Жұма, 19 Сәуір 2024
Мәйекті 8927 0 пікір 27 Мамыр, 2014 сағат 12:03

Қали Омаров. С А Д Ы Қ СҰЛТАН

 

Ғалымдардың пікірінше, соңғы үш ғасырда қазақ даласында жат жұрттықтардың отарлық езгісіне қарсы 300 – ден астам ірілі – ұсақты көтеріліс орын алыпты. Аталған кезеңде ұлт – азаттық  туын көтерген халқымыздың және оның көшбасшы перзенттерінің тағдыры талайлы болғаны баршаға аян. Әсіресе, Ресейдің империялық пиғылын жаңа мазмұнда жалғастырушы кеңестік таптық – партиялық жүйенің қатыгездігі шектен асты. Нәтижесінде өзгенің қаңсығына қызығушылар көбейіп, каһармандарымызды ұмыта бастадық. Тәуелсіздігіміздің арқасында бүкіл әлемге танылған дербес мемлекетімізді қалыптастырып әрі жүйелі дамытып, елімізді мәңгілік ету идеясымен қаруландық. Тарихи қысқа уақытта ауқымы мен салмағы ғасырлармен өлшенетін жұмыстар тындырылса, соның бірегейі – ұмыт қалған тұлғаларымызды тарих шаңынан аршып, қатарға қосу ісі дер едік. Бұл бағытта арнайы бағдарламалар орындалып, мыңдаған жақсы – жайсаңдарымыздың есімдері ұлықталды. Дейтұрғанмен, тасада қалып қойған немесе ерен еңбектері  әлі жете зерттелмеген саңлақтарымыз баршылық. Ұлт - азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері Садық Кенесарыұлы (1837 – 1910 жж.) осы қатардағы отандасымыз.

Ғылыми қауымдастыққа Орта Азия және Оңтүстік Қазақстан аумақтарында Ресей империясының армиясына сан мәрте соққы ұйымдастырған даңқты қолбасшы ретінде танымал күрескердің өмірінің кейбір тұстары мен қайраткерлік қызметінің жарқын қырларына тоқталсақ.

 Ұлт – азаттық қозғалысының алтын діңгегі іспетті Кенесары Қасымұлы көтерілісі басып жаншылғаннан кейін қазақтың соңғы ханының артында қалған әулетінің басына сындарлы күндер туады. Мұның бір мысалы ретінде Кенесары отбасының атамекеннен алыс Қоқан хандығы жерінде тұрақтағанын айтсақ та жеткілікті. Қоқан хандығында жүрген жылдары Садық (кейде Сыздық, Сыдық)  ұлт азаттығының қасиетті байрағын қайта көтеру мұратын өмірлік ұстанымы  тұтқан тұлға боп қалыптасты. Өзінің қандай жағдайда жүргенін ерте түсінген Садық жат жұрттықтар арасындағы қайшылықтарды азаттық мүддесіне барынша пайдалануды ойлайды. Әлем халықтарының арғы - бергі өткеніне көз жіберсек,  қай мемлекеттің де азаматтық тарихында  мұндай мысалдар көптігін көре түсеміз.

Дәстүрлі соғыс өнеріне, әкесінің ұрыс жүргізудегі амал – айласына қанық, отарлаушылардың әскери әдіс – тәсілімен де таныс зерделі жігіт  мансабы жоғары әскери лауазымдарды жиырма үш жасынан бағындыра бастайды. Қоқан ханы Мәллебек 1860 жылы оған пансатбасы (бес жүз әскербасы) атағын берсе, Мұхаммед Сұлтан – Сейітхан  1864 жылы бүкіл Теріскейдің (қазіргі Созақ ауданының жері) әкімдігіне бекітеді. Ал, Бұхар әмірі Абдул Мұзаффар 1868 жылы маусым айында Қызылқұмдағы қазақтар (негізінен Шөмекейлер) мен хандықтың  Солтүстік-батыс бөлігіндегі барлық көшпенділерге басшы етіп тағайындайды. 1869 жылдың аяқ кезінде Хиуа ханы Мұхамед Рахимнің әмірі бойынша Әмударияның Шығысынан Боқантауға дейінгі аралықтағы және Мыңбұлақ, Дәуқарадағы қазақтар мен басқа да халықтар Садыққа бағынады. Сұлтанның осы өңірлердегі өзін барынша қолдаған қазақ ауылдарынан әскери қорын адам ресурстары, ат-көлік, азық-түлік, жабдық-сайманмен әрдайым толықтырып отырғаны тарихи ақиқат.

