Бейсенбі, 17 Қазан 2019
Мәйекті 5892 0 пікір 2 Қаңтар, 2015 сағат 11:13

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. ШОШАҚ БӨРІКТІ САҚ БЕКЗАДАСЫ

http://abai.kz/post/view?id=2533

http://abai.kz/post/view?id=2505 

http://abai.kz/post/view?id=2489

http://abai.kz/post/view?id=2464     

http://abai.kz/post/view?id=2450

http://abai.kz/post/view?id=2410 

http://abai.kz/post/view?id=2392

http://abai.kz/post/view?id=2365

http://abai.kz/post/view?id=2341

http://abai.kz/post/view?id=2328

http://abai.kz/post/view?id=2298 

http://abai.kz/post/view?id=2264

http://abai.kz/post/view?id=2251

http://abai.kz/post/view?id=2238 

Бұл сілтемелер арқылы жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Америка күнделіктері» атты жолжазба кітабының бастапқы бөлімдерін тауып, оқи аласыздар. Жалғасы төменде: 

15 қаңтар. Нью-Йорк.

Екі күнгі саяхат-серуеннен соң ұйқыны қандырып тұрдым. Таңғы сағат алты. Көшеге шығып темекі тарттым. Бір талдырмаш, шашы бұйралана өрілген, тартымды зәңгі қызы алдымнан өтті. Сүйсіне қарап тұрдым. Кенет екі-үш қадам өткен соң жеңіл жөткерініп алды да, бір уыс қып асфальтқа қақырығын төге салғаны.  Өзі бағзор басып кетіп барады. Әлгі әсерден түк қалған жоқ. Бір секундта жерге түскен жүз түкірікті Бейжіңнен көргенде бір таңданып ем, мына ақ көбікке бір таңдандым. Біздің шөпжелкелердің де (әсіресе, жас қыздардың) сыздықтатып, шашыратып түкіргенін жақтырмаушы едім. Ал мына түкіріктің әсері басқа болды.

 Мәселе – түкірікте емес, қарсы келе жатқанда сондай сүйсініп қараған әсем әсердің ту сыртын бере ... су сепкендей басылып қалуында.  Сол арада тұңғыш рет америкалық зәңгі азаматтың қолын алып, темекісін тұтатып бердім. Бұл да байланыстың, адамның күні адаммен екендігін танытатын ықылас-пейілдің бір түрі. Әйтпесе, таңғы алтыда шақпағы бар адамның қарсы алдынан тосып тұруының қандай сәтті олжа екенін шылымқұмарлар ғана түсінеді.

Әдеттегідей, «ыстық, қызыл, қою, тегін шәйға» қанып алған соң Алма екеуіміз Манхэттендегі орталық демалыс саябағын кесіп өтіп, дүниедегі ең ұлы мұражайлардың бірі – Метрополитенді көрмекпіз. Бұл саябақ – Нью-Йорктің тыныс алатын өкпесі, өздері мұны ерекше мақтаныш тұтады. Әр метрі миллион доллар тұратын тығыз әрі зәулім ғимараттардың ортасындағы Манхэттен бағы олар үшін біздің Сарыарқаның кеңдігіндей әсер етеді. Табиғи, көк жақпар тасты, оймақтай-оймақтай екі-үш көлшігі бар. Діңіне құшақ жетпейтін емен, қарағаш, үйеңке өскен. Жаяу жолдары жатық. Әр бұрышы әр қилы тақырыпта безендірілген. Әр тұстағы үш-төрт адамдық демалыс орындықтарына: «Бұл орындықта пәленбай-түгенбай өзінің туған күнін өткізді. Орындық соның меншігі» – деп жазылған. Әлгі аты жазылған адам сол орындықтың айналасын тазартып, күтіп ұстауға міндетті. Орындыққа атын жазу үшін де, күту үшін де ақша төлейді екен. Әйда, капитализм! Әй-да, Америка! Мұнда, Абай айтқандай: «есектің артын жуып ақша тапсаң» – ұлтқа үлес қосқан азаматсың. Өйткені, табысыңнан салық төлейсің. Сондықтан да еркін еңбек ерекше бағаланады. Алматыдағы Көкбазардың  әжетханасын сатып алды – дегенде жағамды ұстам ем осыдан жиырма бес жыл бұрын. Сол қызметті қазір өзіме ұсынса ойланбас едім. Өйткені, бұл тұнып тұрған тегін қазына, ағып тұрған алтын екен ғой. Абай жарықтық соны біліп айтты ма екен?!.

Нью-Йорктің демалатын өкпесі – орталық саябақ.

  Саябақтың әр тұсында ескерткіштер жағалай орналасқан. Табиғи кеңістікті еркін пайдаланғандықтан да, миға онша салмақ түсірмейді. Саяжайдың ортасындағы «Бақалар көлшігінің» жиегінде тек қана Шекспирдің пьесалары  қойылатын ашық театр бар екен. Әлемге аты әйгілі актерлер де, режиссерлер де мұнда өнер көрсетуге құштар екен. «Ана актер – Гамлетті, мына актер – Отеллоны, үшінші біреуі – Ромеоны осы сақнада ойнаған» – деп Алма аттарын атағанымен, мен есімде сақтай алмадым. Сақнадағы жұмысшылар әлде не құрастырып, не бұзып жатты. Қары мен аязы болмаса да, қыс аты бар емес пе, спектакль қойыла қоймас. Демек, бұзып жатыр.

