Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Бетбұрыс 11978 0 пікір 30 Желтоқсан, 2014 сағат 11:02

БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ

Еліміз егемендігін алып, өзін бүкіл әлемге мойындата бастаған осы кезеңде біздің қоғам дарынды, қабілетті, жан-жақты жетілген адамдарды қажет етеді. Сондықтан да, ХХI ғасыр - бәсеке ғасыры, бұл бәсеке енжарлықты, керітартпалықты көтермейді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз Жалпыұлттық идеямыз - Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел - елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі - Мәңгілік Ел! Ол - барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы»,-деп барша қазақстандықтардың мақсатын айқындап берді.

Бүгінгі таңдағы негізгі мақсатымыз - ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті, өзіндік жеке көзқарасы қалыптасқан зиялы тұлға тәрбиелеу. Зиялы тұлға – бүгінгі бала, болашақ маман.

Болашақта білімді маман болуы үшін, бүгінгі балалардың белсенділігін арттыру, іздемпаздыққа үйретуде мұғалімге, ата-ана мен қоғам қауымдастығының жүргізілген жұмыстары мен ізденістеріне байланысты болмақ. Осы орайда, 2014 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қолдауымен 15 кітаптан тұратын балаларға арналған аудиоертегілер топтамасы қолға алынды. Жалпы саны 60 мыңнан астам дыбысталған әдеби жинақтың басты мақсаты – ата-бабаларымыздан мұра ретінде қалған ертегілерді жаңа инновациялық  технологиялар тәсілінде бала тәрбиесінің белсенділігін арттыру.

Яғни, балаларға сан ғасырлар бойы сақталған ата-бабаларымыздың мұрасының ішіндегі ең жақыны - қазақ ертегісі. Алғашқы қауымнан бастап, бала тәрбиесіне ерекше әсер ететін ертегілерді ойлап шығарған адамзат тарихында ертегілердің тәрбиелік мәні зор және  сан алуан.

Олай болса, бүгінгі жас ұрпақ ата-бабамыздан қалған мәдени құндылықтардың мәнділігі мен маңыздылығынан, ойшылдығы мен қиялшылдығынан, тапқырлығы мен шешендігінен, әсемдігі мен алғырлығынан, тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесінен нәр алары анық.

Себебі, ертегі арқылы бала айналадағы қоршалған ортаны барлай алады, табиғаттың сиқырлы сырларын сезіне біледі, халықтың әдемілік және әдептілік жайлы ұғымдарын бойына сіңіреді, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып туралы түсінік алып, адамгершілік тәрбиесінің бастауларына ден қояды.

Өскелең ұрпақты жан-жақты жетілген адамгершілігі  мол азамат етіп тәрбиелеуде ертегі баланың қиялына қанат бітіреді, білмегенді білгенге сүйрейді, кімдерден, қай кейіпкерлерден аулақ болуды насихаттайды.

Әртүрлі тақырыптардағы ертегілер балалардың жас және дара ерекшеліктерін ескере отырып, Digital Art бойынша иллюстрациялар көркемсуреттер өндірілген қазақ халық ертегілер аудиокітабында төмендегідей тақырыптар: «Жыл басы», «Үш аю», «Кім күшті», «Екі лақ», «Батпан құйрық» баланы табиғат заңдары және жануарлар әлемімен, қазақ халқының тұрмыс, салт-дәстүрімен  «Өнеге», «Зерделі», «Мұрагер», «Еріккен хан», «Табылған амал» деп аталатын ертегілер, ал,  «Алтын сақа», «Ғажайып бақ», «Сиқырлы жүзік», «Ұр торпақ» және «Қаңбақ шал» ертегілері қиял ғажайып әлеммен табыстырады.

Бұл өшпес зор туындылар бала болашағының мәнді мақсатты көзқарасын тудырары сөзсіз.

Ана тілінде ертегілерді тыңдау барысында “бұл ойдан шығарылған, өмірде кездеспейді” деудің қажеті жоқ, жан-жануарлардың сөйлемейтінін балалардың өздері де біледі, бірақ ертегіде кездесетіндерді қиялдау оларды көңілдендіреді, армандауға үйретеді. Балаларды кейіпкерлерге қарапайым мінездеме беруге үйретуде  ертегілердің берері мен пайдасы мол. Ертегі кейіпкерлеріне берілетін мінездеме әдетте айқын белгілерді көрсететін, анық, түсінікті болып келеді.

