Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Билік 5989 0 пікір 12 Маусым, 2014 сағат 09:24

«СПОРТҚА КЕЛЕТІНДЕР КӨП, ҚАЛАТЫНДАР АЗ...»

 Baq.kz сайтында жарияланған Мәскеу Олимпиядасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз:

 Жақсылық аға , сіз Мәскеу олимпиадасында еркін күрестен алқа алқа тағынып, « Қазақтың батыр ұлы Жақсылығы, Күрестің көк тіреген ақ сырығы» атанған балуансыз! Спортпен бала жастан айналысып келесіз бе?

- Мен Жамбыл облысының Байзақ ауданы Тегістік деген ауылында дүниеге келдім. Менің ауылым шағын ғана ауыл . Әкемнің мамандығы кассир еді.Қарапайым ғана жан болды. Ал шешем дүкенші . Дүкенге келген елу килолық ұн, күріштің қаптарын еркін көтеріп , текшелеп жинап қояды екен. Содан менің өмірге келгенім де қызық болған. Отбасындағы жалғыз ұлмын. Шешем бір жәшік қара кір сабынды көтеріп жатқанда, мен жерге түсіп қалыппын. Қазақ ырымшыл халық емес пе?! Қара сабынның қайратындай мықты болсын дегені ме, мені атымды Жақсылық қойыпты. Кіндігімді әжем Фатима кескен. Бала кезінде ауыл баласының бәрі спортқа құмар боп өспейтін бе еді?! Мен де аяғына құлық жағып алғандай желаяқ болдым. Футбол, қазақша күрестен ауылдың чемпионы ғана емес, Таластың жағасында өскендіктен жүзуден де алдыма жан салмайтын мен едім. Бірақ мен сол кезде өскенде чемпион боп , елге танылармын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Мұның бәрін де сол ауыл баласына тән әуесқойлықпен, қызығушылықпен істедім ғой. Ауылда қой бағасың, шөп шабасың. Күнге күйіп , тас басасың, там саласың Жапырақтай болсам да, осының бәрін де ұнататын едім. Бала кездегі арманым совхоз директоры болу еді. Ол үшін ауылшаруашылық оқуын бітіру керек. Жалғыз менің ғана емес, сол кездегі барлық баланың арманы ауылшаруашылық институтына түсіп, агроном немесе совхоз директоры болу. Содан мектеп бітірген жылы ауылдан төрт бала оқуға кететін болдық. Бірақ оқуға түсіп кетеміз деген тек арман ғана болатын.

- Арманыңызға қол жеткізіп, Семей ауылшаруашылық институтына түсіп кеттіңіз.

- Оқуға қабылданғанымның өзі бір жыр. Қоңырлау күн кешіп жатқан жанұямыз. Әкем сиырын сатып, анам көйлегімнің « ұры қалтасына» білдіртпей тоқсан сомды тігіп берді. Қолымда он сом. Ауылдан төрт жігіт аттандық. Қызығы сол, желкеміздегі алып шахар Алматыға бармай, алыс қиырдағы Семей ауылшаруашылық институтын таңдадық. Неге солай еткенімізді өзім де түсінбеймін. Ауылдан шықпаған өрімдей балдармыз, оқуға түсе алмасақ та, жер , ел көріп қайтайық деген романтика болған шығар көңілде. Содан товарлы жүк поезымен бес күндей жүріп, Семейге келдік. Билет жоқ. Тамбурда тұрамыз. Кезектесіп ұйықтаймыз. Емтиханға он бес күн ерте барыппыз. Вокзал жанынан күніне бір сомнан үй жалдап, Семейді аралай бастадық. Көзімізге қораш көрінгені Семейдің жәй тапал ағаштары. Біздің жеріміз қандай еді, жайқалған бау ағаштарымыз қандай еді, Таластай өзеніміз қандай еді , бекер келдік деп іштей өкіне бастадық. Бір күні Ертісті жағалап жүрсем, өзен жағасында бір топ адам жиналып алып, әңгіме- дүкен құрып отыр екен. Не болып жатыр деген әуестікпен мен де жақындадым. Сөйтсем, орталарында еңгезердей бір орыс отыр. Жанында қаптаған қаба сақал орыстар . Мына Ертістің арғы бетіне жүзіп шыққан адамға әрқайыссы бір сомнан ақша тігеміз деп дабырласып отыр екен. Содан қарап екі орыстың жігіті шықты ортаға. Мен де ұмтыла беріп едім, жанымдағы жолдасым шап беріп білегімнен ұстай алғаны. Ойбай-ау, өзіміз жер түбінен , Жамбылдан келгенде Ертіске кетіп сорлап қаларсың , қой деп болмайды. Мен айттым, қорықпа, мен жүзгіш екенімді бір көрсетейінші бұларға, тіпті ішім пысып кетті деп мен де жарысқа койып кеттім. Жалғыз өзім жүзіп келдім. Әлгі екі орыс судың ортасынан қайтты. Жағаға жақындасам, орыстар мені жерден тік көтеріп алғаны. Сөйтіп, олжамыз бес сомды алып үйімізге қайттық. Ертесіне тағы бардым. Жарыс басталды. Байқаймын, орыстар да менен қалмай арғы жағаға жетті. Енді шын жарысу басталды. Мен әдіс-амалымды күшейте бердім. Өтірік қалып келе жатам да, жағаға жақындап зу етіп алдарынан шығам. Сөйтіп он шақты күн ішіінде елу сомдай ақша таптым. Бұл бізге жаман болған жоқ. Емтихан басталды. Қасымдағылардың бәрі құлап, сынақтардан өте алмай ауылға кете бастады. Мектепте жаман оқыған жоқпын. Құдай оңдап, оқуға түсіп кеттім.

