Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Билік 16646 0 пікір 6 Маусым, 2014 сағат 15:58

Қазақстандағы дінтанулық білімнің қазіргі жай-күйі және өзекті мәселелері

Қазақстандағы білім беру саласында тәуелсіздіктен кейін қарқын алған үрдістердің бірі дінтану мамандарын даярлау болып табылады. Еліміздегі дінтану мамандары бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде даярланады.

Дінтанулық білім тарихы 1992 жылы алғаш рет Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Дін және еркін ойлау» мамандығының ашылуынан бастау алады. Қазір дінтану бакалаврларын еліміздегі Л.Н Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Дінтану кафедрасы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия ғылымдары және дінтану кафедрасы, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Философия және мәдениет теориясы кафедрасы, «Нұр-Мүбарак» мысыр ислам мәдениеті университетінің Дінтану кафедрасы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дінтану және теология кафедрасы, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің дінтану факультеті даярлайды.

Қарағанды мемлекеттік университетінен өзге аталған оқу орындарында дінтану мамандығы бойынша магистратура ашылған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен «Нұр» Қазақ-египет ислам университеті дінтану мамандығы бойынша PhD докторларын даярлайды.

ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан «дінтану» мамандығына жыл сайын 65 мемлекеттік грант бөлініп келген болатын. 2013-2014 оқу жылынан бастап, оқу гранты 77-ге көбейтілді. Жекелеген оқу орындары өз гранттары арқылы дінтанушылардың белгілі бір бөлігінің ақысыз білім алуын қамтамасыз етуде.

Жалпы дінтанудың өзі бастапқыда пән ретінде батыс елдерінде теологияға қарсы көзқарастар негізінде қалыптасқаны белгілі. Аталған пәнді қалыптастыру мен дамыту үдерісінде бірте-бірте екі жетекші бағыт қалыптасты. Бірінші бағытты ұстанушылар дінтануды дін туралы (сырттай) оқытатын пән ретінде қабылдаса, екінші бағыттағылар дінтануды дін арқылы (теологиялық тұрғыдан) оқытатын пән ретінде қабылдайды. Қазақстандық білім стандарттарында дінтану дін туралы (сырттай) оқытатын пән ретінде негізделген, ал жалпы оқыту үдерісінде ұстаздар қауымының діни және дінтанулық білімді ұштастыру мүмкіндігіне қарай екі көзқарас аралас көрініс тапқан деуге болады. Бұл ең алдымен дінтану пәнін оқытуға деген тұжырымдамалық көзқарасының айқындалмауының салдары болып табылады. Осы орайда дінтану пәнін оқытуда ненің мақсат етілетіні, оның қандай пән болуы қажеттігі мемлекет тарапынан нақтылануға тиіс.

Дінтану мамандарын даярлауда қазір «дінтанушы – дінтану пәнінің оқытушысы», «дінтанушы – мемлекет-дін қатынастары бойынша сарапшы», «дінтанушы – ислам теологиясы бойынша сарапшы», «дінтанушы – христиан теологиясы бойынша сарапшы», «дінтанушы – жаңа діни ағымдар бойынша сарапшы», «дінтанушы-теоретик» бейіндік бағыттары қалыптасқан. Аталған мамандану бейіндері негізінен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде толығымен қамтылған. ҚазҰУ-де сонымен қатар дінтану магистранттары болашақта өндіріске жіберілетін бейіндік бағыт бойынша және ғылыми қызмет пен жоғарғы оқу орындарына оқытушылыққа жіберілетін ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша даярланады.

«Дінтану» мамандығын оқыту үдерісі барлық оқу орнында мемлекеттік білім стандарттарына сәйкес жүргізіледі. Дегенмен оқу үдерісінде бірізділіктің сақталмауына төмендегідей жайттар әсер етуде:

- оқу бағдарламаларында бірізділіктің болмауы;

- негізгі оқу құралдары мен қосымша әдебиеттердің әр алуан болуы;

-    оқытушылардың дайындық деңгейінің әркелкілігі;

-    кафедралардың мамандандыру бағдарының әртүрлілігі.