Садықтың азаттық эпопеясының негізгі кезеңдеріне келсек.1860 жылы 21 қазанда құрамында Садық, Тайшық, Ахмет сұлтандардың жасағы бар  қоқан әскері Ұзынағаш түбiндегі Қастек бекінісі маңында Ресей әскерлерімен бетпе бет соғысады. Үш күн бойы текетірес нәтижесінде жеңіліп, қашқан қоқандықтарды түпкілікті құртуды көздеген   ресейліктер соңдарынан қуа түседі. Міне, сол кезде Садық қазақтардан тұратын шағын атты қосынымен тұтқиылдан соққы беріп, отарлаушылардың жоспарын жоққа шығарады. Подполковник Г.А.Колпаковскийдің: «Сыздық төре мен Сұраншы, Байсейiт, Арыстан, Ақмолда батырлар қазақ-қырғыз қолын бастап шықты» деген мәліметі бұны растай түседі. Қоқан әскерінің сәтсіз соғыстарынан жігері жасыған Ахмет пен Тайшық 1861 жылы Перовскіде ресей өкiметiне берілсе, Садық  өз шешімін өзгертпейді. Ал, алдына қойған еңселі мақсатынан таймау, ел қамын жеке бас пайдасынан қашанда жоғары ұстау - дарабоз тұлғаларға ғана тән қасиеттер. 

 Ресей дереккөздеріндегі Садық сұлтанға қатысты  материалдардан оның ұлт мұратына жету  үшін еткен еңбегі мен ерлік істеріне қаныға түсеміз. Осындай бір мәліметте 1862 жылғы 22 шілдеде Қоқан ханы Құдиярдың  Садықты Торғайға жұмсағаны, тағы бірінде (1863 жылғы 27 наурыз) оның Атбасар округінде көшіп жүргені айтылады. 1864 жылғы 4 маусымда Сырдария желісінің бастығы, полковник Н.А. Веревкин жеке Орынбор корпусының қолбасшысы генерал-адъютант А.П. Безакқа Созақ қамалының бегі Садықтың Түркістанға көмекке ұмтылмақ мақсатта Шолаққорған гарнизонымен бiрiккені туралы ақпар береді. Іле – шала (10 маусымда)  орыс әскерлерінің қоршауын бұзып, Түркістан қаласына енген Садық жасақтары ерліктің тамаша үлгісін көрсетеді. Алайда Жантай Өтепов деген біреудің 12 маусымда ресейліктерге қала қақпасын ашып беруі салдарынан Мырза Дәулет бастаған Түркістанды қорғаушылар жеңіліс табады. Кейіннен (1864 жылы 5 желтоқсанда)  қоластында 500- дей адамы бар Садық Түркістан маңында (Иқан ауылының тұсында) ресейліктермен тағы да бір айқасып, қос тақымдаған  есаул Серов пен поручик Сукорконың оралдық казактарын көп шығынға ұшыратады. Бұл оқиғаның  жаңғырығы заманында алысқа жетті.

1864 жылы шілде айының ортасында Бадам өзенi жағасындағы Ақбұлақ шатқалында Әулиеатадан Шымкентті алу үшін беттеген ресей әскеріне қосылмақ болып, Түркістан қаласынан шыққан капитан Мейердің құрамасын  молда Әлімқұл бастаған қоқандықтар тосып алады.  Ұрыста қолына әскердің туын ұстаған Садық қарша бораған оқтан бұқпай, қоқандықтарды бірнеше рет қарсы шабуылға көтереді.

Садық Шымкент қаласын басып алуға ұмтылған генерал-майор М.Г. Черняевтің әскеріне  Қатынкөпір тұсында тойтарыс беруді ұйымдастыру арқылы (1864 жылғы шілде айы) қолбасшылық таланты әбден шыңдалған сардар ретінде танылады. Шымкентті алғашқы шабуыл барысында ала алмай, кейін шегінуге мәжбүр болған М.Г.Черняев бұл ойын  1864 жылы 21  қыркүйекте  жүзеге асырғаны аян.

