Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 8495 0 пікір 1 Шілде, 2014 сағат 11:02

Қандастар: «Екі анықтама», «Бір тентіреу», «Қамалу және сотталу»

Кеше ғана, яғни 29 маусымда,  «Абай», «Қамшы», «Алты Алаш» порталдарында Қытайдан оралған қандастарымыздың «Тұрақты тұруға» рұқсат ала алмай қайта көшіп жатқандығы туралы ақпарат тарады.  (http://abai.kz/post/view?id=1101 )

Соңғы жылдары Елбасының да, елдің де мүддесі еленбей қалып жатыр. Бүгінде Астанада да «Оралман куәлігін» ала алмай, тұрақты тіркеуге тұра алмай жүрген қандастарымыз шұбырып жүр. Өз күштерімен келген ағайын қисынсыз құжаттар себебінен тұрақты тіркеуге тұра алмайды. Ал тұрақты тіркеуге тұра алмағандардың Ықтярхат та, Азаматтық та ала алмайтыны белгілі. Сонымен, табаннан тозған қандастарымыз виза уақыты бітісімен «Заңсыз келімсек» атанып,  қайтуға мәжбүр. Тіптен тұрақты тіркеуден үміттеніп, тіркеу уақытын өткізіп, сотталып жатқандары да бар. Қазір бұрынғыдай «Ескерту беру» деген жоқ. Тікелей қамалады немесе сотқа жіберіледі.  

Қазақ Үкіметі қытайларға барынша мүмкіндік жасап жатыр. Атап айтқанда,  мыңдаған гектар жерді беріп, жұмыстарын дөңгелетулеріне  барлық мүмкіндік жасаған. Оның үстіне олардың Қазақстанда қалуына да заң кедергі емес. Тек 5 жыл тұрақты тұрса болды, ақшаларының көптігін көрсетіп – ақ Қазақстан азаматы атана алады. Себебі, оларға «Иинвестор» деген жеңілдік беріледі. Бұл жеңілдікті кез-келген қытай ала алатынын білген дұрыс.

Ал, қандастарымыздың Қазақстанда жұмыс жасауы тұр ғой,тұрақты қалуы қиын болып барады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 20 наурыздағы № 248 қаулысы көші-қон мәселесіне қатысты кедергілерді жоюға үлкен септігін тигізді. Атап айтсақ:

Азаматтық алу үшін Қазақстанда тұру 1 жылға қысқарды; қандастарымыздың еліміздің қай өңіріне баратындарына қарамай, оралман мәртебесі  берілетін болды; Азаматтық алуда қарастырылған міндетті төлемнен босатылды; Үкімет белгілеген 7 аймаққа баратындарға мемлекет тарапынан әлеуметтік пакет қарастырылып, мемлекеттік атаулы көмектер мен жалдамалы үйге ие болудың мүмкіндігі туып жатыр. Алайда сонан бері 3 ай уақыт өтседе ешқандай нәтиже жоқ. Тек сөз жүзінде қалып отыр.

Шындығын айтқанда,  жоғарыдағы мүмкіндіктерге ие болудың алғы шарты – тұрақты тіркеуге отыру. Қазірше, Қытайдан оралған қандастарымыз  үшін бұл – қияметтің қыл көпірі болып тұр.

Ішкі Істер Министрлігі қандастарымызға қойған кедергіні алып тастамай отыр. Нақты заң жүзінде Қытайдан оралған қандастарымыздың Қазақстанға оралуына мүмкіндік жоқ.  Тұрақты тіркеуге тұру үшін қажетті қол жетпейтін немесе қол жеткізуің қиын құжаттар жетіп артылады. Бұл, әсіресе, қытайдың аранына кетіп бара жатқан қандастарымыз үшін ауыр тиіп тұр.

Қандастарымызды «Тұрақты тіркеуге тұрғызу» мәселесімен Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігінің құрамындағы Көші-қон полициясы айналысады. Аталған полицияның қазірше бұл мәселеде Үкіметпен де,  Қытайдың Қазақстандағы Елшілігімен де бірлесіп жұмыс істей алмай отырғаны белгілі.

Қысқасын айтқанда,  Қытайдан келетін қандастарымыз үшін заңдық сипаты анықталмаған  екі «Анықтама»,  «бір тентіреу», «Қамалу немесе сотталу»  бар. Олай дейтініміз – «анықтамаларды» алу және беру жағында екі елдің заңдық негіздері қарастырылмай, өзара қарама-қайшылық тууда. Ал оның зардабын қарапайым халық тартады.

 «Сотталмады» деген анықтама. Онсызда Қытай үкіметі сотталған адамдарға төлқұжат беруді «заң жүзінде тыйым салған». Қазақстан тарапы Қытайдың Қазақстандағы Елшілігі арқылы бұл мәселені анықтамай отыр.

 «Қытай азаматтығынан шыққаны туралы анықтама» керек. Бұл анықтаманы алу үшін Қытай тарапы «шетелдің азаматтығын алғандығы туралы анықтаманы» талап етеді. Бұл екі елдің көші-қон мәселесінде үйлеспей келе жатқан қарама-қайшылықтың бірі.  Екі ортада қандастарымыз осы себептен Қазақстан аумағында тұрақты тіркеуге тұруға заңдық тұрғыда мүмкіндік ала алмай отыр. Алған күннің өзінде заң жүзінде қылымыстық жауапкершілікке дейін апаратын қайшылықты мәселе.

«Тентіреу». Осы анықтамаларды алу үшін тағы да Қытайдың Қазақстандағы елшілігіне жүгіну керек. Әр кәмелетке толған бала елшілікке өзі келуі керек. Сөйтіп, мыңдаған қазақ алыстағы ауыл-аймақтан жиналып, «өшіретке» тұрып, бір жапырақ орысша «справка»  үшін ақшаларын шашып, табанынан тозуы керек. Бұған үкіметтің құлықсыздығы адамды намыстандырады әрі жігеріңді жасытады.

«Қамалу немесе сотталу ». Сонымен табаннан тозып, тұрақты тіркеуге тұра алмаған қазақтар виза уақыты біткен соң «заңсыз келімсек» атанып, қамауға алынады,оларға айыппұл салынады. Уақыты ұзақтар сотқа жіберіледі.

Қазақтың қазіргі халі осы...  Көшіп келген ағайынды табандарынан тоздырмай ораза айында Үкімет пен Президенттің маңайындағылар обал-сауапты да ойласа екен деген тілегіміз бар.

 

Алтай Бұқарбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1571
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3565