пікірімді қайтсем де ашық білдірем деп жүріп, жуан жұдырықтың төмпешін көрген тек Мұқағали ақын ба? Әрине, ондай шығармашылық адамы аз болған жоқ. Біразы соққы үстіне соққы көріп, сойқан үстіне сойқанға тап келіп жатты.

Тағы да саясат па? Тағы да тастақты өмірден көреміз бе?

Шіркін, кеңқолтық қазағым-ай!

Сен ХХ ғасырдағы барша кесапаттар мен кеселдерді түгелімен өмірге, тағдырға жаба салуға әбден үйреніп алдың-ау осы!

Кәмпеске жылдары қорлық пен зорлықты көп көрген кім? Ол – қазақ!

Ашаршылық кезінде жаппай қырылып, аштан бұратылып қалған кім? Ол – тағы да қазақ!

1937-38 жылдардағы ұлы нәубет кезінде оқ ұшына молынан ілінген кім? Тағы да қазағың ғой.

Ал, 1941-45 жылдары соғыс дабылына сергек үн қатып, Ұлы Отанды қасық қаны қалғанша қорғасқан, сөйтіп майдан даласында сүйегі  шашылып қалған - тағы да осы қазақ!

Тың көтеру жылдарында сырттан келген келімсектерге төбесінен орын беріп алып, уақыт өте келе солардан оңбай таяқ жеген кім? Ол – қаракөз қандастарымыз емес пе!

1986 жылы алаңға шығып, әділдік іздеймін деп қанға болған жас ұрпақ кімдер еді? Ол да біздің жас қазақ қой.

Ой, тоба-ай! Өткен күндерге көз жіберсең, бұл қазақтың көрмеген құқайы жоқ. Ал, сонда... қазақты сабаған, қазақты қамаған, қазақты азаптаған кім? Ол, өкінішке орай, тағы да қазақ!

Демек, Мұқағали мұңы – сабақты мұң! Оның бастауы әріде, тереңде жатыр. Мұқағали ақын Фаризаға мұң шаға отырып, бүкіл қазақтың бас қайғысын ашпақ болды десек, артық сөз болар ма!

Бас қайғының бастауы – Мағжанда, Ілияста, Қасымда жатыр.

Ол ғана емес, бұл қомағай қайғының түп-төркіні ұлы Абайда жатыр ма деп ойлайсың.

Қайран Абай ұлтын ойлап, мұңдана:

– Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз ауырға түсті мұртың!.. – деп неге қатты қайғырды дейсің!

Тағы да қазақтың өз қазағына ренжіп, қарны аша сөз арнауы! Біз неге осындаймыз? Біз неге бір-бірімізге келгенде тым қаттымыз! Қаталмыз! Тасжүрекпіз!

* * *

Ойлайсың! Кеңес өкіметі де келмеске кетті. Заман жаңарды. Уақыт өзгерді. Ел тәуелсіздікке қол жеткізді! Бұрын орталыққа алаңдаушы едік, енді өз билігіміз – өзімізде! Ал, бұдан былай не істемек керек?

Тәуелсіздік тұсында осы қазақ сілкініп тастап, мүлде жақсы қырынан көріне алды ма? Бір-біріне бауырмал болып бара ма? Қайдам-ау!

- Баяғы жартас, бір жартас,

Қаңқ етер, түк үн қатпас! – демеуші ме еді Абай ата!

Сол қазақ! Сол ерме қазақ! Еріншек қазақ! Күңшіл қазақ! Көре алмас қазақ!..

Ой, тоба десе, бұл неткен бойкүйез мінез! Бұл неткен бітпейтін алаөкпелік!

“Қайта” деп ойлайсың осындайда. “Мұқағали ақын да бақытты екен, өйткені ол қазақтың сөзге тұрар нар тұлғалы жігітін таба алмаса да, мұң шағар ер мінезді бір қызын көре алды».

Ал, бүгін ше?

