Жұма, 19 Сәуір 2024
Жас қалам 6384 0 пікір 3 Қаңтар, 2015 сағат 17:08

АУЫЛДАН КЕЛГЕН АПА

    Күз. Ағаш біткеннің жапырағы сарғайып, саудырап түсе бастанған шақ. Күннің көзі арқан бойы көтерілгенде барып әзер көрінетін төрт тарабы түгел биік ғимараттармен қоршалған шағын алаңқайда Гүлсім апаның отырғанына біраз болды. Бір нүктеге тесіле қарап, үнсіз ұзақ отыруынан терең ой құшағында екенін аңғару онша қиын емес еді. Таңғы астан кейінгі ендігі бітірер ермегі осы. Алпыс жыл отасқан шалын, бір кездегі жан жарын,арқа сүйер азаматын бақилыққа аттандырып салғасын,ұлы қоярда-қоймай ауылдан қалаға қолына көшіріп алған. Содан бері міне үшінші күз. Бірақ бәрібір осы қаланың қарбалас тірлігі мен ың-шыңына үйренісе алмай-ақ қойды. Мұнысын бір-екі рет ұлына сездіріп, ауылға қайтпақ ниетін білдірсе де, ол ат тонын ала қашып, үзілді-кесілді қарсы болған:“Ауылда кім қарайды сізге? Жападан-жалғыз өзіңіз ғана бір үйде қалай күнелтесіз? Жасыңыз да бірталайға келіп қалды”,-деп тойтарып тастаған. Маңдайынан иіскеп еркелететін, айланыш болатын немересін де биыл балабақшаға берген. Келін екеуі бірдей жұмыста. Таңмен таласа жау қуғандай асығып-үсігіп, бәрі де тұс-тұсына кетеді де, кешкісін екі иіндері түсіп, сүлкиіп оралады. “Е, адам мен табиғат тамырлас екен ғой”,- деп ойлады Гүлсім апа. Жерге шыр етіп түсесің де, өмір үшін күрес бастайсың. Әуелі көктемдей көгеріп, бүр жарып көктейсің. Сосын жаздай жадырап, жайқалып құлпырған жастық шағың келеді. Енді міне қайыршы шал-кемпірдей түсі қашып

Жапырағынан айрылған ағаш-қурай,-деп қапысын тауып қабыстырып қалай айтқан данышпан Абай. Қуат кеміп, күш қайтып, ажар тайған. Тек табиғат жаңарып түлеп отырады. Ал адамзатқа берілер ғұмыр бір-ақ рет! Гүлсім апаның ойын төртінші қабаттың балконынан лақтырылған пакеттегі зат пышақ кескендей тиды. Еріксіз жалт қараған. Көгала пакет межелі жеріне(қоқыс жәшігіне)жетпей асфальттің үстіне ақтарылды да қалды. Балконнан ішке еніп бара жатқан жалбыр шашты ақсары қызды да байқап үлгерді. Бұл қызды бұрын да ауладан бір-екі рет көрген..., Өңі бірден қуарып сала берген ол өз көзіне өзі сенбегендей үңіле қарады көгала пакетке. Әке-ау, мынау нан ғой. Иә, нан. Қоқымы бар, кесектеуі бар от орнындай жерде шашылып жатыр. Гүлсім апаның жүрегі шым етіп, бойынан тоқ жүріп өткендей болды. Төбесінен біреу шоқпармен қойып кеткендей мелшиіп отырып қалды да, кенет күбірлей жөнелді:

– АстапырАлла, АстапырАлла! Кешіре гөр, иә,Жаратушым, білместікпен жасаған пендеңнің ісін. Тек күпірлікке жаза көрме. Жас қой әлі. Халқымның ырысын шайқалтып, берекесін бұза көрмегейсің!

   Сан-саққа жүгіріп сапырылысқан ой ұшқындары Гүлсім апаны қолынан дедектетіп, балалық шағына алып бара жатты. Аядай терезеден түскен күн сәулесі солғын тартып, үй іші алакөлеңкеленіп тұр. Бұрышта бүк түсіп жатқан төрт жасар інісінің тынысы мүлдем білінбейді. Қол-аяғы тарамыстанып, терісі сүйегіне жабысып қалған тәрізді. Ырсиған қабырғаларынан аштықтың табы әбден өтіп кеткені байқалады. Тек басы ғана қалған қауғиып. Бұлардың ауыздарына түйір дән салмағандарына бүгінмен бесінші күн. Көзі қарауытып бара жатқан Гүлсім “осы тірі ме”?-деп ойлап, орнынан тұрмақ болды да, буыны дірілдеп, тізерлей барып сұлап түсті. Еңбектеген күйі сүйретіліп, інісінің жанына жетті. Қолын ұстап көріп еді, әлдеқашан суып кеткен екен. Қыстығып жылағысы келді. Не көзінен бір тамшы жас, не болмаса болмашы үн де шықпады тамағынан. Бұлар неге ұзақ жоғалды? Әкесі үйдегі бар көзге көрінер жылтырақ әшекейлерді алып, қаладағы саудагерлердің біріне астыққа айырбастап келмекке қабын беліне байлап қалаға кеше кеткен. Шешесі болса сіңіріне сүйретіліп, ілби басып таңдайға салар бірдеңе табылып қалар деп,таң сәріде шығып кеткен көршінің үйіне. Сол кеткеннен мол кетіп, әкесі далада қаңғып өлді. Бүгінде ол кісіден белгі болар бір төмпешік те жоқ. Ана байғұс амалын тауып, аштық дейтін алапаттың аузынан мұны әзер алып қалған. Әйтсе де, тағдыр тепкісі мұнымен бітпей өзі сол жылы ауыр дертке шалдығып, көп ұзамай көз жұмған. Айрандай ұйып отырған бір шаңырақтан аман қалғаны-Гүлсім ғана.

Бастауын тауып аққан бұлақтай сорғалаған көз жасы айғыз-айғыз әжімдерді қуалап, жосылып жатты. Бір орында сілейіп қанша отырғаны белгісіз. Қарсы алдындағы ғимараттан жаңағы жалбыр шашты ақсары қыз шығып бара жатқанда назары бірден ауып, бойын тез жиып алды. Орамалымен көз жасын сүртіп, қасынан өтіп бара жатқан оны тоқташы дегендей ишара жасады.

– Қызым, сәл аял қылып отыршы. Бір ауыз айтарым бар еді.

– Апашка, у меня нет времени. Иә тез айтыңыз.

– Жаңа төртінші қабаттан пакет лақтырған сен ғой?

Ол Гүлсім апайға едірейе қарап, сәл үнсіз тұрды да:

– Да, мен. А, что сіз осы жердің дворнигісіз бе? Я просто асығыс болдым.

– Жоқ, қызым. Мен ешқандай дворник емеспін. Айтпағым “ана нанды аяқ асты етпей өз қолыңмен әкеліп салмайсың ба”-демек едім. Нан-астың атасы ғой. Олай қорлауға болмас.

– Ой,апашка,осы ма айтпағыңыз? Я думала вы дворница. Мусорчик есть. Они сами делает. Я что?

Апаның қабағы түйіліп, қатқылдау сөйлей бастады:

– Әй, өзі жөн білетін баласың ба? Сенің мусор деп отырғаның ас атасы-нан ғой. Тіпті керек десең, қатты ашыққанда құранды басып, биіктегі нанды алуға да болады. Ал нанды басып құранды ала алмайсың. Көрдің бе нанның қадір-қасиетін? Ашаршылықта қаншама жан осы нанға қолдары жетпей қыршынынан қиылып, қаншасы тышқаншылап кеткенін білесің бе? Сол тағдыр талқысына түскен жандардың ішінде сенің де ата-бабаң болған. Соны ойладың ба бір сәт? Шүкірлік қайда шүкірлік?... Соңғы сөзін нығыздап, созып айтты.

Сары қыз именудің орнына шабына шоқ түскендей тулап шыға келді. Аяқ астынан түрі өзгеріп, өңмендеп, Гүлсім апаны көзімен ішіп-жеп барады:

– Ну, что? Аштық болса болған шығар, соған мен виноват па? Корочи, старуха, у меня нет времени. В следуший раз әңгіме айтып басымды қатырма!  

– Өй, көргенсіз неме. Қай атаңнан көрдің үлкеннің бетінен алғанды? Адам бол деп өмірден түйген өнегемді айтып жатсам, қара мұны.  

– Кто көргенсіз? Я көргенсіз? А ты ауылбай, мамбет старуха.

Гүлсім апаның қапелімде аузына сөз түспей, тұтыға қылғынып қалғаны сондай, қалш-қалш етіп, дірілдеп кетті. Өмірінде ешқашан бұлай ашуланып көрмеген болар. Қара жұмыстың табы өтіп, қатып қалған салалы саусақтар қыздың бетін бар пәрменімен осып өтті. Қаусаған кәрі денеден мұндай тегеурінді соққыны күтпеген сары қыз бойын теңселіп барып зорға жиды. Байбаламды салды-ай келіп бажылдап бақырып. Жалма-жан қоңыру шала бастады. Оның полицияға шағым түсіргенін, тез жетулерін өтінгенін әйтпесе өзін алжыған кемпірдің ұстап алып өлтіргелі жатқанын, мұның бірде-бірін екі құлағы тас бітеліп, мелшиіп отыра кеткен Гүлсім апа естіген жоқ.

   ...Келелі мәселені кеңесіп жатқан жиналыстың шырқын Асанның безектеген телефон үні бұзып жіберді.

– Иә, мен. Немене?

Ышқына айғайлап жібергенін Асанның өзі де байқамай қалды. Отырғандар түгел қасқырдан үріккен қойдай ұйлығып, жапырыла қарады:

– Жақсы, дәл қазір тізгін ұшымен барамын.

Оның қайда жол тартқанын әріптестері сұрап үлгергенше, есік тарс етіп жабылған еді.

Қыдырбек Тасқын,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

филология қазақ тілі мамандығының 3-курс студенті.

Абай.kz 

0 пікір