Дінтану кафедралары қызметіндегі негізгі мәселелер жоғары оқу орындарына берілетін академиялық еркіндіктен туындаған оқу бағдарламаларында бірізділіктің сақталмауы, оқулықтар мен оқу құралдарының мазмұны түрліше болуы, сараптамадан өтпеген оқулықтардың еркін қолданысқа енгізілуі, аталғандардың салдарынан дінтанушы мамандардың даярлық деңгейінің түрліше қалыптасуы болып табылады. Сонымен қатар дінтану пәнінің оқу әдебиеттерінің санаулы болуы, негізінен орыс тілді және Қазақстанда емес, алыс-жақын шетелдерде даярланған әдебиеттерден құралуы, еліміздегі нақты діни ахуал ерекшеліктерін қамти алмауы, дін мәселелеріне қатысты объективті көзқараспен емес, көбіне атеистік тұрғыдан жазылуы салдарынан идеологиялық жүйелілік пен логикалық бірізділік қалыптаспай отыр. Бұл орайда дінтанулық білімнің Қазақстан қоғамы үшін салыстырмалы түрде алғанда жаңа сала болып табылатынын, пән ретінде әдістемелік тұрғыдан тиісті деңгейде қалыптаспағанын, ғылыми-танымдық күрделілігін және идеологиялық тұрғыдағы өзектілігін ескере отырып, аталған пәнге қатысты барлық оқу бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу құралдарын Білім және ғылым министрлігіне қарасты республикалық «Оқулық» орталығының және Агенттіктің сараптамасынан өткізу тетіктерін қалыптастыру маңызды.

Оқытушылар құрамына қатысты негізгі мәселе дінтану мамандығы бойынша базалық пәндерден дәріс беретін ұстаздардың көпшілігінің философия, мәдениеттану, т.б. сала мамандары болуында. Аталған ұстаздардың діни қатынастар саласында да біршама тәжірибелері қалыптаса бастағанымен, базалық білімдерінің өзге саладан болуы дінтану пәнінің өз деңгейінде оқып-үйренілуіне мүмкіндік бермейді. Дегенмен соңғы екі-үш жыл көлемінде дінтану магистрлерінің даярланып, жоғарғы оқу орындарында дәріс бере бастауының игі ықпалы байқалады.

Дінтану пәнінің отандық мамандар жетіспейтін жекелеген оқу бағдарламаларын оқыту үшін қазір шетелден мамандар шақыру үдерісі жолға қойылған. Халықаралық тәжірибе алмасу және білім курстарының мазмұнын байыту тұрғысынан бұл үдеріс өте маңызды. Дегенмен шақырылатын маманның мемлекеттік немесе орыс тілін игермеуі, аудиторияның ағылшын тіліне жетік болмауы салдарынан оқу үдерісінің созылмалы сипат алып, қиындықпен игерілуі өзіндік салдарлар туындатуда.

Дінтану кафедраларының бірқатар оқу орындарында философия ғылымдары, мәдениет теориясы, теология мамандықтарын қатар алып жүруі аталған бағыттарға белгілі бір дәрежеде бейімділікті аңғартады. Бұл, әрине, мамандану үдерісінің кемшілігі емес, өзіндік ерекшелігі деп тануға болатын жайт. Дегенмен кафедраларға топтасқан ұстаздардың бейіндік бағыты дінтану пәніне деген өзіндік көзқарас пен оқыту әдістемесін айқындайтыны белгілі. Сондықтан әр алуан кафедралар аясында топтасу дінтану мамандығын оқыту үдерісінде тұжырымдамалық бірізділіктің болмауына алғышарт жасайды.

