Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Әңгіме 7353 0 пікір 4 Шілде, 2014 сағат 10:07

ЕРБОЛ БЕЙІЛХАН. ОЛАР ДОС ЕДІ...

         (ӘҢГМЕ)

...Кеше ғана көктем еді...

            Қазан өтпей, қар жауды. Қараша келмей, қаз қайтты. Орай да борай соғып жауған қар аралас жаңбыр үш күнде сары алтындай жапырақтарды тонап, ағаштарды жалаңаштап тастады. Қабағынан қар жауған күз, қаһарлы қысқа ұласты.

     Жұлдыз сөнбей атқа қонған Ермек бірден Cармантайдағы жылқышылардың қосына тартты. Тізгінді қымқыра ұстаған жігіт тақым қысқаны сол еді, жемде тұрған күрең сар желді. Таң ағармай жолды өндіріп алғысы келді. Жылы тамнан шығып байқамапты, күн желсіз, ашық болғанмен, аяз екен. Күреңнің жұмыр тұяғы тиген қар сықыр-сықыр етеді. Жіпсіп тер шыға бастаған аттың танауы, құлақшыны, омырауы қыраулана бастапты. Ештеңе ұмытқан жоқпын ба деп ойлаған жігіт: қолғабын шешіп, қойнына қол салды. Ақша орнында екен. Сипап қойды. Ердің артқы қанжығасындағы шағын қоржынын ұстады. Ұстады да сенбей, бұрылып көрді. Артына бұрылғанда бір-ақ көрді, иті ілесіп келе жатқанын. «Мына күнде бұған не жоқ?» деп ойлады. Күшігінен асыраған, қайда барса да соңынан қалмайтын Ақтөске іші жылып қалды. Бұл келгенде жылқышы екі жігіт енді тұрып жатыр екен.   

      - Таң атпай астыңнан су шықты ма?-деді құрдасы Ақыш.

       - Соғым кезінде асауға бұғалық салғаннан сендерді ұстау қиын" деді Ермек.

        - Құрдасың, қатырды, - деп мәз болды Шүкір.

Кең, екі бөлмелі вагон қосқа от жағылды. Жігіттер шай қойды. Шағын дастарханға түннен қалған жылқының жылы-жұмсағы тартылды. Ет турап отырған Ақыш Ермекке қулана қарап: - "бірдеңең жоқ па?" деді.

- Саған еттен басқа не керек?-деп күлді Ермек. Сөзге араласқан Шүкір: - Жөн білетін жігіттер дәстүрді бұзбайды, - деп қағытты. Бұдан артық күттіруге болмайтынын білген Ермек қолын сүртті де, ердің қанжағасындағы шағын қоржынын алып келді.

 - Бәсе, - деп екі жылқышы бір-біріне көз қысты. Мал мен бастың амандығын, соғымның шүйгін болуын тілеп, үшеуі екі бөтелкенің басына су құйды.                           Сармантайдың қалың ағашын айнала жайылған жылқыны үшеуі тез жиды. Үйір-үйір шұрқыраған жылқы жігіттерге қанат бітірді.

         - Қазақтың рухын оятам десең, жылқы баққыз, - деді жирен қасқа айғырдың үстінде шіреніп тұрған Шүкір.

       - Қазақтың рухын жоям десең, доңыздың етін жегіз, - деп шешенсіді Ақыш. Қарап қалуды ар санаған Ермек: - Ер қанаты – ат!- деп айқай салды.

        - Философиясын қара, - деп күлді Ақыш.    

       - Даланың академиясынан мықты академия жоқ, - деді, Ермек.

- Бір аяқ қымыздың екі аяқ желігі бар, оның үстіне жылқының желігін қос, кеттік, - деді Шүкір.

      - Ал, соғымыңды таңда, қолыңды қақпайық құрдас, көрсет!- деді Ақыш. Ермектің көзі жыра тартып тұрған көкала дөненге түсті. Жылқы жинап жүргенде көрген. Кемінде үш елі. Жемге байланбаған, Арқаның ақ желеуі мен ақ жусанын таңдап жеген, судың тұнығын ішкен жылқының еті дәрі. «Соғым сойсаң, осындайын сой, аузыңнан май кетпейді» деп ойлаған.

          - Ендеше, жомарт құрдасым, а -н -а -у көкала дөнен, - деп қамшысымен нұсқады.

         - Қайсы?-деді Ақыш. Тағы көрсетті. Шүкір, іш тартып қалды. Ат болатын жылқы. Көкала айғырдың тұқымы. Ақша да керек! Қасқыр жеп кететін бір тай.  Ауылдас, сыйлас осы бір аңқылдақ жігітті жақсы көреді. Қолын қағуға ұялды. "Ұста!" - деп Ақышқа қарады. Өрмелі қайыс арқанын ердің астынан, құрығын сүйретіп жанынан тастамайтын Ақыш алты жүз жылқыдан таңдап мінген кер төбелді тебініп қалды. Шалт қимылды жүйрік пен шапшаң жігіт көкаланың қыл тамағына арқанды салып тақымдай қойды. Құрық тимеген көкала тік шапшып, тулап барып, шегіншектей тартты. Қарулы жігіт тақымына үйренген кәнігі ат асауды тырп еткізбеді. Аттан секіріп түскен екеу көкаланы құлақтап, ноқталап, арқанмен езулеп, матап тастады, үш жігіт қатарласып, қара қосқа бет алды...

