Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 6999 0 пікір 23 Маусым, 2014 сағат 12:00

ЖАН АҚАУЫ ЖАЙЛЫ ЖАЗБА

«КӨЛ»немесе ЖАН АҚАУЫ ЖАЙЛЫ ЖАЗБА

Өмірі естен кетпейтін көріністер болады. Әрине, сұмдық оқиға, сүркейлі жағдаяттар туралы әңгіме басқа, біз тіке жеке басқа қатысты және неге екені белгісіз, санаңның қайбір қатпарында қалып қойып, содан былай ұзақ жылдар бойы өзіңмен бірге жасайтын табиғаттың тосын суреттері жайында айтып отырмыз. Тайқы маңдайға жазылған тағдырды табан астында өзгертіп жібере алмайтын шығар, дегенмен, ұзақ жылдар мұғдарында шаршамай-шалдықпай, қайда барсаң сары ізіңе шөп салып, салпақтап еріп отыратын ондай тасқа басылған өшпес «таңбаларға», шынымен де, қайран қаласың! Оның неге сонша өлермен, жабысқақ болғанына түсіне алмай, дал боласың! Соңғы жауабы, тегі, Тәңірге ғана аян болар, бірақ қалай болғанда да, мұның жай нәрсе емес екенін шамалап, шарасыз іштен тынасың...

Ол «сұмдықты» алғаш көрген сәттегі алапат әсер әлі күнге есімде! Қайталай жа­дыма алсам, бүгінге дейін тұла бойым тітіркеніп, төбе шашым тік тұрады... Соғым, әлде жай сойыс екені белгісіз, әлдеқашан жығып алып, көктен келген төрт аяғын түгел іреп, терісін сыпырып жатқан абыр-сабыр жерге балалықпен аңқалаңдап барып қалыппын. Қызыл еттің «қырманына» аңтарыла қарап аз тұрып едім, бір кезде биенің қарнын жарған шомбал жігіт талыс тәрізді сом нәрсені қолқа тұстан кесіп алып, тура менің алдыма әкеп «дүк» еткізіп тастай салды. Әдейі болмаған болу керек, үрке түсіп, үңіле қарадым. Жақындап барып еңкейіп, төбесінен төне түстім. Бұл кезде «талыстың» пышақ тиген жері жайылып, аржағы ашылып, ішіндегі «қазанасы» айқара көріне бастаған еді. Көргенімнен жаным түршігіп, кейін шоршыдым. Бар болғаны сол, әлгі көрініс сол күйі тас болып көз алдымда қатты да қалды... Құжынаған құрт! Сансыз, сірә, мың-миллион болар, анталаған ақбас пәлелер бірінің үстіне бірі шығып, бірін-бірі жаншып, дамылсыз аударылып жатты асты-үстіне түсе. Алғашқы қатты тіксініс есімнен аударса керек, бір сәт тесіліп тұрып қалыппын. Артынан өне бойым тағы бір рет «токқа» түсіп, дүркірей сілкінгенде барып, көткеншектеп кері шегіндім. Төбе құйқам шымырлап, балғын денемді тұтас түк басып кеткендей, бір сүреңсіз хал кештім. Кейін білдім: жылқы баласында «құрт қарын» деп аталатын сондай бір қарын болады екен. «Тәлейім оңынан келген» мен соған тап болыппын.

Тұрсынжан ағамның «Көлін» оқыған о бір жылдары мен сол оқиғаны қайта бір сескене еске алдым. Өйткені, әңгімеде тап болғаным – айнымайтын жағдай еді. Ұқсас ахуал. Бірақ сипаты бөлек.
