Сенбі, 20 Сәуір 2024
Осы ғой енді... 5903 0 пікір 6 Қаңтар, 2015 сағат 12:02

ТИЫННАН БАСТАЛАТЫН ТӨБЕЛЕС

- Неге ұрасың-ей сен валидаторды? – деп автобус жүргізушісі рульде отырған жерінен атып шығып, салонның орта тұсындағы тентек қазаққа қарай тұра ұмтылып еді, іштегі жолаушы біткенді екі жаққа қарай жапыра итеріп, ол да жүргізушіге қарсы ұмтылды. Өзі «атаңа нәлет көк темірің (валидаторды айтады да) бақандай қырық теңгемді жеп қойды» деп айқайлап келеді.

Бірі бәкене бойлы, екіншісі еңгезердей болатын екі қазақты автобус ішіндегі жолаушылар әрең-пәрең дегенде екіге айырып үлгерді. Енді болмағанда екеуі бірін-бірі жеп қоятындай екен. Ал енді автобустың алдыңғы-артқы жағына кептеліп, не ары жүре алмай, не бері жүре алмай, еріксіз «пробка организовать» еткен түрлі де түрлі көліктердің жүргізушілері қаланың қақ ортасындағы орталық үлкен көшенің... қақ ортасына тұрып қалған автобус жүргізушісін жеті атасынан әрмен қарай сыпыра боқтауға кірісті. Енді қайтсін, бәрі де бірдеңеге асығып-үсігіп кетіп бара жатыр. Ерігіп жүрген ешкім жоқ.

Бақсақ, мәселенің мәнісі мынада екен: қала ішінде жүретін қоғамдық көлікте «жүз отызға жуық ұлттың өкілі тату-тәтті тербетіліп» келе жатпай ма!  Солардың ішіндегі қарапайым бір қазақ билет беретін валидаторға жүз теңгесін сүңгітіп жіберіп, тиесілі билеті мен валидатор қайтарып беруге тиісті жиырма теңгесін күтіп тұрып қалмай ма?! Бірнеше секунд емес, бірнеше минуттай уақыт өтеді – билет те жоқ, жиырма теңге де жоқ. Ары-бері қозғалақтап, адамдардан аздап ұялыңқыраған әлгі қазақ тағы бір ЖҮЗ теңгесін сүңгітеді - «ақша жегіш арамза» валидатордың «тойымсыз» өңешіне. Бірақ «қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» дегендей, «көкбеттенген көк темір» билет пен жиырма теңге «сдашты» тағы да қайтармаған соң, «бірнеше айдан бері айлық алмаған» (шартты түрде айтып отырмыз да) қарапайым қазақтың талағы тарс айырылады. Тарс айырылғаны сол емес пе, жұп-жуан жұдырығымен валидаторды тарс еткізеді де, «көк темірдің» билет пен «сдаш» шығуға тиісті екі тесігіне кезек-кезек үңіледі. Жоқ! Билет те жоқ, «сдаш та» жоқ! Басқасы басқа, қырық теңге «сдаштың» күйігі қойсын ба, тіпті болмаған соң әлгі қазақ тоқпақтап ұра жөнелмей ме, тілі жоқ байғұс валидаторды. Осы кезде қасқа жолдың қақ ортасына көк автобусты қаңтарып тастап, жүргізуші шықпай ма айқайлап: «...е-е-ей, есің дұрыс па, валидаторды неге ұрасың?» деп. Автобус ішіндегі біз көрген «ию-қию жын-шайтан» осыдан басталған екен.

