Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 7047 0 пікір 23 Маусым, 2014 сағат 12:05

КЕРБИЕНІҢ КӨЗ ЖАСЫ

Жылқы жылайды. Қамбар атаның көз жасын бала кезімізде көп көрдік. Бірақ Алматыға келгелі бұл әңгіме «этнографияға» айналды ғой. Жылқы жылайды десе, таң-тамаша боламыз. Асфальтта өспесек те, Қамбар ата тұқымы туралы әңгімеге жатмінез көрсетеміз. Әйтпесе, сол қылқұйырықтының көз жасын алақанмен сүрткен ауыл баласы емеспіз бе...

10-12 жас кезім. Кербие бірінші рет, жазғытұрым кенже құлындады. Тайында қорамызға біткен тұқымы жақсы жылқы еді. Бірнеше жыл құр жүрді. Білгіштер бедеу деп жатты. Бірақ әкем сүйегі сұлу күліктен күдер үзгісі келмей, үйірден аластаған жоқ. Тұмса дейтіндей емес, 9-10 жастағы жуан жылқы. Орауыз ақ құлақ кер құлын - бүкіл ауылдың көзқұрты. Әжем: «Кемеш (Әкемді ауыл ел осылай атайтын), жас төлді кісі көзінен тасада ұстасаңшы. Үйірге қосып жібер. Көз тиіп жүрер» - деген. Оған әкем құлынның әлсіздігін сылтауратып қорада ұстады. Керқұлын бейне құланның төлі сияқты, орауыз, ақ құлақ, ақ бауыр, қаражон, қылшық жүнді. Сүйкімді еді. Бір күні кеште ауыл сыртында арқандаулы тұрған құлынды-биенің оқыранғаны алақандай ауылға анық естілді. Баламыз ғой. Жүгіріп бардық. Жануар арқанды шыр айналып шауып жүр. Аққұлақ құлын жерде жатыр. Әжем үш жерге топырақ үйді. Үшеуін ауылдағы үш шалдың моласы деп, құлынды содан үш рет айналдырды. Бірақ керқұлынның беті бері қараған жоқ, күн қызылы бата денесі қимылсыз қалды.
Сол түні Кербие таң атқанша кісінеді. Ертеңгі шайда әкем құлынсыз қалған пырақтың сора-сора болып жылап тұрғанын айтып келді. Рас екен, жануар құлыны өлген жерде тұяқ серппей жатыр. Көзінен аққан жас тарам-тарам...
Үйірге қосып едік, күнде кешке қораға келіп, жанары жасқа шыланып жылап тұрады. Бір аптада қу сүйек болып арықтап кетті. Мұны көрген сақа жылқышы Мұса қария: «Кемеш, мынауың кісі жүректі екен. Мал болмайды. Одан да адалынан бауыздай сал» - деді. Оған әкемнің дәті бармады - ау деймін, байқұсты пышаққа ілген жоқ. Арада бір апта өткенде құйрық-жалсыз қалған Керпырақ қораға келмей қалды. Мұса шал жануардың тау бөктерінде өліп жатқанын немересінен айтып жіберіпті. Әкем биені сойып, терісін сыпырып қайтты...
Содан бері оншақты жыл өтті ғой. Өткенде әкеме жылқының көз жасы туралы бір өлең оқып едім. «Әлгі Кербиені көзжасы мен күйік жеп қойды ғой» - деп күрсінді. «Ой, әкей, ол мал емес пе. Малды күйік жеуші ме еді?» - деп күлдім. «Әй, бала, сен не білесің? Жақсы жылқы жаман адамнан есті болады. Мен Кербиені сойып, ішін жарғанда көрдім. Жануардың өкпе-бауыры, жүрегі қап-қара болып күйіп кетіпті» - деді. Мен үндей алмадым. Әкем тумысынан артық сөйлемейтін кісі. Иланбасқа шара қалмады.
Осы күні Керпырақ түсіне көп енеді. Жануарды ойласам, адам атын арқаланып жүрген көкек аналар мен безбүйрек әкелерге жаным ащиды. Тоғыз ай тар құрсағын кеңіткен сәбиінен жеріп, шарананы қоқысқа тастап кететін қыздар мен баласын ұрып өлтірген аналарға «адам» атын аяймын. Шіркіндерде мал екеш, малдың да жүрегі жоқ екен-ау. Ал оларға қарағанда, ұрпақ парызы алдында Кербие шексіз бақытты екен.

Жарас КЕМЕЛЖАН

«Жас қазақ» газеті

0 пікір