Жұма, 19 Сәуір 2024
Әттең... 7374 0 пікір 4 Шілде, 2014 сағат 12:01

"ӨЛГІҢ КЕЛСЕ, ҰЗЫНАҒАШТЫҢ АУРУХАНАСЫНА БАР"

Менің інім Ұлар Серікқұлұлы Серікбайдың тағдыры  өмір есігін ашқанда-ақ қиындап еді. Сәби қырқынан шыққан соң екі-үш күн ұзамай анасы қайтыс болды.

Анасының өлімі былай болған еді. Әкесі мен шешесі Ұларды көтеріп жолдың арғы бетіне өтпек болады. Баласын қолына ұстап тұрған жеңгеміз: «Секе, баланы сіз көтересіз бе?»,-деп отағасына беріпті. Отағасы баланы алып жолдан өтіп келе жатқанда жұбайы артынан ілескен. Сол мезетте шиқылдап келіп тоқтаған машинаның дауысы естіледі. Ағам артына жалт қараса жан жарын көлік қағып, сонау аспан көкке қуыршақша ұшырған екен. Жол жиегінде жаяу жүргіншілерге арналған белгіні елемеген жас дүнген жігіті болып шықты. Қабырғасынан айырылғанын сезген ағам сол жерде қол-аяғы қимылға келмей бір орында тыпырлап не істерін білмей қалады. Бұл оқиғаның куәсі болған адамдар жедел жәрдем шақыртып,жеңгемізді Ұзынағаштың орталық ауруханасына алып келеді. Жеңгеміз жансақтау бөлмесіне кіргеннен кейін-ақ, «бүйректері істен шықты, біз оны құтқара алмадық»,-деді ақ халатты жандар. Хош, жазмыштан озмыш жоқ дедік де тағдырдың салғанына көндік.

Бұдан кейін ағамыз балаларын жетімсіретпейін деп екінші әйел алды. Ол жеңгеміз Ұларға өз ұлындай қамқор болды. Ініміз оқу бітірерден бір ай бұрын жеңгеміз үйге келіп оның қызықтарын айтып бізді бір күлдірген еді. Біз сондай жеңгеміз барына Аллаға шүкіршілік айтып, қуанып қалған едік. Бірақ, ол қуанышымыз ұзаққа созылмады. Себебі, біз «Алтын белгіге» үміткер болып отырған озат оқушы, білімді де білікті ініміз Ұлардан да айырылып қалдық. Ол да анасы сияқты жол апатынан қайтыс болды. Ініміз өзінің сыныптастарымен бірге түнгі көшені қыдармақ болып серуенге шығады. Бір машинаға отырып көрші ауылға бармақ ниетпен жолға шығады. Жолда келе жатып рөлдегі сыныптасы жылдамдықты үдете түседі. Көзді ашып жұмғанша зуылдаған көлік бір бұрылысқа жетіп келеді. Рөлге ие бола алмаған жеткіншек апатты жағдай тудырып жол жиегіндегі талға барып ұрылады. Сол мезетте көлік ішінде отырған Диас есімді бозбала көз жұмады. Жол бойында аударылып жатқан көлікті көрген куәгерлер де тезарада жедел жәрдем шақыртып үлгереді. Жедел жәрдем тез келгенмен, ауруханадан хайыр болмады. Інімізді тездетіп ауруханаға жеткізгенмен, ол жерде нейрохирург маман мен узи жасайтын арнайы құрал жоқ болып шықты. «Біз Ұларды ауруханаға алып келгенде оның қол-аяғы қимылдап, көзі бір нүктеге қарап, ерні жыбырлап бірдеңелерді айтып жатқан.Бірақ мұндағылар бізде тиісті маман жоқ, қолымыздан ештеңе келмейді деп, қаладан бір нейрохирург шақыртты. Ол келгенше інім 5 сағат жансақтау бөлмесінде тыпырлап жатты. Оған аурухана дәрігерлері еш көмек көрсете алмады»-дейді туған ағасы Ермек. Бұл жағдайды естіп менің де бұл ауруханаға деген ыза-кегім үдей түсті. Бұрын-соңды «өлгің келсе Ұзынағаштағы аудандық орталық ауруханаға бар» деген өсек-аяңды естуші ем. Бірақ оған мен өзімше сенбей жүргенмін. Осы жағдайдан кейін көзім жетті. Ұзынағаштық дәрігерлерден пайда болмағасын облысқа, денсаулық сақтау министрлігіне хабарлап, мықты мамандарды алдырдық. Олар інімнің өмірімен бес күн бес түн арпалысты. «Баланың организімі жас, сауығып кетеді»,-деді біздерге. Біз сол сөзге сендік. Бірақ сеніміміз бес күннен кейін-ақ су сепкендей басылды. «Біз одан айырылып қалдық, баланың бүйректері істен шықты, бекем болыңыздар», -деді жансақтау бөлімінің басшысысымақ дәу бір орыс еркек. Біз оған сенбедік, өлді дегенге көнбедік.

Ол өзінің туған күніне, кәмлеттік жасқа толуына дәл бір ай қалғанда бұл өмірмен қош айтысты. Жыладық, жоқтадық, салғырттық танытып, жедел көмек көрсете алмаған ақ халаттыларды да боқтадық. Жазмыштан озмыш жоқ, маңдайға жазылған тағдыры осы шығар деп те өзімізді жұбаттық. Сонда да аудандық ауруханаға деген өкпеміз қара қазандай болып жүр әлі де. Ол жерде тиісті мамандар мен тиісті құрал – жабдықтары бар болғанда бәлкім өміріне араша боп қалар ма еді дейміз кейде. Бес сағат аурухана төсегінде босқа жатқанша ем-дом жасалып, ота жасайтындар бар болса бұндай қайғылы жағдайға тап болмас па едік. Білмеймін. Өлгіңіз келсе біздің Ұзынағаштың ауруханасына кел деймін бе мен де сонда? Бұл турасында қалам тербеп жазғым келмеп еді. Тек өзекті жарып бара жатқан өкініш өне бойыңды өртеп жібереді екен.

Ұларсыз таң атқанына, Ұларсыз күн батқанына 40 күн толды. Жаның жәннатта болсын, сары ауыз балапаным-ау... Сен кетті дегенге, өмірден өтті дегенге әлі де сене алар емеспіз. Аллаһым жатқан жеріңді жайлы қылсын алтыным, қабірің жарық болсын, жарқыным!

Е.Абдулла

Abai.kz

0 пікір