Сенбі, 20 Сәуір 2024
Не дейді?! 11379 0 пікір 11 Қаңтар, 2015 сағат 09:30

ҚАЗАҚ ҰЛТЫНЫҢ АТАУЫ ӨЗГЕРТІЛУГЕ ТИІС ПЕ?

Қытайдағы этникалық қазақтар қолданатын «Сен Қазақ» сайтында «Қазақ» ұлтының атауын өзгерту мәселесі қызу талқыланып жатыр. Онда Ердоға есімді қолданушы «Қазақ деп аталатын ұлттық атау - осы атауды иеленіп жүрген ұлттың болмысын толық ашып бере алмайды» деген пікірді ортаға салады. Жарияланғанына бір апта болған шағын жазба 11 мыңнан астам рет оқылып, 300-ден астам пікір жазылған.  Жазбаның мәтіні төмендегідей:

«Армысыздар, әлеумет! Сіздерге бір ой тастамақшымын. Негізі біз өзімізді қазақ деп атағаннан гөрі түрік, татар, алаш немесе тұран деп атағанымыз әлде-қайда дұрыс болатын еді. Біріншіден, біз ұғым мен қауымға қатысты ұлттық философияны тек қазақ атауынан ғана іздеп қалдық. Бұл біздің ұлттық философиямызға кедергі.
Екіншісі, біз ұлт тарихы мен қалыптасу негізін бізге кейіннен қосылған тайпа, қауымдастықтан ғана іздеп қалдық. Мысалы, Меркіт бұрын Найман, Керей, Қоңырат сияқты ірі тайпа болса, ал қазаққа сіңгені тек Абақ керейдің бір тармағы болып қалды. Қоңыраттар өз ішінде 32 ру-тайпа болса, оның отызы өзбекте, тек екеуі ғана қазақта. т.б
Үшіншісі, қазақ деген не? Ақ қаз ба? Қазы десе қазы - ақ ба деп тұтас ұлттық негізді түркілік сарыннан ажырай қарау.

Ал, түрік немесе тұран десек: Қытайлар өздерінің сан түрлі этнос, сан түрлі мәдениеттегі қауымнан қалыптасқанын біле тұра өздерінің ұлттық философиясы мен қауымдық ұғымын б.з.б Хан немесе Хуашия атауына сабақтастырады. Екі ұғымның сабақтастығы, генетикасы басқа болса да белгілі ұлттық философия ретінде барлық тарихи оқиғаларды осы ұғымдармен тығыз байланыстырады. Егер қытайлар өздерін миң, сұң немесе басқада атаулармен алса онда тарихи мағына өзгеретін еді. Қазақтар да әне сондай, өздерін XV ғасырда қалыптастырған атаумен атайды де ұлттық философия мен тарихи тереңдік, тарихи сабақтастықты ұзарта алмайды, ары қарай ұзап тереңдейін десе қауымдардың құрамы мен атауы басқа, тек өзіне қатысты болғандарына ғана жалғайды. Ал, түрік немесе тұран атаса бұл өте бап болғалы тұр.»


Бұл жазбаны біреу «Пантуркизм» деп бағаласа, біреу қолдайды. Ал, біреу Алаш атауын құп көреді, екінші біреу ұлттың атуымен емес, ұлтсызданумен күресу керек дейді. Пікірлер арасында «Орыс құжаттарында Қазақ атауының бұрмалануына байланысты 1917 жылы құрылған «Алаш автономиясы» өз атауын «Алаш» деп алып, осы мемлекеттің халқын «Алаш халқы» деп атағаны» да айтыла кеткен.

Қазақ атауы кейбір тарихи деректерде алғаш рет X ғасырда пайда болғаны, енді бір деректерде Ақорда мемлекеті кезеңінде қолданыста басталғаны айтылады. Ұлттың атауымен қатар, қазақтың алғашқы мемлекетінің де атауы болған Қазақ сөзінің тарихы шынымен де қазақ руларының атауынан беріде жатыр.

1734 жылы Санкт-Петерборда шығатын «Санкт - Петербургские ведомости» газеті «Қазақ» атауын «Қырғыз» деп қате басып жіберуі Қазақты 2 ғасыр бойы «Қырғыз» атандырды. Арада кейбір тарихшылар Қазақ атауының қате айтылып жүргені туралы жазды, алайда Патшалық Ресей бұған пысқырмады. Мысалы тарихшы А. И. Лёвшин 1827 жылы «киргиз есть название народа совсем другого… название казак… принадлежит киргиз-кайсакским ордам с начала их существования, они себя иначе не называют. Замена самоназвания народа другим названием, как полагают исследователи вопроса, произошло в результате стремления отличать в официальных документах этот народ от русского казачества соседних районов Сибири», - деп жазған болатын.  1925 жылы Қырғыз АКСР-і Қазақ АКСР-і болып өзгертілгеннен кейін,  қайсақ, қырғыз, қырғыз-қайсақ, қазақ-қырғыз, киргиз-қазақ деп қасақана бұрмаланып қолданылып келген  халымыздың тарихи атауы 1925 жылы Қазақстан Кеңестерінің 5-съезінде түзетілді. 1936 жылы Қазақстанның әкімшілік-шаруашылық өзгерістеріне байланысты Қазақ сөзі ресми түрде белгіленді. Соған қарамастан Советтік Ресей Қазақтың тілі мен мәдениетін өзгертуге бағытталған сансыз «жұмыстар» істеді.

Бүгінде «Қазақ» атауының талқы тудыратындай себебі де бар. Өйткені бұл есімнің мағынасы мен шығу тарихы әлі де толық зерттеліп, нақты анықтамасы бекітілмеген. Кім не десе де, «Қазақ» - 550 жыл бұрын Түркістан даласында құрылған мемлекеттің (хандықтың) атауы; «Қазақ» - Алтайдан Атырауға дейінгі киелі топырақты жайлаған ру-тайпаларды біріктірген есім; «Қазақ» - XX ғасырдың басында ұлт зиялылары қолданған ұлтты ояту құралы «Қазақ» газетінің есімі; «Қазақ» - тарих көп жетімсіреткен, талай қырғын мен зобалаңды бастан өткерген, аштық пен бодандықтың құрбаны болған, ендігі тарихта бақытты болуға тиісті халықтың атауы. Сондықтан ұлт есімін ауыстыру бүгінгі күндегі  ұлттық мәселелерді шешуден өзекті болмаса керек.

Естеріңізге сала кетсек, былтырғы жылдың Ақпан айында Елбасы Назарбаев Қазақстанның мемлекеттік атауын «Қазақ елі» деп ауыстыру туралы ұсыныс айтқан болатын. Мемлекет басшысының ұсынысы халық тарапынан қызу қолдау тапқан еді. Бұл мәселенің қоғамдық талқылау тудырғаны соншалық, әлеуметтік желі қолданатын орыс тілді қауым www.avaaz.org сайтында Қазақстан атауын бұлай өзгертуге қарсы интернет петиция да ұйымдастырған болатын.

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір