Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Алашорда 11989 1 пікір 20 Қаңтар, 2015 сағат 10:21

ҰЛТШЫЛДАРДЫҢ АСТЫРТЫН ҰЙЫМЫ БОЛҒАН

«Жас Алаш» газетінде жарияланған кинорежиссер Еркін Рақышевтің сұхбатын жариялап отырмыз. Сұхбат үстінде режиссер Совет өкіметіне қарсы күрескен еліміздегі астыртын ұйым туралы айтады. «Бұл ұйымға әйгілі алашордашылар мен басында Совет өкіметін қолдап, кейін одан қатты түңілген Тұрар Рысқұлов бастаған ұлт қайраткерлері  кірген», -  дейді «Рысқұлов», «Ашаршылық», «Т. Жүргенов» атты  деректі фильмдердің авторы.

   

  – Ереке, сіз соңғы кезде, Кеңес үкіметіне қызмет еткен  қайраткерлеріміз 1930 жылдары сол үкіметке қарсы астыртын ұйым құрып күрескен деп жүрсіз. Бұл сөзіңіз қаншалықты шындыққа жанасады?

   –  Иә менің солай деп айтып  жүргенім рас. Мен соңғы үш жылда «Т. Рысқұлов», «Ашаршылық», «Т. Жүргенов» атты  деректі фильмдер түсіру барысында қуғын-сүргінге байланысты көптеген мұрағат құжаттарымен таныстым. ФСБ-ның, КНБ - нің мұрағатынан Т. Рысқұлов, О. Жандосов, С. Қожанов, Ұ. Құлымбетов, Ш. Шонанова, Т. Жүргенов сияқты қайраткерлеріміздің ісімен танысып, олардың 1937-38 жылдары тергеу барысында берген жауаптарын саралай келе, осындай қорытындыға келдім. Менің қолымда астыртын ұйым болғанын растайтын  ешқандай құжат жоқ. Бірақ сол Ресейге бодан кездегі құжаттарға он мөр басылса да сене беруге болмайды. Себебі орыстар тарихты өз мүддесіне қарай бұрмалап жазған. Сол себепті, қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйым құрғанын тарихи фактілерге және логикаға сүйеніп айтқан дұрыс.

   – Сонда ұйымның құрылуына не себеп болды және оның мақсаты не еді?  

   – Бұл ұйымның құрылуының басты себебі қазақ қайраткерлерінің Кеңес үкіметіне деген сенімі жоғалып, оның арты наразылыққа , өшпенділікке алып келуі еді. Басында Кеңес үкіметіне сеніп қалған қайраткерлеріміз соған қызмет етті. Ол үшін оларды кінәлауға да болмайды. Себебі, 1917 жылы билікке келген большевиктер партиясының бағдарламасында «патша заманында отар болған ұлттар, енді өз алдына тәуелсіз мемлекет болуға құқылы» деген бап болатын. Соған сеніп қалған қайраткерлеріміз алданғандарын кеш түсінді. Бұл кезде Сталин бастаған үкімет аяғына нық тұрып, тоталитарлық жүйе күшейе бастаған еді.

  – Олар алданғандарын қандай жағдайда түсінді ?

