Сенбі, 20 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 6055 0 пікір 23 Қаңтар, 2015 сағат 10:12

ҚЫТАЙ КӘСІПОРЫНДАРЫНЫҢ ҚАЖЕТІ БАР МА?

Неге екенін қайдам, біздің еліміздің лауазымды мемлекеттік қызметіндегі кейбір «ауыр салмақтағы» тұлғаларды көргенде, әсіресе премьерлік қызметінің ұзақтығы жағынан алғанда «Гиннестің рекордтар» кітабына кіруге бірден-бір «лайықты тұлға» Кәрім МӘСІМОВті көргенде менің есіме АБАЙ данышпанның «жылуы жоқ бойының, жылмиғаны не еткені» деген өлең жолдары түсе береді.

Рас, мен оның «жып-жылы» жымиысын жылмиғандыққа теңеп отырғам жоқ, бірақ осы кісінің жымиысының арғы жағында әлбетте бір ҮЛКЕН-ҮЛКЕН жаңалықтардың жасырынып жататыны да... «жаңалық» емес. Оны қазақстандықтар, оның ішінде қазақтар жақсы біліп қалды. Мәселен, былтырғы желтоқсанда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдер премьерлерінің Астанадағы мәжілісінде Кәрім ҚАЖЫМҰҚАНұлы әдеттегідей жылы жымиып тұрып... Қытай Халық Республикасы тарапынан жасалған «өте-мөте тиімді» ұсынысты қабыл алғанын мәлімдеген еді. Ол қандай ұсыныс еді – біз оны әл-әзір ұмыта қойған жоқпыз. Ол – миллиардтаған сомаларды құрайтын «кереметтей келісім-шарттар!» Ұсыныста негізінен Қытай елінің оншақты зауыт-фабрика сықылды кәсіпорындарын қазақ жеріне көшіру туралы айтылған болатын. Ашығын айту керек, күншығыс көршімізді әдетте бір де бір елмен соғыспайтын, тіпті бір де бір елмен соғысқысы да келмейтін, алайда айналасындағыларды соғыспай-ақ жаулап алуға тырысатын ел ретінде сипаттайды, аузы дуалы кейбір саясаттанушылар. Келісуге болатын-ақ мінездеме, айтып-айтпай не керек – «қара қытай қаптаса, сары орыс әкеңдей көрінер» деп баяғы бабаларымыз бекерге айтпаған ғой! Күліп жүріп-ақ қос аяғыңды көктен келтіруге тырысатын қытекеңдердің сыртқы саясаты шынымен де ойландырады. Оның үстіне Үкіметіміз басшысының «сүйіншілегендей» сөйлеп отырғаны да ойландырмай қоймайды екен. Жалпы, кезінде Қытай елінде көбірек жүріп-тұрған, сол елдегі елшілігімізді басқарған Кәрім Мәсімов бұл елдің ішкі-сыртқы саясатын бес саусақтай жақсы біледі, бұған күмән келтіруге әсте болмайды. Сонда бұ кісінің мұнысы несі? Мәселеге осы тұрғыдан келгенде білгіштердің кейбіреулері «ой-бай, қытекеңдер келемін десе, келе берсін, жүздеген-мыңдаған жұмыс орындары ашылса болды емес пе?» дейді. «Керегі не қытайлардың, олар өз кәсіпорындарымен бірге құмырсқадай қаптаған өз жұмысшыларын да ала келеді» дейді тағы біреулер. Әңгіме көп бұл жөнінде, қысқасын айтқанда. Хош дейік, ал бізде мынандай тағы бір ӘЛҚИССА болды жақында: «Мегаполис» деген басылым еліміздегі «аузымен құс тістеген» кейбір тұлғаларға «Қазақстанға Қытай кәсіпорындарының көшірілуін қалайсыз ба?» деген мағынада сұрақ қойыпты. Қызық сұрақ, бірақ керек сұрақ. Мәселен, бұл сұраққа мәжілісмен Зағипа БАЛИЕВА былай депті: «...бұл туралы ешқашанда ойланып көрмеппін, бірақ мен отандық өнеркәсібімізге барлық жағдайлар жасалып, өзіміздің тауар өндірушілеріміз бәсекеге қабілетті болса... біздің тауарларымыз импортқа көптеп шығарылса дұрыс болар еді деп есептеймін».

Мына пікірлер ше?

Константин СЫРОЕЖКИН, қытайтанушы, саяси ғылымдар докторы, профессор:

«Мұндай мәселені біз қалаймыз ба, жоқ па – мұны бізден ешкім сұрамайды. Бұл – саясат. Әлбетте, біздің елімізге онсыз да қаптап келіп жатқан қытай сүлгілері, қытай термосы сияқты дүниелер бізге тағы көшіріледі деп есептемеуіміз керек, бұл жолы қытайлар өз экономикаларына аса қажетті, бірақ экологиялық тұрғыдан өте зиянды кәсіпорындарын көшіруге тырысады. Ал енді бұл мәселеге өнеркәсіп өндірісі тұрғысынан қарайтын болсақ, сөз жоқ, кәсіпорындарды көшіру үшін әлбетте білікті кадрлар қажет. Ал бізде ондай кадрлар бар ма? Бар болған күннің өзінде де біз оларды құртып бітірдік қой, сондықтан бұл мәселе – өте күрделі мәселе».

Ғани ҚАСЫМОВ, Қазақстан Патриоттары партиясының төрағасы: «Мен бұл мәселеде екіжақты пікір ұстанамын. Біріншіден, «қытайлықтар біздің ортамызға тастай батып, судай сіңіп кетеді-ау» деген қазақстандықтардың алаңдаушылықтарын бөлісемін десем, екіншіден – біз көршілеріміздің барлығымен де, оның ішінде Ұлы Қытай державасымен де тығыз қарым-қатынаста болуға тиіспіз. Егер Қытай елінен тиімді инвестиция ағылып келіп жатса, оларды неге пайдаланбасқа?! Өйткені бұл біз үшін – жаңа технологиялармен жабдықталған жаңа кәсіпорындардың көптеп ашылуы деген сөз. Ал біздің өзімізде, шынын айтқанда, технология дегеніміз атымен жоқ қой! Қытай елі қазір өнеркәсібі өте жоғары деңгейде дамыған алдыңғы қатарлы елдердің бірі, ал енді осындай дамып кеткен ел бізге инвестициясын беріп жатса, бізге инвестициялық және несиелік саясат жағынан көмек қолын созып жатса – Еуроодақтағы өзге елдерді қолдағаным сияқты мен Қытай елімен арадағы мұндай қарым-қатынасты да қызу қолдаймын».

Арман ҚАРАБАЕВ, режиссер-продюсер: «Мұндай мәселемен мен келісемін, айтылып отырған кәсіпорындар қытайдікі бола ма, жоқ әлде шведтікі бола ма – маған бәрібір, тек мұндай жағдайда ашылып жатқан кәсіпорындарда қазақстандықтар үшін жұмыс орындары көптеп ашылуға тиіс. Қазір біздің мұнайымыз бар, ал ол біткен соң не істейміз?»

Міне, Қытай ұсынысын қуана-қуана, жымия күліп қабыл алған премьер-министріміздің осынау «құтты қадамына» қатысты осындай да осындай ой-пікірлер айтылды. Айтылып жатқан ой-пікірлердің қай-қайсысының болмасын, тиімді жағы да, тиімсіз жағы да бар. Тиімсіз жағы тіпті көп деуге де болатын сияқты. Ал Сіз қалай ойлайсыз, ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН?

Марат МАДАЛИМОВ.

 

Абай.kz 

0 пікір