Бүгін де міне, сондай күй, сондай сыбай-салтаң жағдай!

Қазақтың жігітпіз деп мұрнымен көк тіреп жүрген өңкей даукеуделерінің сөзі бір бөлек, ісі мүлде бөлек. Алдыңда тілі сүйреңдеп басқаша сөйлейді, былай шыға бере мүлде басқаша сайрайды. Ешкім ешкімге сенбейді. Сенгісі-ақ келеді, бірақ сене алмайды. «Дос» деген сөздің дорбасы тесілді. «Достық» деген кең ауланың қақпасы жабылғалы қаш-шан! «Достық ниет» деген іңкәр сезімнің добы өрге домаламайды бүгінде.

Сол Фариза Оңғарсынова апамызбен 2012 жылы Бурабай баурайындағы жайлы демалыс орны – «Оқжетпесте» бір уақытта қатар демалғанымыз бар-ды.

Күнде таңертең ертемен немерелерім Ернұр мен Нұрболды ертіп, өзен жағалап қайтушы ек. Ерте тұратын бізбіз деп ойлап қоюшы ек. Сөйтсек, бізден бұрын таза ауаға шығып, серуендеп жүрген ақын апайымызды көріп, аз-кем аялдайтынмын. Немерелерім менен ұзап-п кете баратын-ды. Бір жолғы әңгіме үстінде Фариза апам:

- Жолтай, сен мемқызметте көптен бері жүрсің ғой, айтшы, осы күні сөзге тұратын ер азамат бар ма?-деп төтесінен сауал бергені бар. Қапелімде не дерімді білмей, тоқтаңқырап қалып ем, апам өз сұрағына өзі жауап берді.

- Ал, мен... ешкімге сенбейтін болдым. Сыртынан қарасаң тау тұлғалы азамат, ал ісіне қарасаң – құмырсқадан да майда.

Одан соң кейбір қазақ Азаматтарының күлкіңді келтірер теріс әрекеттері мен жағымпаз мінездері туралы аса ренішпен сөз қылды.

Мен ішімнен ойладым: «Шіркін, осы Фариза апам ер жігіт боп неге тумады екен! Онда Мұқағали ақын хат-өлең жазбас еді, өмірлік дос болып жүретін бе еді... Бәлкім, Фариза апам бүкіл қазақ жігіттерінің намысын қайрайтын басқайраққа айналар ма еді...»

Айтпақшы, сол жолы Фариза апам Мұқағали жазған өлең-хаттың да тарихын айтқан-ды. Өзі жедел түрде Бакуге ұшып бара жатқанда Мұқағалидан хат алады. Ашып қараса – өлең. Сол шақта қайран Мұқаң ауруханада, әл үстінде жатса керек. «Бакуге барып келген соң, халін сұрармын» деп ойлапты. Ал, бірақ... Фариза оралғанша Мұқаң бақиға озып кетіпті...

Ақжүрек апатайым Фариза, міне, қазіргі кезде ана дүниеде өзіне мұң шаққан Мұқағали ағасымен қауышып, тағы да ел тағдырын сөз етіп жүрген шығар-ақ.

Ақын апаммен жүре сөйлесіп келе жатқанымда менің қос немерем де қайта оралды.

- Ау, сендер мені танисыңдар ма?-деп сұрады Фариза апай.

- Білеміз. Сіз қазақтың үлкен ақын қызысыз. Біз мектепте сіздің өлеңдеріңізді оқып, жаттап жүрміз,-деп, қос немерем жарыса сөйледі.

Фариза апай екі періштенің сөздеріне риза болып, маңдайларынан сүйіп,:

-Көп жасаңдар! Өркендерің өссін! – деп батасын берді.

...Біздің қазақ осы күні неге тым майдаланып кетті?

