Бейсенбі, 23 Қаңтар 2020
Қоғам 6070 0 пікір 3 Қаңтар, 2015 сағат 08:44

Досай Кенжетай. ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ИСЛАМНЫҢ – ЖАНЫ

Кейде маған қазақ діндарлары осы «Зайырлылық» деген бәле болды. Дінімізді еркін ұстай алмайтын болдық» деп шағымданады. Мен оларға: жоқ, зайырлылық исламның мәні, рухы, жаны деп айтамын. Құранның "Ниса" сүресінде "Аллаға, пайғамбарға сосын іштеріңнен басшыға бағыныңдар" деген мағынада аят бар. Бұл жеде "расул мен улул амр" яғни пайғамбарлық пен басшылық екі бөлек болмыстық мәнде айтылады. Пайғамбар мен мемлекет басшысы бір емес. Егер мемлекет басшысымен араларыңызда "низа" яғни келіспеушілік туындаса, Аллаға, пайғамбарға арызданыңдар...Исламда жалпы мемлекет болмысы,мемлекет істері, басшысы Алла тарапынан тағайындалған да емес, теократиялық бір негіз де жоқ. Жоғарыдағы аятта да мемлекеттік билік пен діни билік екі бөлек болмыстық мәнде тұр. Егер араларыңда (ел басы мен оны сайлаушылар арасында) келіспеушілік шықса, Аллаға, пайғамбарға арызданыңдар...Енді егер улуламр яғни басшы, имам, халифа шиға мазхабындағыдай "мағсум" яғни , қателеспейтін, жаңылмайтын, Алланың атынан билік жүргізетін, күнәсіз тұлға болса, халық пен араларында келіспеушілік туар ма еді? Туған күнде де оның не мағынасы бар? Себебі мұндай келіспеушілік пен наразылыққа Алланың өзі себепкер болмай ма? Алла бұл жерде нағыз детерминистік күшке айналады да зорлықшыл болып шығады. Бұл сипат Аллаға жараса ма?
Сондықтан исламда мемлекеттік билікті басқару ерікін халықтан алатын,  халықтың атынан, халық сайлаған билік жүйесі деп қарау керек..Сондықтан ислам теологиясында да ел басшылығы, имамат, халифалық ақида мәселесі емес.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) көзі тірісінде "нубууат пен уалайат" яғни пайғамбар әрі мемлекет басшысы болды. Ең соңғы пайғамбар ретінде де өлгеннен кейін пайғамбарлық миссиясы тоқтады, уалайат яғни басшылығы да. Егер теократиялық ұстаным болғанда, пайғамбар артына «менен кейін мына адам ел басшыларың болады» деп аманат етіп, артына "мұрагер" қалдырып кеткен болар еді. Ислам тарихында ондай мәлімет жоқ. Тек қана иран шиға мазхабы, имамат, күнәсіз тұлғалар тізбесін жасап алған. Оларда бұл мәселе ақидалық мәнде. Негізі исламда халифалық, имамат саяси, дүниелік мәндегі мәселе, ақидалық емес.

ИСЛАМДЫ АРАБ ДІНІ ДЕҢГЕЙІНЕ ТҮСІРМЕҢДЕР!!! 