  –  Оған бірнеше себептер болды. Кеңес үкіметіне деген сенімсіздіктерінің ең бастысы 1928 жылдан басталды. Сталин 1928-32-ші жылдардағы бірінші бесжылдықты индустрияландыру бесжылдығы деп атады. Ресей сол жылдары 1500 ірі өндіріс орындарын, завод- фабрикалар, әскери нысандар, Мәскеу метросын салуды жоспарлады. Сол құрылыс нысандарына шетелдерден құрал-жабдықтар алуға, миллиондаған жұмысшыларды тамақпен қамтамасыз етуге қаржы қажет болды. Сондықтан 1928 жылы қазанда «кәмпеске» жайлы қаулы шықты. Мәскеу кәмпеске  тек ірі байлар мен хандардың ұрпақтарына ғана қатысты дегенімен, іс жүзінде бүкіл халықтың бар малы мен астығын тартып алды. Мұның арты ұлттың қасіретіне алып келетінін түсінген Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов т.б, қайраткерлеріміз үлкен мінберлерден сөйлеп, кәмпеске тартып алу жолымен емес, салық салу арқылы жүргізілуі керек деп, ашық қарсы шықты. Бірақ Ресей өзі қуатты мемлекетке айналу үшін  зұлымдық саясатын жалғастыра берді. Дінсіздер құдай жоқ деген саясатты ұстанып, молда-имамдарымызды атып, құран кітаптарын өртеп, мешіттерімізді клубқа , атқораға айналдырды. Сталиннің кезекті кулактарды жою жайлы қаулысы қайраткерлеріміздің наразылығын өшпенділікке ұластырды. Кулакты жою деген сөз, бұл орта ауқатты шаруаны жою деген сөз. Ұлттың тірегін жою деген сөз. Бұл адамзат баласында болмаған жауыздық еді. Осы кезде ұлтшыл азаматтарымыз жүректері қан жылап, ұлтты жойылудан  сақтап қалу үшін халқына араша түседі.  Олар Кеңес үкіметіне қарсы ашық күреске бара алмаған соң, бастарын бәйгеге тігіп, астыртын күреске шығады.  Мақсаттары – Қазақстанды Кеңес үкіметінен бөліп алып тәуелсіз егемен ел ету. Сол мақсаттарына жету үшін  Т. Рысқұлов бастаған қайраткерлеріміз 1929-30 жылдары қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымын құрады.

   – Бұл сіздің астыртын ұйым құрылды деген жәй болжамыңыз ғой? Оны растайтын қандай дәлелдеріңіз бар?

  –  Иә, бірақ бұл болжам сол кездегі оқиғаларға, қайраткерлеріміздің тергеу барысында берген жауаптарының негізінде жасалынып отыр. Әрине, ол жауаптардың анық –қанығына бірден көз жеткізу қиын. Біз сол қуғын –сүргін жылдары атылған қайраткерлеріміздің тергеу барысында берген жауаптарын өтірік, жала жабылған дейміз. Сол баяғы орыстың айтқанына сеніп, оған қарсы уәж айта алмай жүрміз. Менің ойымша олар негізінен болған оқиғаны айтқан. Ол құжаттар құпия, осы күнге дейін ашылмаған. Жекелеген тарихшыларға, қайраткерлердің ұрпақтарына рұқсат етілгенмен, әлі де жүйелі түрде зерттеліп, сараптама жасалынбаған. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары тарихшыларымыз негізінен тек Алашордашыларды, онда да бір жақты зерттеді. Тіпті Алаш қайраткерлері дегенде, шатасып тек Алашордашыларды ғана айтатын күйге жеттік. Жарайды, ол енді басқа әңгіме.   Мен өз жорамалымды осы ұйымның ашылуына себепкер болуы мүмкін екі фактімен байланыстырсам, біраз нәрсенің беті ашылады.

  

  – Ол қандай фактілер?

   Бірінші факт, яғни болған оқиға. 1920 жылы Алаш орда үкіметі құлағаннан кейін, Алаш көсемі Ә. Бөкейханов өз жақтастарына арнап үндеу тастайды. «Біз жеңілдік, бірақ ұлттың санасын оятып, мүддесін қорғауымызды бір сәтке де тоқтатпауымыз керек . Ол үшін, большевикттер партиясының қатарына өтіп Кеңес органдарына жұмысқа кіріп, күресімізді  астыртын жүргізуіміз керек» дейді. Осыдан кейін Алаш орда үкіметінің мүшелері мен олардың ұстанымын  қолдайтын жақтастары Кеңес үкіметіне түрлі қызметке кіреді. Сөйтіп ұлттың рухын өшірмеу жолында өздерінің күресін астыртын жалғастыра береді. Бұл жайлы тарихшылар да біледі. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды.

   – Біз айтып отырған 1929-30 жылдардағы астыртын ұйымға мұның қандай қатысы бар?

