Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Қоғам 8703 0 пікір 11 Маусым, 2014 сағат 12:42

АҚЫЛБЕК ШАЯХМЕТ. БЕЙІМБЕТСІЗ ҚОСТАНАЙ


 

Қостанай облысы басшыларының назарына

(Бейімбет Майлиннің туғанына 120 жыл толуына)

 

Көрнекті сөз зергері Бейімбет Майлиннің туып-өскен елі қазіргі Қостанай облысының Таран ауданы талай ақындар мен батырлардың, билердің атамекені. Ел аузында жүрген шежіре деректеріне жүгінсек, қарабалық қыпшақтан Шоманақ, Қарсақ, Танабұға, Жолыншы және Жолжақсы тараса, Жолыншыдан Сопы, Сопыдан Қарта туады. Жантілес Жолжақсының баласы. Қартадан Қошқар, Жауар, Мамажар, Мәметек, Әлеке және Әлігеш туады. Жабағы батырдың ата тегін одан әрі таратсақ, Қошқардан Тәуке, Тәукеден Сыма, Сымадан Тоқмәмбет, Ақжігіт, Ақмәмбет. Абылай ханнан бата алған, ақжолтай батыр атанған Түгел батыр осы Ақжігіттің баласы.

Түгелден Ипан, Ипаннан Жабағы батыр туған. Ягни, батырдың немересі де атаға тартып батыр болған. Батыр болайын деп ойламаған да шығар, айқасы мен шайқасы көп қысылтаяң заманы қанына тартып туған ұланды батыр қылған.

Ақжігіт көркем сөздің зергері Бейімбет Майлиннің  түп атасы. Таратып айтатын болсақ, Ақжігіттен Өтеген, Қожық, Түгел, Атан, Жобал туады. Атаннан Тәукебай, Тәукебайдан Майлы, Майлыдан Жармағамбет, Жармағамбетген Бейімбет. Сүйтіп батыр туғызған ел ақын да туғызған.

Түгелдің тарихының өзі аса қызық. Ақжігіттің келіншегі босанып, ұл тапқанын естіген жұрт сол кезде Хан ордасына жақын болған Ақжігіттің баласына ат тауып қоя алмайды. Сонда ханның өзі: «Ақжігіттің баласы маған да бала болады, ендеше баланың атын өзім қояйын, есімі Түгел болсын! Төрт құбыламызды түгендеп жүрсін!» – деп батасын беріпті. Түгел ер жетіп, жорықтарға қатысып, ерлігімен таныла бастайды. Жас жігіттің қысылтаяңда жау қашырған осындай бір ерлігіне ырза болған Абылай хан оған: «Не қалайсың? Қаласаң, бағымды да, тағымды да берейін» десе керек. Сонда Түгел: «тағыңызды не қылайын, тақсыр, маған бағыңыз да жетеді. Бірақ, Алла-тағаланың берген бағы басыңыздан аумасын!» –  деп жауап беріпті.

Бейімбет Майлин «Бай ермегі» деп аталатын өлеңінде (Б.Майлин.Ел сыры. Алматы: «Жазушы» баспасы, 1994 жыл, 90 бет) осы өлеңнің кейіпкері Жұмағазы ақсақалдың аузымен Түгел батыр туралы кепті тілге тиек қылады.

«Түгел батыр қазақтың серкесі екен,

Алақанға салатын еркесі екен.

Ел қоңысы ол кезде Сыр, қуаңда,

Құмды, шөлді, сонарды қылған мекен.

Түгел десе түп-түгел ақыл-қайрат,

Булыққан жігер-күші бойда қайнап.

Қатарын бала күннен басып-озып,

Қайтпайтын болат болып шыққан жайнап.»

Одан әрі Түгелдің пір іздеп шығып, әруақ қонған Абылай ханға жолығып, тілдескені, кәміл пірден екеуі бірге барып бата алғаны айтылады:

    Сондағы берген батасы мынандай:

«Саған деген батамды сақтап едім,

Келмесең де бір іздеп таппақ едім.

Шұбар туды найзаңның ұшына іліп,

Тілек тілеп сыртыңнан жатпақ едім.

Нақ кереккен еліңе кезің еді,

Жәбір көріп кәпірден безіп еді.

