Жұма, 19 Сәуір 2024
Мәйекті 6837 0 пікір 15 Қаңтар, 2015 сағат 00:50

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. БҰҰ. БЕУ, БАЛДЫЗ...

Жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Америка күнделіктері» атты жолжазба кітабының алғы бөлімдерін мына сілтемелер арқылы таба аласыз: 

http://abai.kz/post/view?id=2606

http://abai.kz/post/view?id=2587

http://abai.kz/post/view?id=2564

http://abai.kz/post/view?id=2551

http://abai.kz/post/view?id=2533 

http://abai.kz/post/view?id=2505 

http://abai.kz/post/view?id=2489

http://abai.kz/post/view?id=2464     

http://abai.kz/post/view?id=2450

http://abai.kz/post/view?id=2410 

http://abai.kz/post/view?id=2392

http://abai.kz/post/view?id=2365

http://abai.kz/post/view?id=2341

http://abai.kz/post/view?id=2328

http://abai.kz/post/view?id=2298 

http://abai.kz/post/view?id=2264

http://abai.kz/post/view?id=2251

http://abai.kz/post/view?id=2238 


 

19 қаңтар, 2014. Нью-Йорк.

Бүгін жеңіл демалыс. Гүлзаданың үйіне қонаққа барар жолда Колумбия  университетін көзден өткізіп шығамыз – дегеміз. Алайда университетке үлгермедік. Сондықтан да тыныс күні деп жариялап, осында тұрғанына 23 жыл толған, Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдер комиссиясының Африка құрылығы бойынша халықаралық бағдарламасының үйлестірушісі (қызмет лауазымының орамы (формулировкасы) біздің тіл орайымызбен үйлесе бермейді, сондықтан да түсініксіз көрінбес үшін мазмұны бойынша сабақтадым) боп істейтін балдызым Гүлзада Балқашқызы Бафинаның үйіне қонаққа бет алдық. Бұл Нью-Йорктің ең басты және аса аумақты Ұзынаралының (Лонг эйланд сити) арал мен құрылықты бөліп тұрған Шығыс түстігіндегі Шығыс Ағыстың (Ист Ривера, өзеннің) жағалауын (Куйнст) жиектей орналасқан  жаңа орамға метро арқылы жер астымен (нағында су астымен) жеттік. Әйгілі Бруклин көпірі көзге үйреншік тартып қалған. Күніне 40 миллионнан астам көлік өтетін өткелден жаяулап өту дәстүрі бар. Үйленгендер әрбір темір бағандарды шынжырмен орап, құлып салып, кілтін теңізге тастайды екен. Махаббатымыздың құлпын енді ешкім ашпасын, ажыратпасын деген ырым. ХХ ғасырдың басында әлемнің кереметінің қатарынан орын алған бұл көпір бүгін де көп кереметтің тізімінен сызылған жоқ. Ыстық пен суыққа байланысты шойын темірлер күніне бес метр ұзарып, не қысқарып отырады. Осы деректің өзі де инженерлік ойдың өресінен хабар береді. Бұл аудан, яғни, ағыстың шығысындағы орам осыдан он бес-жиырма жыл бұрынға дейін Нью-Йорктің тамырын бүлкілдетіп тұрған үлкен порт әрі неше түрлі алып заводтар мен фабрикалардың мекені болыпты, бізше айтқанда, өнеркәсіп шоғырланған айлақты аймақ. Атақты Кока-Коланың алғашқы фабрикасының шойын төстабаны мен оған қойылған жарнамалы ескерткіш белгісі тұр. Қарсы бетте – Манхэттеннің аспанмен тілдескен зәулімдері жағадан жаппай жамырап көрінеді. Тура қарсы жағалаудың жиегінде көзге таныс Біріккен Ұлттар ұйымының ғимараты.

 

 

Алыста егіз ғимараттың орынына салынған көгілдір әйнекті сауда үйі, Рокфеллердің ғимараты, тағысын тағылар. Бостандық Ескерткіші батыста аспанмен тілдеседі. Неғыласың, бұрын көлеңкесінде жүріп көре алмаған зәулімдер енді көз алдымызда жанарымыздың жауын алып тұр. Жағалаудың ауасы да саумал, салқын леп еседі. Қысты күні әрі жағалау болғандықтан да бұл арадағы желкем жел бетті шымшиды.

