Жұма, 29 Наурыз 2024
Мәйекті 9594 0 пікір 7 Шілде, 2014 сағат 18:12

Ермұрат Бапи – Қажымұқан Ғабдолла: интернет-хаттар

Бүгінде (бұрын да) біреуді сынап-мінеуге келгенде, алдымызға жан салмайтын халықпыз. «Қазақ бірін-бірі көре алмайды» деп жатамыз, «Қазақ бірін-бірі өсірмейді, аяқтан шалады» деген тіркесті тұрақты қылып алғанбыз, тіпті, «Қазақтың жауы – қазақ» деген сөзді «мақтанышпен» жарнамалауды ұнатамыз... 

Мұның бәрі шылғи өтірік. Бұл – сыртқы күштердің біздің санамызға сіңірген жасанды әрі сасық апиыны. 

Қазақтың айрықша бауырмашылдығына, бір-біріне жанашырлығына, ақылдылығы мен адалдығына, мүдделілігі мен мықтылығына дәлел керек пе? 

Мінеки, жап-жаңа дәлел. Қоғам қайраткері Ермұрат Бапидың менің атыма 2012 жылдың сәуір айында жазған хаттары – қазақтың биік болмысын, қымбат қасиетін, ағаның ініге ыстық қамқорлығын, керек десеңіз, даналықты айғақтайды. 

Ерағаң екеуміздің әңгімемізге аракідік арқау болған қазақтың марқасқа өнер иесі Талғат Теменов ағамызға қарсы еш ниет-пиғылымыз жоқ. Тәкеңнің талантын қалың қазақ таниды әрі бағалайды. 

Өткенді қайта көксеп-қопарғанымыз емес, Ерағаның әрбір сөзі мағыналы, терең тәрбиелік мәні болғандықтан, жақсының жағымды да жұғымды интернет-хаттарын көпке өнеге болсын деген ниетпен жариялауды жөн көрдім. 

 

Ермұрат Бапидың 1-інші ХАТЫ:

«Сәлем, Қажымұқан! Аман-сау жүріп жатқаныңды жазғандарыңнан көріп жүрмін. Жөн ғой...

Бірақ, сен біреуге соқтығар алдында ол адамның кім екенін және қай тұстан ұру керектігін бажайлап ал. Талғатта (Теменов) нең бар? Иә, ол жаңсақ сөйлеген шығар, бірақ жеке пікірі үшін жерден алып, жерге салу жақсы жігіт үшін жараспайтын қылық.

Мен сені жақсы көргеннен айтам. Маңайыңда мыңғырған тақырып бар: шетінен ал да жаза бер. Рас, Теменовке менің де таңар өкпем бар. Бірақ, ұрымтал сәттің оңтайы келмейінше арыстанға шауып, мерт болғым келмейді. Сен де бұдан былай сөйт: ел таныған жаман-жақсы тұлғаларды «іштен тебер» кезде, тақырыптың қисынын тауып ал. Ең бастысы, сенің сөзің емес, ойың сөйлеуі керек. Ал көкезу теңеулермен тұлғаларды теңселту қиын болады. Логикаға құрылған тақырыпты ешкім жоққа шығара алмайды. Ал логикаң қисайған жерде, өзің де шоңқиып қаласың.

Бұл менің ағалық ақылым. Қабылдарсың, қабылдамасаң – өзің білерсің. Әйтпесе, Теменов менің екі туып, бір қалғаным деймісің.

Құрметпен, Ермұрат ағаң.»

 

Қажымұқан Ғабдолланның 1-інші ЖАУАБЫ:

«Ассалаумағалейкум, Ераға!

Мал-жан аман, ат-көлігіңіз орынында ма? Үшбу хатыңызды алып, ойым сан-саққа кетіп отыр. Алдымен: «...Біреуге соқтығар алдында ол адамның кім екенін және қай тұстан ұру керектігін бажайлап ал. Талғатта нең бар?» – деп, бір сілкініп алапсыз да, артынша: «Мен сені жақсы көргеннен айтам. Теменовке менің де таңар өкпем бар» – деп, басқа бағытқа жалт беріпсіз...

...Ереке, өзіңізбен талай мәрте дәмдес-тұздас болған адаммын. Ал, қазақта дастарханнан үлкен ешкім жоқ. Өзіңізді сыйлаймын, сөзіңіздің де салмағын білемін. Бірақ, өзіңіз айтпақшы, «Теменов менің де екі туып, бір қалғаным емес»...

Әдетте, біз «зиялы қауым – зиянды қауым» дегенді көп айтамыз. Дегенмен, көпке топырақ шашып жатқанымызды аңғармаймыз. Айталық, кешегі марқұм Орағаң (БӨКЕЕВ), Зәкең (НҰРҚӘДІЛОВ), Сәбең (АҚАТАЕВ), Алтекең (СӘРСЕНБАЕВ), Бәкең (ДӘРІМБЕТОВ), Асекең (ШӘРІПЖАНОВ) және т.б., енді бүгінгі Дүкең (ИСАБЕКОВ), Әбекең (ҚОСАНОВ), Ғабағаң (ҚАБЫШЕВ), мына Өзіңіз де зиялы емессіздер ме? Халықтың зарын айтып, запыран құсып жүргендер зияндылар ма? Жоқ, меніңше бұлай емес...

Біз ендігі жерде қазақтың, ұлттың, мемлекеттің мүддесін сөзімен де, ісімен де сатқандарды ашық, анық, айқын айтып, әшкерелеуіміз керек. Басқа жол жоқ!