Аталған әңгімеде бас кейіпкер – «Мен» түу биіктегі тау басында мөлдіреп жатқан «мағынасыз» көлге он неше жасында балалармен қарақат тере барғанда тап болады. Елсізге «қашып», ерекше біткен әлгі тұйық су әлдене сиқырымен жаулап, жадында қалады – санасына біржола көшіп қонады. Түбегейлі орнығады. Оған аса мән бермеген «Мен» кешікпей кері қайтады. Арада қаншама уақыт өтеді, әлгі «жабыс­қақ» пәле жармасқан жерінен ажырамайды, өшпейді. Табандап жатып алады. Елемеген болады, бірақ күн өте сары бөксе болған сал «қонақ» тағы бір өнер бастайды – жан дүниесі құлындап қияндағы әлгі тұйық суды зарыға аңсайтынды шығарады. Сондай бір айықпас «дертке» душар болады. Ынтығы артып, ындыны құласа, тырп етпей жатып алмақ бар ма, шұғыл ше­шім­мен атқа қонып, «асылын» іздеп жолға шығады – тау қайдасың деп тартып отырады. Барады. Көксеп келген «көріктісін» көреді. Тұла бойы тітіркеніп, жан дүниесі дүр сілкінеді. Жеңілдеп қалғандай болады. Кешікпей аржағынан бір түсініксіз жек­көрушілік оянып, тұрған жерінен ығыр бола бастайды. Кері қайтады... Қайтып келген соң, қай­тадан баяғындай қайғысыз, қам­сыз тыныш күндер басталады. Бірақ ол ұзақ­қа созылмайды. Арада ай өтеді-өт­пей­ді, «тереңін­дегі» әлгі «тілеу» қайта көз ашып, әлдене қалау «өтініш» айтып, еміне бастайды. Дегенмен, қарақан басының тірлігі шаш-етектен қатардағы пенде ғой, жал­таруға тырысады. Алайда, бебеулеткен «ын­тығын» басып, жасқай алмайды. Түп етек­тен алған көрінбес «қуғын» ақыры де­геніне көндіріп, тауға қарай дедектетіп айдай жөнеледі. Артынан барып «керегіне» құс болып ұшып келе жатқанын бір-ақ аңдайды. Аман-есен жетеді. «Сүйіктісінің» жамалына телміріп, армансыз көз сатады. Әуелгіде өлі су бетіндегі көрінбейтін көмес­кі иірім жұлқа тартып, үйіріп бара жатқан­дай болады да, іле әлденеден шошынып, есіне келеді. Артынша бүкіл болмысымен тітір­кеніп, қатты түршігеді. Сөйтіп, дүр сіл­кініп, санасын басқан шаң-тозаң, қо­қыр-қоқсықтан түгел арылып, шыттай болып шыға келеді. Екі көзі шоқтай жанады. Артынша, Құдай атып, «асылының» бетіне қа­рағысы келмей қалады. Тағы да қайта­лан­ған өткендегі жағдай.
Бұл не өзі, әуелі ерікті алған, артынан жі­герді жасытқан?
Бірден жауап беру қиын, әрине. Дегенмен, оқыған-тоқығанымыз негізінде, бұны ерекше жағдайларда қылаң беретін адам са­насының әлі ашылмаған көп құпия­ла­ры­ның бірі деп тұспалдауға болады. Шамасы, атақты Зигмунд Фрейдтің айтқаны рас: кісі санасының терең бір түкпірлерінде жасырынып жататын бұқпа «құбыжықтар» болады. Мынау соның ойда жоқта «жылт» еткен бір «ұшқыны».
Әйгілі психологтың зерттеу қорытын­ды­сына сенсек, адам санасы үшке бөлінеді: сана (conscious), алдыңғы сана (precon­scious) және жасырын сана (subconscious) болып. Сана – әрине, өзіміз білетін кәдімгі сана; ал алдыңғы сана – жасырын сана мен сананы жалғастырып тұратын аралық сана; енді жасырын санаға (түпсана деп айтуға да болады) келсек, ол – сананың ас­тыңғы қабаты, яғни сыртқы шек­теме­лер­дің, тағы басқа да нәрселердің тежеуі­нен сыртқа шыға алмай, шүңетке шөгіп, тағанға батып кеткен, әлсіздігіне қа­рамай ешқашан жоғалып кетпейтін терең әсерлер мен құ­пия ой-сезімдердің қоймасы. Фрейд­тің ай­­туынша, жасырын сана адам­ның өзі мүл­де сезе алмайтын, бірақ маңыздылығы жа­ғынан алдыңғы орында тұратын бей­мәлім әлем. Онда болып жататын сезімдік-рухани қозғалыстар саналы рухани әрекет­терге қарағанда, әлдеқайда күрделі және нәзік келеді. Тікелей сезуге болатын түй­сік­тер сана шеңберінде сақталатын нәрсе­лер есептелсе, қайта еске алуға оңай со­ға­тын әсерлер – алдыңғы сананың шегінде жасайтын дү­ниелер. Бұлар шамалы тұрақ­сыз бол­ға­нымен, керек кезінде қолма-қол дайын бо­лады. Ал ұмытылған, еске алу өте қиын, тіпті, мүлде жоғалғандай көрінетін, бірақ кейін әлдененің салдарынан әлде­қайдан атойлап шыға келетін кешірмелер жасырын сананың