Жұма, 29 Наурыз 2024
Қорған 9062 0 пікір 2 Шілде, 2014 сағат 13:35

ҚЫЗЫР МЕН МҰСА ПАЙҒАМБАР

Қасиетті РАМАЗАН айының құрметіне!

 

Қызыр мен Мұса пайғамбар

(Құран Кәрім. Каһф сүресі).

1

Орындап Алла әмірін ишара еткен,

Бір жартастың түбіне Мұса жеткен.

Кездестірді Қызырдай пайғамбарды,

Адамдарға жақсылық дәнін сепкен.

2

Мұса айтты: Сізбен бірге жүрсем деймін,

Алла жолын үйреніп көрсем деймін,

Талай ілім білесіз Тәңір хақтан,

Соның үшін соңыңа ерсем деймін.

3

 - Ей Мұса, бір жүруге төзе алмассың,

Жағдай көп, мағынасын сезе алмассың

Неше түрлі жайлар бар адам білмес,

Көргеніңде ұға алмай, шыдамассың.

4

- Шыдамым жетер деймін қолдаса Аллам,

Не істесең де өзің біл, қарап тұрам.

Сұрамай, қарсы келмей бұйрығыңа,

Үйреніп, ілім-тағлым, ғибрат алам.

5

- Олай болса, жүре ғой болсаң дайын,

Меселіңді қайтарып не қылайын.

Не көрсең де сұрама, шыдамды бол,

Өзім айтып бергенше, істің жайын.

6

Сонымен жолға шықты пайғамбарлар,

Бір кемеге мініпті, көріп олар.

Қызыр баба кемеге тесік жасап,

Жарамсыз ғып тастады, суға толар.

7

Мұның не деп, сұрады нәби Мұса,

Кемешілер батпай ма, суға шықса.

Қалайша жөнсіз істі жасадыңыз,

Пайғамбар атыңызға келді-ау нұқса.

8

- Қайда қалды, шыдаймын деген сөзің,

Осынша тез уәдеңді бұздың өзің.

Мұса айтты, кешіріңіз, енді алда,

Үндемеспін, не болса, көрсе көзім.

9

Жарар деп, тағы екеуі алға кетті,

Алдарынан жас бала қарсы кепті.

Қызыр сонда ешқандай себепсіз-ақ,

Өлтіріп, ол баланың қанын төкті.

10

- О сұмдық, - деді Мұса, бейкүнә жан,

Қандай ғана қиянат етті саған.

Жауыздыққа қалайша қолың барды,

Қызыреке, мұныңды қалай ұғам?!

11

- Ескерткен ем, көнбестен бірге жүрдің,

Ұмытылды тағы да уәделерің.

Төзімді бол, сұрама, еш нәрсені,

Түсінбесі көп болар, пенделердің.

12

- Қызыреке, сұрасам ендігәрі,

Жолдас қып ертпей-ақ қой, бұдан әрі.

Уәдемді неше бұздым, кешіріңіз,

Қусаңыз да себептер табылады.

13

Сонымен тағы екеуі біраз жүріп,

Кездескен бір шахарға келді кіріп.

Талайлардан қонақжай сұрап еді,

Ықылас етпей қойды, шын білдіріп.

14

Ескі үйді кездестіріп, құлап тұрған,

Екеуі солай қарай жолын бұрған.

Қызыр баба заматта жөндеп қойды,

Жап-жақсы бола қалды, бұрынғыдан.

15

Мұса айтты, мақұлдарлық ісің мына,

Қуанар тұратұғын кісі мұнда.

Қаласаңыз сұрарсыз еңбек ақы,

Риза болар иесі берер пұлға.

16

Қызыр сонда Мұсаға тыңда деді,

- Екеуміз қоштасатын сәт те келді.

Алдағы өтіп кеткен жағдайлардың,

Негізгі шын мәндері былай еді.

17

- Кемеге жүздірмедім, тесіп тастап,

Көп кедейдің жүр еді жанын сақтап.

Шыға қалса бір патша тартып алып,

Қалар еді байқұстар жылап, қақсап.

18

- Баланың ата-анасы мұсылмандар,

Ол өссе, дәл соларға зорлық қылар.

Болашақ азғын, сұмның орынына,

Адал ұл бір Алладан нәсіп болар.

19

- Ал енді құлайтұғын үйге келсек,

Ол үйдің қожасы еді қос жетімек.

Тығылған там астында мол қазна бар,

Құласа тауып бөтен иемденбек.

20

- Балалардың жақсы еді ата-анасы,

Аллаға шексіз сенген, мол тәубасы.

Сол себепті ол қазна тәңір берген,

Жетімдерге бұйырар, нәпақасы.

21

- Бұл істердің осылай мәністері,

Ойламағын, барлығын мен істеді.

Әркімге пешенесін анықтаған,

Бәрі де Алла берген нәсіптері....

22

...Ойланайық шын қалай, жалған қалай,

Шынды білмей іс қылған болар қалай?

Құранның сөздері еді қисса еттім,

Сезінсең мәселе бар талай-талай.

 

Азамат Ақылбеков

Талдықорған

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3551