 

- Спорттағы алғашқы табысыңызды институт қабырғасында қаладыңыз ба?

- Иә. Оқу маған қиынға соқты. Сабақ қиын оның үстіне орысша өтеді. Қыс та келді. Семейдің қырық-елу градус аязына шыдау тіпті қиын . Үстімдегі киімім де жұқа, жаным да жабырқау. Сөйтіп, бірінші курстың сессиясын тапсыра алмай , оқудан шығарылатын болдым. Өтпесе де, өтсе де жігітті қайрайтын намыс емес пе?! Елдегілер Үшкемпірдің баласы оқи алмай келіпті деп әңгіме қыла ма деген жаман ой да ұйықтатпайды. Мені институттың спорт залы өзіне тартты да тұрды. Күресіп ойнап жүргенбіз. Физкультурадан сабақ беретін Лю Вен Хай деген кәріс тренер бар болатын . Сол кісі мені сырттай бақылап жүреді екен. Қалалық жарыс өтеді күрестен. Қатысып көрсең қайтеді деп айтты ол. Мен күмілжіп, сессиядан ұшып, оқудан шығарылайын деп жатырмын. Қалай қатысам дедім. Тренер маған егер институт атынан бұл жарысқа қатысып, бірінші орын алатын болсаң, сенің сессияның мәселесін шешіп берем деді. Содан жан сала кірісіп кеттім күреске. Қалалық жарыста еркін күрестен спорт шеберін жеңіп бірінші, соңын ала облыстық сайыста бірінші орын алып, танымал болдым. Сөйтіп, оқуымды да дөңгелетіп әкеттім. Облыстан жеңгесін республикалық чемпионатта топ бастадым.

- Жеңіс сізге абырой мен атақ әкелді. Осы жетістіктеріңіз туралы айтсаңыз.

- Адам аспаннан аяғы салбырап , чемпион боп тумайды ғой. Бірақ талант боп тууы мүмкін. Мен талантпын дегеннен түк те өнбейді. Үнемі ұмтылыс, үнемі қозғалыс . Спортшыны жеңіске жеткізетін осындай қасиеттер. 1971-1976 жылдар арасында одақтық чемпионаттарда топ жардым. Сол жылдары боз кілемде жүлде алмаған кезім болған емес. Және бәрі дерлік бірінші-екінші орын. 1975 жылы Кеңес Одағында өткен спартакиада да бірінші орын алдым. Осы жетістігм үшін 1976 жылы Монреаль олиппиадасына қатысуым керек болатын. Алайда Мәскеу екінші орын алған А. Чумаковты алып барды. Мен сонда кіші халықтың кішкентай баласы болғаным үшін қатты күйзелдім. Жан- жүрегім тілініп, спорттан күдерімді үзіп , кетіп қалдым. Жарты жыл спорт залына бармадым. Салым суға кетіп мұңайып жүрген шағымда, мені Спорт Министрі Аманша Ақбаев іздеп таптырып алып, менің әбден көңілім қалғанын байқағасын Д.А. Қонаевқа алып барды. Қонаев ақсақал ұзын бойлы, жылы жүзді адам екен. « Жақсылық, сен өзіңді ойлама, халқыңды ойла, еліңді ойла. Сенің күресіңді бақылап отырам. Қамықпа. Мәскеу олимпиадасына қатысасың» деп айтты. Содан арқама Алатауды арқалатып жібергендей арқаланып шықтым. Мәскеу олимпиадасында алтыннан алқа тақтым. Бұл менің ең бақытты кезім еді. 
1983 жылы отыз екі жасымда спортпен қоштастым. Республикалық күрес мектебінің директоры болып он жылға жақын қызмет атқардым. Одан кейін 1993 жылы Қытайға келісім шартпен екі жылға бапкер болып кеттім. Ол кездерде заман қиындау , бала-шаға үшін нан табу керек болды.