Генерал-майор Н.А. Веревкин  1864 жылы 1 тамызда Садық туралы: «...бестамғалы руының биi Жақайдың айтуынша, сұлтандар Садық пен Арыстанбек 400 қолмен  бестамғалы және қоңырат руларын тонау үшiн Арысқа келдi...» десе,  он күннен кейін: «...сұлтан Садық Арыс өзенiнiң жағасындағы тауда тұр. Ол Шымкенттен келетiн қоқандықтардан көмек күтуде. ... 6 тамызда жүзбасы Ливкиннiң күтпеген жерден жасаған шабуылының нәтижесiнде «шәйкiлердiң» басшысы - қарақшы Өтеген тұтқындалып, 18 адамынан өлiдей айырылды...» деген мәліметтер келтіреді .  

Генерал М.Г.Черняев бастаған орыс әскерiнен  Ташкентті қорғау барысында молда Әлімқұл қаза тапқан соң (1865 жылғы 9 мамырда) қаланың беделді ақсақалдары орда бұзар отызға әлі толмаған Садықты әскербасы  сайлайды. Ол қырық күн бойы қаланы бермей, өзiнiң қолбасшылық талантын тағы да бір дәлелдейді. Садық басқыншыларға бірлесе тойтарыс беру мақсатында Бұхар әмірі Абдул Мұзаффарға елші жібереді. Бұхар әмірінің Ташкентке жіберген өкіліне барлық билікті тапсырған Садық 1865 жылы 17 маусымда  Бұхар әмiрлiгiне кетедi. Бұндай шешім қабылдауына  бақталас  қоқандық ақсүйектердің қаскүнемдік әрекеттерінің  ықпалы болмай қалған жоқ.

1866 жылы қаңтар айында Жызақ қамалына бет алған генерал М. Черняевтің әскерінен бұхарлықтар қашып кеткесін, Садық  бекіністі қорғау ісін өз қолына алады. Тегеурінді тойтарыс алған ресейліктер 11 ақпанда кері шегініп, сәтсіздікке кінәлі М.Черняев дереу орнынан алынады.

Сырдария бойындағы Шардара қамалы маңындағы қазақтарды ресей әскері тонап жатқаны жайлы хабар алған Садықтың оларға көмекке аттануы, 1866 жылғы сәуiр айының ішінде отарлаушыларға ойсырата соққы беруі, халықтың тоналған мал-мүлкін қайтартуы, оның елі мен жері үшін жасаған ерліктерінің бір парасы. Алдағы қыспақты күндерді ойлаған Садық мамыр айының бас кезінде  Қызылқұмға аттанады. Ондағы негізгі мақсаты -  жасақ құрамын толықтыру. Пірәлі би бастаған Түбекбай батыр, Сәден батыр, Молдашер Жамұратұлы, Дос Дәулетбайұлы сынды елге сыйлы азаматтар Қарашұбар, Боқантау, Тамды, Ақбайтал мекендерінен жігіттер жинап, аталған үдеріске белсене араласады. Садықтың Үшқұдыққа қарайтын Құлқұдық аулында  тұратын 74 жастағы Жұбан батырды да «азаттық жолындағы абыройлы істе бірге болайық» деп, қасына ерткені ел жадында. Садық өз жасақтарымен генерал Н.А.Крыжановскийдің әскерінен Оратөбе мен Жызақты ұзақ қорғап тұра алмайды (1866 жылғы 23 қыркүйек – 18 қазан аралығында), әйтсе де, 28 қазанға дейін бұл қалалар маңында соғыс қимылын жалғастыра береді.

1867 жылғы 3 мамырда Жаңадарияның сол жағасына Бұхар жақтан Садық сұлтан және Пірәлі би бастаған 800 сарбаз келеді. Бұларға қарсы №1 форттан есаул Г.Анчоковтің (Ончеков) ротасы шығады. Қазалыдан 143 шақырымдай жердегі Сарбұлақтың маңайында 7-9 мамырда екі жақтың қатысуымен үлкен шайқас өтеді. Үш күнге созылған ұрыста Садықтың жасағынан 22, ал орыс әскерлерінен 60-тан астам адам қаза табады. Ресейліктердің 18- і ғана тірі қалғаны туралы да мәліметтер бар. Садық сұлтан мен Пірәлі би жағында  Түбекбай батыр,  Алмас Пірәліұлы т.б. сарбаздар соғысады. Сыр сүлейі Тұрымбет Салқынбайұлының 1902 жылы қартайып, шау тартқан  Жолай  Алмас  биге:

...Садықтың «Сарбұлақта» ұрысында,

                Көрсеттің қандай(!!!) қайрат-жүрегіңді.