Аталған мамандықты игертудегі қиындықтардың бірі ретінде оқытушы-ұстаздар талапкерлерді оқуға қабылдауда пәнге бекітілген ұпай санының төмендігін атап көрсетуде. «Дінтану» мамандығының түсу ұпайының төмендігі салдарынан жоғары білім алуға талаптанған, бірақ өзі таңдаған мамандығына қажетті деңгейдегі ұпайды жинақтай алмаған бірқатар ұпайы төмен үміткерлер қалайда оқуға түсу мақсатында осы пәнді таңдайды. Бұл дінтанудың онсыз да күрделі бағдарламасын игеруде ықылассыздықтың қосылып, жалпы аудиторияның даярлық және мамандану деңгейінің төмендеуіне алып келеді. Кез келген мамандық үшін жағымды нәтиже бермейтін бұл құбылыстың салдары идеологиялық маңызы жоғары дінтану саласы үшін айрықша залалды. Сондықтан тәжірибелік жұмыстарды жүзеге асыратын оқытушылар тарапынан ұсынылған «дінтану» мамандығына қабылдауда міндетті шығармашылық емтихан тағайындау шарасын қажетті деп санаймыз. Бұл талапкерлердің «дінтану» мамандығына қатысты жалпы түсініктерін, рухани ұстанымдарын, ойлау-талдау қабілеті мен мамандыққа деген қызығушылық деңгейін алдын ала анықтауға және соған сәйкес шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Болашақ дінтану бакалаврларын жұмыспен қамту үшін оларды мамандандырудың жаңа тетіктерін қалыптастыру қажет. 2012 жылы бітірген дінтану бакалаврларының жұмыспен қамтылу көрсеткіштеріне назар салсақ, 16 бітіруші магистратурада білімін жалғастырса, 137 бітіруші өз мамандығы бойынша немесе шектес салаларда жұмысқа орналасқан, 35 бітіруші өзге салаларда қызмет атқаруда. Елімізде дінтанушыларға деген үлкен сұраныс бар болғанымен, дайын кадрлық ресурсты, әсіресе, орта білім беру жүйесінде тиімді пайдалану мүмкіндігі шектеулі.

Қазір орта мектептегі «Дінтану негіздері» пәні 9-сынып үшін міндетті және баға қойылатын факультатив пән ретінде бекітілгені белгілі. Дегенмен аталған пәннің сағат саны өзгеріссіз қалып отыр. Дінтану пәнінің апталық жүктемесі – 1 сағат, жылдық жүктемесі – 34 сағат. Ал орта мектеп мұғалімінің бір штаттық мөлшерлемесі бойынша бекітілген апталық жүктемесі – 18 сағат, жылдық жүктемесі – 612 сағат. Яғни дінтану пәнінің қазіргі сағат саны мектеп мұғалімінің 0,25 мөлшерлемесін де (мұндай мөлшерлемемен мұғалімнің жұмысқа алынуы мүмкін еместігін ескермегенде) құрай алмайды. Бұл жағдайда дінтанушы маман тек тоғыз бірдей параллель сынып оқитын мектепте ғана 0,5 жүктемемен жұмысқа қабылдануы мүмкін. Мұндай мектептер ел аумағында санаулы ғана. Сондықтан дінтанушы мамандардың орта мектепте қызмет атқарып, өз әлеуетін тиісті орнына пайдалануы үшін дінтану пәнінің сағат санын көбейту немесе оны басқа да сыныптардың бағдарламаларына енгізу арқылы тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыру мәселесін шешу қажет.

Дінтану пәнінің оқытылу аясын кеңейту еліміздегі қазіргі діни ахуал және конфессиялық кеңістіктің алуан түрлілігі жағдайында да өте маңызды. Орта мектепте дінтану бағытында жүйелі әрі сапалы білімнің берілуі болашақта еліміздің ішкі тұрақтылығына септігін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан аталған пәннің сағат санын көбейту мәселесіне мүмкіндігінше тереңірек маңыз берген жөн.

Сонымен қатар «Дінтану негіздері» пәнінің бағдарламасы қазіргі заманауи ахуал тұрғысынан біршама жетілдіруді қажет ететіні белгілі. Пән атауын «Зайырлылық және дінтану негіздері» деп өзгерту, пәннің қоғамтанулық мазмұнын жетілдіре отырып, білім алушыларға зайырлы мемлекет қағидаттары мен қазақстандық қоғамның дәстүрлі құндылықтарын таныту, экстремизмге және терроризмге қарсы насихат бағытындағы тақырыптарды енгізу қазіргі діни ахуал жағдайында өзекті болып табылады. Сондықтан қазір Дін істері агенттігі мен Білім және ғылым министрлігі бірлесе отырып, осы бағытта жұмыстар жүргізуде.

