Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Қоғам 7087 0 пікір 19 Маусым, 2014 сағат 11:45

ЕЛДЕГІ КЕЗЕКТІ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ КІМДЕР ҮШІН?

 

Науқанның нысанасы не?

«Өлмеген құлға әлі-ақ жаз» дегендей, сонымен Қазақстан экономикасында кезекті жекешелендіру науқаны басталатын болды. Өткен аптада «Самұрық-Қазына» компаниялар тобын жекешелендіру жөніндегі басқарушы комитет құрылды. Құрамында 14 адам бар бұл комитетті «Самұрық-Қазына» қоры басқармасы төрағасының орынбасары Елена Бахмутова басқарады.

Сонымен, бұл жекешелендіру халыққа, ел экономикасына не береді? Тәуелсіз экономист-сарапшылардың әр жерлерде айтылып жатқан пікірлеріне қарағанда, кезекті жекешелендіру науқаны тіпті де халық үшін жасалайын деп жатқан жоқ. Ал оның экономикаға не берері де әзірге беймағлұм жәйт.

Біріншіден, халыққа ештеңе бермейтін себебі – бұл жекешелендіруге қатысуға, одан үлес алуға қара халықта жағдай да, қаржы да жоқ. Олар үшін банкілік несиелендіру қол жетпейтін қиялға айналған жағдай туды: елдегі екінші дәрежелі банктердің пайыздық ставкасы шарықтап кеткені өз алдына, ең бастысы – ол банктердің дені қазір «сырқат» жағдайда. Бұл жалаң айтылған жалбағай сөз емес: тәуелсіз сарапшылардың пікірі – осындай. Мәселен, банктердің «ауыру» жағдайы туралы «Standard & Poor’s» халықаралық рейтингтік агенттігі «Қаржы институттары» тобының директоры Наталья Яловская былай дейді:

«Бұрындары берілген сапасыз несиелер проблемасы шешілмеуі себепті жағдай бұрынғыдай күрделі қалыптан арылмай отыр. Қазір қайтарымы қиын мұндай несиелердің көлемі жалпы банкі секторы бойынша 30% болып отыр. Бұл өте көп. Оның үстіне 2010 жылдан бері бұл салада елеулі ілгерілеушілік болмады. Осыған қарап, банкі саласындағы проблеманың күрделі екендігіне көз жеткізуге болады».

Яғни, бұдан шығатын қорытынды – халық банкілік несиенің көмегімен кезекті жекешелендіруге қатыса алмайды деген сөз. Ал, екіншіден, бұл жекешелендіру ел экономикасына не береді деген сұраққа ден қояр болсақ, ең алдымен кезекті жекешелендіру Қазақстандағы қаржы тапшылығы салдарынан пайда болып отырғанын ескеру қажет.

Ел экономикасын қаржы тапшылығы қылқындырып отырғанын көптеген әлеуметтік, тұрмыстық және мәдени бағдарламаларды қаржыландыру тоқтатылғанынан айқын аңғаруға болады. Тіпті ел үкіметі қазақстандық биліктің «ұлы жеңістері» мен «қарышты қадамын» даңғаза дабырамен жарнамалайтын ресми және мемлекеттік бақылаудағы БАҚ-ын қаржыландыруды күрт кеміткенінен де байқауға болады. Оның үстіне дәл осы жекешелендіруде сол БАҚ-ның біразы сауда сөресіне түсетін түрі бар.

Әрине, бақылаушылардың пікіріне қарағанда, егер бұл жекешелендіру мейілінше жариялы және ашық түрде жүретін болса, оның түсімі Қазақстан экономикасындағы біраз тесікті тығындауы мүмкін. Бірақ «егер» дейтін себебіміз – бұл жекешелендіру қалтарыстағы капитал мен активтерге рақымшылық жасау науқаны қарсаңында жүрейін деп тұр. Тіпті бұл екі науқан қатар жүруі де мүмкін. Оның мәні – «жуылып-шайылып, жарыққа шығарылған» капиталдың көмегімен жекешелендіруге түсетін нысандарды сату амалы болмақ.