аясында сақталады. Жасырын сана адамның ерікті әрекетіне белгілі бір деңгейде ықпал еткенімен, өзі­нің ық­пал ету барысын ешқашан мәлім ете ал­май­ды. Өйткені, ол адамның тума таби­ғаты­мен текелей байланысты, тамыры те­­рең­де жатқан тұңғиық нәрсе. Біз сөз етіп отырған «Көлдегі» жағдай осыған келеді. Жасырын санадағы беймәлім шөкпенің арада көп жылдан соң қайта қоздаған жаң­ғырығы. Қараңыз, айдаладағы «жа­ра­ның ауызына ұйып қалған сарысудай» бе­ді­рей­ген жалғыз көлді «Мен» он екі-он үш жасында алғаш рет көрген. «Көлдің бір жат, суық сесінен денесі түршіге, тоңази тұрып, сес­кеністі әуестік жеңіп, сол жолы қара жалтыр айдынның жал түбіндегі шетіне уыс­тап қарақат шашқан». Содан арада жиыр­ма бес жыл өткенде тағы бір келген. Онда жалғыз болатын. «Жал үстінде... аж­даһа­ның аранына дәрменсіз мойынсұнып, жі­гер­сіз ұйып бара жатқан бойын әрең игеріп, буындары дірілдеп шегіне берген». Енді «және бір мүшел өткі­зіп, бүгін неге келді – өзі білмейді. Әйтеуір, осы көлдің адам­­ды тартып тұратын бір тылсымы бар». Қа­лай ойлайсыз, оқырман, бұл – санасыз әре­кет қой, ә?! Сөз жоқ, санасыз әрекет. Бірақ былай, үстірт, атүсті қарағандағы жағ­дай. Ал сәп салып, тере­ңірек үңілсеңіз... түбіне көз салсаңыз, пәленің бәрі әлгі Фрейд айтқан жасырын санада «тығылып» жатқанын байқайсыз. Қалай дейсіз ғой? Қараңыз, бірінші рет келгенде мүшел жас­тағы бала көл туралы көп әңгіме естіп, оның «бір жат, суық се­сі­нен денесі түршігіп, тоңазып» кері қайтады. Өйткені, ол әлі кішкене ғой, көр­ге­ніне аса мән бермеген. Бірақ жанына бір «жарақат» алып кеткені анық. Өзі де сезбей «бойына» әлдененің қауіпті «вирусын» дарытып алған. Ал ол ар­тынан санасының астыңғы қабатына түсіп, тереңге батып, шөгіп тынады. Ұмытылған­дай болады. Бірақ аны­ғында, ұмытылмаған, жасырын санасында сақталып қалған. Он неше жылдан кейін еш себепсіз, жанына жан-пендесін ертпей, көл жағасына жал­ғыз жырылып келуі соның айғағы, соның «ай­дауы». Содан соң-ақ, кезек алған (ас­қынған) белгісіз «дерт» күшейе түседі. Тіпті, ашыққа шығып, енді біржола ығына алады. «Бүгін неге келдім – білмеймінінің» себебі – сол, көрмесе, тұра алмайтын бол­ған. Фрейдтің айтуынша, жасырын санада сақталған нәрсе­лердің бәрі өз сәтімен сана шеңберіне өте бермейді, жолы бол­маған кейбірінің әлдебір бейсаналы әре­кеттер боп қылаң беруі әбден мүмкін. Мы­нау – сол болар деп күтпеген «қалыпсыз ахуал». Әлі «ауыт­қуға» жете қоймаған тұ­рақ­сыз хал. Әрине, «Көл­дегі» «Мен» сау адам. Бірақ әзірге ға­на. Енді бір адым «ал­ға» аттады ма, күмән­сіз, «дім­кәсқа» айнала­ды. Демек, ауру мен саудың арасы. Солай деп түсінуге болады және солай деп ұққан жөн. Жан дүниесі құлын­дап, жоқты аңсай беретін кісі, қалай айт­саңыз да, дені сау кісі емес. Екі арадағы «қауіпті аймақты» «комплекс» десек, соның аясында тұрған болуы мүмкін. Осы «маңда» мәңгіге қалуы да ықтимал. Онда – бағының жанғаны. Ал, ілгері жылжып кетті ме... Жоқ! тоқтай қа­ла­йық, ол біз бас қатыратын ша­руа емес. Өйткені, ол арасы әңгімеде ай­тыл­маған. Әңгімешіден озып ештеңе деуге қақымыз жоқ. Біз үшін маңыздысы – дәл осы сәт. Яғни кейіпкердің басында тұрған «бір түрлі» хал.
Реті келіп тұрғанда айта кетейік, бұл «хал», шыны керек, қазақ әдебиеті үшін әлі күнге назар аударылмай келе жатқан «жабық алаң». Рас, талайдан бері ұстанып ке­ле жатқан соц-реализм қағидаттары аса те­рістей қоймайтын «жан дүние», «ішкі әлем» деп аталатын адамның ішкі бір күй­ле­рі жазылды, қаузалды, жоққа шығар­май­мыз. Дегенмен, ол – психикалық нұқсандар емес, көңіл-күй деңгейіндегі ғана нәрселер. Демек, адам туралы түсінігіміз бен оның табиғаты жайындағы танымымыздың да сол деңгейде болғаны ғой. Ал біздің айтып отырғанымыз, кісі баласының тұла болмысында, жаратылыс мінезінде оқыс шаң беретін жабық «жарылыстар». Сондай бір жүрек сыздатар жан «ақаулары».