Өйткені, аудиомен тыңдалған ертегілер негізінде балалар арасында интеллектуалдық қарым-қатынастарды түсіну мүмкін емес, себебі ертегіге әуестенбейінше ұжымдық күйініш-сүйініш болмақ емес, ертегі туындамайынша оймен шабыттанған қуаныш балаға ұғынықсыз. Мектеп табалдырығын жаңа ғана аттаған балалар, мектеп тартып тұрады, өйткені олар ертегіден сезінген теңдесі жоқ сезімдерді ұжымымен бірге сезінгісі келеді.

Аудиомен тыңдалған ертегі өмір бойы естерінде қалады, ол баланың рухани дүниесінен ең алдымен ертегі ретінде орын алады.

Бұл ретте,  ертегі – кішкентай дән, баланың өмірлік құбылыстарға эмоцияның баға беруі осы дәннен өсіп жетіледі.

Ертегі – ой бесігі, бала тәрбиесін жолға қойғанда, ол осы бесік жөніндегі толғанулық естеліктерді өмір бойы сақтайды.

Ертегі – ойлау ләззаты,  бала  ертегі шығара отырып, ойлауға өз қабілетін  орнықтырады, сол арқылы өзінің ар-намыс сезімін қалыптастырады.

Сонымен қатар, ертегі әрбір баланың жеке-дара ой дүниесінің ең нәзік белгілерін жанып тегістейтін жанғыш болып  табылады, ол балалардың бірінің жүрегін біріне айқара ашады, балалар ұжымында нәзік интеллектуалдық өзара қарым-қатынастарды тудырады. Ертегі шығармалары балаларды рухани қарым-қатынас жасауының ең бақытты сәттері мен теңдесі жоқ ойлану шаттығы. Сонымен бірге, аудиомен тыңдалған ертегі балалар үшін жарық сәуле, ол сәуле олардың ми қуысының барлық құпия түкпірлерін шарлайтын жарық сәуле. Оларды ертегіге құмартады.

Ертегіге құмарту арқылы тілдері дамып, қазақ тілінде жақсы сөйлеуге үйренеді. Себебі, қазақ халық ертегілері мейірімділікке, адалдыққа, әділеттікке, еңбек сүйгіштікке, тазалыққа, достыққа, әдептілікке үйретеді. Жамандықтан, қулықтан, өтіріктен, зұлымдықтан аулақ болуға тәрбиелеу жолын алға қояды. Әрдайым татулық, бірлік, ынтымақ жеңетінін көрсетеді. Мысалы, батырлар ертегілері мен батырлар жыры ел қорғау жолындағы батырлардың ерлік істерін дәріптей отырып, ел бірлігі мен жұрт тыныштығын сақтап қорғау азаматтық парыз екенін нықтап, жас ұрпақты елжандылыққа, Отан сүйгіштікке тәрбиелесе, қиял-ғажайып ертегілерден  табиғаттың тұңғиық сырларын білсем,  әлемді шарласам, жеті қабат жер асты құпиясына үңілсем, тіршілік өмірін жеңілдетсем деп армандаса, аңыз әңгімелерден, ақылдылық пен ақымақтық, әділеттілік пен әділетсіздік бейнелерін біліп, арамдық пен жауыздық апатқа ұшырайтынын, жеңіліп, жақсылықтың үнемі жеңіске жететін біледі.

Қазақ халық ертегілерінің аудиокітабы балаларды жақсы қасиеттерді қалыптастыруға, жақсы істерге ұмтылдырып, жаман қылықтардан аулақ жүруге, өнегелі мәдениетті азамат болуға тырыстырады. Сондықтан адамгершілікке кір келтіретін мінездер: әдепсіздік, жеңілтектік, екі жүзділік, көрсеқызарлық, опасыздық, өркөкіректіктен аулақ болады. Адамгершілік қасиеттер – қайырымдылық, достық ережелерін үйретеді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық – саяси жұмыс комитетінің тапсырысы бойынша 15 кітаптан тұратын балаларға арналған аудиокітабы жас ұрпаққа қазақ тілін үйренуге жаңа пішінде ұсынып отыр. Табиғаттың заңдары мен жануарлар туралы ертегілер, сондай-ақ тұрмыс-салт, қиял-ғажайып ертегілері енгізілген. Жаңа пішіндегі қазақ халық ертегілерінің аудиокітабы балаларды қандай қиыншылық болса да, қарсы тұра білу, адами биік адамгершілік қасиеттер дәріптеледі.

Мөлдір Сейдина ,

«Астана» университетінің педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы, білім магистрі.

Абай.kz 

0 пікір