Кейбіреулер осының себебін күбір-сыбыр десіп, жүзге бөлінуден іздегісі келеді. Енді біреулер «ойбай, бұл кесел – рулық бөлінуден жұққан дерт» деп даурығады. Тағы бір топ «жоқ, бұның бәріне кінәлі – жершілдік, топшылдық» деседі.

Шынында солай ма?

Бәрі де бос сөз.

Ең үлкен кесел – адамдардың ішінде, жан дүниесінің түкпірінде жатыр. Біздің қазақ әлдеқашан майдаланды, уәдеде тұрмайтын болды. Серттесіп алып, сырт айнала бере артыңнан қанжар сұғуды ұят көрмейтін халге жетті. Серт-сөздің қадірі кетті.

Енді тоқ етер әңгімеге ауысалық.

Сонымен, Мұқағали неге Фаризаға мұң шақты десек, ол ең алдымен өз халқының тым майдаланғанына, ол ғана емес, арсыз, ұятсыз, бетсіз бола бастағанына, кез-келген уақытта сатып кете беретініне күйінгендігінен деген ойға келесің. Қайран ақын қатты қаржалған сәтте, ең болмағанда, қазақ қыздары ұлтын сақтап қала ала ма екен деп үміттенген сыңайлы. Қазақтың қайсар қыздарына барынша сенгісі келгендей.

Ұлтты кім қорғап қала алады?

Ұлтты, шамасы, әйтеуір көп тобыр зиялы емес, ұяты үлкен, ары биік, намысы зор Азамат қана қорғай алмақ! Ондай Азаматтар қазақта көп пе?

Саусақпен ұзақ санамалап, қайта-қайта бүгіп отырғың-ақ келеді. Бірақ...

Кімге өкпелейміз, ағайын-ау! Өмірге ме? Өзгеге ме?

Кімге кінә тағамыз, оу, қазағым!..

Кімге?

Тұлғаны тұлғаландыру - тектілік

Тілге тиек етсең, жүрегіңді сыздатып, өз жаныңа батып-ақ кететін жағдай болса да, амал жоқ, кей-кейде ащы шындықты қасқая айтуға  мәжбүрсің. Айтпасыңа қоймайды. Өз арыңның алдында «айтылуы керек» деп тізерлеп тұруға тура келеді.

Осы күні сенбі-жексенбі күндері теледидарды қосып қалсаңыз, қай каналдан болмасын (қазақша хабарларды айтамын) бүкіл елге көсемсіп ақыл айтып, жөн сілтеп отырған өрімдей жастарды (әнші, биші, т.б.) көретін болдық. Жастарда ақыл-парасат әлі қалыптаса қойған жоқ деуден аулақпыз, бірақ жалпы жұртқа ақыл сөзін айту үшін өмірдің бұралаң-белінен өткен, ыстық-суығына күйген өмірлік тәжірибе керек емес пе! Ұлтқа жөн сілтеуші алдыңғы толқын – ақыл тоқтатқан ақылман аға буын қайда? Олар неге үнсіз? Әлде... олардың үні қазіргі кезде ешкімге керек болмай қалғаны ма? Тыңдар құлақ жоқ па?

Тіпті теледидар арқылы міндетті түрде жас буын өкілдерін шығарып, олармен сыр-сұхбат құру қажет болса, ең болмағанда сол топқа көпті көрген естияр, ақыл тоқтатқан аға-апаларды қоса шақыруды ойластырса ше! Сонда әңгіме қызып, пікір де әртекті, әрсалалы һәм тартысты жағдайда өткен болар еді-ау деп шамалайсың!

Неге екені белгісіз, тап осындай кермек ойға ерік берген сәтте есіме марқұм Әшекең, Әшірбек Сығай аға түсе кетеді. Ол кісінің «Жансарай» деген ойлы да мазмұнды бағдарламасы қандай еді? Әрбір шығарылымын асыға күтетіндер баршылық болатын-ды. Соның бірі – біз едік.