Сарыарқаны жыбырлап қалмақ қаптап,

Қазақ ұлын быт-шыт қып езіп еді.

Мынау жатқан шұбар ту саған белгі,

«Түгел!» деп шап, соңына ерт қалың елді.

Ықылас таза, батамды мен берейін,

Қолыңды жай, «Әмин!» деп жүгін енді.»

Түгел батырды Би-ағаң жаужүрек батыр ғана емес, елді соңына ерткен ақылы асқан ер есебінде сипаттайды:

«Түгел» деген дауысы жерді жарды,

Ер азамат, бағыланды ертіп алды.

Сарыарқадан бір кәпір қоймаймын деп,

Қалың қалмақ еліне ойран салды.

«Түгел»  десе әруақ қаптап кетті,

Қалың қосын қалмақты таптап кетті.

Қызын күң қып, ұлдарын құл қып айдап,

Қалың қазақ Арқаға қоңыс тепті.

Желбіреген шұбар ту жығылмады,

Үдей берді қалмақтың шұбырғаны.

Сарыарқаға қазақты орнатпақ боп,

Кеудесінде барында шыбын жаны.

Сарыарқаға қазақ кеп қоңыс алды,

Мал жайылып, семіріп, өріс алды.

Ел құтылып егескен қалың жаудан,

Береке орнап, аз уақыт тыныс алды.

Төрт түлік мал қыбырлап сыймай кетті,

Қызық дәурен сүретін мезгіл жетті.

Ас пенен той атаның мұрасы боп,

Алға салды қадірлеп би мен бекті».

Б.Майлиннің бұл өлеңі 1923 жылы наурыз айында ауылда, яғни, Түгел батырдың ел-жұрты тұрып жатқан атамекенде жазылған.

Түгелден Ипан мен Жәнібек туса, Түгелдің Абылай хан өз қолынан берген жорық туы кенже балада қалған. Жәнібектен Қарақұл, Қарақұлдан Күсіп, Күсіптен Мырзағали туады. Мырзағалидың Сақтаған және Хасен есімді екі баласы болған. Хасен бұл күндері арамызда жоқ. Аталған сарыала ту оның жұбайы, Таран ауданының орталығында тұрып жатқан Ысқақова Зағипа апай күтіп отырған батыр ұрпағының шаңырағында сақтаулы. Көненің көзін апай біздерді танып, дәретін алып, Құран оқытып барып көрсетті. Қобдиша ішінде жатқан ту күн көзіне көрсетіп ұстаса үзіліп кетердей сүзіліп түр. Туды көрген адамның бойында жігер пайда болады, көз алдыңа самсаған қалың қолдың алдында кетіп бара жатқан батырдың өзі келгендей әсер қалады.

Көнеден қадған екі бірдей жәдігер Түгел батыр мен Жабағы батырдың ұрпағы Рақымберген ақсақалдың үйінде сақтаулы. Жақында көненің көзі болған Рақымберген ақсақал да фәниден бақиға озды. Өтеміс Қалабаев пен Асылбек Тәшбаев ақсақалдар жазып қалдырған шежіреге және Рақымберген ақсақалдың деректеріне сүйенсек, Жабағы батырдың баласы Бердалыдан Кенжебай туған. Рақымберген Кенжебайдың баласы. Жабағы батырдың туы және өзі ұстаған кісесі осы шаңырақта. Түгел батырдың туы үш бұрышты болса, Жабағы батыр туы төрт бұрышты. Шетіне оюлап өрнектер салынған. Тудың ортасында да өрнектер бар. Ал теріден жасалған кісенің ортасына көз қойылған. Басында ол арада асыл тас болған деп жобалаймыз. Бірақ, кейін тасы жоғалып, орнына басқа бір зат салынған тәрізді. Біздің ойымызша, бұл қастерлі бұйымдар облыстық тарихи-өлкетану мұражайына табысталуы керек.

Абылайды хан көтерген ормандай көп Орта жүз, соның ішінде Бұхар жыраудың сөзіне жүгінсек: қара керей Қабанбай, қанжығалы Бөгембай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек болғаны белгілі. Хан сарбаздарын басқарған қыпшақ сардарлары да аз болмаған. Бірақ, жоғарыда аттары аталған батырлардың ұрпақтарында олардың ұстаған туы қалмаған. Ал кейінгі ұрпаққа мақтаныш етіп көрсетер осындай қасиетті мұраны ғасырлар бойы жоғалтпай, сандыққа салып, сары алтындай сақтап келген Түгел мен Жабағы батыр ұрпақтарына Жаратқан жар болсын дейміз.