«Бақалар көлшігіне» сұғына жіңішке тұйық өткелше жасалыпты. Сөйтсек, бұл араға Нью-Йорктіктер таң бозынан келіп бақаның дауысын тыңдайды екен. Қазір де құлағын түріп тұрғандарды көрдік. Шолп еткенін болмаса, шөп еткенін естігеміз жоқ. Сол көлшіктің екінші жиегінде поляк ханзадасы сыйлаған Бостандық ескерткіші тұр. Жалпы, Америкада поляктарға орнатылған ескерткіштер көп. Тек Тадеуш Костюшканың өзіне Нью-Йоркте, Филадельфияда, Вашингтонда (тура Ақ үйдің бұрышында) ескерткіштер орнатылған. Тура соның жанында Мысырдан әкелінген, бетіне атақты Клеопатра патшайымның: «Екі дүниенің билеушісі, Күн құдайының билеушісі» – деп жаздырған перғауындар заманындағы ұзын ұстын бар. Бұл ұстын Ескендір – Александрия шаһарынан 1881 жылы әкелініпті. Оны Вандербильд деген көпес Америкаға сыйлапты-мыс. Бұл саудагер туралы қарама-қайшы аңыз көп.

Әрине, сыйласа – сыйлаған шығар, ал оның өзінің осы ұстынды Египеттен заңды түрде сатып алғанына күмәнім бар. Әрине, жымсытушыларға  ақша төлеген шығар. Бірақ, қалай да адал, мәдениетті, көненің мұрасы мен құндылықты дүниеге келтірген ежелгі елді сыйлау емес. XVIII-XX ғасырдың арасында тонау мен талан-таражға салынған перғауындар өркениетінің ұстындары мен саркофагтары, ескерткіштері мен қабырға суреттері, мумиелері – Санкт-Петербург, Париж, Станбол, Нью-Йорк, Вашингтон, Лондон, т.б. қалалардың алаңдарында, мұражайларында самсап тұр. Олардың ішінде археологтар мен алаяқтар, қолбасшылар мен қарақшылар, көпестер мен көрқаптар, ханзадалар мен қанқұйлылар, ғалымдар мен залымдар да бар. Тіпті дені солардың ырқымен кемеге салынған. Египеттен ұрланған ұлы мұралардың тарихын оқып, Мысыр сапарында олардың үңірейіп не құм басып жатқан орындарын көріп, өркениеттің мәдениетті, мәдениетсіз қарақшыларына, мұра иелерінің бейғамдығы мен шарасыздығына құмыға ызаланып ем.

Метрополитен мұражайы.

Жалпы, Американың  өзім көрген мұражайларындағы мұраларға назарымды салсам да, терең тебірене алмағамын (әрине, үндістердің мұрағаттарын қоспағанда).  Соның себебін енді түсіндім. Жалпы көне мұралар мен құндылықтардың мен үшін ең басты қасиеті – олардың сол өзі дүниеге келген өркениетке қатысты табиғи және тарихи өмірбаяны, ол кешкен тағдыр мен дәуір таңбасы болатын. Мына перғауындардың ұстыны іште жатқан сондай бір ескі назаны қозғап жіберді-ау деймін...

Әлемдегі ең қоры мол, ұстанымы да, ұсталымы да ұқыпты Метрополитен мұражайына кіргенде, ондағы мұхиттың арғы бетінен (Еуропадан, Азиядан, Африкадан, т.б) әкелінген миладиге дейінгі және миладиден бұрынғы құнды мұразаттарды көргенде, жаңағы назалы көңіл-күй одан әрі өрши түсті. Мысырдағы перғауындар өркениетінің құнды да ауқымды ескерткіштері, Бабыл өркениетінің өрнекті қабырға тастары мен жартастағы бедерлі мүсіндері, қапырық құрылықтың зәңгілерінің есте жоқ ежелгі дәуірдегі оймақ мүсіндері, мұхит аралдары тұрғындарының тұрмыстық құрал-жабдықтары, шын машын мен самурайлар елінің қолүздіктерінің бәрі де маған мөлие қарап, тарихи отанын іздеп тұрғандай көрінді.

