Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 5728 0 пікір 28 Мамыр, 2014 сағат 17:55

ОРТАҚ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ НАРЫҚ ҚҰРЫЛАДЫ

 

Биылғы 28 сәуірде М. Ломоносов атындағы ММУ-інде сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі үш мемлекеттің энергетикалық кешенін интеграциялау үшін бірлескен «Еуразиялық энергетика» бағдарламасын дайындап, қабылдау қажеттігін атап көрсеткен еді. «ТрансЕуразия-2014» IX халықаралық конференциясында Еуразия экономикалық комиссиясының (ЕЭК) энергетика және инфрақұрылым министрі Даниал Ахметов ортақ энергетикалық нарықтың жоспар бойынша 2016 жылы қалыптаса бастайтынын хабарлады. 2025 жылға қарай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге ортақ мұнай, газ, мұнай өнімдері нарығы жұмыс істейді.

ЕЭК министрі Ресей, Қазақстан және Беларусьтың энергонарықтарын біріктіруге жасалатын қадам интеграция саласындағы аса маңызды шешімдердің бірі болатынын атап айтты. Әлбетте, үш елдің экономикасының маңызды саласын біріктірмей, ортақ тарифтерін қалыптастырмай және энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етпей тұрып, болашақ ЕЭО-ның қалыпты жұмыс істеуі қиын. Жалпы алғанда, бірыңғай энергетикалық және көмірсутектер нарығын құратын кезде үш елдің тарихи тәжірибелері ескеріледі. Сонымен бірге Даниал Ахметов: «Үш елдің электр қуатын өндіру саласы қарқынды дамып келеді. Үшеуінің де энергетикалық әлеуеті зор. Біздің техникалық және технологиялық базамыз ортақ. Бұл факторлар ортақ  энергетикалық нарық құруға оң ықпалын тигізеді» деп атап көрсетті.

Жалпы алғанда, Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ энергетикалық нарығы іс жүзінде 2019 жылдан бастап жұмыс істейді. Бұл туралы «Еуразиялық интеграциялық үдерістердің электрэнергетикалық салаға ықпалын талдау» атты отырыста Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Бақытжан Жақсалиев егжей-тегжейлі баяндап берді. Соңғы жылдары қазақстандық, ресейлік және беларустық сарапшы-мамандар ортақ энергонарық мәселелерін жан-жақты талқылап келеді. Іс жүзінде барлық тараптардың ұстанымдары бір-бірімен сәйкеседі. «2015 жылдың 1 шілдесіне дейін жалпы энергетикалық нарық құрудың тұжырымдамасы дайындалып, осы тұжырымдаманың негізінде 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін аталған нарықтың қалыптасу бағдарламасы жасалады. Осы іс-шаралар аяқталған соң, 2019 жылдың 1 шілдесінде қатысушы-мемлекеттер ЕЭО-ның ортақ энергетикалық нарығын құру туралы халықаралық шартқа қол қояды. Ол шартта электр желілеріне қолжетімділіктің бірыңғай ережелері көрініс табады»,- деді ол.

ЕЭО-ын құру шарттың жобасында энергетика саласына 15-ші тарау бөлінген. Ондағы төрт бап электр энергетикасы, мұнай, газ және мұнай өнімдері мәселелерін реттейді. Ал ортақ энергонарық қандай болады? Қазіргі кезде жұмыс топтары оның бірнеше нұсқаларын ұсынып отыр. Бірінші нұсқасы – ортақ нарыққа интеграциялану, яғни, мүше-елдердің бірінің ұлттық нарығының моделін пайдалану және басқарушы компанияларға Кеден одағы мен БЭК-ке мүше-елдердің бәрінің шаруашылық субъектілерін енгізу. Екінші нұсқа – спот-биржамен бірге өңірлік субнарықтарды құру және сауданы жүргізетін оператор енгізу. Үшінші нұсқа – ұлттық нарықтарды үйлестіру. Яғни, үш елдің ұлттық нарығын құрылымдық жағынан жақындастырып, нормативтік-құқықтық актілерін үйлестіріп, ортақ сауда алаңын құру. Алайда, жоғарыдағы нұсқалардың қайсысы таңдалатыны әзірге белгісіз.

Белгілісі сол, тәуелсіздік жылдарында үш елдің энергетикалық жүйелерінің арасындағы байланыс үзілген жоқ. Мәселен, өткен жылы Ресей Қазақстанға 3 750,1 млн. кВт/сағ. электр энергиясын импорттаса, Қазақстан Ресейге 1 602,9 млн. кВт/сағ. электр энергиясын экспортқа шығарған. Сонымен бірге, қазірдің өзінде үш ел электр қуатын транзиттік тасымалдауда бір-біріне әріптестік қолдау көрсетуде. VII Астана экономикалық форумына қатысқан Ресей Федерациясы Энергетика министрінің орынбасары Юрий Сентюрин қазақстандық ГРЭС-терде өндірілген электр энергиясын Ресей аумағы арқылы Беларусьқа тасымалдауда ешқандай кедергілер жоқтығын мәлімдеді. Ол сондай-ақ, ЕЭО-ның аясындағы іс-қимылдарды құқықтық шарттар мен келісімдер жүйесі реттейтінін жеткізді. Аталған жүйеде электр қуатын бірлесіп өндіру, бір-біріне тасымалдау мәселесі толықтай реттелген. «Бұл жерде ең  әуелі сәйкестік қағидаты ескеріледі. Мысалға, электр қуаты әр елдің өз аумағында қандай тәртіппен таратылатын болса, осыған сәйкес ол транзитпен екінші елдің аумағы арқылы үшінші әріптесіне жеткізіледі. Қазақстандағы Екібастұз ГРЭС-інде өндірілген электр қуаты Ресей аумағы арқылы Беларусьқа ешқандай кедергісіз жеткізілуде»,- деді Ю. Сентюрин.

 

Әмірлан Әлімжан.

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1576
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3590