   – Тікелей. Алашордашылар мен Кеңес үкіметін қолдаған қайраткерлеріміздің арасында пікір қайшылықтары болғаны рас. Олардың көздеген мақсаты, мүддесі бір болғанымен бірақ оған жету жолдары әртүрлі еді. Алғашқылары Кеңес үкіметін жау санап, оған басынан қарсы тұрды. Кейінгілері басында сеніп қалды да, артынан алданғандарын түсінді. 1929 жылдары Кеңес үкіметі, Алаш орда үкіметінің мүшелеріне, т.б саяси партияларға рақымшылық жасау жайлы берген уәделерін бұзып, оларды жаппай қуғындайды.  Барлығын дерлік түрлі мерзімге   түрмеге қамап, алғашқы төрт адамды атып тастайды. Бұл қуғын-сүргіннен Алашордашылар қатты әлсіреп, аман қалғандары кешегі қызыл қайраткерлермен  Кеңес үкіметіне қарсы күресу үшін бірігеді. Сөйтіп алғашқы ұйым 1930 жылдары құрылған ұйымның ашылуына бір жағынан себепші болды. Соңғы  ұйымның басты ерекшелігі Қазақстандағы барлық ұлтшылдардың басын біріктірді. Сол кезде С. Сейфуллин, «Ұлттың тағдыры қыл үстінде тұрғанда қол қусырып қарап отыруға болмайды. Мұндай жағдайда тек ұлттың сатқындары ғана жайбарақат отырады. Жүрегі ұлтым деп соққан барлық азаматтар ұлт мүддесі үшін күресуі керек. Кім өзін  қазақ халқының нағыз ұлымын деп санаса, қандай ортадан шыққанына, қандай партияға мүше болғанына қарамай, Кеңес үкіметіне қарсы бір тудың астында бірігуі қажет» дейді.

  – Ұйымның құрылуына себепші болуы мүмкін екінші факты жайлы айтсаңыз?

     – Ол Троцкий-зиновьевшіл оңшыл бағыттағы контрреволюциялық блок. Бұл ұйымның  болғаны жайлы тарихтан белгілі. Бұл фактіні Ресейдің ғалымдары да жоққа шығармайды. 1937-38 жылдары НКВД қызметкерлерінің біздің қайраткерлерге таққан негізгі айыбы, осы ұйыммен байланыста болдыңдар деуі.

  – Бұл қандай блок? Қашан, не мақсатпен құрылған? Біздің қайраткерлер шынымен де сол ұйыммен байланысты  болған ба?

       – Бір қызығы қазақ ұлтшылдарының басшысы Т. Рысқұлов Мәскеуде, ал Ресейде құрылған ұйымның ұйымдастырушылары Алматыда болды. Ленин өлгеннен кейін, Кеңес үкіметі басшыларының бірі Л. Троцкий Сталиннің саясатына қарсы шығады. Сталин Троцкийді Алматыға жер аударады. Осында Бутаковка елді мекенінде тұрған ол алған бетінен қайтпай, Сталинді тақтан тайдыру үшін күресін тоқтатпайды. Содан  1925-26 жылдары Лениннің әріптестері болған Зиновьев, Каменовтер де жүргізіліп отырған саясаттың  тығырыққа алып келетінін түсініп, оған қалайда тосқауыл қоюға әрекет жасайды. Бірақ жеңіліп, олар да Алматыға жер аударылады... Осында Троцкиймен бірігіп блок құрады. Осы жерде ұйымның ұйытқысы болған Лев Троцкийдің өмірбаянының бір сәтіне қысқаша тоқталып өтсек. 1917 жылғы «Қазан төңкерісін»  жасаған Ленин емес, осы Троцкий болатын. Лениннің әйгілі алдымен банк, телеграф, почтаны басып алу керек деген жедел хатын бәріміз білеміз. Ленин ол кезде шетелде қуғында  жүрген. Сол хат Петербургқа жеткен кезде, Троцкий қаладағы билікті басып алып қойған болатын. Міне көрдіңіз бе, тарихты қалай бұрмалап, адамды ақымақ қылуға болады. Тарихшылардың бұл жерде кінәсі жоқ,  себебі бұл саясат,  үлкен саясат. 

  – Троцкий - зиновьевшілерді неге оңшыл блок деп атаған? Оның себебі неде?