Осы арада соны да қоса кеткен жөн шығар, адамның санасы Фрейд айтқандық­тан солай болған емес, керісінше, ол сондай болғандықтан Фрейд, немесе басқа зерттеушілер жіті назар аударып, мойын бұрған. Бұл арада олардың көмескі жат­қан «жұмбақ дүниеге» алғашқылар қата­рында барлау жасап, шамасынша үңіліп, со­ңында белгілі бір нәтижеге жеткен жан­кешті ең­бе­гін ешкім жоққа шығара алмайды. Жоқ­қа шығарды не, есесіне қолға қонған осы ғылыми жетістіктің заманында Батыс­тағы адамтану саласында үлкен дүр­белең тудырып, артынша әдеби жасампаз­дықта жаппай қолданылып, атышулы жаңа ағымдардың арт-артынан пайда болуына өз кезегімен ықпал еткенін ашалап айта кетуіміз керек. Енді сол оң үрдіс сәл ке­шіксе де жылыстап біз­ге де жетіпті. Демек, адам туралы түсі­нігіміздің өзгере бастағаны.
Жоқ, сіз қате түсініп қалмаңыз, оқыр­ман, біз бұл арада сондай халді жазу – жазу өнерінің соңғы мұраты, асқар шыңы деуден ау­лақпыз... ондай ниет жоқ бізде. Дей тұр­ғанмен, сәті түсіп тұрғанда, оның біздің ұлттық сөз өнеріміз алуға тиіс бір қамалы екенін баса ескертуден де бас тартпаймыз. Қалаңыз-қаламаңыз, еркіңіз, бұл бүгінгі күн­нің үзілді-кесілді талабы. Қажетті бір өріс. Неге дейсіз ғой? Құлақ қойсаңыз, ай­тайық.
Өздеріңізге мәлім, біз бастан кешіп отырған заман – жүрек соғысы өзгеше уа­қыт. Оның нақты қандай артықшылық-кем­шіліктерімен ерекшеленетінін әлеу­меттанушылар айта жатар, сөзіміз түсінікті болу үшін біз тек бір ғана нәрсеге назар ау­дарайық. Бүгінгі таң – ақпараттар ағы­ны­ның асығы алшысынан түскен тұс екені жасырын емес. Өз кезінің сұранысына сай қоғам мүшелері ағыл-тегіл жаңалықтар иірі­мінде. Сірә, «қазан» басында отырған­дардың қақпақылында деген дұрыс болар, өйткені, әлемді жинап, төрт керегесінің ішіне кіргізіп алған. Басты ермегі – көру һәм тыңдау. Сыртта көп қызығушылығы жоқ. Бәлкім, осының салдары, бәрі болмаса да, көбі, өте-мөте қала тұрғындары жап­­­пай «үйкүшіктерге» айналған. «Үйкүшік» деген сөздің аясына көп нәрсе сияды, дегенмен, бұл арада біздің «өзімшіл», «тұйық», «жалғыз» деген осы кездің басты мінезде­ріне басымдық бергіміз келеді. Әрине, біз бұл тұжырымды аспаннан алып, ортаға тастап отырғамыз жоқ. Мамандардың айтуынша, қазіргі еуропалық философияда «қалалықтар жалғыздық сезімімен, қарау­сыз қалғандай үрей құшағында өмір сүре­ді» деген пікір қалыптасыпты. Олардың (әлгі қала адамдарының) болмысының негізгі сипаттары – жалғыздық, жаттану, өмірдің мәнін жоғалту болып келеді екен. Мұндай «сырқатқа» шалдыққан жандардың рухани тұрғыдан тым күрделі, сонымен қатар, өте әлсіз болатынын айтып жату ар­тық. Ал әлсіз кісілердің қиыншылығы қа­шан да аз бол­маған ғой! Жығылғанға жұдырық бол­ғандай, олар сыртқы дүниеде болып жа­татын алапат оқиғаларға тікелей қатыс­пай­ды, дәуірдің ерекшелігіне сай, тек көз­б­ен көру, құлақпен есту жолымен ой-сана, жұлын-жүйке арқылы қоян-қолтық ара­ласады. Сол себепті де, әлгібір «әлсіз­дік­теріне» байланысты, санасына салмақ алып, сан соғатындары да жетерлік. Біле-білсек, соның бірі – біз сөз етіп отырған «Көл­дегі» «Мен». Бір өзгешелігі, бұл кісі айда­лада жатқан иесіз көлді көріп, оған «өле ғашық» болған. Көрмесе тұра алмас дәрежеде. Міне, бүгінгі күн кейіпкерлерінің сиқы. Ал онда біз мұндай сыртына түк шы­ғармайтын, шығарса да, сақтықпен құлта сақ­тап, бір бармағын ішіне бүгіп қалатын, кү­дік-күмәннан тереңінде «ит өліп жататын» ондай адамдарды қалай танымақ­пыз... қалай түсінбекпіз? Қолымызда «құ­рал» жоқ қой, өйткені, тұңғиықта тасталған «тебенді» қалай тауып, қайтіп алып шық­пақпыз? Осы тұста ойға шарасыз ғылым оралады. Ғылым болғанда, басқа емес, адамтану, оның ішінде жантану ғылымы. Яғни Фрейд және басқалардың ізденіс нәтижелері. Онсыз алға ілгерілеу қиын.