Би-аға өзінің көптеген шығармаларында жер атауларын да, кісі есімдерін де қаз қалпында, өзгерпей қолданған. Мәселен, «Жалбыр» повесінде (Бейімбет Майлин, «Ел суреттері» Алматы: «Жазушы», 1994 ж.) Есмолданың Тәшені деген жігіт туралы баяндай келіп: «Қазыбай, Қарақыз деген көрші отырған ел ғой. Қазыбайда атышулы Наурызбай бидің тұқымы бар, Наурызбайдың Байекесі орысша білім алып, орыс төрелерімен жақын болып, ертеректе бірнеше сайлауда болыс болып келген адам еді. Осы Байқанның Дүйсембайымен ақтық рет таласқа түскен жолы, Дүйсембайдай штатқа ақша шаша алмады да, Байеке болыстықтан айырылды. Соның күйігіне шыдай алмағандай сол жылы қажыға кетіп, сүйегі Меккеде қалды... Есмолданы жындандырған сол Байеке болыс. Жас жағынан екеуі құрдас болды да, өзі болыс кезінде Есмолданы атқа мінгізді. «Осы болыстық екеумізге де жетеді, атына мін, Есмолда» – деді ол. Есмолда осыны арқаланып атына мінді. Елдің қулары бір тоқтыны шығынсынбай, Есмолдаға қонақасы беретін болды. Есмолда одан әрі ексімденді.  Жолы түсіп Байеке бір рет үйіне келгенде «құлын етінен басқаны жеп көрмеген құрдасым еді» – деп Есмолда оған жалғыз құлынын сойып, қонақасы берді. Сүйтіп жүріп осы Есмолданың  жалғыз істеген игі жұмысы осы Тәшенді орысша оқытқандығы еді» – деп суреттейді.

Би-ағаның айтып отырғаны түп-түгел болған оқиға, есімдері аталған кісілердің де шығармада аттары өзгертілмеген. Қазіргі Қостанай ауданының  орталығы болып есептелетін Затоболовка ертеде Құтты алап деп аталған. Бұл туралы Бейімбет Майлин «Жалбыр» повесінде атап жазған.  Өкінішке орай, бұрынғы тарихи жер атауын осы күнге дейін қайтара алмай отырмыз. Тіпті Әйет өзенінің атын ана тілімізде Аят деп жазып келеміз. Шын мәнісінде, аят қасиетті Құранның аяты, орыс тіліндегі нұсқасында да Айет деп жазылуы керек қой. Бейбіт ақынның «Шұбардан көшуші едік шыға жайлап, Әйетте қонушы едік бие байлап» – деген жолдары бар. Нұрхан Ахметбековтың «Жасауыл қырғыны» дастаны «Сазды Әйет, Сарыарқада Түйемойнақ» – деген жолдармен басталады. Жырдағы жер атаулары Әйет пен Түйемойнақ – қазіргі Таран және Денисов аудандары орталықтарының  түп атауы. Тарихи әділет қашан қалпына келтіріледі деп күткелі көп жыл өтті.

Би-ағаның жерлесі, сахна тарланы Серке Қожамқұловтың сахнаға тұңғыш шығуы өз ауылында 1916 жылы болғаны, онда ол Бейімбет Майлиннің өлеңдерін оқығаны да тарихтан белгілі. Ал көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаров Бейімбет Майлин туралы: «Ол төл әдебиетімізде өзіндік мектебі, мәнері, шәкірттері бар қаламгер. Бұл бақыт кез-келген жазушының маңдайына жазыла беретін қасиет емес. Ал біздің Бейімбет – сондай бақытты қасиеттің адамы» деген ой түйіндеген.

    Бейімбет Майлиннің туғанына жүз жыл толу мерекесі республикалық деңгейде тойланған жылы Би-ағаға арнап жыр жазып, республикалық мүшайрада жеңімпаз атанғанымды да өзіме мәртебе санаймын. Сонда оқыған жыр жолдарым көңілімде әлі сайрап тұр.