                Дұшпанды жөңкілтіпсің қойдай қуып,

                Ақырып айбатпенен түсің суып...

* * *

             ...Садықтан алған жүлде арыстан ең,

   Толтырған домалатып алдын басқа,-деп айтқаны, бұны дәлелдей түсетіні хақ.

Перовскіден Қазалыға қосымша орыс әскері жіберілгеннен хабардар болған Садықтың Бұхар иелігіне қайтып, Жызақтағы орыс әскерімен шайқасқа түсіп, оларды шегінуге мәжбүрлегені ұлтымыздың соғыс шежіресіне алтын әріптермен жазылуға  әбден лайықты.

Гришин деген шенеуніктің Сырдария облысының әскери губернаторына 1868 жылғы 10 сәуірде түсірген мәлімдемесінде: «1868 жылы 1-сәуірде Сұлтан Садық Кенесариннің басшылығымен  Бұхарадан Нұрата қамалына 1000 сарбаз келді. Осы жерде оған  Пірәлі бастаған билер өздеріне сұлтан болуға ұсыныс жасады»  делінеді.

 Самарқанд үшін шайқасқа Бұхар әскері құрамында Садық жасақтары да қатысады, бірақ қаруы басым генерал К.П. Кауфман әскері 1868 жылғы 1 мамырда қаланы алып, Қаттақорғанға беттейді (30 мамырда). Алдынан шыққан бұхарлықтар зұлмат күшке төтеп бере алмай, бет – бетіне бытырай жөнеледі. Қашқандарды өкшелей түсу қай ұрыстың да заңдылығы. Табыстарын еселей түспек болып, қатары шұбалып кеткен ресейліктерге Садық өз жігіттерімен кенеттен бір бүйірден тиісіп, 70 солдатын өлтіреді. Отарлаушылардың аман қалғандары негізгі күштеріне қарай бас сауғалайды. Бірақ, жеңіс қуанышы ұзаққа созылмай, 2 маусымда Зеребұлақ жотасында ойсырай жеңілуі салдарынан Абдул Мұзаффар хан Ресей протекторатын қабылдайды. Бұхарлықтар қол қойған бітімді сатқындық деп бағалаған Садық 16 тамызда Кермене, Нұрата, Жызақты басып алады және бұл қалаларға бек етіп Түбекбай, Темірбай, Еспенбет батырларды тағайындайды.

Жызақ уезi бастығының Сырдария облысының әскери губернаторына 1868 жылы 9 қыркүйекте жазған хатында Садық пен Назардың 500 кiсiлiк қолмен  Нұрата тауының етегiнде орыс отрядын талқандағаны мәлiмделедi. Ресейліктерден қолдау алған Бұхар әмірі Садыққа қарсы бес мың сарбаз бен сегіз мың атты әскер жібереді. Жазалауға жіберілген бұл қосын  Садықтың даңқынан қорқып, дереу оның әскеріне қосылса да  шынайы беріле қоймайғанын уақыт көрсетті. Олардың 1868 жылғы 13 қыркүйекте Зеравшан өзен бойында Бұхар әмірі әскерімен болған сұрапыл шайқаста майдан алаңынан қашып кетуі нәтижесінде Садық қолы жеңіліс табады.

 Боқантауда үш ай жатып, соғыста алған жарақаттарынан жазылған  Садық Хиуа ханына барады. Мұхамед Рахим хан Түркістан өлкесі халқының алдында айрықша беделге ие болған табанды күрескерге Сырдарияның сол жағалауын қоныстанған қазақтарға басшылық жасауды жүктейді. 1870 жылғы ақпан – наурыз айларында азық – түлік қорын толықтыру мақсатында Садық сарбаздарымен Жаңадарияның аяқ жағында орналасқан Ақшатеңіз көлінің маңындағы, Еркебай шатқалындағы ауылдарды аралап, Дәуқара арқылы кері қайтады. Генерал – адъютант К.П. Кауфманның аталған тұстағы мәліметтерінен  Перовскі мен Қазалыдағы ресей әскерилерінің біраз дүрліккенін анық  байқаймыз.