Жантану ғылымының тағы бір қажет болатын жері, мойындауымыз керек, біз­дің кісі табиғаты жөніндегі түсінігіміздің тым таяздығында болып отыр. Тіпті, кісі кү­лерлік деңгейде. Сондықтан оған (кейіп­ке­рімізге айналған адамға) қалаған-қала­мағанына қарамай, өзіміз ұнататын әр түрлі әлеу­меттік, моральдық жүктерді ар­қа­­латып, арбаға жеккен есектей «ойын­шық» қып ойнап жүрміз. Себебі, тәрбиеміз солай. Кү­рескер «кеңес адамы» – біздің адам жайындағы білетініміздің шыңы. Тар шең­берде тұралаған тұйық түсінік. Енді келіп ол (әлгі ескі таным) ет пен сүйектен жарал­ған пенде баласын дұрыс білуімізге кедергі келтіруде. Содан келіп, өзіміз се­кілді жұмыр басты пенде баласының жан әлеміне үңіле алмай, лағып жүрміз. Тере­ңіндегіні тани алмай, адасудамыз. Ал ептеп шырамыт­қан­дар шыға қалса, олар өз түйген-түсінгендері негізінде білгендерін жаза қалса, «ұстап алатын ештеңесі жоқ» деп күстаналаймыз. Себебі белгілі... Енді сол жасанды «шідерді», кезі де келген шығар, сәті түсіп Тұрсынжан ағам үзіпті. Фрейдті оқығаннан емес, әри­н­е. Адам дей­тін екі аяқ­ты мақұлықты онсыз да жақсы білгендіктен. Ал айдаладағы еврей шалды алға тартып отырған, кешірім өтінеміз, мына біз. Жұртқа «Көлдегі» «түсі­нік­сіздікті», «ұстап алуға болмайтын жоғын» «ғылыми негізбен» дәлелдеп, түсіндіру үшін керек болды, келтірдік, айып болмас деп ойлаймыз.
Ал Тұрсынжан ағам әңгімесін қалай жаз­ды? Енді аяңдап осыған келейік.
Барлығымызға белгілі, әдеби шығар­ма­шылықтың түпкі мақсаты – форма (әде­би тәсіл деп білсеңіз, алысқа кете қой­май­сыз) емес. Әрине, оның маңызын ешкім жоқ­қа шығара алмайды, дегенмен, соңғы ны­сананың адам екені анық. Адам болған­да, жартыкеш, жасанды кісі емес, толық­қан­ды, «кесек» тұлғалы пенде баласы. Сірә, бітеу болып жаралған ынсан деген дұрыс шығар, ал «тасасында» (жаны, яки болмысы деп ұғыңыз) не жатқаны түбегейлі ашыл­маған адам адам ба осы? Талассыз іс, ол – адам емес. Біле-білсек, адам сол, қала­саңыз, «ішкі дүние» деңіз, ұнатсаңыз, «жан әлем» деңіз, еркіңіз, әйтеуір, санасын­дағы сол «жасырын сырымен» де адам. Он­сыз шын мәніндегі адам бола алмайды. Ал оған қатысты біз көре алатын жайлар, бір сөз­бен түйгенде, қимыл-қозғалыс ара­лас­қан, тап болған, бастан кешкен оқиға сол «таса­дағы» көрінбес пәленің сыртқа шыққан «сықпыты» емес пе? Неге ұмытамыз осыны? Рас қой? Рас. Ал онда сол кісіні отқа да, суға да айдап салуға қабілетті көмескі «қуғын» неге маңызсыз болуы керек. Біздің ойымызша, ол өте маңызды. Маңызды ғана емес, тіпті, шешуші. Сол себепті де, міне, «ол» жайында жақ ауыртып, тіл безеп отыр­мыз. Өйткені, әңгімемізге арқау болып отыр­ған «Көлде», сол өте өзекті мәселе – адам жанының тосын бір құпиясы төбе көр­сеткен.
