Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 15602 0 пікір 17 Маусым, 2014 сағат 10:40

АСТАНА ҒИМАРАТТАРЫ: АҚОРДА

Астана. 16 маусым. Baq.kz – Ақорда деген айшықты атаумен қазақ тарихын бүгінгі заманмен ұштастырып тұрған осынау алтын шаңырақ ел сәулет өнерінің аса үздігі. Ресми тілде Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы делінетін әсем де салтанатты ғимарат – сәулетшілердің тілімен айтқанда жаңа әкімшілік орталықтың жинақтаушы тұғыры.

Резиденция өзіне ең таяу деген құрылыстардан 300 метр жерде биіктігі 6 метр жасанды жотаның үстінде оқшау тұр.

Негізі кескін ретінде классикалық кубиктік форма таңдалып алынған. Ғимарат қабырғаларға сіңірілген колонналар арқылы салтанатты реңде, сырт қарағанда әрі жеңіл.

Ақорданың аумақты да еңселі күмбезі көксеңгірленіп Арқа аспанымен астасып жатыр. Күмбездің ұшар биігінде жер шары мүсінделген, одан жоғарыда қанатын жайып жіберген қыран – тәуелсіз елдің, еңсесін тіктеген қазақ ұлысының кең әлемге еркін құлаш ұрған шағы. Жер шарын сұр жебе көтеріп тұр. Жебе тарихын талай тар жол, тайғақ кешуін бастан кешірген халықтың қаһармандығын, айбаты мен сұңқар сестілігін, мұқалмас жігерін білдірсе, жұмыр жер адамзаттың алтын ұясы ұғымын ұқтырады. Жер-ана ардағың да, қасиетің де, қастерлің де, ол сондықтан да бәрінен биік қойылған.


Ғимараттың бүкіл болмыс-бітімінен көкірегі ояу қазіргі толқын тың мәнерді – еуразиялық сәулеткерлік қолтаңбаны тани алар еді. Шығыстың сәулет үлгісімен фасадтар арқылы жарасымдылық таптан бұл мәнерді басқаша атау мүмкін емес. Осы жағынан келгенде Ақорда Қазақстанда жаңа сәулет бағытын тудыра алатын аса құнды сәулет туындысы.

 

Ақорданың ішкі келбеті де ұлттық өнер мен дәстүрге мол. 

Салтанатты холл.

 

ҚР Президентінің атынан ресми қабылдаулар өткізілетін Салтанатты зал.

Президенттің БАҚ өкілдерімен кездесу мен пресс-конференция өткізуге арналған зал.

Қысқы бақ.

Резиденцияда ел Президенті жоғары мәртебелі шетел қонақтарын БАҚ өкілдерін қабылдап, мемлекеттік наградалар тапсырады, мәжілістер мен әр түрлі салтанатты жиындар өткізеді. 

Дереккөз: "Астана". Кітап-альбомы.

Ғабит МАДАЛИЕВ (ФОТО)

Baq.kz

0 пікір