Пәндердің айқын әрі бірін-бірі толықтыратын жүйесін жасақтау мақсатында жалпыға бірдей білім беретін мекемелерде жүргізілетін барлық қоғамдық пәндерге талдау жасап отыру маңызды. Бұл орайда «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы», «Адам. Қоғам. Құқық» қоғамдық пәндерінің және «Этносаралық қатынастардың қалыптасу тарихы», «Алаштану», «Дінтану негіздері» қолданбалы курстарының өзара сабақтастығы мен бірізділігінің сақталуына назар аударған жөн. Осы орайда белгіленген тәртіпке сәйкес әр 4 жыл сайын пәндер оқулықтарының қайта шығарылуы барысында аталған пәндердің оқу бағдарламаларын дінтанулық және мәдениеттанулық компонентін толықтыра отырып, қайта жасақтау, соның негізінде оқулықтардың мазмұнын жетілдіріп, қайта шығарып отыру қажет. Бұл біртұтас идеологиялық арқаудың қалыптасуына және қоғамдық пәндер сабақтастығының күшейтілуіне әсер етеді, оқушы санасында біртекті дүниетанымдық және мәдени тұрғылардың қалыптасуына мүмкіндік береді.

Дінтанушы мамандарға қосымша мамандық беру мүмкіндігін қарастыру да осы мәселені шешудің екінші бір тетігі болмақ. Қазір орта мектептерде тәжірибе жүзінде дінтану пәнін тарихшылардың жүргізуі қалыптасқан. Осы жағдайды және аталған пәндердің салалық шектестігін ескере отырып, дінтанушыларға «дінтанушы-тарихшы» қос мамандығын беру мүмкіндігін қарастыру қажеттігі жиі көтерілуде.

Дегенмен бұл орайда аталмыш мәселенің екінші қырына да назар аудару қажет. Еліміздің барлық жоғары оқу орындарында дерлік тарих кафедралары тарихшы-педагогтарды даярлайтыны белгілі. Тарих пәні орта мектепте 5-11 сыныптар аралығында көлемді сағаттық жүктемемен оқытылады. Осыны ескере отырып, болашақ тарихшы-педагогтарға дін тарихын, дінтану негіздерін тереңдете оқыту арқылы «тарихшы, қосымша мамандығы бойынша дінтанушы» мамандығына бейімдеп даярлау анағұрлым нәтижелі әрі оқыту үдерісі тұрғысынан тиімді болатыны даусыз. Ал арнайы даярланатын дінтанушы мамандарды нақты сұраныстарды зерделей отырып, өндірістік және ғылыми-педагогикалық бағыттарға бакалавриат кезеңінен бейімдеген жөн.

Қазіргі «Дінтану негіздері» пәнін жүргізетін тарихшы мұғалімдерді қайта даярлау небәрі 24 сағаттық курс көлемінде жүргізілетіні, бұған қосымша мұғалімдердің жергілікті атқарушы органдар тарапынан ұйымдастырылған екі-үш күндік семинар-тренингтер аясында білім жетілдіретіні белгілі. Басқа уақыттарда мұғалімдер көбіне өз бетінше білім жетілдіруге, қолына түскен әдебиетпен қанағаттануға, негізгі мәселелерге жауапты ғаламтор материалдарынан іздеуге мәжбүр. Сондықтан кемінде 1 айлық толыққанды бағдарламаны қамтитын білім жетілдіру курстарын ұйымдастырып, әдістемелік және хрестоматиялық әдебиеттерді даярлау арқылы білім жетілдіру курстарының деңгейін көтеру қажет. «Дінтану негіздері» пәнін жүргізетін мұғалімдердің әдістемелік мәселелерді кеңінен талқылауына, өзара ақпарат алмасуына мүмкіндік беретін орталар (ғаламтор сайттары, парақшалары, әдістемелік журналдар) қалыптастырған жөн.

      Елімізде 2009 жылдан бастап Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы университетте «теология» мамандығы бойынша діни және дінтанулық салаларды астастырған жоғары білім беріле бастады. Бұл мамандықтың ерекшелігі – дінді тек сырттай талдау, бағалау, пайымдау арқылы тану және танытумен шектелмей, діндердің ішкі болмысын зерделей оқытатын курстардың үлес салмағы басым болуында. Дін ұстанушының сана-сезімінің динамикасын зерттейтін, түсіндіретін пәндер тағылымын тәжірибемен ұштастыруға, дінтану ғылымын өз кезегінде екінші бір шетін көзқарас болып табылатын атеизм ұстанымдарымен біржақты қаруландырудан сақ болуға мүмкіндік беретін аталған мамандықтың еліміздің діни және дінтанулық білім жүйесінде өзіндік орны болары сөзсіз. Қазіргі кезеңде болашақ отандық теологтардың алғашқы буыны соңғы курста білім алуда. «Теология» мамандығы бойынша 2012 жылы мемлекет тарапынан 10 грант бөлінген болса, 2013 жылы 22 оқу гранты бөлінді.

