Жұма, 19 Сәуір 2024
Қайраткер 7660 0 пікір 9 Қаңтар, 2015 сағат 18:24

МЕМЛЕКЕТШІЛ МЕНЕДЖЕР

Елдік мұрат жолында елеулі еңбек етіп жүрген қайраткерлеріміз жайлы айтуға келгенде сараңдық танытпауымыз керек. Әлбетте, мемлекет дамуына қызмет ету, тер төгу – бүгінгі ұлт жанашырларының киелі парызы болмаққа керек. Және қазіргі қазақ қоғамының жауапкершілігін иығына артқан мемлекетшіл тұлғалар үшін ол парыздың жүгі екі еселене түсетіні тағы анық. Рас, халыққа қызмет етудің бағасын да халық береді. Мезгіл мінберінен көрінген тұлғаның болмысын айшықтау – уақыттың еншісі екені тағы аян. Деп келгенде, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына білім-білігімен, ақыл-парасатымен үлес қосып жүрген азаматтар жайында жылы лебізге кезек берудің айыбы болмас.

Бүгінгі таңда еліміздегі мемлекеттік қызметкерлер арасында біз тілге тиек етіп отырған тұлғалық қасиеттер бойынан табылатын азаматтар аз емес. Билік сатысындағы биік қызметке кәсіби маман-менеджер ретінде қол жеткізген тұлғаның бойында мемлекетшілдік, ұлтжандылық қасиеттері ұштасып жатуы – жақсылық нышаны. Осы талаптардың үдесіне толықтай сай келетін бүгінгі күннің мемлекетшіл қайраткерлерінің бірі деп Бағлан Майлыбаев мырзаны айтуға әбден болады.

Бағлан Асаубайұлы – қатардағы қарапайым қызметкерден биік дәрежелі мемлекет қызметшісіне дейінгі еңбек жолынан өтіп, шыңдалған тұлға. Оның тұлғалық қалыптасу жолының өзіндік ерекшелігі бар. Өйткені, Бағлан мырзаның азамат ретінде қалыптасуы еліміздің Тәуелсіздік алуымен қатар өрбіген. Демек, бүгінгі билік сатысындағы азаттықты бала күнінен аңсаған және сол Тәуелсіздікті баянды етуге жастайынан бел буған буынның өкілі ретінде де Майлыбаевтың мерейі арта беретіні түсінікті. Ол өзінің мемлекеттік қызметтегі жетістігі мен табысын Қазақстанның Тәуелсіз ел ретіндегі дамуы мен Мемлекет Басшысының салиқалы саясатының жемісімен тығыз байланыстырады.

Ілгеріректегі бір сұхбатында Бағлан Асаубайұлы былай депті: «Мемлекет басшысының көш бастауымен елдің жаң­ғыруы мен индустриялық-инновациялық экономиканың құрылуы – Қазақстанның ХХІ ғасырдағы қарышты дамуының кепілі. Бейбітшілік, келісім, қоғамның бірлігі, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық, ха­лық­аралық деңгейде мойындалу – осының бар­лығы еліміздің шын мәнінде мақтан тұтуға құқылы табыстары. Қазақстан Мемлекет бас­шысының арқасында Тәуелсіздіктің үшін­ші онжылдығына өз болашағының өрісін аңдатар өлшемдерді айқын көре отырып қадам басуда. Біріншіден, біз әлем картасындағы орны­мыз­ды айқын көріп отырмыз. Көптеген жаңа елдер үшін шекарасының даулы шектері үшін күрес қазірге дейін жалғасуда. Кейбір жағдай­ларда бұл ашық қақтығыстарға да ұласты. Қазақстан ондай сценарийді айналып өтті. Мемлекет басшысы біздің тарихи жерлеріміз бен бүкіл Қазақстан халқын тұтастырушы тұлғаға айналды. Біз баршамыз Президенттің осы бірегей бітімгершіл, көшбасшылық дары­нына тәнті болуға тиіспіз. Екіншіден, біз болашақтағы мақсаттары­мызға сәйкес әрекет етудеміз. Президенттің «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы – әлемдегі ең ұзақ мерзімді және тиімді форсайтингілік жобалардың бірі. Бұл – біздің дамуымыздың Қазақстанды уақыт сынынан сүрінбей алып өтер картасы. Үшіншіден, Мемлекет басшысы қоғамның рухани өзегін – этносаралық және дінаралық келісімді қалыптастырды. Біз түйінді шешімдер қабылдарда соған сүйенеміз. Қазақстан­дықтардың қуатты индустриялық-инновация­лық экономика құруға деген сенімділігі де соған негізделген...»