Сол жаны жаннатта болғыр Әш-ағам айтып еді:

- Жүргізіп жүрген хабардың, шынымды айтсам, тап өзім үшін түкке де қажеті жоқ. Онсыз да алған атағым бір басыма жетеді. Алайда өсіп келе жатқан, соңымыздан еріп келе жатқан жас ұрпақты ойласақ, әрине, бұл «Жансарай» керек хабар. Біз әр бағдарлама сайын жеке тұлға арқылы ұлттың жансарайын үңілуге тырысамыз, ішкі мерездермен күресеміз, жақсылығымызды жалпақ жұртқа жария етеміз.

- Алдағы жоспарларыңызда тағы қандай селт еткізер қызғылықты хабарлар бар?-деп сұраймыз ғой біз.

Сонда Әшекең ойлана тұрып:

- Жалпы бұл хабардың негізгі ұстанған бағыты – ұлттың әр түрлі саладағы тұлғалы ұлдарымен сұхбаттасу, пікір алысу. Алайда, тереңінен ойлай білгенге біз осы хабар арқылы ұлтқа арналған кеңінен толғаған ұлағатты әңгімені жазып алып, келешекке аманат етсек дейміз. Тұлғалар мәңгі тұра бермейді, олар да бір күні фәниді тастап, бақиға озады. Өзі жоқтың – көзі жоқ, сөзі жоқ.  Демек, бұл жазбалар болашақ жас ұрпақ үшін баға жетпес байлық!

Міне, үлкен мақсат деген, әсте, осы болар-ау! Сол әңгіме үстінде бұған аса мән бермеген екенбіз, енді байқасақ, Әшірбек Сығайдың түпкі ойы тереңде екен. Әттең, қысқа ғұмыр!

Бүгінгі күні ойлайсың, шіркін, біздің ұлттық телеарналар арқылы елге сыйлы, ой орнықты, айтары айшықты ағалар көптеп, үздіксіз көрінсе ғой деп... Ағынан жарыла жүрекжарды әңгімесін кеңінен толғап айтса ғой деп...

Менің білуімде, айталық, шетелдік телеарналарда (Би-Би-Си, СНН, т.б) эфирге шығып, сараптама-әңгіме құрып, ой-ұсыныс айтатындар, негізінен қырықтан асқан, тіпті елуге иек артқан адамдар. Оларды тыңдау да, құлақ қою да жарасып тұрады. Қанша дегенмен өмір көрген кісінің сөзі де салмақты. Ойы да орнықты. Тыңдап отырып, онымен ой жарыстыра аласың!

***

Біздің бүгінгі қазақ жұрты үшін «ізгілікті қайдан іздеу керек» деген мәселе күн тәртібінен түспегені мақұл-ақ. Өйткені ізгі ойлы ұрпақ өсіп жетілмейінше, ұлт та өспейді, руханият та өркендемейді. Ой мешеулене береді.

Ізгілікке бастайтын алғашқы баспалдақ – осы теледидар. Өйткені, қазақ елінің үлкені мен кішісі бос уақытының басым бөлігін теледидар алдында өткізеді. Олай болса, біз неге телехабарларға, оның мазмұны мен маңызына сонша селқос қараймыз?

Тағы да ой туындап кетеді осындайда.

Қазіргі қазақ теледидары, тіпті мемлекеттік деп жүрген «Қазақстан», «Хабар» және басқалары, күндіз-түні шетелдік фильмдерді жаппай көрсетеді де жатады. Қытай, үнді, корей, түрік, Ресей, т.б. елдердің фильмдерінің атын әрбір қазақ, әрбір жас осы күні жаттап алуға айналды. Екеуара бас қоса қалса, оқиғаларын ежіктеп айтып, отыра қап таласады дейсіз! Ал, қазақтың фильмдері туралы осылай айта аламыз ба?