Ақылыңнан айналайын, Би-аға,

Мен де тудым өзің өскен ұяда.

Бірақ, неге көз бұлдырлап кетеді,

Өзіңе ұқсап көз жіберсем қияға.

 

Тағдыр айдап түскеңінде түрмеге,

Сезбедің бе жылан барын іргеде.

Қарабеттер өмір сүрген қоғамда

Ақ нәрсеге тез жұғады кір неге?

 

Ептілер мен белсенділер тіс қаққан,

Қолдарыңда болғандықтан күш батпан,

Қойдай тізіп еңіреген ерлерін,

Елім деген Елдесті те ұстатқан.

 

Жендеттерің жатқан шақта желкелеп,

Білмедің ғой өскен елде еркелеп,

Сайфи Құдаш, Хасан Туфан сөз сөйлеп,

Жоқтайтынын Елубай мен Серке кеп.

 

Бүгін ауыл өзің туған өзгерген,

Өзгергенін құлақ естіп, көз көрген.

Сепкенінен төккені көп заманда

Шашынан көп алатыны өзге елден.

 

«Кім көтерер ауыр ғасыр жүгін?»-деп,

Егілемін кейде ішімнен күбірлеп.

Сіміреді Бавария сырасын

Мырқымбайың коммерсант боп бүгінде.

 

Отырар ем  мен де шашты ширатып,

Талаптыға талантымды сыйлатып.

Қорқамын тек ессіз біреу байқамай

Босағамды кете ме деп қиратып.

 

Жау жағадан, бөрі етектен алғанда,

Талай арыс кетті ғой деп арманда,

Нелер сұмдық өтті ғой деп басымнан,

Кейде мен де қарғыс айтам жалғанға.

 

Арқасына азап артқан Би-аға,

Жазғандарың жазмыш тартқан сый, аға,

Терген сырың көріп-біліп, аңғарып,

Арнасына бұл ғасырдың сия ма?!

    Ал ақынның  жары Күнжамал апайдың қасіретті тағдырын ешкімнің басына бермесін. Бұл туралы баспасөз бетінде аз жазылған жоқ. Мен оны да өлеңмен өрнектеуге тырыстым.

Көңілінен шыға алған дүйім көптің,

Әруағынан айналдым Бейімбеттің.

Адал жанның ұялмай үйін тінткен

Арамзалар тамақта түйін боп тұр.

 

Тарқап кеткен кезінде жыр-базардың,

Иісін сезіп жүргенде күнде ажалдың,

Қарабеттер бөлмеге баса-көктеп,

Жұқартыпты жүйкесін Күнжамалдың.

 

Ақ парақтар от болып жанатындай,

Ұшып жатса аққудың қанатындай,

Қарақшылар қарғадай қарқылдапты,

Қолжазбадан бір дерек табатындай.

 

Қасиетті қиналмай талақ қылар,

Көз алдымда тұрғандай абақтылар.

Қой соңына салыпты ақын жарын

Міне, осындай көзі ашық, «сауаттылар».

 

Басу айтып тұрғандай тегіс елі,

Бетін сипап самал жел, көріседі.

Жел тұрғанда қалың қау сыбдыр қағып,

Қасіретін ананың бөліседі.

 

«Бейімбеттің аңқылдақ жаны қайда,

Жазықсыздан төгілген қаны қайда?» –

Ызыңдайды бір тынбай дала желі,

Зарлана ма, егіліп, аңырай ма?!

 

Сырын шертсе аспанда бозторғайға,

Шырылдаған титтей құс сөз тыңдай ма?!

Кеудеңдегі өртіңді баса ала ма,

Қай-қайдағы дертіңді қоздырмай ма?!

 

Қарс  айырылып ананың көкірегі,

Дейді: «Қайтсем, жетімдер жетіледі»

Осы күні дегенге кім сенеді,

«Осындай да сұм-заман өтіп еді».

 

Адалды арам жаламен жаралар ма?

Жүгінуі керек қой адам арға.

Жарын күткен, ақ жаулық – арын күткен,

Бір ескерткіш қояйық аналарға.