Мұндай экономикалық тетікте алабөтен өрескелдік жоқ: тек бұл үдерістер заң аясында және мейілінше ашық жүргізілсе болғаны. Қалай болғанда да, осы екі бірдей экономикалық кампаниядан келетін кіріс Қазақстан экономикасына қызмет қылуы тиіс.

 

Ережені кімдер жасайды?

Бірақ, ақпарат агенттіктері таратқан соңғы хабарларға қарағанда, бұл жекешелендіру мүдделі топтардың ғана несібесін түгендейтін науқан болатын сияқты. Мәселен, ҚазТАГ-қа түсініктеме берген Елена Бахмутованың сөзіне қарағанда, «Самұрық-Қазына» қоры 2014–2016 жылдар аралығында жүргізілетін жекешелендіру бағдарламасының ережесін жасау үстінде екен. Бір қарағанда, мұндай ереже жасауда да сөкеттік жоқ: сауда болған соң, оның қатаң тәртібі болуы тиіс.

«Ережені жасау кезінде қор қызметкерлері мен бағдарлама операторы «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС-і өткен жекешелендірулердің тәжірибесін, Қазақстан Республикасының заңнамасы мен озық шетелдік тәжірибені басшылыққа алды», – дейді Елена Бахмутова. Ережеге жекешелендіру үрдісінің ашықтығы, активтер мен нысандарды сату заңдылығы, атқарылатын іс-шаралардың экономикалық қажеттілігі тәрізді қағидалар енгізілетін көрінеді.

Дегенмен, сонда бұған дейін нақты атаулы-атаусыз өткен жекелеген жекешелендірулер қандай ережемен өткен деген сауалдың тууы заңды. Біздің елде негізі сонау 90-жылдардың ортасында қабылданған «Жекешелендіру туралы» заң бар. Әрине, ол заң әр жылдар сайын әрбір жағдайларға сай толығып, ішінара өзгеріске ұшырап келді. Бірақ қалай болғанда да, жаман-жақсы болсын, ол – заң. Ал осындай заң тұрғанда, үй ішінен үй тігіп, тағы бір белгісіз ережелер жасау не үшін қажет болды?

Ең бастысы – ол ережелер баршаның мүддесін бірдей қамти ма, жоқ әлде жоғары жақтың нұсқауына сай, сауда-саттықта кімдер «ұтысқа» ие болуы тиістігін меңзейтін саңылау қалдыру үшін жасала ма? Жасалып жатқан ол ережені парламент емес, тіпті үкімет те емес, «Самұрық-Қазына» қорының басқармасы бекітетінін ескерсек, мұндай сұрақтарды орынсыз деуге болмайды.

Ал Елена ханым Бахмутованың аузымен бал сораптар болсақ, ол ереже бойынша, «сатылымға шығарылатын активтер ең алдымен тәуелсіз сарапшылардың заңдық сараптамасынан өткізіледі» екен. Сонымен бірге «Самұрық-Қазына» қоры «активтерді тәуелсіз бағалаушылар белгілеген әділетті бағамен ғана сатады» екен.

Жөн-ақ! Дәл осылай болса, дау жоқ. Бірақ біздің елде биліктің ырқынан тыс тәуелсіз сарапшылар мен бақылаушылар бар ма еді? Тіпті болған күннің өзінде, жекешелендірудің негізгі кейіпкерлері болатын олардың құрамын кім белгілейді? Ол құрамға тиісті азаматтық қоғамның өкілдері ене ме?

Халықаралық деңгейде қалыптасқан қағидат бойынша, мұндай тәуелсіз сарапшылар мен бақылаушылар тобын үкіметпен келісім-шарт жасасқан шетелдік агенттіктер құруы тиіс. Сол келісім-шарт талаптары бойынша, бұл агенттік өз қызметін үкіметтің ырқынан тыс жүргізуі тиіс. Сыбайласқан жемқорлық пен парақорлық жайлаған бүгінгі Қазақстанның жағдайында жекешелендіру үдерісінде үстемдік ететін сарапшылар мен бақылаушылар тобы осындай жағдайда ғана тәуелсіз бола алады.

Жеке меншікке не сатылады?