Жоғарыда да айттық, адам үшін сыртқы дүниеде кездесетін маңызды нәрселермен қабат, ішкі әлемінде де орын алатын орасан «оқиғалар» болады. Соның бір мысалы, «Көл» кейіпкерінің басына орнаған жағдай, рухани күй... тағы неше түрлі атаулармен сипаттауға болатын ішкі аумалы-төкпелі ахуал. Байқамасаңыз, болашақ дімкәс­тіктің (мысалы, қосүрей) бастауы болып есепте­летін тасадағы ондай тосын жайлар аса елеусіздігіне қарамай, кейде кісінің тағды­рын аяқ асты өзгертіп, басқа арнаға бұрып жіберуге қабілетті. Бетін ары қылсын, өкі­нішке орай, олардың кейбірі шынымен де сондай. Ал кісінің тағдырына емін-еркін әсер етіп, ықпал жасай алатын нәрсені сіз­ге жай нәрсе деп кім айтты? Рас, былай бай­қалмайтын шығар, сезілмейтін, көрін­бейтін болар, дегенмен, ауыр салдары белгілі емес пе? Тіпті, сол көзге көрінбейтін кө­мескі күйінің өзінде кейіпкердің сары-алтын сабырын сарқып, темір төзімін таусып, соңында шараға айналған шақша ба­сын қаңғалақтатып айдаған беті айда­ла­­дағы құрттаған көлдің жиегінен бір-ақ шы­­ғарып тұрған жоқ па? Осы көзсіз «дү­лей» оңай «қуат» па, тәйірі?! Жай нәрсе деуге негіз жоқ. Мүмкін, көрген тәрбиесі бойын­ша, адамның қоғамдық құнына, әлеуметтік мәніне ғана мән беріп, оның пенде ретіндегі ішкі қалтарыстарына үңіл­гісі келмейтін соц-реализмшілдер ғана елеу­сіз деп айтса айтатын шығар, ал бас­қалардың, кішкене «саңлауы» бар кісілердің ондайға аузы баруы мүмкін емес. Демек, біз ара-жігін ажырата алмағанмен, адам үшін іш-сырт, көрнеу-көмескі деп бөлінетін бөлініс жоқ, өзіне қатыстының бәрі маңыз­ды, бәрі шешуші.
Жә, тым ақылгөйсіп кеткен бұл әңгіме­міз­ді осы арада тоқтатып, енді өз жөнімізге кө­шейік.
Иә, адам үшін «ішкі болмыс», «жан әлем» деп аталатын маңызды нәрселер болады деп жатқанбыз. Маған наныңыз, кісі баласында сондай да бір ғажап «кеңістіктер» болады. Бұл жайында білгенімізді шамамызша айттық, жобалап болса да белгілі бір түсінік қалыптасты деген үміттеміз. Тағы бір үстей кететін жәйт, кісінің жан ­дү­ниесі жөнінде сөз болғанда оны міндетті түрде инстинкт не нәпсі деген жағымсыз құлықтармен шатастырудың жөні жоқ. Ол тар аяда қалу болып табылады. Адамның ішкі әлемі одан әлдеқайда кең, әлдеқайда ауқымды. Бірақ өте нәзік екені айтпаса да белгілі. Онда жаратылыстан берілген көп нәрселермен қабат, сыртқы әсерлерден туын­дайтын туынды құбылыстар да кез­десуі ықтимал. Мысалы, біз сөз етіп отыр­ған «Көлдің» кейіпкері. Иә, оның әлгі халінің іштегі (жан дүниедегі) әзірге белгісіз бір жасырын ұнсырмен (фактор) іліктес болуы әбден мүмкін. Алайда, біздің қолымызда әзірге оған қатысты дерек жоқ. Сондықтан сыртқы дүниенің тіке әсері деп қабылдай­мыз. Құбылыстың орын алғаны рас. Бар. Үн-түнсіз өмір сүріп жатыр бір түкпірде. Кейіп­кер жанының қайсыбір тереңінде бұ­ғынып алып, «тірлік» кешуде. Және анау-мы­нау емес, керек кезінде кенет күшіне еніп, қаһарманымыздың қара басын қиянға қарай сүйрей жөнелуге қауқарлы. Әңгімені оқысаңыз, оның жүрек қалтыра­тар суық сызын жер түбінен сезесіз. Жоға­рыда да айттық, осы арада тағы қайта­лай­мыз, біз қазірге «оның» нақты не екенін, ғы­лым­да, я басқада не деп аталатынын білмейміз. Бірақ тыныс алып, жүрегі соғып тұрған «тір­шілік» екенін түйсінеміз. Басқаша айт­қан­да, автор оны бізге сездірді, тағы келіп шүбәсіз сендірді. Бұл деген, қалай десеңіз ­де, бүгінгі әдебиет үшін оңай жетістік емес.
Ал онда бұл айта қалсын табысқа автор қа­лай қол жеткізді? Қиын болса да, енді осы тараптағы көзқарасымызды ортаға салайық; жолымыз болып, көкейіміздегіні аршып айта алып жатсақ – бағымыздың жанғаны.
