Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Билік 5569 0 пікір 6 Маусым, 2014 сағат 16:12

Қазақ жастары Конияда репрессия мен ашаршылық құрбандарын еске алды

Түркия Республикасы, Кония қаласында 31 мамыр- ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шара болып өтті. Еске алу кеші Кония Қазақ жастары бірлестігінің ұйымдастыруымен және Кония Түрік Ошағы жастар ұйымының қолдауымен жүзеге асты. Іс-шара қуғын-сүргін құрбандарының рухына Құран бағыштаумен бастау алып, XX ғасырдың басында Қазақ халқының басынан өткен ұлы нәубет туралы баяндамамен өз жалғасын тапты. Ашаршылықтың себептері, салдары және қорытындысы жайлы жиналған жұртқа мәлімет берілді. Қуғын-сүргінге ұшыраған, ату жазасына кесілген Алаш арыстарының қысқаша өмірбаяны көрсетіліп, Алаш ұраны оқылды.

Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Қазақ студенттерінің ұйымдастыруымен болған бұл шара Кония қаласында бірінші рет ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты алыста жүрген қандастарымызға, Түрік халқына Қазақ халқының тарихын, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін насихаттау. Бағдарлама соңында ағайын Түрік елі орны толмас қазаға көңіл айтты және әрқашан бауырлас Қазақ халқының жанынан табылатындарын айтып, өз тілектерін білдірді.


Айгерім САРПЕКОВА

Кония қаласынан

0 пікір