   – Оңшылдар – бұлар басқа топ.  Ол сол кездегі кәмпеске, индустрияландыру саясатына қарсы тұрған адамдар. Себебі бұл науқан орыс халқына да үлкен қасірет алып келді.  Олардың басшылары – Совнаркомның төрағасы (қазіргіше премьер-министр) Рыков, «Известия» газетінің редакторы Бухарин  т.б. Бұлар жұмыстарын істеп жүріп, астыртын күреседі. Сол жолда троцкийшілермен бір блокқа бірігеді. Олар Сталиннің жүргізіп отырған саясаты тоталитарлық жүйеге алып келетінін түсініп, партияның бағытын өзгертуді көздейді. Сол жолда Кеңес өкіметінің басшыларын өлтіріп, төңкеріс жасауды да жоспарлайды. Бұлардың қатарында маршал Тухачевский сияқты беделді адамдар да болды.

   – Ал бұл ұйымның біздің қайраткерлерге қаншалықты қатысы болған?

  – Т. Рысқұлов ол кезде Мәскеуде Совнаркомның төрағасының орынбасары қызметін атқаратын. Яғни, Рыковтің орынбасары. Олар Ташкентте істеген кезден бір-бірімен достық қарым қатынаста болған. Біздің қайраткерлерге алға қойған мақсаттарын жүзеге асыру үшін үлкен бір күшке арқа сүйеу қажет еді. Ал Рыковтарға олардың ұйымын  аймақтарда қолдайтын жақтастар қажет еді. С. Қожанов, тағы басқа қайраткерлеріміз Троцкиймен кездесіп ақылдасып отырған. Сөйтіп бұл екі ұйымның мақсаттары бір-біріне жақын болған соң бірігеді. Рыков өзінің тергеу барысында берген жауаптарында қазақ ұлтшылдарының ұйымымен қандай қарым-қатынаста болғаны жайлы да айтады. Рыков: «Егер біз көздеген мақсатымызға жеткенде, онда Қазақстанның бөлініп, егеменді ел болуына қарсы болмайтын едік. Келісім осылай еді»,- дейді.

   – Ұйымның болғаны жайлы бұлардан басқа нақты дәлелдеріңіз бар ма?

    – Енді ірілі-ұсақ фактілер өте көп. Мысалы, Т. Жүргенов өзін қазақ ұлтшылдарының ұйымына Сұлтанбек Қожанов кіргізгенін айтады. Қожановтың «Халық қасірет шегіп ұлтымыз жойылып кету алдында тұр. Сондықтанда ұлтты сақтап қалу үшін ұлтшыл азаматтар астыртын ұйым құрдық» дегеніне Жүргенов: «Өзекті жанға бір өлім. Халқым үшін тіктім басымды бәйгеге. Мен де сендермен біргемін деп жауап бердім» дейді. Мұны  Жүргенов өз қолымен жазған. Бірақ мен мұны НКВД жендеттері ұрып-соғып жаздырған шығар деп, Қожановтың ісін алдырдым. Ол да осы әңгімені растайды. Мен бұған да сенбей, Ұзақбай Құлымбетовтің ісін алдыртып, осы жайытты қарадым. Құлымбетов ол кезде ұйымның Алматыдағы бөлімін басқарған. Ол берген жауабында Жүргенов шындықты айтып отырғанын айтады. Содан соң ұйымның басында тұрған Т. Рысқұловтың ісін қарадым. Т. Рысқұлов  Жүргеновті ұйымға Қожанов кіргізгенін айта келіп, Т. Жүргеновке Қарақұмдағы көтерілісті ұйымдастыруға өзі жеке тапсырма бергенін айтады.

     – Сонда сол, 1929-31 жылдары Қазақстанда болған көтерілістің артында белгілі бір адамдар тұрған демекшісіз бе?

  – Иә, сол жылдары қазақ даласында 370-тей ірілі-ұсақ көтерілістер болған.  Ол көтерілістердің негізі ұлтшыл қайраткерлеріміздің астыртын іс-әрекетінің арқасында ұйымдастырылған. Сол 1930 жылдары  Т. Жүргенов Өзбекстанда халық комиссары болып істеген. Әкесі Қара, бауырлары Досжан, Қосжандар арқылы Қарақұмдағы көтерілісті астыртын қолдап отырған. Ырғызда болған көтерілістің артында Ұ. Құлымбетов тұрған. Созақ көтерілісін басқарған Алашордашы Сәрсенов тікелей С.Сейфуллин мен ақылдасып, нұсқау алып отырған. Ақсу, Абралыдағы  көтерілістер де астыртын ұйымның ұйымдастыруымен болған. Тергеу барысында НКВД тергеушілері Рысқұловтан «Сендер сонда нашар қаруланған көтерілісшілермен Кеңес үкіметін құлатамыз деп ойладыңдар ма?» деп сұрайды.  Рысқұлов: «Жоқ, біз жеңеміз деп ойлаған жоқпыз. Бірақ Мәскеудің озбырлық саясатына қарсы жер-жерде наразылықтар, көтерілістер болып жатқанын көрген Орталық өзінің қателігін түсініп, бағытын өзгертер деп ойладық» дейді. 