1873 жылы көктемде ресей әскері жан жақтан Хиуаны жаулауға аттанған кезде Хиуа ханы Садықтың 700 сарбазына түркмендерден құралған 500 адамдық жасақты қосып, Түркістан генерал – губернаторы К.П. Кауфманға қарсы қояды. Садықтың  жасақтары наурыз – сәуір айларында Ташкенттен шыққан бұл әскердің жолын  торуылдауды жүзеге асырады.  Адамқырылған деген жерде (6 мамырда) Садық 450 сарбазымен генерал-майор Н.Ф. Бардовскийдің колоннасына соққы береді. Ресейліктердің оғынан біраз адамы опат болған ол шегініп, Үшошақта 11 мамырда отарлаушылармен кезекті рет қақтығысады.

        

Кавказдық  (басшысы полковник Н.П.Ломакин) және орынборлық (қолбасшысы генерал – лейтенант Н.А.Веревкин) әскери құрамалармен біріккен  Кауфманның армиясы 29 мамырда Үргеніш қаласын шайқассыз алады. Ханның жігерсіздігінен түңілген Садық өз күресін Қашқарға барып жалғастыруды көздейді. Ол Мерв – Герат – Балх - Бадахшан - Қашқар маршрутымен жүріп өтіп, 1874 жылы Шығыс Түркістан билеушiсi Жақыпбекті паналайды. Ондағы бейбіт тіршілігі небәрі екі жылға да жетпейді.Қашқарияға Цин империясының экспансиясы басталған кезде Садық төре қолына ойланбай қару алады. Өйткені, ірі державалар ұстанған отарлау сынды қанқұйлы саясатқа жан – тәнімен қарсы қайсар тұлғаның басқаша қадамға баруы мүмкін емес - ті.  Қытай шеріктерімен өткен көп шайқастың бірінде Садық сол қолынан ауыр жарақат алса да, сыр білдірмей, ұрысты  шеріктердің беті қайтқанша басқара береді. Бірақ, қанша қарсыласса да, саны орасан зор, әскери әлеуеті одан да мықты жатжұрттық басқыншының ақыры алмай қоймасына көзі жеткен Садық енді өзінің барар жер, басар тауы қалмағанын да айқын бағамдайды. Жарақаты жанына батқан есіл ер 1877 жылы күзде Ферғана облысындағы шекарадан өтіп, 1878 жылғы 10 ақпанда Ош қаласына келеді. Жеті ай бойы алған емнен жарақаты жазыла салысымен, Ташкентке жеткізілген оған (жасы 41- дегі кезі) патша үкiметiнің рақымшылық пәрмені оқылады. Қолға түскен немесе өз еркімен берілген антына адал, сертіне берік,  қайсар батырларға дұшпан болса да, құрмет көрсету, олардың ғажайып  ерліктерінен сарбаздарын үлгі  алуға үйрету дәстүрі қай кезден бар. Бұл - бір. Екінші жақтан, қарсыласына кешірім беру арқылы отарлаушы ел басқа көтерілісшілерге немесе қарсыластарға  өзінің беделін, тартымдылығын, мейірбандығын жарнамалайды. Ал, бұл - түпкі мақсатқа шығынсыз жетудің  ұтымды тәсілдерінің бірі.

        Садық төре мекендеуге Сырдария облысының Шымкент уезіндегі  Ханқорған маңын қош көреді. Бабалары тұрған осынау қасиетті мекенде мәңгілік сапарға аттанады. Қолымыз жеткен материалдарды саралау біраз нәрсенің басын ашқандай. Ең бастысы, текті тұлға өмірінің соңғы сәтіне дейін кейбір қандастарымыз сияқты вассалдық немесе коллаборционизм дертіне ұрынбаған сыңайлы. Садықтың өз аузынан жазып алынды делінген естеліктерде әлі тірі бірде бір  қаруласының есімі аталмайды, тек атаулы оқиғаларды баяндау барысында көзі жоқ жақтастары туралы аз - кем мағлұмат келтіріп кетеді.  Және айтпағымыз:  Соғыс қимылдары кезінде сарбаздарының өмірін сақтау мәселесін ерекше назарда ұстағаны аңғарылады. Ал, адами ресурстарын сарқылмастай көрген Орта Азия хандары мен қолбасшыларының ойына бұл тіпті де келмегенге ұқсайды. Отыз жылдан астам ғұмырын тұрақты ресми бақылауда өткізген Садық әкімшілік рұқсатымен басқа өңірлердегі жақын – жуықтарына  барып – қайтуға мүмкіндік алып отырады. Деректерден  Арқа жаққа, Шу бойына, Сыр өңіріне барғаны көрінеді. Әсіресе, ат үстіндегі өмірінде  елеулі із қалдырған Қызылқұмға сапарының жай - жапсары ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыр. Таратып айтсақ, 1890-шы жылдардың басында Садық төре Қызылқұмға өзіне алты жыл серік болған, жасы үлкен  Түбекбай батырды (1930 – 1902жж.) іздеп келеді. Жиырма күн қонақ болып, әскери даңқын шығарған жерлерді әбден аралайды. Садықтың Қашқар қаласын қорғау кезінде оқ тиген сол қолының баланың білегіндей болып қалғанын көрген Батыр, әлгі жарақат орнын, «періште сүйсе, жазылып кетер» деп ырымдап, өзінің баласы Шахизатқа (1891-1969жж.) сүйгізеді. Түбекбай  Садықтың алдына төрт түлік мал салып, екі күндік жерге шығарып салады.

