Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3889 0 пікір 29 Мамыр, 2009 сағат 04:36

Тарихымыз бен мәдениетіміздің көмбесін ашқан кітап

Кеше «Қазақстан» қонақ - үйінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Атамұра» баспасынан шыққан «Ислам¬ның жауһарлары мен жәдігерлері» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Кеше «Қазақстан» қонақ - үйінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Атамұра» баспасынан шыққан «Ислам¬ның жауһарлары мен жәдігерлері» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Әлемдік өркениетке мұсылман шығысының қосқан үлесі аса мол. Оның ішінде әлемді таңғалдырған өзіміздің қазақ даласынан шық¬қан жарық жұлдыздарымыз да жетерлік. Басқасын айтпағанда, Әбу Насыр әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарысты айтсақ та жетеді. Өз топырағымыздан жа¬рып шығып, Ислам көгінде қанат қақ¬қан әлі де қазақ еліне мәлімсіз қаншама жарқын тұлғаларымыз бар. Әрине, олардың күллі дүниеге жарқырай танылуына себеп бол¬ған адамзатты нұрландырған ислам діні мен өркениеті екені бел¬гілі. Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің кеше тұсаукесері өткен «Исламның жауһарлары мен жәдігерлері» атты кітабының басты тақырыбы да сол туралы. Көрнекті ғалымдар мен қо¬ғам, мәдениет, дін қайраткер¬лері, ЖОО басшылары, мешіт имамдары, БАҚ өкілдері бас қосқан жиынды М.Әуезов атындағы Әдебиет институтының директоры Сейіт Қасқабасов жүргізіп отырды. Ол басқосудың мән-жайын түсіндіріп, дін, қоғам, мәдениет қайраткері, ұстаз, ағартушы, ғылым мен дінді шебер ұш¬тас¬тырып жүрген шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің жаңа кітабының құндылығына тоқталып өтті. Ғалымның айтуынша, кітап бес бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде исламның адамзатқа ортақ құндылықтары, қасиетті Құран Кәрімнің мән-маңызы, пайғамбарымыздың адамзат алдындағы еңбегі, діни мерекелер, Мәуліт, Қадір түні жүйелі баяндалады. Екінші бөлімде исламның әлемдік өркениетке қосқан үлесі, орта ғасырдағы ұлы дала перзенттері – қазақ даласынан шыққан ғұлама ойшылдар мен қайраткер¬лер мүмкіндігінше қамтылған. Үшінші бөлімде Қазақстандағы дін тарихы, мешіттер, қазіргі діни ахуал зерделенсе, төртінші бөлім¬де Бас мүфтидің Испания, Мысыр, Үндістан, Сауд Арабиясы сын¬ды бірқатар елдерге барғандағы сапарнама тарихы қазақ тарихымен байланыстырыла суреттеледі. Бесінші бөлімге БАҚ-та жарияланған әлеуметке, қоғамға, дінге қатысты сұхбат¬тары топтастырылған. Осынша мол мәлімет алуға мүмкіндік беретін кітаптың соңғы түйінінде басылым мазмұнына байланысты орыс, ағылшын тілінде қысқаша түсініктеме берілген.
Енді бұл шығарма қалай жазылды, бұл турасында филология ғы¬лымдарының докторы, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі бы¬лай дейді:
– Бір ғана Сыр бойында Жент, Баршынкент, Өзкент, Испиджаб сынды сандаған көне шаһар¬лар болған. Осы кенттерде туып-өскен қазақ перзенттері кейін Араб түбегіне дейін барып, дін-ислам жолында өнер, білім, ғылым саласында тер төккен. Осылар жайында жазылған бұл кітап менің 1995 жылы шыққан «Қазақ да¬ласының жұлдыздары» атты кітабымның жалғасы іспетті. Ол кітапта Отырардан шыққан 11 ойшыл сөз етілсе, мұнда оған жаңа¬дан 9 ғұлама қосылған. Қазір бізде әл-Фарабилердің саны 30-ға, иассауилердің саны 12-ге жетті. Әлі танылмаған, ғылыми айналымға енбеген Түркістанилер, Найманилер, Жалаирилер жетіп артылады. Мәселен, Оңтүстік Қазақ¬стан облысында «Иқан» деген қыстақ бар. Ескі Иқан, жаңа Иқан деп бөлінеді. Сол Иқанның қақ ортасында көне қаланың жер бо¬лып кеткен жұрты жатыр. Осы Иқан қаласынан заманында әл-Иқани (әл-Түркістани, әл-Фараби деген қосымша аттары бар) деген оқымысты шыққан. Отырарда бас имам болған, кейін Дамаскіде, Бағдадта өмір сүрген, мешіт-мед¬ресе басқарған. Қызуқанды, мінезі қызық, өз мәзһабына берілген адам болған. Шам қаласында өз дінін қорғап, төбелесуге дейін барған. Осы кісінің 2 том¬дық кітабы Кувейтте шығыпты. Кейін ол кітапты Стамбулдан тауып, көшірмесін алдым. Бұрын қазақ даласына белгісіз болып кел¬ген осы кісінің атында қазір Иқанда мешіт ашылды. Сондай-ақ Тараз қаласының орталық мешіті бұрын халыққа белгісіз болып келген тараздық ғұлама һибатулла ат-Таразидің атымен аталады. Бұл кісілердің бәрі кезінде том-том кітап жазған, атақты мешіт-медреселерге жетекшілік еткен. Осындай бабаларымыз қалаған ислам дәстүрін берік ұстануымыз қажет.
Бұл кітапта сөз болған даналарымыз негізінен, Х-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген. Неге? Себебі бұл кезде қазақ даласында билік басына исламды мемлекеттік дін етіп жариялаған қарахандықтар кел¬ген еді. Олар асыл дінімізді өркендетті. Қазақ даласында Ислами ғылым-білімнің дәуірлеген кезі сол тұс.
Кітаптың тұсаукесеріне жиналған академиктер – Серік Қирабаев, Сұлтан Сартаев, «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор Махмуд Фаһми Хиджази сынды бірқатар танымал оқымыстылар сөз сөйлеп, су жаңа туынды туралы толғаныстарын білдірді. Бас мүфтидің ғалымдық, шығармашылық, қайрат¬керлік тұлғасына лайықты баға берді. «Исламның жауһарлары мен жәдігерлері» берері мол тың дүние екенін, қарапайым оқыр¬ман тұрмақ, мүйізі қарағайдай ғалымдардың өзі есімін де естімеген ондаған ғалымдарды ғылыми айналымға енгізген, еліміздің тарихы, мәдениеті мен жазба әдебиетінің көмбесін ар¬шып көрсеткен өте құнды кітап екенін бірауыздан атап өтті.

 

 

Төреғали ТӘШЕНОВ
«Айқын» газеті, 28 мамыр 2009 жыл

0 пікір