Би-ағаның басына күн туған алмағайып заманда өз басына қауіп төнсе де ғайбат айтпаған Ғабең – Ғабит Мүсіреповтың «Бейімбет жау болса мен де жаумын» деген бір ауыз сөзінің өзі неге тұрады?

Бір шырқаған қоңыр әнді,

Тартып тағдыр «сыйын» көп,

Кос ішегіндей домбыраның

Ғабит пенен Бейімбет.

Бірі аға да, бірі інісі,

Көрген кісі сүйінбек.

Туған елмен бір тынысы,

Ғабит пенен Бейімбет.

Бірі басшы, бірі қосшы,

Қалған емес кейіндеп.

Біріктірген ұлы достық,

Ғабит пенен Бейімбет.

Оқысаңдар жазғандарын,

Шешілетін түйін көп.

Кен қопарып, қазғандарым

Ғабит пенен Бейімбет.

Қарағайдай мызғымайтын,

Үйірсе де құйын кеп.

Ойлары анық, сөздері айқын,

Ғабит пенен Бейімбет.

«Халық жауы» дегенде де

Бірге налып, күйінбек.

Қосақталған көгенге де

Ғабит пенен Бейімбет.

Ел болғанда астан-кестен,

Жақсыларға тыйым көп.

Соның бәрін бастан кешкен

Ғабит пенен Бейімбет.

Теріп сөздің салмақтысын,

Айтар болсақ түйіндеп,

Алты Алаштың ардақтысы

Ғабит пенен Бейімбет.

Ал сол алты Алаштың жақсыларын есте қалдыру үшін не жасадық дегенде кібіртіктей береміз. Жазушының жүз жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның туған ауылы Ақтөбеде елуге жуық тұрғын үй, мешіт салынды. Қазір айтуға да ұят жағдай, сол ауылдың енді жұрнағы ғана қалды. Үйлер қаңырап бос қалды. Мешіт малқораға айналды. Басшылардың биылғы жылы мешітті қайта қалпына келтіреміз деген уәдесі бар. Ауылдың қаңырап қалуына себеп – сол кезде жоспарланған көпірдің салынбай қалуы еді.

Өткен жылдардан қалған өкініш, көпірге қаржы жетпей қалған болса, Әйет өзенінің арғы жағасында орналасқан Ақтөбе ауылын қайтадан жаңғыртып та керегі жоқ еді. Оның есесіне Ақтөбе ауылын өзеннің бергі жағына, тас жолдың бойына салу керек еді. Өйткені, арғы жаға мен бергі жағаны бөліп жатқан, жазда тыныш ағатын, көктемде бұлқан-талқан болатын, тасып ағатын өзен жағасында Би-аға жас кезінде жүргенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Ал жазушы туды деген мекен арғы жағаға, алақандай жерге ғана байланып қалған жоқ еді ғой. Осыдан жиырма жыл бұрын бұл тақырыпқа да жыр арнағаным есімде.                       

Қазақ көп көштен қалған, аштан өлген,

Іздеген бақ-таланын басқа жерден,

Апырай, көзі қиып кім атты екен

Ақынды дәл қырық төрт жасқа келген.

 

Мен биыл жасындамын Би-ағаның,

Ақынды есіме де жиі аламын.

Тұрсам да елден ерек тасынғым кеп,

Ағаның әруағынан ұяламын.

 

Қырда өскен мен де ауылдың баласымын,

Көзінің ағы менен қарасымын.

Даланы гүлдентуге шақырамын

Жайлаған Сарыарқаны алаш ұлын.

 

Ұмыт боп тартқан азап, қасіретің,

Сақталып  қалсын мәңгі қасиетің.

Қазақтың алыптары қатар шыққан,

Киелі ауыл осы бас иетін.

 

Мен биыл Би-ағаның жасындамын,

Мұң-нала жиылып тұр басымда мың.

Ағызып сөздің майын, елдің жайын

Қалайша айтып кеткен асыл дарын?!

 

Бәрі өтер... Мезгіл жетер ойланатын,

Сермерміз келешекке ой қанатын.

Заманды тұрар бағып қабағымен

Ауылға қарауылға қойған ақын.

