Жұма, 19 Сәуір 2024
Қоғам 6143 0 пікір 22 Қаңтар, 2015 сағат 18:35

ЭКСПО КЕЛЕ ЖАТЫР. ҚАЙЫРШЫЛАРДЫ ҚАЙТЕМІЗ?

Елбасы үнем туралы айтып еді, елдің бәрі осы күні үнем мәселесіне үдере көшуге кідіріссіз кірісіп кетті. Анда да – үнем, мында да – үнем. Қырда да – үнем, ойда да – үнем. Біздің науқаншыл қоғамға осындай бірдеңені ойлап тауып беріп отырмасаң  болмайды. Үнем, әрине, үйренетін нәрсе. Бек жақсы іс. Бірақ осы үнемнің «үйдей пәлесін» көретін қарапайым халық, қатардағы бюджет қызметкерлері болады да, пайдасына үнсіз кенелетін сол баяғы жуан ішіп, нықтап тышатын бай-бағыландар болатыны сөзссіз. Себебі олар –(нақтылай айтқанда, биліктің майлы жілігін ұстаған азғана топ) алақанына түскен азын-аулақты (құртты, ірімшікті, т.б.) сығып беретін сараң қатынның әдетін ұстанған биліктің бұқараға бейілсіздігінен күн көріп келе жатыр емес пе? Анықтай айтсақ, жетер жеріне жетпей желкесі қиылатын қаржы - алаяқ алпауыттардың жемсауын толтыратын жем. Сондықтан үнем – үндемейтін халық үшін ғана – үнем. Ал, мемлекет қазынасын үптеуді мемлекеттің өмір сүру салтына айналдырған жемқорлық жүйе үшін үнем – кезекті рет қарпу мен  шөміштен қыса түсудің амалы ғана сияқты. «Лайым мен қателесейін», «лайым менің дегенім-ақ болмай-ақ қойсын», - деп қарғанып-сіленіп сөйлейтін билікке жақын, бишікеш бір ағамыз бар, сол кісі айтпақшы: мен-ақ қателесейін. Үнемшілдікке үлкен-кішіміз, бұқара-билігіміз бүтіндей үйір болайық та қаржы дағдарысынан қабырғамызды алдырмай аман-есен шығайық. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) те  ысырапшылдықтың Аллаға ұнамайтынын ескертеді.  Алайда, пайғамбардың үмбетіне тегіс үнемшілдік нәсіп етілмепті. Біреу бай, біреу кедей. Ал, байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ, Аңдастырған екеуін Құдайым-ай! (Абай). Тегінде, кедейдің  пейілсіздігі байдың асып-тасуына қарай асқынады. Біздің әңгімемізге орай болатын бір мысал, міне,  осыдан шыққалы тұр.

Дүниені құрсаулап алған дүниежүзілік қаржы дағдарысының салдарынан алдағы жылдары әлемде аса ірі байлардың қатары азаюы ықтимал дейтін болжамдар бар. АҚШ-та аса ірі алпауыттардың табысына салық түрлері артпақ. Дамыған Батыс елдерінде шаруашылық субъектілері мен үй шаруашылықтарын несилендіру мәселесі қайта қаралмақ. Ал, бізде... жаңа құрылыс атаулы тоқтайды. Бұ күнге дейін бой көтерген тұрғын үйлерді игеріп пайдаланасақ та жетеді, жаңа құрылыс жайлы енді жақ ашудың өзі артық. Бұны Елбасының өзі ескертті. Есесіне, миллиардтап қаржы құйылатын ЭКСПО-2017 үшін тиын үнемдедудің қажеті болмайтынға ұқсайды. Тіпті оны сән-салтанатпен өткзудің қамы да қазірден құмбыл ойластырылуда. Мәселенки, коммунист-депутат Жамбыл Ахметбеков (суретте)ЭКСПО-ны елден ұялмай өткізу үшін Астананың абат келбетіне албастыдай нұқсан келтіріп жүрген қаңғыбас тіленшілерді (бомждарды) қуу керек деп ұсыныс тастады.

-      Бомждар біздің қоғамның ауруына айналды! Олар астанамыздың  келбетін бұзып жатыр! Жақында ЭКСПО-2017 өтеді, оған шетелдік туристер келеді. Сонда біздің үйсіздер қайыр сұрап жүрсе, туристердің санасында біздің гүлденген ел туралы қандай ой қалыптасады? Міне, мыналарың ЭКСПО өткізіп жатыр, ал  халқы кедейленіп, үйсіз жүр демей  ме? Бұған жол беруге болмайды! – деп кіжінді пролетариаттар мен езілген жұрттың жоқтаушысы болып 70 жыл желкемізде отырған бұрынғы қызыл өкіметтің бүгінгі өкілі.

«...өз халқы кедейленіп, үйсіз жүр демей  ме?»

Әй, дегенмен коммунист-депутаттың іші бір нәрсені сезіп айтатын сияқты.

Иә, ЭКСПО келе жатыр. Оған дейін үйсіздерді, жұмыссыздарды, кәсіп-қарекетінен қағылғандарды, қаңғыбастарды қайда жіберсек болады екен?

 

Дәурен Қуат.

Abai.kz

0 пікір