Кезекті жекешелендіру науқаны кезінде қандай нысандар сауда сөресіне шығарылады деген сұрауға орай, ҚазТАГ агенттігі хабар таратты. Оның ықшамдалған мазмұны мынадай:

«Алматыдағы Республика сарайы, «Қазақфильм» киностудиясы, бірқатар ғимараттар мен мекемелер жеке меншікке өтеді. Бұл туралы 2014 жылғы 30 сәуірде бекітілген Қазақстан үкіметінің №429 қаулысынан белгілі болды.

2014–2016 жылға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес, тізімге 30-ға жуық республикалық мекемелер мен жүздеген коммуналдық меншік нысандары кірген. Оның ішінде елімізге кеңінен танымал ғимараттар да бар. Ол – жақында ғана қайта құрудан және техникалық жаңартудан өткен, кезінде кеңестік Қазақстанның бет пердесіне айналған Республика сарайы.

Айтпақшы, бұл ғимаратта сол кезеңнің атаулы күндері мен мерейтойлары өтті, осы жерде республикамыздың тұңғыш президентін салтанатты түрде ұлықтау рәсімі болды. Сондықтан Қазақстан – Британ техникалық университетінің (КБТУ) толық пакеті қойылатын саудаға да назар аударамыз . Шыны керек, біз қазір ЖОО орналасқан Жоғарғы Кеңестің тарихи ғимаратының да сатылымға шығарылатыны, не болмаса шығарылмайтыны туралы біле алмадық. Оның қабырғасында Қазақстан егемендігі салтанатты түрде жарияланған еді.

Тәуелсіздік бесігі деп аталатын Алматыда Д.В.Сокольский атындағы органикалық катализ бен электрохимия институтының, А.Б.Бектұров ат. химия ғылымдары институты акцияларының 100% сатылады.

Біз бұл мекемелерде бұрынғыша ғылыммен айналысып жатқандарына еш күмән келтірмейміз, дегенмен оның бөлмелерінің жартысынан көбін коммерциялық мекемелер жалға алып отырғаны да шындық. Әлбетте, қаланың тарихи орталығындағы институт ғимараттарының «майлы шелпек» екеніне күмән жоқ. Бұл санатқа Абай даңғылындағы Қазақ мемлекеттік циркі мен таулы аймақтағы «Қазақстан санаторийі» АҚ-ын да жатқызуға болады.

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» кинокомпаниясына да жеке тоқталған жөн. Қазіргі таңдағы жекешелендірудің аукцион, тендер немесе сауда секілді негізгі түрлері арасында бұл мекемеге тікелей атаулы сатылым тағайындалған. Қазақ киносы фабрикасы акциясының 49%-ы кинематографистердің еңбек ұжымының қолына өтсе деп үміттенеміз. Сонау 90-жылдары олар онсыз да Республикалық кино үйі ғимаратының бір бөлігін жоғалтты және әлі күнге дейін оны шығармашылық мекеме балансына қайтара алмай жүр. Егер үкімет солай жасаса, олардың соңғы жылдардағы қайғысына, «ұлы өнерге» моральдық өтемақы болар еді.

Жекешелендіруге жататын нысан тізімінде «Қазтеңізкөлікфлот» ұлттық кеме компаниясы», «Орталық Қазақстан» және «Индустриальная Караганда» облыстық газеттері, вагон құрастыратын зауыттар мен футбол клубтары да бар. Біреу үшін ол қазыналық мекемесі болса, енді біреулер үшін ол – бар өмірі өткен ошағы. Осы және басқа да мекемелерді сатып алуға қаржының табылатынына күмән жоқ. Алдағы жекешелендіруге мемлекет жария еткен капиталды кезекті заңдастыру да демеу болады. Алдын ала есеп бойынша ол $10–12 млрд. деп бағалануда.

Сондықтан кімнің қазақстандық зауыттардың, газет пен кемежайлардың иесі болатыны туралы жақын уақытта білетін боламыз».

 Сыбаға кімге бұйырады?

Бүгінгі қазақстандықтар бұл сұрақтың жауабын күнібұрын біліп отырғанында күмән жоқ. Ақпарат агенттіктерінің ағымдағы хабарларына назар аударар болсақ, Қазақстанда саудаға шығарылған мемлекеттік меншіктегі ірі нысандардың иелері жарты жыл бұрын белгілі болуда. Мәселен, күні кеше ғана Астанадағы «Думан» қонақүй кешенін президенттің жаңа күйеу балаларының бірі иемденетіні жөнінде сөз тарады. «Самұрық-Қазына» қоры жекешелендіру ережесін жасауды кеше ғана қолына алды, ал бүгін ірі нысандар кімнің иелігіне өтетіні ел ішіндегі қаңқу сөзге айналған сыңайы бар.