 Жағалауды жағалай отырып балдызымыздың отауына беттей бергенімізде, басында қырмызы қызыл тұмақ киген Гүлзаданың өзі де қарсы алдымыздан шыға келді. Әуелі апайымен, содан кейін жиендерімен, содан кейін жиеншарымен көрісіп, содан барып жездесіне назар салатын шығар деп шегіншектей қалып ем, жоқ, әдеп көрген көргенді үйдің баласы емес пе, екі көзі апайында болғанымен де, әуелі мені құшақтай алды. Бұдан кейін босамаған буынды тарамыс деп есептеу керек. Тіпті, 16 миллион адамның ішінен бір қазақ көрсең, бассалмайсың ба?!. Оның қасында, бала кезінде ертегі айтып беріп, «ағатайлатып» қойған адам үшін кәдімгідей тебіренерлік сәт болды. Сездірмей қалжыңдаған боп жатырмын, бірақ, оным «қампитқан сыртқы жүнім» ғана еді. Гүлзаданың жанарының қиығында текті үйдің еркешорасына тән бір шығымды ұшқын мен еркелі еркіндігі болушы еді, киімді де еркешора, еркін үлгіде киетін. Ширек ғасырға жуық елден жырақ, жападан жалғыз жүру қыз балаға оңай емес. Америка жасытып жіберген жоқ па екен? – деген күдігім болушы еді. Жоқ, жанар оты да қанық, сөзі де анық, еркелігі де сақталып қалыпты. Соған көңілім өсіп, шоқтанып қалдым. Сөйтіп, көшеде мәре-сәре болдық та қалдық. Жұрттар жымия қарап өтіп жатыр. Олар да сағынысып көріскенімізді, алыс елдің адамы екенімізді түсінсе керек. Біздің тұрпатымыз ғана емес, Гүлзаданың Тәттімбет ағасы тіктіріп, сыйға берген жамболдардың қырмызы қызыл тұмағы түсіндірмей қойсын ба! Соның өзі кез келген мәтіби аудармашыдан көрі шешен әрі жеріне жете түсіндіріп тұр емес пе!

Гүлзада жағалаудағы зәулім елу пәленбей қабатты ғимараттың 37-қабатындағы күн нұры құйылып тұратын,  терезесі мұхитқа қараған, аспан мен Атлант мұхитының көгілдір толқыны астасып, зәңгірі қайсы, айдыны қайсы – білінбейтін пәтерде тұрады екен. Кіреберісі де кең, ресми мейман қабылдайтын қонақжай сияқты салтанатты әрі таза да сергек. Әрине, Гүлзада жат елде қалай тұрып жатыр деген ой ағайын – туыстың жүрегін шымшып қойып жүргендіктен де, көңілге бұл да үлкен демеу. Биікке көтеріліп, бөлменің есігі ашыла бергенде алдымыздан қазақы әрі қазіргі мәнердегі киімді жарасымымен жарастырып киген қаракөк камзолды Никар бегім – Никар апай құшағын жая ұмтылды. Көзі де, сөзі де жарқын. Алматыдан қызына қонақтап келгеніне үш-төрт ай болған, елді де, бізді де сағынғаны анық. Ал менің көрмегеніме жылға жуықтаған. Жалпы мен енеден жолы болған адаммын, бір емес, менің бес енем болды. Ағайындас адамдардың ортасындағы жалғыз қыз болғандықтан да, Әминәнің ерке өскені өз алдына, менің еркелігім олдан да асып кеткендей. Себебі, сол шаңырақ тараған төртінші аталары Бапының жамағаты жүзден асып көз жұмған «Жас апаң» бастатқан (жамағатынан жастай, ұмытпасам жиырманың шамасында жесір қалып, ерікті түрде Бапының орынын күзетіп қалғандықтан да, шөбере-шөпшектері түгілі, Гүлзаданың әкесі Балқаш, атасы Әлімғазы, бабасы Жаманкөз де солай атап кетсе керек) Никар, Күлмесқан, Мәрзия, Гүлғасыл енелерім мен барғанда осы аталған ретпен құшақтап сүйіп, барларын беріп, қолыма доллар болмаса да, сомдап ұстатып жататын (Гүлғасыл тәте соған мәз боп қарап тұрушы еді). Кеуделей кіргеніммен де, Никар апай Гүлзададан өткен әдепшіл емес пе, қыздарымның «апалап» жамырай бассалғанына қарамастан әуелі шөбере немересі Тоқбаланы (әкесі Әсет арабтың «Тәминә» – уызынан жарыған, тоқ, тоқшылық деген сөзіне орайластырып қойған, мен қазақы жалпақ тілмен Тоқбала деп атаймын) қолына алып аймалап, маңдайынан сүйді, содан кейін барып Алма мен Назымда бауырына басты. Әйтеуір кезектің қызынан бұрын бізге келгеніне қоқиланып, иіле бердік... Жалпы, Гүлзада туғанынан әскере әсершіл («Экстравагантно!», экстра!) болып өсті. Кішкентайынан шекесіне шыт байлап (бандамм), жер көкте жоқ шүперектен әлем-жәлем киім тігіп киіп, Алматының көшесінде «зырылдауықпен» (роликпен) зырылдай сырғанап, «Әлем почтальоны» болам деп әр үйге хат тасып жүретін. Тура сол мәнермен бөлмесін де жайнатып қойыпты. Олар аман-саулық сұрасып, балалар әжесін аймалап, шүйіркелесіп жатқанда менің көзім бірден кітап сөресіне түсті. Көзіме ыстық басылғаны, біздің өзіміз де сауатымызды ашқан, елуінші жылдардың соңында басылған үлкен мұқабалы «Қазақ ертегілері» жинағы болды. Ескі жақын танысымды көргендей мұқабасын сипап қойдым. Соны байқаған Гүлзада: «Әкемнің көзіндей ыстық болған соң алып келдім. Барлық ертегімен осы кітап арқылы танысып ем. Өзім де ертегі жазамын. Сонда суреттерін қарасам болды, ойым ашыла жөнеледі. Бүгінгінің шындығын ертегі арқылы батыл жеткізуге болады», – деді.Мұны естігенде: Балдызым бабында екен. Жан оты жанып тұр екен – деп, шынымен де сүйініп қалдым. Енді алаңсыз қонақ болуға болады.