Енді мәселеміздің мәнін ашайық.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматының кейбір көшелерінде жап-жаңа, жап-жаңа көк ала автобустар пайда болған еді. Шынын айту керек, жаңаның аты – жаңа емес пе! Ішіне кірсең – рап-рахат! Өйткені іші тап-таза. Бәрінен бұрын жүргізушілерін айтсаңызшы! Униформа киген... кіріп-шыққан жолаушы атаулыға тек күліп қана қарайтын жүргізушіні көрген кезде... әлгі автобусыңыздың ішінен мүлде шыққыңыз келмей қалады. Бір таң қаларлығы – осынау көк ала автобустардың ішінде кондуктор дегендер де жоқ. Кондуктордың қызметін ВАЛИДАТОР деп аталатын жансыз көк темір атқарады. Мысалы, автобусқа кірген жолаушы валидатордың жырық тесігіне тиынын тастап жіберсе болды, екінші бір тесігінен сумаң етіп билеті шыға келеді. Тұп-тура өркениетті шет елдегі сияқты. Әйтсе де міне, содан бері көп жылдар өткен жоқ, «жүргізушісі күліп қана қарайтын» көк ала автобустардан қадір кете бастады. Қадір кетпегенде ше? Қаншама жерден тап-таза болса да, адамдардың көпшілігі осынау көк ала автобустарға отырудан қаша бастады – кейінгі кездері. НЕГЕ?

Неге десеңіз, көк ала автобустардың көкпеңбек униформа киген жүргізушілері кейінгі кездері жолаушыларына күліп қарағанның орнына, күдірейіп қарайтын болған. Өйткені валидаторы құрғыры кейде дұп-дұрыс істесе, кейде «қырсығып», мүлде істемей қалады. Ал енді валидатор істемей қалған жағдайда жүргізуші автобустағы жолаушыларға билет сатуға құқылы емес. БОЛМАЙДЫ. Сенбесеңіз, валидатордың желкесіне қараңыз, онда «автобус жүргізушісінің билет сатуына болмайды» деп тайға таңба басқандай ап-анық жазылған. Жоғарыда жазғанымыздай, валидатор істемей қалған кейбір жағдайларда «нервный» жолаушылар тілі жоқ темір байғұсты тоқпақтай жөнеледі. Ол тоқпаққа жүргізуші шыдасын ба! Шыдамайды әрине! Содан басталады – жоғарыдағы сияқты жекпе-жектер. Әрине, демократиялы, зайырлы қоғам орнатуға негізделген қазақ елінің Алматы сияқты үлкен де үлкен қалаларында өркениетті елдердегі сияқты «самообслуживания» түрлеріне біртіндеп-біртіндеп көше бастаған да дұрыс шығар, алайда біздің халқымыз... халқымыз-емес-ау, біздің қоғамымыз осыған дайын ба? Біздің ойымызша, мүлде дайын емес. Бір ғана мысал: жергілікті тұрғыны бар, келіп-кетіп жатқан жолаушы-қонақтары бар, гастарбайтерлері бар, тағы басқасы бар – соның бәрін қосқанда көшесінде күніне миллионнан астам көлік пен бірнеше миллионнан астам адам жүріп жататын Алматы қаласында валидатордан «спокойно» билет пен сдаш» алып, одан әрмен қарай өз тірлігіңмен «спокойно» кете беру мүмкін бе? Тіпті де мүмкін емес! Сенбесеңіз, валидаторы бар көк ала автобустармен қыдырып көріңіз! Айтпақшы, жолақысын валидатормен төлеттіретін көк ала автобустарға отырмас бұрын, қалтаңызды ұсақ тиындарға толтырып алыңыз, әйтпесе «көк темірлердің» көпшілігі «сдаш» бермейді. Сонымен бірге, олар сіздің қағаз ақшаңызды мүлде керек қылмайды. Ал тиын үшін төбелес көбінесе осындайдан басталады.

Бір қызығы, осынау көк ала автобустар мен валидатор дегендеріңіз Алматыға әкім болып Ахметжан ЕСІМОВ мырза келген соң пайда болды. Қала ішінде көбінесе «белсебедпен» қыдырғанды қатты ұнататын АХМЕТЖАН мырза таңертеңгі және кешкі уақыттарда («час пик» кездерінде) бір ауық көк ала автобустармен де қыдырып көрсе, валидатор шіркіннің қызығын көрер еді-ау!

Марат МАДАЛИМОВ.

Абай.kz

0 пікір