Мәселен, ҚазТАГ агенттігі таратқан мына хабарға зер салайық: «Аталмыш ақпар жарияланғаннан кейін, мен екі-үш меншік нысандарымен таныстым және болашақта жекешелендіруге жататын нысандардың кейбірінің басшылығынан олардың иелері жарты жыл бұрын белгілі болғанын да білдім», – деді девелопмент саласындағы бизнеспен айналысушы дереккөз.

«Мәселен, Астанадағы ҚазМұнайГаздың 18 қабаттық «Думан» қонақүйі жекешелендіріледі. Маған оның қожасының кім болатыны және оның қандай сома төлейтінін айтты. Бұл ешкім үшін де құпия емес, «білетіндер үшін» – шамамен 30 миллиондай доллар, ал қожасы – жақында ғана алып әкімшілік ресурсты иеленген бизнесмен. Немесе, мысалы, Алматыдағы ірі нысан – «Қазақфильм» киностудиясы. Оны 60 миллион долларға бергілері келеді. Оның болашақ қожасының да атын білемін», – деді әңгімелесуші.

Бұл ретте ол қоғамның ашуын тудырмас үшін мұндай жағдайда ашық тендер өткізу керектігін атап өтті. «Мен жалпы (ірі нысандардың сатылуына – ҚазТАГ) қарсы емеспін, қарапайым халықта ондай ақшаның жоғын бәрі біледі, дегенмен тікелей эфирде ашық тендер өткізілу керек қой, бұл болашақта ешкімнің тағы да бір «жекешелендіру» туралы айтуына жол бермес еді, ал мемлекет көбірек ақша табу мүмкіндігіне ие болар еді», – деді сұхбаттасушы.

«Украиналық республикалық телеарнада тікелей эфир арқылы «Криворожсталь МитталСтилл» компаниясының 4,8 миллиард долларға сатылғаны әлі көз алдымнан кетпейді. Менің ойымша, бұдан бәрі ұтады», – деп толықтырды ол.

«Дегенмен, мысалы, Алматыдағы Республика сарайы туралы мәлімет маған қорқыныш ұялатады. Мұндай ғимараттарды оның атауы мен онда өткізілетін шараларына сай жеке меншікке беруге де болмайды. 10 жылдан кейін тағы біреу бұрынғы Жоғарғы Кеңес ғимараты мен Алматы әкімдігін сату туралы ой қозғауы мүмкін, тағы 20 жылдан кейін мұндай қарқынмен Құдай сақтасын, Ақорданы да сатып жібереді.

Тіпті девелопердің көзімен қарағанда да, Республика сарайын сату дегеніміз, білмеймін енді», – деп мәлімдеді сұхбаттасушы.

Бұл ретте ол депутаттардың неге үнсіз отырғандарын түсінбейтінін айтты. «Маған ауыздарына су құйып алған депутаттардың ұстанымдары түсініксіз. Неге олар аталмыш мәселемен айналыспайды? Неге тікелей эфирде аукцион өткізуді талап етпейді? Неге мемлекет меншігіндегі нысандардың сатылып жатқанына қарсылық білдірмейді, ал ол ақшаға не істейді? Осындай нысандарды сататындай, әлде бізде бюджет тапшылық көріп жатыр ма? Неге ұзақ мерзімге жалға бермеске? Егер оны ұстауға қаржысы жетсе, онымен коммерсанттар айналыссын. Сұрақтар көп», – деп түйіндеді сөзін сұхбаттасушы».

Міне, ақпарат ағынындағы осындай хабарларға ден қояр болсақ, болашақ жекешелендірудің тағдыры күнілгері шешіліп қойған сыңайлы. Ендеше ел экономикасына бұл жекешелендіруден не түсерін қайдам, ал қара халыққа қара бақыр да бұйырмайды...

Сырым ДАТОВ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 22 (246) от 05 июня 2014 г

0 пікір