Садық Кенесарыұлының өмір және қайраткерлік жолын зерделеу келесідей қорытындылар мен тұжырымдарды жасауға негіз болды:

- Ресей отарлаушыларына қарсы он жылдан астам үздіксіз күресіп,  әскери әлеуетіне елеулі шығын келтірген ондай тұлға ұлт – азаттық қозғалыс тарихында санаулы;

- Арнайы әскери білімі болмаса да,  академия бітіріп, басқыншылық жорықтарда шыңдалған патша генералдарымен  майдан алаңында терезесі тең деңгейде шайқасып, соғыс өнеріне жетіктігін сан мәрте паш еткен ірі қолбасшы;

- Отандық әскери академиялар мен институттар, жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептердегі білімді де білікті жастарды тәрбиелеу және өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру  ісінде Садық Кенесарыұлының ұлт – азаттық қозғалысына қосқан үлесі, соғыс барысындағы әскери іс – қимыл тактикасы, жеке каһармандығы туралы қолда бар материалдарды пайдалану қажеттігі  әлдеқашан  пісіп - жетілген мәселе;

- Садық Кенесарыұлының тарихи және әскери мұрасы өз зерттеушілері мен насихатшыларын күтіп жатыр. Ұлтымыздың дара тұлғасына қатысты тың деректер, жаңаша пайымдауға зәру  ғылыми айналымдағы еңбектер көптеген жарияланымға, диссертациялар мен монографияларға негіз болатыны сөзсіз.

Қай істің де төрешісі – уақыт, бағасын беретін – халық. Азаттық мүддесін мерейлі мұратына балаған, осынау қастерлі жолда жапа шеккен тұлғаларымыз жөнінде жазғанда біздің көздейтініміз өткеннің өрескел қателіктерінен тағылым алу, оның ащы сабақтарының қайталануына енді жол бермеу, сын – қатерлі сәттерді ешқашан болдырмау.

Бүгінгі күні өзіндік өмір өлшемі мен тыныс-тіршілігі бар, бағыт - бағдары айқын  Қазақ Елі болашақты баянды етуге бағытталған көптеген жасампаз шараларды атқаруда. Олардың ең маңыздылары қатарында жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру міндеті тұрғаны айқын. Осы тұрғыда ынталы ізденістеріміз «Мәңгілік Ел» сынды ұлттық идеямыздың өміршеңдігін қамтамасыз ететін  іргетасына, бейне бір майда түйіршіктей,  қосылып жатса- мақсатымыздың орындалғаны.

Қали ОМАРОВ,

ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының мүшесі

Abai.kz

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН  ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Айбын. Энциклопедия./Бас редактор Б.Ө. Жақып.–Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2011. – 880 б.

2.  Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. – Алматы: Ел-шежіре, 2008. –Т.9. –336 б.

 3. Кенесарыұлы А. Кенесары және Сыздық сұлтандар. –Алматы: Жалын,1992.–48б.
4.  Кенесарин  Ә. Сыздық төре.// Жұлдыз. – 2003.–№7. – 102-119 бб.

5. Бақбергенов С.Садық Кенесарин.//Егемен Қазақстан. – 1991.–21-22 қараша.

6. Омаров Қ.Ә.Ұлық Жолай. – Қызылорда: Тұмар,2012. – 228 б.

7.  Айтаев Б.Сыздық сұлтан.//oksh.kz/Muragat/2011/.            

8.  Өтебаев Қ. Би болып өткен бабалар.–Өзбекстан: Ұшқұдық,2009. –147 б.

0 пікір