Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 6501 0 пікір 28 Желтоқсан, 2014 сағат 23:05

ТАҚ ТАЛАСЫ МЕН ТАП КҮРЕСІ

Таймыр түбегіндегі Норильскіде жұмыс істеп жүргенде Милий Езерскийдің Ұлы Рим империясының тарихы туралы жазылған «Билік пен халық» атты («Власть и народ») трилогиясын оқыдым...

  Түйгенім – адамзат тарихындағы барлық қанды қырғындар мен азаматтық соғыстар тақ таласы мен тап күресінен шығыпты. Жеңілген – халық, жеңген – үстем тап. Әрдайым солай болған!..

  Жарайды, бұл бұрын делік!.. Ал бүгін ше? Өзгеріс бар ма?! Айта алмаймын...

  Алайда, адамзат қоғамын алға жылжытқан қозғаушы күш те осы – бар мен жоқтың, аш пен тоқтың, ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың мәңгілік күресі. Қазақ бұны «Біреу тойып, біреу тоңып секіреді» дейді...

  Марксше айтсақ – «Жоғарыдағылар бұрынғыдай басқара алмаса, төмендегілер бүгінгідей өмір сүре алмайды»...

  Алысқа бармай-ақ күні кеше көзіміз көрген Кеңес Үкіметін алайық... Түбіне не жетті?!

  Меніңше, екеуі де бар!.. Дегенмен, қазақ мақалы дәлірек сияқты...

  Сатқындық, тойымсыздық, надандық!..

  Тәуелсіздік алдық, егеменді ел атандық... Ақ түйенің қарны жарылды!.. Өшкен сенім жанып, өлген үміт қайта тұтанды. Жаман тұмағымызды аспанға атып, жарыла қуандық!.. Жиырма үш жыл болды. Не өзгерді?! Кеше қандай едік, бүгін қандаймыз?!

  Ресми мәліметтерге сенсек, тағы бір секірсек Айың не, Күнге жетеміз!.. Бай да – біз, бағылан да – біз. Арыс та, барыс та – біз!..

  Ал, бар мен жоқтың, аш пен тоқтың арасы қандай?! Бай қайда, байғұс қайда?! Билік қайда, халық қайда?! Өтірік қайда, шындық қайда?!

  Құдай, әйтеуір, ақырын берсін!..

  Әріге бармай-ақ желтоқсан айындағы «жаңалықтарды» еске алыңызшы!..

  Президентіміздің «Нұрлы жол» - болашаққа бастар жол» Жолдауындағы мұқтаж адамдарға арналған жаңа «Тұрғын үй» бағдарламасы туралы жағымды хабарды естіп, қуанып та үлгерместен мәртебелі Үкіметіміз «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгеріс енгізді. Нәтижесінде, «Алтын алқа» иегерлері мен үшем туған аналарды баспанамен қамту мәселесі жергілікті билік өкілдерінің мойнына жүктелді. «Бюджеттік ұйым» ұғымы қайта қаралып, коммуналдық кәсіпорындарда істейтін қызметкерлер мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасынан шет қалды.

  Артынша, жаңа жылдан бастап күшіне енетін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің жаңа нұсқасы жайында дау-дамай көтерілді. Жаңа заң талабы бойынша қазақ елінің әрбір азаматы 2015 жылдың қаңтар айынан бастап тек өзінің ресми тіркелген мекен-жайында ғана тұруға міндетті. Әйтпесе, айыппұл төлейді!..

  «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?!»... «Екі қолға бір күрек іздеп», бала-шағамды қалай асыраймын деп «қаңғып жүрген квартиранттардың» бәрін ертең қасқыр тиген қойдай қып қаладан қуса, 29 мың пәтер мен (Жолдауда айтылған...), ЭКСПО – 2017 көрме кешенін кім салады? Қарды кім күреп, қоқысты кім тазартады?!

  Енді бұған «Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» желге ұшқан 100 миллиард теңгесін қосыңыз!..

  Сонда, бұл – кімді алдау? Елді ме, Елбасын ба?!

  Сұрақ көп, жауап жоқ!..

Тұрмағанбет КЕНЖЕБАЙ,

 ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі.

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2273
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3590