Ар жағын несіне қазбалап жатайын, тайлы-таяғымызбен сау ете қалған соң аянсын ба, «ыстық, қызыл, қою, тегін» шәй да, күйдірмей қақталған кәуап та, қуырдақ та өз орынын тапты. Үйдегідей етіп дайындапты. Сол орайда ажары тартымды ақсары келіншекті таныстырды. Сөйтсем, қыз кезінде бір көрген құдашам, атақты қазақ тарихшысы Құрбанғали Халидидің немересі, Никар апайдың туған апайы,  аса сауықшыл Райхан апайдың қызы Гүлсила екен. Осында келгеніне он жылға таяпты. Қазақы дәмемен, әйтеуір бір қонаққа шақырады ғой, мән-жәйді сонда сұрасармын – деп әңгімені кейінге қалдырдым. Соның арасынша Гүлсила келесі демалысқа қонаққа шақырып та үлгерді. Кім құдашасының қолынан дәм татудан бас тартады. Әрі ол да ел-жұртты сағынып жүр ғой. Келістік, әрине.

Мұнда өз үйіңнің ішінде де темекі тартуға рұқсат жоқ екен. Ал керек болса! Соны білгендей Гүлзада бізді осы ғимараттағылардың кір жуатын қызмет орыны, қонақ шақыратын ашық және жабық аспұзылы, кауап жасайтын ошағы, демалыс уақытын өткізетін спорт алаңы, кіші және үлкен теннис корты, балалар бақшасы  орналасқан төмендегі 7-қабатқа бастап әкелді. Не керектің бәрі де осында. Нью-Йорк алақандағыдай көрінеді.   БҰҰ ғимараты тура қарсы беттегі жағалауда иек астынан көрініп тұр. Гүлзада жазда метроға түсіп жатпай, мұхиттың ағысын тамашалап, қызметіне қайықпен өте салады екен.  Әсіресе, шығыс пен батыстың ғажайып көрінісі қатты ұнады. Әсіресе, кеш батып бара жатқан кезде күннің шапағы арайланып, мұхиттың айдынына қызыл шұғыласы төгіліп, аспан мен жер астасып кетеді екен. Бала кезден бергі әдетім бойынша, күн қашан ұясына кіріп, көз байланғанша қызықтап тұрдым. Әрине, темекінің де өкініші қалған жоқ. Аспан шұғыласын жұтып алғандай боп бөлмеге келдік.

Байырқалаған, аптығы басылған кәдімгі әңгіме басталды.