  – Мүмкін осының бәрін қайраткерлерімізді ұрып-соғып бір-біріне өтірік жала жабу үшін әдейі айтқызған шығар? Оның рас-өтірігін қалай анықтадыңыз?

     – Мысалы, Жүргеновтің ұйымға кіру жайлы айтқан сөзінің рас екенін сол қайраткерлерімізге қатысты төрт істі мұқият саралап оқып шықсаңыз көз жеткізе аласыз . Мысалы басқа істі, Жандосовтың тергеу барысында берген жауабын алайық. Ол Рысқұлов бүлікшіл Зиновьевпен жақсы қарым қатынаста болған дейді. Енді оның рас өтірігін қайдан білеміз? Мүмкін тергеушілер ұрып соғып әдейі осылай жаз деген шығар. Сол үшін бұны басқа дерек көздері арқылы тексереміз. 1920-жылы Бакуда өткен Шығыс халықтарының сьезін ұйымдастырғандардың бірі – Рысқұлов пен Зиновьев. Сонда Зиновьев Рысқұловқа машина сыйлаған. Бұдан басқа да көптеген басқа дерек көздері арқылы Жандосовтың шынын айтып отырғанына көз жеткізуге болады. Сол сияқты Түркістан Алашордашыларының лидері Қожанов та тергеу барысында 1920 жылы біз күрес тактикасын өзгертіп, ашық күрестен астыртын күреске көштік. Кеңес өкіметіне қарсы енді соның ішінде жүріп күресуді шештік. Сол себепті мен ВКП(б) қатарына өттім дейді. Бұның рас екенін Бөкейхановтың үндеуі арқылы білеміз.

   – Сонда кайраткерлеріміздің өміріне байланысты осындай маңызды оқиғалар, егер рас болса, неге бүгінге дейін белгісіз болып келген?  Тарихшылар оны неге айтпаған?

  – Енді оны тарихшылардың өздерінен сұрау керек. Мен білемін қазір олар менің айтқандарымды жоққа шығарғысы келеді. Тарихшы емес, тіпті жоғары білімі де жоқ Рақышев елдің бәрін шатастырып жүр. Ешқандай астыртын ұйым болмаған дейді. Енді ғылыми атақ, дәреже алып жүргендерін ақтау керек қой.  Бірақ өздері сол, 1937-38 -ші қуғын- сүргін  жылдары атылған қайраткерлеріміз жайлы олар тәуесіздік үшін күрескен дейді. Онда олар ұйымдаспаса, бірігіп күреспесе қалай күрескен? XX ғасырда жер бетінде, қазақ ұлтындай қасірет шеккен халық болған жоқ. Сол кезде қайраткерлеріміз халқы аштықтан есінен ауысып, бірінің етін бірі жеп, қынадай қырылып жатқанда:

Күніне қазақ мыңдап өліп жатыр,

Тұқымы сағат сайын кеміп жатыр.

Өз баласын өзі үйітіп, сирағын жеп,

Көр азабын тірідей көріп жатыр! – деп І. Жансүгіров айтқандай,  қасірет шегіп жатқанда, олар не, өз халқына араша түспей қара басының қамын ойлап отырған ба? Зорлық-зомбылықтан  қазақтар өз туған өлкесін тастап, өгей елге тоз-тоз болып, босып көшіп жатқан кезде, олар не, Сталиннің қазақ ұлтын жоюға бағытталған саясатын қолдап отырған ба? Онда оның қай жері қайраткерлік? Қайраткерлік өз өмірінен ұлттың мүддесін жоғары қойып, сол жолда жан аямай күресу деген сөз. Сол арыстарымыз ұлттың тағдыры қыл үстінде тұрғанда, бастарын бәйгеге тігіп, бір ұйымға бірігіп күрескен. Сол кезде  Н. Нұрмақов: «Халық қасірет шегіп жатқан кезде, ұлт қайраткерлері қарап отырған жоқпыз. Қазақ ұлтын сақтап қалу үшін, біздің жасаған еңбегімізді болашақ ұрпақ уақыты келгенде біліп, бағалайтын болады» деп айтқан. Ұлттың бағына туған осы бір аяулы азаматтардың арқасында қазақ халқы жойылып кетуден аман қалды.