Қырықтың қырқасына енді қадам басқан азаматқа Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары деген абыройлы қызметті атқару мақтаныш қана емес, міндет пен жауапкершілік сезімін де сыйлайтыны анық. Әрі Майлыбаевтың бұл орынтақтағы миссиясы елімізді идеологиялық бағытта өркендетумен ұштасып жатыр. Сол себептен шығар, ұлт руханиятына етене жақын шенеунік ретінде зиялы қауым арасында сарабдал сын мен орынды мадаққа жиі ұшырап жататыны... Қалай дегенмен де, қазақ руханияты үшін қабырғасы қайысатын атқамінерлер арасында Асаубайұлының тұлғасы бір төбе. Әсіресе, еліміздің ақпараттық саясатына қатысты ұстанымдарды екшейтін тұста Майлыбаев мырзаның қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарына іш тартуы анық сезіледі. Ұлт баспасөзіндегі жаңашылдықты қолдау тұрғысынан да бұл кісінің жаңа толқынның өкілі ретінде озық көзқараста екендігін айтуымыз керек. Отандық ақпараттық кеңістіктегі медиа-контенттердің қарқынды қадамын Президент әкімшілігі тарапынан жасалып отырған қолдаудың бір көрінісі ретінде қабылдаған орынды болар еді. «Қазақстанда 2700-ден астам бұқаралық ақпарат құралдары нәтижелі жұмыс істеуде. Олардың барлығы ең басты байлығымыз - Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін еңбектеніп жүр. Қазақ журналистикасының шежіресі осыдан 100 жыл бұрын басталды. Бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетін шығарып, қазақ баспасөзінің тарихын бастағаны белгілі. Содан бері Қазақстан журналистикасы егемендігіміздің арқасында жаңа серпінмен дамып келеді. Бүгін біздің салада екі мың жеті жүзден астам бұқаралық ақпарат құралы нәтижелі жұмыс істеуде. Сондықтан, шынайы тілегім осы қарқыннан айрылмаңыздар», – деген еді Бағлан Майлыбаев журналистердің мерекесінде ағынан жарылып. Демек, ол өзі де бір кездері редакциядағы жұмыстың ыстық-суығына бір кісідей араласқан адам ретінде қазақ баспасөзінің тамыр бүлкілін тап басып отырады екен. Ендеше мемлекет дамуындағы бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны мен маңызына лайықты бағасын беретін лауазым иесі ретінде де Бағлан Асаубайұлына қазақ журналистерінің сенімі зор.

Айтпақшы, қазіргі күні отандық телекөрермендер қауымының сүйікті бағдарламасына айналып үлгерген «Поэзия әлемі» хабарының дүниеге келуіне Бағлан Асаубайұлы тікелей себепші болған көрінеді. «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы ұтқыр жобалардың бірі ретінде жұрт жүрегіне жол тапқан бейне-антология Президент әкімшілігі басшысының орынбасары мен шығармашыл жастардың кездесуінде болған рухани әңгімеден кейін қолға алынған болатын.

Еліміздің мәдениеті мен тарихының жанашыры, рухани қолдаушысы болу дәстүрін алдымен Елбасымыздың әр жылдардағы айтқан сөздері мен нақты іс-әрекеттерінен көріп келе жатқанымыз шындық. «Қазақ халқының тарихы – бірлік пен ынтымақтың тарихы» деген сөзді айтқан Президент Назарбаев әркез «қазақ халқының өз тарихында ұялатындай шетін оқиғалардың жоқ екендігін де» жиі есімізге салып отырады. «Қазақта мемлекет болмаған», «тарих болмаған» деп келетін біржақты көзқарастар мен пікірлер шоғырына Елбасымыз әркез жоғарыдай жауап қайырып келген еді, енді соның нақты дәлелі ретінде ағымдағы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы дүбір салып, дүркіреп өтпек. Осы бір игі бастаманың да басы-қасында біздің замандасымыз Бағлан Майлыбаевтың табылуы көңілімізді өсіріп, жан-дүниемізді жадыратып, желпінтіп тастады. 

Абай.kz 

0 пікір