Гүлзада екеуміздің әңгімеміз кітаптан басталып, бара-бара жеке басқа ойысты. Қазақ тілін ұмытпаған, сөзі жатық. Қалада өскен қыз үшін және елінен ширек ғасырға жуық жырақта өмір сүріп жатқан адам үшін«қатып» тұр. Бала кездегі еркешоралығын, түрлі қызық жайларды, атасы мен әжелері, әкесі мен ағайын-туыстары еске алынды. «Әлем хабаршысы» болмын деп жазғы демалыста Бас почтаға хат тасушы боп орналасып, қаланы үй-үйді зыр жүгіріп аралап жүретіні, алғашқы жалақысын алғандағы қуанышы, журналистика факультетіндегі ұстаздар, «Дружная ребята» газетінде тілші боп істеген  алғашқы айлары еске алынды. Әкесі Балқаш аға дүниеден қайтқан соң соның барлығда су сепкендей басылғаны, мінезінің өзгергені, сыртта тым ұзақ жүріп қалғаны, елге қайтуды ойластырғаны жөн шығар деген емеуірін айтылды. Ара-тұра Алматыға келгенде амандық-саулық, жеңіл қалжың айтылатын және ол кезде апа-әжелері де, «шоң әкелері» де тірі болатын. Сағынған шығар.

Бұл әңгіме көңілін қозғады ма, Гүлзада бегім де өзінің Америкаға келген алғашқы жылдарындағы кешуін айтты. Тыңдап отырып тұла бойым шіміркенді. Мақсат жолында қандай жансебіл күн кешкен деші?!.

Аумалы қиыншылық жылдарында республикалық газеттерде, біреуінде емес, бірнешеуінде, «Дружная ребята», «Ленинская смена», «Панорама» сияқты басылымдарда қатар қызмет істеп жүрген. Бір күні шетелге шығатын болыпты дегенді естідік. Неге? Сөйтсек,  халықаралық тақырыпқа жазатын журналистерді  тәжірибеден өткізетін Лондондағы үш айлық курсқа жолдама алыпты. Содан тартылған желі Америкаға қарай сабақталған. Мұнда тіршілік үшін күрес басталады. Алғашында, Қазақстанның Америкадағы тілшісі ретінде ұстауға, тапсырма беруге жомарт газеттер кейіннен сөзінен тайқып, сөзбұйдаға салып, жалақы да, қаламақы да төлемеуге көшеді. Бірақ тапсырма беруден жалықпайды. Амалын тауып, осында шығатын «Орыс сөзі» газетінде тәжірибеден өтуге және тілшілікке орналасуға ұмтылады. Шетелде тұрғанымен ата мінезі қалсын ба, мұндағылар менсінбей қарсы алады. Қыржиған қырқылжыңдардың қиянпұрыстығына  «қияңқы» Гүлзада көнсін бе.  Қасарыса жүріп тапсырмаларын орындайды, қосымша  ыдыс жуушы, почта тасушы, бала күтуші боп  жұмыс істеп, күн көрісін айырады. Сөйтіп, жанталаса жүріп жеті жыл өткенде Біріккен Ұлттар Ұйымынан бір-ақ шығады. Әрине, өз күшімен. Қазір Әлемнің 111 мемлекетінің жарнасы бөлінген Ұлттар ұйымының әйелдер Жобасында үйлестіруші. Бұл дегеніңіз кәдімгі лауазым. Пәрменіне дәрмені сай қызмет.

– Жиырма жыл бойы Қазақстан үшін күйе-күйе өзегім өртенді. Қазір соның бәріне байыппен қараймын. Біздің қазақстандықтар қызық. Мұнда келгендердің барлығы да бізге шекесінен қарайды. Күңін де олай жұмсамайтын шығар. Маған осында кілең бір тоқмейілсігендер таңдалып жіберілетін сияқты. Елшіліктегілер өзінің тиісті қызметін бұлданып атқарады. Жұмсауға келгенде керемет. Біз де барымызды салып өтінішін орындаймыз. Бірақ кісімсігені жүйкеңе тиеді. Біз олардан ақша сұрап тұрғамыз жоқ. Кейде несін өткізіп қойды деп шамданасың да. Әсіресе, тәуелсіз мемлекет ретінде тұңғыш рет қатысқан Атланта олимпиядасы кезінде жанымызды салдық.  Қазақстаннан тілшілер қатыса алмады. Подвалов деген қазақстандық орыс жігіті екеуміз  аш жүріп, жүгіріп жүріп Қазақстанға арнап телехабар ұйымдастырдық. Ұйықтауға да мұршамыз болмады. Ал ол олимпиадаға Қазақстаннан кімдер келмеді десеңші!  Ашығын айтайын, спорт ұйымдастырушылары Қазақстанға бөлінген билеттен бизнес жасап, спортқа қатысы жоқ тоғышыларды жинап әкепті. Қызмет көрсеткендерге күң мен құлша қарағаны жанымызға батса да, Подвалов екеуміз  Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде тұңғыш қатысқан олимпиядасынан телерепортаж  беріп тұрдық. Ол қазақ журналистикасының алтын қорында сақталып қалды. Сөйтіп, шын мәнінде, аш жүріп тоқтың «тарихи ісін атқардық». Нег екенін білмеймін, делегация басшысы қонақүйден шыққан жоқ (Ақбаев ол кезде жазылмайтын дертпен ауырып жүрген болатын. Қайтып келген соң көп ұзамай дүниеден озды – Т.Ж.)