    – Сіз  қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымы болғандығы жайлы айтқаныңыздың ақ-қарасын айырып, ақиқатын білу үшін не істеу керек? 1937-38 жылдардағы қуғын сүргінге байланысты КНБ-ның мұрағатындағы құжаттар неге әлі күнге дейін құпия? Оны жариялайтын уақыт болды деп ойламайсыз ба? 

    – Ол үшін тәуелсіз комиссия құрылу керек. Оның құрамына тарихшылармен бірге сараптама жасау үшін тәжірибелі тергеушілердің болғаны дұрыс. Сөйтіп бір қорытынды шығарылуы тиіс. Әйтпесе,  жақында сол құпия құжаттар ашылады. Сол кезде біздің шала сауатты  кейбір тарихшылар бәрін бүлдіреді. Олар қайраткерлеріміздің тергеу  барысында берген жауаптарының байыбына бармай, қайсысы рас, қайсысы өтірік екенін сараптауға өресі жетпей, оның қандай жолмен алынғанын түсінбей, небір «жаңалықтар» ашады. Алақайлап, ойбай, анау мынаны сатыпты, мынау ананы ұстап беріпті. Біз мынаны батыр, қайраткер деп жүрсек мынауың  сатқын, нағыз халық жауы екен ғой демесіне кім кепіл. Оның арты үлкен дау-дамайға ұласуы мүмкін.  Үкіметтің бұл құжаттарды құпия ұстап отырғаны да сол себептен. Ал кейбір тарихшылар сол қайраткерлерміз жайлы тырнақ астынан кір іздеп бірін біріне айдап салғысы келеді. Өзі сол қайраткерлердің жасаған ісінің, тартқан азабының бір пайызын да көрген жоқ. Бірақ бәле іздеп көлгірсиді. Сол жылдары НКВД тергеушілері азаптап қинаудың 52 түрлі әдісін заңмен бекітіп, қолданған. Ол азаптаулардан қайраткерлеріміз ес түсінен айырылған. Осындай жағдайда оларға адамды ақыл есінен айыратын, бойында қорқыныш үрей туғызатын, не айтып, не қойғанын білмейтін, гипноздап тастайтын дәрілік препараттар, уколдар қолданған. Оның бәрінің Германиядан алынғаны соңғы кездері ғана айтылып жүр. Бұдан кейін сіз болған нәрсенің бәрін айна қатесіз айтып бересіз. Сол үшін біз қазір ең басты екі нәрсеге көңіл бөлуіміз қажет. Біріншісі, қайраткерлеріміздің ерлігін, тәуелсіздік үшін бастарын бәйгеге тігіп, өз өмірінен ұлтының мүддесін жоғары қойып күрескенін халықтың санасына құя беруіміз керек. Екіншісі, қайраткерлеріміздің тергеу барысында берген жауаптары қандай азаптау мен қорлаудың арқасында алынғанын біліп, соған түсіністікпен қарауымыз керек.  

   – Сол 1937-38  жылдары атылған қайраткерлерімізді жазықсыз жаламен атылды деп келдік. Енді қарап отырсақ, оларды жасаған «қылмыстары» үшін атқан сияқты ғой... 

