Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 15581 0 пікір 19 Маусым, 2014 сағат 15:26

COCA-COLA ІШУ КҮНӘ МЕ?

-Кока-коланың аударма мағынасына қарап, мұсылмандар ішпей қойды.Кейбіріміз әлі де ішеміз. Күнә жасап жүрген жоқпыз ба?

-Бүгінде мұсылмандардың арасында осы сауал жиі қойылуда. Дегенмен, шын мәнінде кока-кола сусынының күмәнді екенін айтуға тиістіміз. Елімізге алғаш келе бастаған уақытта зияндылығы анықталғанымен, кейінгі уақытта өте үлкен мөлшерде сатылуы зияндылыққа қатысты шешімді басып озды. Яғни, халық көптеп пайдаланып, оның құрамына, қайдан шығып, қайдан келіп жатқандығына аса назар аудармады.

Кока-колаға қатысты медициналық зерттеулер төмендегідей талдаудың нәтижесін ұсынады. Бірақ, біз бұл талдамаға сүйеніп харам үкімін бермейміз. Себебі, шариғатымыз нақты дәлелмен тыйым салмаған. Жалпы, күмәнді нәрселердің қатарына жатқызамыз. Яғни, оның діни тұрғыдан рұқсат етілгені немесе рұқсат етілмегені хақында ешбір ғалым нақты үзілді-кесілді үкім бермеген. Өйткені, оның құрамы анық емес, яғни күмәнді.

Ал, күмәнділіктен сақтанбау, тақуалықтан қайтаратын іс болмақ. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Халал нәрселер де, харам нәрселер де (күмәнсіз) белгілі. Бірақ осы екеуінің арасында кейбір күмәнді нәрселер бар, адамдар оны білмейді. Кімде-кім осы күмәнді нәрселерден бойын аулақ салса, діні мен арын қорғағаны» деп айтқан (Бұхари, Иман, 39, Мүслим, Мүсақат, 107).

Кока-коланы көп ішкен еркектердің белсіздік (ұрықсыздық) кеселіне шалдығу қаупі бар. Даниялық зерттеуші топтың қолында бар деректер бойынша кола ішетін еркектердің спермасының мөлшері кола ішпейтін еркектердің спермасы мөлшеріне қарағанда 30 пайызға аз болады екен.

«Кока-кола» компаниясы өкiлдерiнiң айтуынша, сусынның негiзгi құпиясы кошениль құртынан алынатын азық-түлiк қоспада екен. Әдетте оның құрамына қант, кока ағашының жаңғағы, фосфор қышқылы, кофеин, карамель, көмiрқышқылы қосылады деп көрсетiлетiн. Ендi өндiрушiлер сусынның түсiн өзгертетiн бояу ретiнде қолданылатын кошениль құртының еш зияны жоқ деп елдi сендiруге тырысуда. Дәрiгерлердiң пайымдауынша, кока-кола, әсiресе, балалардың бас сүйегiне, ойлау қабiлеттерiне орасан зор зиян келтiредi. Жалпы газдалған сусынды мөлшерден тыс пайдалану адам ағзасындағы кальций, темiр секiлдi ең маңызды элементтердi жойып, есесiне құрамындағы есiрткi зат өмiрiңiздi екi есеге қысқартады.

Америкалық денсаулық сақтау органдары «Кока Коланың» рак ауруын туғызуға тікелей «септігін» тигізетінін анықтап отыр. Сусын құрамындағы карамельдің шын мәнінде қоңыр қызыл канцерогендердің қосындысы екені анық болды. Кола өндірушілердің карамель деп жүргені үй жағдайында қантты ерітуден алынатын тәтті емес. «Кока колалық карамель»- аммиак, сульфит және шекерді реакциялау барысында пайда болатын, адам ағзасына зияны орасан сұйықтық. Бұл қосынды бауыр және қалқанша безі рагының өріс алуына жол ашады. «Кока кола» компаниясы шығаратын 4 өнімде жасанды карамель пайдаланылады. Ал, оның екеуіне аммиак қосылатынын білген Вашингтондық ғалымдар дабыл қағуда.

Енді бұл сусынның тарихына назар аударып көрелік.

Джон Стит Пембортон деген фармацевт адамға қуат беретін шәрбат ойлап тауып, оған адамды сергітетін кока жапырағын қосқан. Бұл өсімдік көпшілікке «кокаин» деген атпен таныс. Сол уақытта кока жапырағына тыйым салынбаған еді. Уақыт өте келе шәрбат саудаға шығарылады. Есірткіден басқа оның құрамында спирт те болған. Көпшіліктің өтініші бойынша спирт құрамынан алынып тасталып, оның орнына оңтүстік африкалық «кола» жаңғағының дәмі қосылды. Бірақ сусын тым тәтті болып кетті. Оның дәмін аз да болса кетіру үшін, шәрбатқа су қосуға тура келді.

Міне, осылайша Кока-Кола пайда болды. Ал оның сыртындағы жазуды есепші Фрэнк Робинсон ойлап тапты. 1886 жылы Кока-Кола газдалып сатыла бастады. Пембортонның жаңа кәсібі бірден алға баспады. Ақша аз түсе бастаған соң, ғалым шәрбат формуласын Аза Кендлер деген кісіге 2000 долларға сатып жібереді. Америка Құрама Штаттарына келген кезінде қалтасында небәрі 1 доллар 75 центі ғана болған Аза Кендлер идеяны жандандырып, «Coca-Cola Company» компаниясының негізін қалайды.

1903 жылы кока жапырағына байланысты қоғамның пікірі өзгеріп, ол құрамнан алынып тасталады. Соңғы статистикаға жүгінсек, Американың ұлттық сусынына айналған Кока-Коланы әлем бойынша бір минуттың ішінде 8000 адам тұтынады. Оның әзірлеу құпиясы жазылған қағаз жеті қат жердің астында сақтаулы. Яғни, құпия ашылмаған.

ҚМДБ сайтынан

 

 

0 пікір