Мұның барлығы әлгі әсердің үстемеленуінен  туған әсіре сезім де шығар. Қанша айтқанмен ширек ғасыр бойы осы мұразаттармен тікелей айналысқандықтан да, кәсіби көзқарасым басым болуға тиісті еді. Өзіме-өзім басу айтып, Алма да жұбатып, екінті ауа екінші қабатқа көтерілдік. Оң бүйірде орналасқан Ассирияның сына жазуы бедерленген стелланың сақ-скиф тарихына, Ишпақайға қандай қатысы барлығын айтып келе жатқам... Кенет тура қарсымда тұрған, Дарий патша сақ даласына аттанарда үлкен жартасқа қашап тұрып бедерлеген, шошақ бөрікті сақ бекзадасының кескінін көріп... төбе шашым тікірейіп кетті. Осы бедердің көшірмесін Тегеренда іздеп жүріп, бір армянның дүкенінен әзер тапқам және оның кішірейтілген базарлық ретіндегі нұсқасын сатып алғам. Жұмыс бөлмемде тұр. Ал мынау болса ғой түпнұсқаның өзі! Жақпар тасты бір қарыс қалыңдық көлемінде ойып алыпты. Ал мұның өз орынынан опырылып әкетіліп, жоғалып кеткені қай заман!.. Бағанағы наразылық тағы да басыма шапты: «Әуеліде,  ұрланған, содан кейін сатылған, сатып алынған, мәжбүрлікпен сыйға тартылған «өлі құлдар» бұлар! Елінен еріксіз ажыратылған еріксіз ескерткіштер! Мәдениет жетімдері!» – деген ойлар келді. Дауыстап та жіберсем керек! Ширақ басып ілгері оздым.

 Дарий патшаның сақ тұтқындарын бедерлеген әйгілі тас қашамалары. Мұражайдағы кескін осы жақпартастан алынған.

 Үндістердің, мұхит аралдарының көрмелерін шолып қана өттім. Аңсарым – Орта Азия елдерінің мұрағаттары. Бізге де, яғни, қазақтарға да ортақ, бірақ өзбектің ала тақиясының, қырғыздың ақ қалпағының, түрікмендердің папағының, тәжіктердің ала шапаны мен шағи көйлегінің, татарлардың оюлы тақиясы мен өңірі өрнектелген көйлектерінің қасындағы мұразаттардан қазақтың, не Қазақстанның атын көре алмадым. Содан, өзім әу басында көрсем-ау, көремін-ау, көремін – деген жапондардың көрмесінде ілулі тұрған Хокусайдың суреттерін көруді ұмытып кетіппін. Алманың қақпайлауымен еуропалық ұлы суретшілердің галереясын араладым. Ван Гогтың полотнолары шынымен де түпнұсқада әсерлі көрінеді екен. Кейіндеу көзге түскен Ренуаның «Көк көйлекті бойжеткенін» тамашалап біраз тұрдым. Көшірме плакаттарын тұсыма іліп қоюшы едім. Сол кезде қоңырау соғылып, уақыттың аяқталғанын ескертті.

Метрополитеннен қарама-қайшы сезімдердің құрсауына оранып шықтым. Таңғы оннан кешкі беске дейін нәр татпай аралаппыз. Сол кезде барып Хокусай еске түсті. Қап! Енді оны қайыра келіп көру жоқ. Өйткені осында өтетін он бес күннің әр сәтін кестеге түсіріп қойғамыз.

Тағы да жаяу саябақты кесіп өтіп, пәтерге жаяу келдік.

Мен дәл бүгін күнделігіме түсірген ойларымды пайымды, ұстамды пікір дей алмаймын. Алайда ол көзқарасымды ішімде сақтап қалғым да келмейді. Менің ойымша, адамзат өркениетінің тарихын шынайы тарихи-табиғи күйінде көргіміз келсе, мәдени мұраларды шынымен құрметтесек, адам құқығы мен адамзат мүддесін сыйласақ, өткен замандағы жаһангерлік жауыздық пен нәсілдік теңсіздікті ар-ождан тұрғысынан бағаласақ, тоналған өркениеттердің мұразаттары өз отанына қайтарылып, өзінің тарихи орынында тұруы тиіс. Мысалы, көнетүркі жазба ескерткіштері  мен мәңгі тастардың 24 мыңы Еуропа (Ресей де бар) мұражайларының қамбаларында шаң басып жатыр! Өткен ғасырдың ортасында: тарихи орындарынан қандай да бір себеппен әкетілгеніне қарамастан, ол мұразаттар өз өркениетіне жататын мәдениет иесіне қайтарылсын – деген ұсыныс жасалып еді. Соны пайдаланып Россия Патша селосы сарайындағы сұрғылт түсті гранит қабырғаны Германиядан қайтарып алды. Мен өз көзіммен соның қайта орнына қойылып жатқанын 2000 жылы, Путин таққа отырғаннан кейін көріп едім. Сөйтсем мұның қайтуына Путиннің өзі ерекше еңбек сіңірген көрінеді. Біздің де тақ иелеріміз сондай үрдісті үлгі тұтса ғой, шіркін! – деп бүгінгі жазбамды аяқтаймын.

Айтпақшы, пәтерге келсем, ертең Бостонға жолдама алып қойыпты. Назым мен Тоқбаланың, Әминаның бүгінгі ермегі сол болыпты. Ал Бостон – Американың Азаттық ұшқыны тұтанған ошақ. Әрі Американың солтүстігін де көрген дұрыс.

(Жалғасы бар...)

Абай.kz

0 пікір