    – Иә, бір қарағанда оларды жасаған қылмыстары үшін, яғни дұрыс атқан екен деген ой қалыптасуы мүмкін. Қайраткерлеріміздің бұндай қадамға баруы шарасыздықтан еді. Ресейдің қазақ ұлтын жоюға бағытталған саясаты өршіп, ұлттың тағдыры қыл үстінде тұрды. Сол кезде олар халқына араша түсті. Мақұл делік, қайраткерлерімізді жасаған қылмыстары үшін атсын. Бірақ, ол кім үшін қылмыс, Ресей үшін. Ал біз үшін күрес пен ерліктің өнегесі. Ал жазықсыз атылды деген не сөз? Жазықсыз, яғни кінәлі емес, заңсыз іс-әрекетке бармады деген сөз. Бұдан шығатын қорытынды – қайраткерлеріміз Кеңес  үкіметіне қарсы ешқандай күрес жүргізбеді. Тәуелсіздік үшін күреспеді болып шығады. Бұл орыстың саясаты. Ал шындығында олар тәуелсіздік үшін күрескен. Сондықтан да біз қуғын-сүргін жылдары атылған қайраткерлеріміз жайлы, орыстың жазып берген жазықсыз атылды дегенін айтпай, Қазақстанды Кеңес үкіметінен бөліп алып, тәуелсіз егемен ел ету үшін күресті. Сол жолда құрбан болды деуіміз керек.

 –  Сонда сол жылдары атылғандардың бәрін осылай деп атау керек пе?

   – Жоқ, біз тек қайраткерлерге ғана қатысты мәселені айтып отырмыз. Сол  қуғын сүргін жылдары сотталып, атылғандардың дені жазықсыз еді. Жазықсыз жазаланғандардың арасында ең алдымен қайраткерлеріміздің әйелдері болды.. Олар № 00416 қаулыға сәйкес күйеулері «халық жауы» болғаны үшін жазықсыз сотталды, арасында атылғандары да бар. Содан кейін науқаншылық басталып, жоспар орындау үшін жазықсыз сотталып, атылғандар көбейді. Жауыздар ең алдымен, білімді, оқыған, көзі ашық азаматтарымызды атты. Сол қасірет жылдары 130 мыңнан аса азаматымызды өтірік халық жауы деп, Сібірге айдап соттап жіберді. Уран шахталарында істеген олардың көбісіне туған жерден топырақ бұйырмады. Ұлтымыздың 25 мыңнан аса ең асыл, ардақты арыс азаматтарын атып өлтірді. Жауыздар атар алдында қайраткерлерімізді түрлі айуандық әдіспен азаптап, ұрып соғып қорлаған.  Әсіресе «халық жауы» деп қуғындалған адамдардың балаларына ауыр тиді. Оларды балалар үйлеріне жіберді. Ол жерде жағдай өте ауыр болды. Жауыздар түрлі медициналық, биологиялық тәжірибелер жасау үшін жануарлардың орнына қазақтың кішкентай бүлдіршін балаларын пайдаланған. Олардың қол аяқтарын, өкпе бауырларын кесіп, адам төзгісіз азаптауларға салған. Ол сынақтардан бірде бір қазақтың  баласы аман қалмаған.

  – Сол қайраткерлеріміздің ұйым құрғаны дұрыс болды ма, қалай ойлайсыз?

     – Біздің қайраткерлеріміз егер Ресейге бодан бола берсек қазақтың көретіні тек қайғы мен қасірет екенін жақсы түсінген. Бүгінде халқымыз елу миллионға жететін еді, өкінішке орай он бір миллион ғанамыз. Кезінде Ресейдің Одақ болайық біз сендерді сыртқы жаудан қорғаймыз дегеніне алданып, сеніп қалған қазақ, соның кесірінен осындай қасіретке душар болды. Біз әр уақытта Алаш қайраткерлерінің ұстанымына, солардың айтқан өсиеттеріне сүйенеміз. Сол қайраткерлерімізді қинап, қорлап, азаптап, атып жатқан кезде, олардың бір-ақ арманы болды. Ол болашақ ұрпағымыз бұндай жауыз мемлекеттің езгісінен құтылса екен, ешқашан да бұлармен одақ болмаса екен деп тілеп кетті... Қазір Еуразиялық одақ құрып, қайтадан Ресейдің қоластына кірдік. Біз сол қайраткер бабаларымыздың өсиетіне адал болуымыз керек. Ол Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күресіп, сол жолда жандарын қиып, арманда кеткен ұлтшыл қайраткерлеріміздің аруағы риза болып, рухы жай табу үшін керек. Болашақ ұрпағымыздың еңсесі биік, рухы күшті болуы үшін керек.

 

Сұхбаттасқан – Талғат Жанысбай.

Abai.kz

  

 

 

 

1 пікір