Біз осы күні бір нәрсе туралы аса маңыз беріп, тереңнен ойлап жүрген жоқ сияқтымыз. Ол не? Ол – телесаясат! Телесаясат (телехабар, телеәңгіме, телесұхбат, теленовелла, телероман, т.б.) жан-жақты жүргізілсе, ел жүрегіне жетсе – ол үлкен тәрбие мектебі болмақ!

Егерде қазақ елі бұдан кейін де шетелдік түрлі фильмдерді (боевик, атыс-шабыс, арзанқол оқиға, т.б.) талғамсыз алып, тұтасымен көрсете беретін болса, оның «жемісін» көп ұзамай-ақ «көретінімізді» неге ұмытамыз? Жас ұрпақ еліктегіш, теледидар арқылы көрсетілген әдеттер мен әрекеттер (әрине, жағымсыз) сөзсіз миын улайды. Соңынан қалай еріп кеткенін де сезбей қалады.

Осыған жастар кінәлі ме? Жоқ, алдымен біз, ересектер кінәліміз! Өйткені, олардың болашағына тым немқұрайды қарадық. Телеэкран арқылы не болса, соны көрсеттік.

Ауызды қу шөппен сүртіп отырғанымыз жоқ. Қазіргі уақытта ізгі ізденістер де байқалып қалуда. Ұлтты өрге сүйретіп көп сериялы қазақи фильмдер түсіріліп жатыр.

Бастамалары жаман емес, әрине! Алғашқы кино-қарлығаштар көптің көңілінен шыға бастады. Сәтті шыққандары аса көп емес, бірақ жоқ емес.

Әсіресе, «Қазақстан» бұл бағытта тәп-тәуір бастамаларға қол жеткізіп келеді. Бірақ, ол аз. Тіпті жетімсіз. Біз аз ғана фильммен бүкіл елді өзімізге қаратып, бетін бері бұра  алмаймыз. Ол үшін терең мазмұн, ұлттық бояу һәм қызық та тартымды оқиғалар болуы қажет.

Шындығын айту ләзім, кешегі жылдары ұлттық теледидарды басқарған тұлғалар - С.Әшімбаев, Ш.Мұртаза, К.Смайыловтар тұсында осы теледидардан әртүрлі ел жүрегінен орын алған тамаша хабарлар көріп мәз болушы едік. Солардың көбісі осы күні жоғалып кетті.Ұмыт болды.

Әрине, әр заман өзінің жаңа идеяларын, өзгеше  бағдарламаларын алға тартатыны да рас. Заманға, уақытқа ілесу дегенді біз де түсінеміз. Алайда...

Меніңше, қазіргі уақытта (әсіресе жастарымыз батыстық жеңіл-желпі идеологияға еліктеп - солықтап отырған тұста) теледидар арқылы ұлттың асыл сөзін, ұлттың ұлы байлығын һәм ұлттың айбар болар құндылықтарын шегелеп тұрып айта алар аға буынға көбірек арқа сүйеу керек-ақ. Басқа салаға бойлап бармай-ақ қояйын, ең болмаса әдебиет - өнер саласындағы көзі тірі, еркін ойлы, тұлғалы азаматтарымыз – Ә.Нұрпейісов, Ш.Мұртаза, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Ш. Елеукенов, Б.Төлегенова, Ә.Тарази, Ә.Кекілбаев, А.Әшімов, С.Оразбаев, Н.Ықтымбаев, Ә.Сарай, Қ.Салғара, Д.Исабеков, Т.Әбдік, Т.Медетбек, т.б. ағынан жарыла, ел алдында сыр - сұхбат құрса, бұл үлкен өнеге мектебі болар еді. Бұған ғылым және саясат саласындағы еркін ойлы, айтары салмақты серкелерді қосыңыз.

Тіпті сондай бағдарламаларды сапалы жазып алып, көрерменге жиі-жиі қайталап көрсетіп отырса, нағыз тәрбие мектебіне айналмас па!