Би-аға сауатын ашқан медіресені салдырған Қилыбаев Арғынбай   қажы  туралы «Егемен Қазақстан» газетінде (24 шілде 2012 ж.) техника ғылымдарының докторы, профессор Марат Шуақаев пен газет тілшісі Нәзира Жәрімбетованың мақаласы жарық көрді. Авторлар: «Әйет бойында туып, ер жеткен Би-ағаң да сауатын  Арғынбай   қажы  негізін қалаған медіреседе ашқан. Архив құжаттары бойынша,  Арғынбай   қажының  30 ер балаға арналған медіресесі Торғай облысының әскери губернаторының №1652 рұқсатымен 1870 жылы 8 сәуірде ашылады. Яғни, бұл Қостанай өңірінде ерте ашылған білім ұясының бірі. Қостанайдағы атақты татар көпестері ағайынды Яушевтар мешіттің базасында 80 балаға арналған медіресесін 1905 жылы ашқан еді. Тобыл бойын жайлаған алтыбас қыпшақтар жинап берген қаржыға ағайынды Яушевтар Қазаннан шеберлер шақыртып салдырған осы мешіт және олардың өз қаржысына салған пассаж әлі күнге дейін Қостанай қаласы орталығының сәулетін келтіріп тұр. Арғынбай  қажылық парызын өтеу үшін Меккеге 1904 жылы мамырда кетіп, келер жылдың сол мезгілінде қайтып оралған... Арғынбай   қажы  1926 жылы қайтыс болады. Ол өз аталарының қарта қыпшақ қорымына жерленді» - деп жазған.

Би-ағаның өзі мен ұстаздары туралы деректер мұражайда көрермендер көзайымына айналса нұр үстіне нұр болар еді. Жазушы шығармаларын терең зерттеген бейімбеттанугшы қаламгер Тоқтар Бейісқұлов облыс орталығында Бейімбет мұражайын ашу туралы кезінде республикалық баспасөз бетінде орынды мәселе көтерді. Оның ынтасымен  2004 жылы сол кездегі республика премьер-министрі Д.Ахметовтың, Қостанай облысының әкімі С.Кулагиннің атына хат дайындалды. Хатқа есімдері елге әйгілі М.Әлімбаев, З.Қабдолов. Ә.Нұрпейісов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Т.Молдағалиев, Ө.Сұлтанғазин, К.Нұрпейісов, Г.Бельгер, Ш.Елеукенов, Ж.Исмағұлов, Ғ.Қабышев сияқты қаламгерлер қолдарын қойған болатын. Хат «Қазақ әдебиеті» газетінің 26 наурыз күнгі санында жарияланды. Алайда, бұл хат та аяқсыз қалды.

Облыста мұндай мұражай ашылған жағдайда, жалғыз Би-ағаң емес, осы өңірде туып-өскен басқа әдебиет және мәдениет қайраткерлері туралы материалдар да жинақталып,  әдеби және мәдени өмірдің айнасына айналары даусыз.

Сұлтанмахмұттың кейіпкері: «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» демеуші ме еді?! Қостанайдың құнарлы топырағында небір асылдар туып-өсіп, өркен жайған. Олардың есімдерін есте қалдыру туралы шаралар жоқтың қасы. Қазақстанның басқа облыстары, тіпті экономикасы Қостанайдан анағұрлым төмен деңгейдегі аймақтардың өзінде «Жүз кітап» деген бастамамен жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары мемлекет қаржысына шығарылып жатыр. Осыдан бірер жыл бұрын Астанадағы «Фолиант» баспасы осы идеямен облыс басшыларына шыққанын да білеміз.Сол бастама Би-аға шығармаларынан басталса, кәнеки.

Би-ағаның ««Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз, ауыл дене, ал біз оның жанымыз» деген қанатты сөзін тағы қайталаудың ерсілігі жоқ. Денеден қуат кетсе жанның жағдайы не болмақ? Ауылды көркейту елім деп еңіреп өткен асыл ағалардың  туып-өскен мекенінен бастау алуы керек.

 

 

 

 Суреттерде:

  1. 1.     Жабағы батырдың туы
  2. 2.     Түгел батырдың туы
  3. 3.      Жабағы батырдың кісесі

 

      Суреттерді түсірген автор

 

Ақылбек Шаяхмет,

жазушы, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры 

 

Abai.kz

0 пікір