Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
46 - сөз 5232 0 пікір 10 Қаңтар, 2015 сағат 11:58

Нұрлан СӘДІР. АРЫЗ

Сенненбасқа Кімімбаровқа
«Каска өндіруші қасқа» 
жауапкершілігі шамадан тыс 
шектелген серіктестің директоры
А.Құныққановтан

Біз - екі ағайынды жігітпіз. Үлкеніміз автокресло сатып күнін көретін еді. Өздеріңіз білесіз, соңғы кезде сол ағамның шаруасы өрге домалай бастады. Содан бастап мен дертке шалдықтым: ішім қатты мазалап жүр. Тар болып және күйіп бара жатқан ішімді кеңіткім келіп қандай ем-дом қолдансам да, қанша жерден тұз жаласам да көмектеспей қойды. Енді ғана түсініп жатырмын, менің ішім жазылуы (іштарлықтан және іш күюден арылуым) үшін менің де бизнесім жүруі шарт. Яғни, бұл үшін бар болғаны «барлық жолаушылар басына каска кисін» деген заң қабылданса жетіп жатыр. «Жаман айтпай жақсы жоқ», кез келген адам отырған креслосынан тайып кетуі мүмкін ғой. Сол кезде каскадан басқа не сақтап қала алады?! Опшым, егер бұл талабым орындалса «Құдай да, құдағи да», мен де тыныш табар едім. Бастың амандығына жетер не бар, сондықтан бұл басқа құтты каскасын қондыратын уақыт әлдеқайда жетті. Мен бұл ойымды бұдан гөрі әлдеқайда тереңірек және әдемірек жеткізер едім, бірақ көзілдірік саудасымен айналысатын әйелім «маған да осындай бірдеңе жазып бер» деп тартқыштап мазамды алып отыр.

Жақсы жауап пен дұрыс шешімді 
асқан тағатсыздықпен күтуші
А.Құныққанов

(Жазба автордың facebookтегі парақшасынан алынды )

0 пікір