«Исламтану» мамандығының дербес қалыптасуы Қазақстандағы діни және дінтанулық білімнің өзіндік ерекшелігі болып табылады. Аталған мамандық «Нұр-Мүбарак» мысыр ислам мәдениеті университетінің Исламтану кафедрасы базасында даярланады. Исламтану мамандығының дербес оқу стандарты бар, ол исламтанушы мамандарды, ислам дін қызметкерлерін, ғылыми кадрларды даярлауға бағытталған. Бұл мамандық бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде білім беріледі. Мемлекет тарапынан «исламтану» мамандығы бойынша 2011-2012 оқу жылына – 100 грант, 2012-2013 оқу жылына – 100, 2013-2014 оқу жылында 150 грант бөлінді, 2014-2015 оқу жылында 200 грант бөлу жоспарланған.

2011 жылдың 23 қарашасында университеттің Қазақстан және Египет тараптарының өкілдерінен тұратын Қамқорлар кеңесінің 4-отырысы өткізілді. Отырыс хаттамасында университет құрылымына өзгерістер енгізіп, жаңа факультеттер құрып, тиісті кафедралар ашу, діни мамандықтар қатарын кеңейту мәселелері қарастырылды.

Үстіміздегі жылдың наурыз айында Мысыр Араб Республикасының Каир қаласында университеттің Қамқорлар кеңесінің 5-отырысы өткізіліп, әл-Азхар университетімен бірқатар ынтымақтастық бағыттары белгіленді. «Нұр-Мүбарак» мысыр ислам мәдениеті университетінің деңгейін халықаралық стандарттарға сай дәрежеге көтеру шараларын қабылдау, оқу үдерісінің толыққандылығы мен бірізділігін сақтау, университет жанынан дайындық курсы мен имамдардың білім жетілдіру институтын ашу секілді әдістемелік тұрғыдан маңызды шараларды жүзеге асыру жолдары белгіленді.

Діни және дінтанулық білім бағыттылығы жөнінен бір-бірінен ажыратылғанымен, түпкі мақсаты бір. Ол – дін туралы түсінікті дұрыс қалыптастыруға, шетін көзқарастардан сақ болуға, өзге діндер мен сенімдерге құрметпен қарауға, дәстүрлі рухани құндылықтарды қадірлеуге, «имандылық» ұғымын ізгілік өлшемі тұрғысынан дұрыс түсінуге және бағалай білуге жетелеу. Сондықтан заман талабына сәйкес діни және дінтанулық білімнің ортақ мақсатқа тиімді түрде бірлесе қызмет етуінің жан-жақты мүмкіндіктерін жете қарастырған жөн.

Назар аударатын бір мәселе – еліміздің жоғары оқу орындарында дінтану, теология және исламтану мамандықтары бойынша оқытылатын негізгі (базалық) және кәсіптендіру (мамандық) пәндерінің бағдарламалары елеулі дәрежеде бірін-бірі қайталайды. Әсіресе теология және исламтанудың мамандық пәндерінде айырмашылық өте аз екендігін, мұның өзі білім беру саласындағы заңнамалық талаптарға сәйкес келмейтінін ескерген жөн. Бұл да аталған мамандықтардың арақатынасы мен негізгі бағыттарының әзірге жеткілікті дәрежеде жүйеленбегендігін аңғартады. Бұл орайда дінтанушы ғалымдардың аталған мамандықтарды біріктіріп, ортақ әмбебап стандарт қалыптастыру жөнінде ұсыныстарының да негізсіз еместігін назарға алған жөн. Осыған орай БҒМ базасында министрліктің, Агенттіктің және дінтанушы мамандар даярлайтын кафедралардың жауапты өкілдерінен Кадрлар даярлау жөніндегі салалық кеңес құрылуы және оның негізінде дінтану, исламтану, теология мамандықтарының типтік оқу бағдарламалары қайта жасақталуы қажет. 

      Отандық білім жүйесіндегі 2013 жылғы жаңалықтардың бірі «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында «дінтану», «теология» және  «шығыстану» мамандықтарына грант бөлінгендігі болып отыр. Бұл қадам отандық мамандардың діни және дінтанулық білім саласындағы біліктілігін арттырып, әлемдік тәжірибемен жете танысуға септігін тигізері анық.