***

Ұлт теледидары осы күні ең алдымен туған елін, яғни ұлтының тағдырын ойлағаны абзал.

Қазақ теледидарын қазақыландырудың ең төте жолы, біздіңше, ұлттық асыл да қымбат құндылықтарды молынан насихаттау болып табылады.

Оны жалғыз ғана жалаң хабарлар ұйымдастыру арқылы түбегейлі шеше алмаспыз. Осы ретте телефильмдердің ролі зор екенін айта кету ләзім.

Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы көп сериялы фильм-хабарлар ұйымдастырылса, құба-құп! Бұны әрине, өте қызғылықты, ел көретіндей етіп жеткізе білу жағына баса назар аудармай болмайды.

Қазақтың өткен тарихы мен бүгінгісін байланыстыра терең мазмұнды сұхбат-фильм берілетін болса, қандай ғанибет! Алдымызда қазақ мемлекеттілігінің 550-жылдығы аталып өтіледі. Тіпті болмаса осы тақырып айналасында кеңінен толғап, жыл бойы көрсетілер деректі фильм түсірсе де дұрыс болар еді.

Әсіресе, қазақтың бай әдебиеті мен өнері теледидар арқылы молынан әрі жан-жақты сөз болуы қажет екені өзінен-өзі белгілі. Бұл, жеме-жемге келгенде, ұлт руханиятына зор ықпал етпекші.

Тағы бір ой – егер біз өзіміздің ұлттық арналар арқылы қазақтың 1000 әні мен 1000 күйін үзбей беріп отырсақ, бұл баға жетпес бастама болмас па! Күніне бір-бірден насихаттағанының өзінде (тарихы, мазмұны, маңызы, т.б.) бұл хабар ең кемі 3 жылға жалғасады екен. Оның бергі жағында қазақ халқының 100 том болып шыққан ауыз әдебиетінің асыл қазынасы тағы да кезек күтіп тұр.

Айтпақшы, осы 100 томдық аңыз-дастандар мен жыр-ертегілер негізінде неге көркем фильмдер түсірмеске! Дайын киносценарий емес пе!

Жалғыз ол ғана емес, осы күні ұлтымыз үшін мол рухани олжа салып келе жатқан жазушы-ақындарымыздың, драматургтеріміздің кесек-кесек көркем туындыларын да теледидар тілінде насихаттап, бүгінгі көрерменге жеткізу аса қажет іс! (Телетеатр ұйымдастырып жатса, тіпті жақсы бастама болмақ.)

Міне, ұлттық идеология дегенде осыны алдымен қолға алу аса маңызды.

Қысқасы, ұлттың жас ұрпағы осы бастан ізгілікті, ибалы, тәрбиелі болып өссін десек, бұл бағытта мықтап ойланар күн әлдеқашан туғанын ұмытпайық. Бұл – ел үшін, халық үшін, ұлт үшін  кезек күттірмес ұлы міндет!

***

Бәрі де Мұқағали ақынның қаламдас қарындасы Фариза-қызға өлең арнап, мұң шағуынан басталып кетті.

Ақын-жігіт Ақын-қызды іздеп,оған тек өз басының мұңын шағуды мұрат тұтып па еді?

Жоқ, мүлде олай емес.

Мақатаев, тереңге ой жіберіп байқасақ, жаңа дәуірдегі ұлт ұлдарының неліктен майдаланып бара жатқанына ренжіген болар-ақ! Ірілікті ұмытып, өтірік пен өсекке барынша үйірсек болып алған ер азаматтарға көңілі қалған-ақ шығар! Сол реніші – Фаризаға арналған өлең болып өріліпті-ау!

Ендеше, қазағым, алдымен аман-сау, тірі болайық. Сосын майдалықты қойып, ірі болайық.

Майда халықтың арманы да әудем жер! Жетер биігі де аласа!

Біз өте-мөте сақтана жүрер бір кесапат, міне, осы болар!

Абай.kz

0 пікір