Ислам діні зайырлылық ұстанымның кені деп ой ата бастап едім...Біраз "ахи" азаматтар "тәнті" бола бастағанын айтып, күңкілдей берді. Негізі Ислам дінінде ешқандай нұқсандық жоқ, нұқсандық бізде. Алла оны адамзатқа толық, кемел қылып тамамдап, таңдаулы пайғамбарын да жеткізуші, сүйіншілеуші, түсіндіріп, ұғындырушы, ескертуші қылып миссиясын толық аяқтатып жіберген. Оны да ақылға салып ұғыну қиын болса, нақылға салып, Құранға қарасаңыздар  болады.
Біздің "ахилар" өздерінің ұстаздарының ұсынған қалыптарына салып қана исламды ұғынады. Негізі бұл діни таным анықтамасына сай табиғат. Себебі діни танымның ортасында орталық тұғыр ұстаз. Ұстазы не айтады солай қозғалады. Себебі онда өзіндік ой тұжырым, ақылға салу, өзіндегі ақыл деген жаухарды қолданып, жарқырату деген ұмтылыс, инициатива болмайды. Олардың ұстаздарының жетегіңдегі балалық психологиядан арылмаған мәңгі "бір балабақша түлектерінен шыққан жамағат, топ" деседе де болады. Десек те, бұл да адамның сырлары, сипаты мен қасиеті ішінде орын алғандықтан, жоққа шығара алмаймыз. Ол таныммен санасамыз. 
Енді сол күңкілбайлар маған «ойларыңыз "ибадия", "мутазила" тіпті "ахмадияға» ұқсап кетті дейді. Негізі неосалаф уахабилер "дәлел, құжат" дегенге "жетілгенмен" сол аяттан мысал келтіріп ой айтсаң да, өздерінің екінші тактикасына ойысып шыға келеді. Ол да «мына мазхабтың сойылын соқтың»,  «ана мазхабтың ойын айттың» деп тарихтағы қалыпты шаблондарды тізбелей жөнеледі Бұл да кезінде ислам философиясы мен калам тарихындағы "ақылды абсолюттендіріп жіберген" Мутазиланың әсерінен болса керек. Ол жағы түсінікті...Себебі уахабилер ақылдан қорқады. Ақылды тек шектеулі шаблондар жиынтығы деп қарайды. ал ақылдың кез келген шектеулі шаблондарды бұзып, басқа арнаға салатын қуат екендігінен бейхабар.Бұл психологиясы бүгінгі біздің кешегі кеңестік идеологиядан қорқып, тіпті идеология деген сөзді ауызға ала алмайтын жағдайға келгеніміз сияқты. Негізі қорқу сол құбылысты танымаудан келіп шығады. Жалпы, ислам әлемі ақыл деген жаухарды "құбыжық" қылып көрсете бастады.Бұл дегеніңіз Алланың өзі "халифа" ретінде жаратқан адамды таптау, оның жаратылыс мақсаты мен мәнін жоққа шығару екіндігін білмек түгіл сезінген де жоқ. Адамдағы ижтихад мүмкіндігін мойындамайтын деңгейге жетті, дінді таухиди негізде емес, христиан әлеміндегідей диалектикалық шаблондармен танып, таныта бастады, дінді ақыл мен нақылдың бастауларына бөлінетін ағым деңгейінде қабылдайтын болды. Исламды дін емес материалістік және идеалистік бастаулардан тұратын, ақыл мен нақылға бөлінетін, сана мен болмыстың қатынасы деп қарайтын деңгейге жетті. Бұл ауру негізінен методологиялық шаблон ретінде рас Мутазила арқылы исламға грек философиясынан енді. Міне сол күннен бастап, араб ислам дүниетанымы мен философиясы осы шаблоннан шыға алмады. 
Солай бір орында тұралап жатқанда Христиан әлемінде жаңа құбылыстар пайда бола бастады. Олар өздерінде жоқ ой кенін исламнан тапты. Магриб арқылы машшайиуун философиясы арқылы Фараби ойлау жүйесі, Алланың заты мен сипаттары арасындағы теологиялық философиялық қатынастарға негізделген тұғырлар оларға жаңа теологиялық мүмкіндіктер ашып берді. Адамды адам, Алланы алла, Әлемді де әлем ретінде тани алатын эпистемиологиялық, гносеологиялық қазынаға тап болды. Оларда қайтадан даму мен экзистенциялды құлшыныс, ізденіс пен ойлау машығы артты. Қиындықтарға тап болды бірақ өздерінің өркениеттік негіздеріне ислам рухын дарытты. Осылайша ислам барша адамзатқа түскен дін екендігіне көзі жетті, бірақ олар "өзгерместен даму" ұстанымын алып, христиан дінінде қалып, мазмұнында ислам өркениетін қабылдап алды. Себебі христиандық олардың болмыстық, рухани, психологиялық кеңістігі болатын. 
Содан бері Батыста дін мен мемлекет билігі ажырасын деген теориялар мен қайта құрылымдар, түзілімдер пайда болды. Ол жай ғана ұстаным емес, ол құбылыс болды. Құбылыстың мазмұны ғылым, техника, экономика, саясат, құқық арқылы жер шарына әсер етті. Сол әсер ислам әлеміне де келіп жетті. Сонда Иран шига ғұламалары бұл ұстанымды "илм және ирфан" арқылы түсіндіріп, осы екі жақтың бірін яғни , "илм илманийа кейіннен алманийа" ретінде танытса, араб ислам әлемі де өзінше үн қосып, баяғы сол Мутазила салып берген "ақыл мен нақылды" салыстырып, мұның аты, нақылды жоққа шығару да ақылды негізге алу деген таптаурын, оңай анықтама жасады. Ал түркі ислам Орта Азия да ой мешеулігінде жетісіп тұрған жоқ болатын, олар да "батин заһир" жұбына қарап отырып, бұл құбылысты заһирилік деп танытты. Бүгінгі біздің тіліміздегі зайырлылық осы "заһирилік" сөзінен келіп шықты.
Мен бұл жерде зайырлылықтың аты емес, заты туралы айтам. Міне жалпы ислам әлемінің зайырлылық құбылысына өз ұғымдарындағы "ойлау қалыптарымен" салыстырыла салған «алманий»,»ладиний»,»ақлийй»,»заһирийа» деген терминдері уақыт өте келе, метатрадиционализм мен бүгінгі уахаби нақылшылықты алып келді.
Бұл сана дін мен мәдениетті, дін мен өркениетті, дін мен дүниені, дүние мен ақыретті, Алла мен адамды, Адам мен әлемді, ғұрып пен шариғатты тұтастыққа емес қарсы қоятын метод деп қарады. Бөлектеу ажырату, ыдырату деп қорықты, үрейленді. Осылайша мұсылмандар үріккен сайын ұркіп, қорыққан сайын бүріне бастады. Олар тек сырттарын ғана емес, ой санасын да тұмшалап, бүркене бастады. надандық пен қорқу егіз болып шықты. Құранды оқиды, жатқа айтады, бірақ Онда не айтылып отырғанына мән бермейді, ақылын қолданбайды...Енді, міне, сол сана тағы да модаға айналып ислами рухтағы, мәндегі зайырлылық ұстанымын батыстық деп түсінгісі келмейді, ұғынғысы келмейді, тыңдағысы келмейді, көргісі келмейді...Тура Құрандағы айтқан надандардың сипаты "көзі көр, жүрегі тас, құлағы меңіреу" қауға сақал қысқа балақ "балалық"...
Қашан кетер біздің елден балалық?!!

Abai.kz

0 пікір