Қорыта келгенде, қазіргі Қазақстандағы дінтанулық білім өзіндік базаға, тиісті білім үдерісі құжаттарына, қалыптасқан тәжірибеге ие, халықаралық ғылыми және білімдік байланыстарды жандандыруға өзіндік үлес қосып отырған қоғам өміріндегі маңызы жоғары білім беру саласы болып табылады. Өзге де білім салалары секілді дінтанулық білім уақыт талабына сай бағыттылығы жөнінен бірізділендіріліп, мазмұны тұрғысынан байытылып отыруға тиіс. Дінтанулық білімнің динамикалылығын арттыру, қасаң көзқарастардан арылту, тәжірибелік курстар санын көбейту шараларын жүзеге асыру нәтижелі болмақ.

Айтылғандардың негізінде уәкілетті органдар, білім беру мекемелері мен дінтанушылар қоғамдастығы назарына төмендегілерді ұсынамыз:

- дінтану пәнінің мақсаты мен міндеттері, оқу бағыты мен мазмұны мемлекеттік көзқарас тұрғысынан тұжырымдамалық негізде айқындалуы қажет. Соның негізінде дінтану пәнінің оқу бағдарламасы қайта жасалып, оқу-әдістемелік кешені жаңа мазмұнда жазылуға тиіс. Осы негізде дінтанудың базалық (негізгі) және бейіндік (мамандандыру) пәндерінің міндетті модульдеріне кіретін пәндер мазмұны бірізді бағдарламаға сәйкес жазылуы керек;

- дінтану, теология және исламтану пәндерінің базалық бағдарламаларын қайта қарау, салғастырып, жүйелеу, қажет жағдайда аталған мамандықтарды «дінтану» әмбебап стандарты аясында біріктіру мүмкіндіктерін қарастырған жөн;

- болашақ дінтанушы мамандарды оларға деген нақты сұраныстарды зерделей отырып, өндірістік және ғылыми-педагогикалық бағыттарға бейімдеп даярлау тетіктерін жетілдіру қажет;

- дін саласындағы мемлекеттік орган мен дінтанулық білім беру ұжымдарының байланысын тұрақты негізде дамыту, болашақ дінтанушыларды сенімді, өзекті әрі тың ақпараттармен қамтамасыз ету мақсатында оларға Агенттік мамандарының дәріс өткізуін жүйелі негізге қою қажет. Бұл орайда жеке дәрістермен қатар оқу бағдарламасына «Қазіргі діни ахуалдың өзекті мәселелері» атты бітіруші курс студенттеріне арналған курсты енгізіп, Агенттік мамандарының жүргізу мүмкіндігін қарастырған жөн;

- болашақ тарихшы-педагогтарға дін тарихын, дінтану негіздерін тереңдете оқыту арқылы «тарихшы, қосымша мамандығы бойынша дінтанушы» мамандығына бейімдеп даярлау тетіктерін қалыптастыру, аталған мамандықтың оқу бағдарламаларының типтік үлгісін және мазмұнын дінтану кафедраларының белсенді араласуымен жасақтау қажет;

- жалпыға бірдей білім беретін орта мектептердің 9-сыныбында факультатив ретінде оқытылатын «Дінтану негіздері» пәнінің атын уақыт талабына сай қоғамтанулық мазмұнын жетілдіру мақсатында «Зайырлылық және дінтану негіздері» деп өзгерту, аталған пәннің оқу бағдарламасы мен оқу-әдістемелік кешенін қайта даярлау шараларын толыққанды әрі сапалы деңгейде жүзеге асыру керек;

- «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнін жүргізетін мұғалімдерге арналған 1 айлық білім жетілдіру курстарын ұйымдастыру және оларға арналған әдістемелік және хрестоматиялық әдебиеттер даярлау жұмыстарына дінтанушылар қоғамдастығын белсене араластыру, сонымен қатар «Дінтанушы» ғаламтор сайтын, «Дінтану» ғылыми-әдістемелік, танымдық журналын ұйымдастыру қажет.

 

А.Әбдірәсілқызы


ҚР Дін істері агенттігі Төрағасының

кеңесшісі, филол. ғ. к. 

0 пікір