 Содан кейін еріксіз елшіліктен бой тарта бастадым. Өз бетіммен жол тапқым келді. Бірақ та елімді еш ұмытқамын жоқ. Сөйтіп жүріп дүниенің біраз жерін араладым. Елге жақын болайын деп Қырғызстандағы Жобаға қатыстым. Ұлттар ұйымында әр ұлттың өкілдері қызмет етеді. Достарым көп. Өзара отырыста Қазақстан ауызымнан түспейді. Ұлттық тағамдар жасап беремін, салт-дәстүрімізді әңгімелемін. Кейде ертегілерімізді айтып беремін. Ән, күйімізді тыңдатамын. Қатты қызығады. Ұлттық киімдерімізді  маусымына үйлестіріп үнемі киіп жүремін (Сол жылдары Нью-Йоркке келген бір қазақ (Әнуар Әлімжановтің ұлы Асқар болуы керек) көшеде қазақы тақия мен оюлы күртеше киіп жүрген қазақ қызын көріп, таң қалып жазғаны бар. Сол қыз – осы Гүлзада болатын).  Мына тұмақты Тәттімбет ағайым арнайы тіктіріп берген. Қысты күні басымнан тастамаймын. Американың әр қаласында жыл сайын дәстүрлі жиырма шақырымдық «намыс» марафоны өтеді. Мен Нью-Йорктегі сол жарысстан қалмаймын. Достарым қазақтың көк туын желбіретіп дуылдай қолдасып, «Қазақстан», «Гүлзада» деп айғайлап, қолдау жасайды. Ішімнен «Елім үшін, жерім үшін, ағайын, туыс үшін, қазақтың намысы үшін» деп тырысамын және бәйгесін аламын. Мені сонда елім жебейді. Міне, қанша марапат. Сонда америкалық телеарналар «Гүлзада» деп емес, «Казахстан!» деп сөйлеп жатады. Соған қуанамын. Бос уақытымда кітап оқимын. «Қазақ ертегілерінің» ескі басылымын балалық шағымның белгісі ретінде алып келдім. Өзім де ертегі жазып жүрмін.  Елге қайтқым да келеді. Бірақ енді онда мен кімге керекпін. Мені кім күтіп тұр. Қызметті кім береді? Пәтер жалдап тұра алмаймын ғой. Қалайда жерде қалмаспын. Мына халықаралық жоба өзіме ұнайды. Адымымды ашты. Енді мені біраз мемлекет біледі. Ол да демеу, – деп шәй демдеу үшін орынынан көтерілді.

 

Суретте: Нью-Йорктегі бірден бер қырмызы түлкі тұмақ киген қазақ қызы, менің намыстан жаратылған балдызым Гүлзада Балқашқызы Бапина Біріккен ұлттар ұйымының кеңсесіндегі бөлмесінің алдында.

Бәрі де дұрыс-ау, шіркін, кіп-кішкентай боп намыстан жаратылған балдызым, қарындасым сол! Ер жігіт жол таппайтын тұйықтан жол тауып, әлем әйелдерінің намысын қорғап жүргеніңе жалғыз мен емес, бар қазақ мақтаныш тұтады сені!

Бұл бір көңілді, тағдырлы, туыстық сезім билеген кеш болды. Мен сөреден Л.Г.Юргеннің «Шыңғыс хан туралы саяси мифтер» жөніндегі кітабын оқуға алдым. Түн ортасына ала ішімде ыстық жалын буырқанып жатқандай әсермен гарлемдегі пәтерімізге қайттық. Кітапты парақтай бастап, күнделігіме қайтып оралдым.

(Жалғасы бар...)

Абай.kz

 

0 пікір