Мұнда, әрине, бейнелеу жағында үлкен жаңалықтың ашылғанын ашалап айтуымыз керек. Ал енді ол қандай жаңа­лық де­­ген­ге келсек, асықпай ары қарай оқы­ңыз...
Бұл арада, сөз жоқ, жазылған жайдың не екенін біліп алмақтың маңызы зор. Әл­гін­де де айттық, әңгімеде баяндалған нәрсе – көмескі дүние. Яғни ауытқу ал­дын­дағы қалыпсыз адамның қалтылдаған «қиын халі». Бар қиындық – осында. Бұндай көзге көрінбейтін «жоқ» затты қалай жазуға болады? Әлбетте, оны ескі тәсілмен жаза ал­майсыз. Бұл – белгілі. Енді не істеу керек?
Білесіздер, бұған дейін біздің жазармандар әңгіме жазуда негізінен мына әдісті қолданып келді: әуелі шикі материалды (қорғасын) (оқиға деп біліңіз) табады, оның еш қиындығы жоқ, өйткені, ондай дүниелер жұрт арасында шаш-етектен (болмаса, ойдан құрай салуға да болады); іле келесі басқышқа өтеді – әлгі қорғасын­ды еріту (оқиғаны өңдеу, ойша қорыту деп түсініңіз) басталады; негізі, бізде осы екеуі­не ғана шамалы жан қиналады, болды, қалғаны оңай; енді қалғаны қалып қой, ол – дайын. Құдай берген аға буын жасап кет­кен баяғыдан қалған бірдеңе бар, же­теді, жаңағы ерітіп алған «қорғасынды» әкелеміз де, соған құйып жібереміз, нобайы келсе, жарап жатыр, жолына салып, жібере береміз. Тапқан-таянғанымызды әкеліп қотара беретін әлгі ежелгі қалып байқұс тозды-ау, ескірді-ау, заманы озды-ау деген күдік санамызға кіріп-шық­пайды, жұмыс мігірсіз жалғаса береді. Біле-біл­сек, бүгінгі таңда көп айтыла беретін жаңа дәуір адамдарының көркем бей­не­сінің бұлыңғыр тартып, анық сомдалмай жат­қаны – осыдан. Өз қалыбы болмаған нәр­сені қалай көңілдегідей етіп құйып шығуға болады? Ештеңені де. Ең болмаса, осыны түсінудің өзіне аз-кем ұмтылыстар жасал­ғанда ғой, жағдайымыз қазіргіден тәуір болар ма еді, қайтер еді?!
Айтты-айтпады, не керек, енді ол дәуір де артта қалып бара жатқандай. Сірә, ісі­міз енді оңына басады. Өйткені, күткен дү­ние­міз болыпты. Соның дәлелі, міне, баға­надан аржақ-бержағын аударып, іші-сыртын айналдырып отырған «Көл». Қазақ әңгімесінің жаңа бір үлгісі. Жаңа заман адамдарын жаңаша бейнелеудің соны тәсілі. Нақтап айтқанда, кейіпкерді, ұзын-сонар оқиғаға салып, сыртқы түр-тұрпатын сыпыра сипаттаумен емес, оның өзгеше ішкі халін, те­реңінде тұншығып жатқан таса «сырларын» терең қазу арқылы қаһар­ман­ның көзден таса көмескі бейнесін, қала­саңыз, ішкі портрет деңіз, ұнатсаңыз, рухани образ деп атаңыз, бәрібір, сондай бір толық кескінін қалыптайтын өзгеше форма. Соныға бастар соқпақ... Мұнда жазу­шының кейіпкерді терең тебіренту, толған­дыру жолымен өткен жайларды сана­сында қайта жаңғырту арқылы жан дүниесіне бойлай кіріп, те­реңін­дегіні – болмысында жаңа пайда бол­ған «құпияны» ақтарып, ашыққа шыға­рып беретін «ішкі монолог» әдісін мүлде жаңа жағдайда пайдалана білген шебер­лігін баса көрсетуге тиіспіз. Үстей кету керек, бұрын көп тәсілдің бірі ретінде қаже­тіне қарай ғана қолданылатын әлгі ескі амал бұл туындыда тұтас шығар­ма­ның жа­рыққа шығар жолына айналған. Міне, со­ның арқасында «Меннің» бар «сыры» ап-ай­қын мәлім болады. Тіпті, басқа қырлары да әшкере. Қараңыз, «Көлде» «Мен» өзімен-өзі сырласқандай күңірене күбірлеп отырып, соқа басы ғана білетін оқшау сырларын сыздықтатып былайша ақтарады: «Осы көл­ге альпинистердің үйір болуы тегін емес. Түпсіз қара құрдымның құмары мен түпсіз көгілдір түнектің іңкәр­лы­ғы, сірә, туыс. Санамның