        Қыстың қысқа күні еңкейгенде соғым жылқыны қосарға алған Ермек Азнабай ауылына жүріп кетті. Аяз күшейіп, ақ жорға боран соға бастады. Жетек білмейтін шу асау көкала қосарға жүрмей қинады. Соғымға соятын малды өзі де қатты қинамады. Қызылмай боп кетсе, етінде дәм болмайды. Сығырайып ай туғанда, боран үдеп кетті. Жол әлі алыс. Соғымға семіз жылқы алып, тоқ көңіл қайтқан жігіт құбылып бара жатқан ауа райына мән бермеді. Батысты бағдарлап, көкаланы сауырдан қағытып тарта берді.             Ымырт түнге ауысты. Күшейген бораннан бағытты болжау қиындай түсті. Жігіт енді ғана қобалжи бастады. Сасқанда иттің өзі ес екен. Ақтөстің ергеніне қуанды. Бір шоқ ағаштың түбінен өте бергені сол еді, баран еткен бірдеңе зу етті. Ақтөс арс етіп тұра ұмтылды. Көкала үркіп секіріп, бейқам келе жатқан жігітті ат бауырына түсіріп кетті. Күрең ат қосыла үрікті. Күреңнің бауырына түскен Ермек көкаланың арқанынан айырылмай қойды. Үркіп шауып келе жатқан екі ат одан сайын үрікті. Екі ат қосарлана бергенде көкала теуіп өтті. Аяғы Ермектің жамбасына тиді. Есі ауған жігіт домалап жерге түсіп қалды. Күрең мен көкала қосарланып, беті ауған жаққа шауып, қараңғыға сіңіп кетті.

      ...Ермек есін жиғанда иен далада жатыр екен. Тұрмақ боп қанша ұмтылса да, тұра алмады. Тіпті бар күшін сап көріп еді, басы айналып, көзі қарауытты. Оң жақ жамбасы көтертпейді. Жамбасының сынғанын білді. Көзіне жас үйірілді. Түбіме жеттің ғой, Қу талақ, қу тамақ!-деп айқай салды. Иесінің ащы дауысын естіген Ақтөс қыңсылап атып тұрып, жүгіріп келді. Келді де Ермекті айнала иіскеп, қыңсылап беті-аузын жалады. Жігіт тоңғанын сезді. Қалайда өлмеуім керек деп ойлады... Сынған жамбасын сүйретіп, боран мен аязға қарамай алға ұмтылды. Ақтөс қыңсылап шыр айналып жүгіріп ілесіп отырды. Жүрісі түк өнбеді. Қайдан өнсін! Денесі мұздап барады. Сүйретіліп, бір жамбастап жүре берді. Сыңған аяғы басында қақсап жан таптырмап еді, енді күп боп ісіп, мұздап жансызданды. Еңбектей-еңбектей қолдың қары талды. Тоңған қолы қоқиып, енді тіреп жүруге жарамады. Ұйқы да қысып барады. Қас қылғандай боран бәсеңдеп, аяз күшейіп кетті. Бір жамбаспен шалқалай жатқан Ермек аспанға қарады. Көзіне берекесі кеткен елдей әр жерде селдіреген жұлдыздар көрінді. Ай бүгін секпілденіп туыпты. Өткен күндері көз алдына экрандағы кинодай бірінен кейін бірі келе берді, келе берді...

     Ісік пен үсік шалған денесі қозғалуға көнбеді. Қанша жатқаны белгісіз, мұздап жатқан денесі енді ыси бастады. Аспанға тесіліп жатып тәтті күй кешті. Ұйқы қысты. Қанша ұйықтамайын десе де, көзі жұмыла берді. Көзін күшпен ашып, «Ақтөс» деп ыңырсыды. Ақтөс қасында жатыр екен, қыңсылап белгі берді. Мойнын бұрып Ақтөске қарап еді: басын екі аяғының үстіне қойып, иесіне қарап жатыр екен. Жанарына жанары түйісіп қалды. Иттің көзіне жас толып кетіпті. Ермек көзін тайдырып әкетті. Соңғы рет аспанға қарады.

...Бір жұлдыз ағып түсті...

«Есі кіресілі-шығасылы боп жатып Ермек: "Ақтөс, бәріміз де сен секілді иемізге, досымызға, елімізге адал болсақ қой" - деп ыңырсыды. Ұйқы жеңді. Ол ұйықтап кетті. Қайтіп ешқашан оянған жоқ. Ақтөс ұзақ ұлыды...            Қимылсыз жатқан иесін күзетіп, құзғын-қарғаны қуып Ақтөс бес күн жатты. Күре жолға да қарай-қарай көзі талды. Арқаның аязы сынбады. Аш ит суық өтіп әбден әлсіреді. Алтыншы күні Ермектің суық денесіне басын қойып, Ақтөс те мәңгілік ұйқыға кетті.

...Олар дос еді...

Abai.kz

0 пікір