Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 4904 0 пікір 6 Маусым, 2014 сағат 11:15

ҰБТ-МЕН ӨМІР БІТПЕЙДІ... БАСТАЛАДЫ

Жыл сайын ҰБТ кезінде еске түсетін оқиға.

Мен бала күннен жоғары оқу орнын Алматыда оқимын деп ойлайтынмын. Екінші ой болған емес. Бірақ, дәл мектепті бітірген жылы оның арман ғана екені белгілі болды. Отбасында - жалғызбын. Анам ғана. Үлкен кісіні (оның үстіне сол жылы дімкәстанып жүрген болатын) тастап қайда кетемін? Таразда оқитын болдым.

Біз мектеп бітіргенше ҰБТ шықты. Алдын-ала барып, тапсырып жүргенде 105-110 балл алып жүрдім. Мектеп жылдары математикадан, географиядан, тарихтан, тіл-әдебиеттен қалалық, облыстық жарыстарға, республикалық олимпиадаларға қатысып жүрдім. Уайым жоқ. Дайынмын.

Сонымен - Сот Күні де келді))). Кірдік кең залға. Көңіл алабұртып, жүрек атқақтап тұр. Сұрақтарға көз жүгіртсем, бәрін білетін секілдімін. "Білемін" деген жаман ғой. Еркінсіп отырдым. Жан-жағыма қарап, бас изеп амандасып қоямын. Көктемгі шиедей мөлдіреген сұлулар көп екен. Сорыма қарай, ең сұлуы менің артыма отырыпты. Отырғанда да оңдырмапты: сирень иісті әтірі мен алқызыл көйлегі арбап отыр... Он алты-он жетіге келген кезі...

Әуелі қара қағазға жаздырып, кейін тазасына көшіртетіні бар еді ғой. Әуелгісін жазып қойдым. Артымдағы қызға қарайын десем, мойыным қарысып, бұрылар емес. Бозбалалық синдромы. Дәл сол кезде "Кешіріңіз..." деген тұнық дауыстың естілмесі бар ма?!. Сол - сирень иісті әтірдің иесі. Жалт қарадым. "Кешіріңіз, "Табу" дегеннің не екенін білесіз бе?". "Білемін! - бұрылып алдым". "Ал эвфемизм деген ше, кешіріңіз..", "Кешіріңіз. Сырым Датұлы бастаған көтеріліс..."... Не керек, білгенімді білгендей, білмегенімді - көзіммен көргендей айтып жатырмын, айтып жатырмын...

"15 минөт қалды!" деген дауыс қана есімді жиғызды. Ал, жанталасып тазасына көшіріп жатырмын. Бір кезде қарасам, тарихтыкін әдебиетке, әдебиеттікін тарихқа белгілеп тастаппын. Ұшып тұрып, бақылаушыға барып, басқа парақ сұрадым. Бермеді, беруші ме еді!?. Ұнжырға түскен. Ақынның түбіне сұлулар жетеді ғой түбі... Нақтырақ - сұлулыққа ғашықтық.

Сыртқа шықтым. "Қалай болды, балам?" деген анамның сөзіне бірінші жауабым: "Армияға кетемін!". Не керек, сонымен, үйге қайттық. Апам табиғатынан сабырлы кісі: "Келесі жылы тапсырасың ғой, уайымдама". Ал мен: "Оқымаймын, оқымай-ақ әдебиетті білемін". Бұлай деуімнің себебі, тоғызыншы сыныптан философияны оқимын деп дайындалған едім. Алайда, Таразда ол кезде оны оқытатын факультет жоқ. Қырсығып тұрғаным сол.

Қорытындысы шықты келесі күні: 72 балл. 73 балл алғандар - грантқа түсіпті. Мен - сирень иісіне арбалған парасатсыз - кредитке ))) Кейін грантқа ауыстырды, үйтті-бүйтті. Ал сирень иісті әтірдің иесін содан кейін көрген жоқпын. Алматыда оқыған шығар.

Солай. Талапкерлерге айтарым: ҰБТ-мен өмір бітпейді, керісінше - дәл сол жерден басталады. Тіпті сәтсіздіктің өзінен - бақыттың ұшқыны көрінуі мүмкін.

Көбірек ғашық болып, азырақ өлең жазыңыздар.

Ерлан Жүніс

www.facebook.com

0 пікір