мұнарланған көмескі қа­пырығында, құпия құдықтарында қордалан­ған әзелгі бір үрей мен әлдебір қияметтік ынтықтың өз бойымдағы тай­та­лас-мәміле­сін күңгірт түйсікпен еміс-еміс мен де се­зінем... бойдағы осы екі мыл­қау­дың, ала­пат екі дүлейдің кергісі мен келі­сімінде жан-жүрегі от боп мұздап, мәңгі тоң, тас қияны шекіп-қашап, өнімсіз қы­бырлап, Хан-Тәңірінің көз қарыққан көк жалтырына өрлеп бара жатқан міскін мен мына көлдің қарауыта телмірген тажал сұ­сынан қал­тырай түсіп, жадылап қой­ған­дай жалаңаш жалдың үстінде қимылсыз тұрған жалғыз­дың жағдайында көп айырма жоқ...» дейді. «Жар басындағы жалғызы» – өзі. Кешіп тұрған халі, енді, сұмдық! Ал содан кейін, әңгіме аяқталар тұста: «Кейде бір себепсіз сезіктен түн ортасында еле­гі­зіп оянамын. Сырттағы үнсіз, тілсіз, үңірей­ген меңіреу қараңғылықтың терезенің күңгірт әйнегіне көмескі шағылған жалтыр түнегіне мағы­насыз үңіліп, ештеңеге тү­сін­бей мәңгіріп ұзақ отырамын... Сондайда, неге екені бел­гісіз, тау басындағы қара көл көз алдыма келеді. Қара көлдің таби­ғаттың қиялынан емес, бір зор қиянаттан туғаны есіме түсе­ді. Қара көлде түп жоқ екенін ой­лай­мын... Мен осы көлде не мағына ба­рын білетін сияқтымын... » дейді. Бұл, қалай айтсаңыз да, күнделікті өмірде бола бере­тін қайғы, мұң, көңілсіздік дегендей, көңіл-күйдің деңгейін­дегі нәрсе емес, одан әлде­қайда тереңдегі – жан тұңғиы­ғында жа­ры­лып жатқан алапат «жарылыс­тар». Фрейд айтатын жасырын санадағы аң­даусызда (бейсаналы түрде) сыртқа шығып қалған, қашан кіріп, қа­лай орнығып алғаны белгісіз жұмбақ «сыр­лар». Ендігі тірлігінде, әрине, анау-мынаудан аман болса, ажырамай бірге жасайтын түр-түсі анық емес бей­мағлұм «құбыжықтар». Ал осы ілгері біздің елде ешкімді маңына жо­латпаған, «көлеңкесі» бар да өзі жоқ, ұс­тат­пас пәлені бейнелеп бер­ген «Көл», біздіңше, бүгінгі қазақ әде­биетін бір «селк» еткізуге тиіс. Ал «селк» ет­пеймін десе, тағы өздері біледі. Ешкімді зор­лауға қақымыз жоқ!
Сөз соңында, қызық, аталған әңгімедегі өзіміз айтқан тың жаңалықты не деп атауды білмей дағдарып отырмыз. Әрине, «Ой, ол модернизм ғой... постмодернизм деге­ніңіз сол болады, соны да білмейсің бе?» деп жеп-жеңіл тайқып шығуға болар еді. Бұлай еткенде, білеміз, екі нәрседен ұтуға болар еді: біріншісі, өзімізді көп оқыған білімді көрсете алар едік; екіншіден, біле­сіз­дер, қазіргі адамдар «Патшаның жаңа киімі» ертегісіндегі тоғышарлар секілді өзінің оқымаған «ақтығын» сездіріп алудан қатты қорқады – «Ол не еді?» деп сұрамай­ды, жауапкершіліктен оңай құтылар едік. Сұрай қалған күнде де, әлі басы ашыл­ма­ған бұлыңғыр дүние ғой, өзіміз де түсін­бей­тін, өтірік-шыны аралас бірдеңелерді айтып, сытылып кетуге болар еді. Бірақ өйте ал­ма­дық. Өйткені, қу ішіміз сезеді, бұл, шынымен де, солардың (жаңағы измдердің) ешқайсысы емес. Оған сіздің де күдігіңіз болмасын. Дұрыс, әлі ат қойылмағаны се­бепті, шартты түрде, уақытша солай дей тұ­ру­ға болатын шығар, бірақ түбегейлі атау­ға түп тамырымен қарсымын. Неге? Се­бебі, Тұрсынжан ағам қайсыбір шығар­масында өзі де айтқан: «Қазақ модер­низмі (шартты түрде осылай алдық) қазақ қоға­мында, тек қазақ топырағында ғана туады». Мынау – сол. Қазақ топырағында ту­ған «қазақ модернизмі». Ерте ме, кеш пе, әй­теуір бір тумай қоймайтын жаңа әдіс, ұлт­тық үлгі.

Серік НҰҒЫМАН.

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3545