- Қазір белгілі кәсіпкерсіз. Мал шаруашылығын дамытып келесіз, бұл бір кездегі совхоз директоры болсам деген арманыңыздың орындалғаны ма?

- Тоқсаныншы жылдардың ортасында инфарк алдым. Дәрігерлер маған ешкінің сүті ем болады дегесін, сол кездегі әкім Құлмахановқа барып көмек сұрадым. Әкім қарамағыма 2ОО ешкі, екі гектар жер берді. Ешкі бағып кеттім. Бұл ешкілер маған құт болды. Ешкілерім екі жылда көбейіп, бес жүз болды. Денсаулығым да жөнге келді. Содан ойладым. Ата- бабамның кәсібі төрт түлік мал болған ғой. «Мал баққанға бітеді» дегендей, өзім де мал маманымын осы шаруамды дөңгелентіп отырған жайым бар.

- Жапон халқында бір мақал бар ғой. «Балықшының баласы да ау тартады» деген. Балаларыңыз сіздің жолыңызды қумады ма?

- Спорт – киелі. Спортқа келетіндер көп, қалатындар аз. Спорттағы жанкештілік қара тастарды тырнағымен илейтін кыран тектес мінезділікті талап етеді. Сұңқарша қанат қағу үшін де ерік-жігер, төзім көп керек. Спортшы өзін аямау керек. Егер олай болмаса жарыс алаңында бірде-бір жеңімпаз шықпаған болар еді. Менің балаларым спортқа құмар болғанмен , әуесқойлық дәрежесінде қалды. Спорт деген таныстықпен жүлде үлестіретін алаңға ұқсамайды. Бәрі де елдің көз алдында өтеді ғой. Тыраштанып атақ қуғаннан атақты спортшы боп кетпейді.

- Лондон олимпиадасы еліміз үшін табысты болды. Тіпті батысты екі дүркін олимпиада чемпионы болған зілтемірші Илья Ильиннің қандай тамақ жейтіні де қызықтырды . Сіз қандай тамақты сүйсініп жейтін едіңіз чемпион шағыңызда?

- Жылқының қазы-қартасы, қойдың қуырдағы , шұбат пен қымыз сүйісті асым болды. Одан бөлек үндінің шәйін керемет ұнаттым. Өскеменнің балы мен малина, құлпынайдан жасалған вареньені қай жарысқа барсам да сөмкеммен арқалап жүрдім. Біздің кезімізде әдебиет керемет оқылды ғой. Өзім кітапқұмар жанмын. Сөмкемнің бір бұрышында «Абай жолы», «Ботакөз», Есенберлиннің кітаптары жататын. Қолым боста немесе поезға мінгенде кітап оқитынмын.

- Қазақ жанкүйерлерінің көбісі отыз жылдан бері неге қазақ балуаны Олимпиадада алтыннан алқа ала алмай жүр деп жатады. Осыған не дейсіз?

- Арғы- бергі тарихымызды қарасақ, шүкір, белдескенде алып жығатын да, шалып жығатын да білекті балуандар бізде болған. Олимпиадада болмағанмен әлемдік, халықаралық чемпионаттарда алтыннан алқа таққан жігіттеріміз бар. Өсіп келе жатқан жас балуандар да көңіл қуантады. Қазір спортқа Елбасымыз Н. Назарбаев ерекше ықыласын ықылас танытып, жақсы көңіл бөлуде. Елбасымыздың демеуі спортшыларымызға қуат береді, көңілімізге шуақ сыйлайды.

- Болашағынан үміт күттіретін жастар мыналар деп жас балуандардан кімдерді атар едіңіз?

- Тізім жасағанды көп ұната бермеймін. Санда бар , сапада жоқ болса оның несі жақсы дейсің?! Спортшыны танытатын маңдай тері мен адал еңбегі емес пе?! Мақтағаннан мықты боп кеткен спортшыны көрген жоқпын, бірақ күшті болу үшін де күш керек қой. Талантсыз спортшының бағын бапкер де , бағым да жандыра алмайды...

 

 

Сұхбаттасқан: Маржан ЕРШУ

Baq.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3511