Бұндайлардың бетсіздігін Абай атамыз аямай әшкерелеп кеткен жоқ па?!.: «Момыннан жаман қорқақ жоқ,

“Қу”, “пысық” деген ат қайда?

Арсыз болмай, атақ жоқ,

Алдамшы болмай, бақ қайда?» – деп...

Егер бұрынғыдай жауырды жаба тоқып, «ел таныған жаман-жақсы тұлғаларды» атамай, алыстан «шәуілдеп», «арыстанға шауып, мерт болғым келмейді» деп, жүре берсек, күндердің күнінде бұл екіжүзділер шынымен-ақ өздерін азулы арыстан, ал, халықты шәуілдек қанден деп ойлап қалуы мүмкін, сосын, жер мен байлығын былай қойып, елді де сыртынан сатып жіберуден тайынбайды. Аянатын неміз қалды, Ереке? Артымыздан қуып жүріп, қамыстай отап тастады...

Мұнысы, әлде, аз ба бізге, Ереке, айтыңызшы?!.

Сіз жақсы көретін «логика» бар ма, бұл жерде? Логикаға түкірді ме, бұлар? Сіз: «логикаң қисайған жерде, өзің де шоңқиып қаласың» дейсіз, сонда бұл әлі қазақтың шоңқимағаны ма, сіздіңше?..

Жаңаөзенде жалғызынан айырылып, аңырап, өмірден баз кешкен ананың сұрқын көрдіңіз бе, сіз? Сөзі мен зарын естідіңіз бе? Әлде, Жаңаөзенде «Қазақфильм» кино түсірді ме?..

  Тілімізді тістей-тістей қотыр қылдық қой, Ереке...

Мені тежеп тұрған Сіздің: «Сен де сөйт...» деген жылы сөзіңіз ғана...

Сөзге тоқтаған жұртпыз, сірә, Теменов те менің әкемді өлтірген жоқ. Әйткенмен, менің күйттегенім қазақтың қамы, ұлттың мүддесі. Әрқайсысымыз жүзге, руға, аймаққа, ауылға бөлініп, «арыстанға шауып, мерт болғым келмейді» деп, жақын қандасымыздың күллі ұлттың мүддесін сатқанына көзжұмбайлық жасасақ, онда біздің саясаттағы құнымыз көк тиын, онда ауылға барып, байлардың қойын бағу абыройлырақ болмақ...

Сондықтан, кім болса – ол болсын, мейлі Теменов болсын, мейлі, Тегенов болсын, ауызын абайлап ашсын, тіліне тірек тапсын! Қазақтың тағдыры жалғыз Теменовке қарап тұрған жоқ. Сыйпағанды сиыр екеш сиыр да сезеді...

Ағалық сөзіңізге құлақ түрдік Ереке, десе де, тоқтау болмаса – оқтау болатынын аракідік ағаларыңызға да айтып қойғаныңыз артық етпес-ау...

Сау болыңыз! Есендікте жүздесуге жазсын!

Інілік ізетпен, бауырыңыз Қажымұқан.»

 

Ермұрат Бапидың 2-інші ХАТЫ:

«Сәлем, бауырым!

Хатыңды оқыдым, ойың дұрыс. Бірақ менің айтпағым жандайшаптарды аяу емес, оларды оймен соғу. Жағадан алсақ, өз қадірімізді кетіріп аламыз. Олар өздерінің істеп жүргенін бұрыс санамайды. Ал дұрысын біз ақылмен айтпасақ, ел жағына шығатын зиялылыр зым-зиян болады. Біз газет арқылы айтар сөзімізді рекламация немесе анти агитплакат ретінде емес, байыбы терең базына ретінде жеткізуіміз керек. Сонда зымияндарды ойлы оқырман ұялтады. Ал іштен тепсек, оқырманымыз мұны мәдениетсіздікке балайды.

Ал өзін зиялы санап жүрген алкеуделер ашумен айтылған сөзді өз мүдделеріне пайдаланып кетеді. Сондықтан біз оқырманды ойландыратын, зиялыны опындыратын ойды айта білуіміз керек. Тым болмағанда, соған тырысуымыз керек. Жағадан алғанда, оң жамбасқа саларлық логика қажет. Ал егер біз: «анау олай депті», «мынай былай депті», «онікі дұрыс емес, менікі дұрыс» деп, қарадүрсін қисын айтсақ, бізден оқырман да, жақтастар да жалтарады.

Менің айтпағым осындай сияқты еді...

Ал мені аға тұтып, жазғанымды жадыңа алғаныңа қуанамын. Сен сияқты ірілігі басым інілер көп болса, бәлкім біз зиялылардан жәрдем күтпес пе едік? Ал «вож­дизмге» белшесінен батқан қазақтың ортасында әзірге зиялыға жалтақтамасқа амал қалмай тұрған жағдай бар, бауырым.

Айтпақшы, сенің жазып жүргендеріңнің ішінен біреуі біздің газетте жариялана қалса, менің саған қойған талабымның орындалғаны деп біл. Аман бол, інішек!

Ермұрат ағаң.»

 

Қажымұқан Ғабдолланың 2-інші ЖАУАБЫ:  

«Ераға, ассалаумағалейкум!

Турасын кесіп айтайын: Мен де мәселенің тоқсан қатпар, тоғыз жүз жақпар екендігін жүрегімнің терең түкпірімен түсінемін. Талғат ағамыздың да шынымен «ноқта-жүгенін сыпырып алып», әділ аламанға салса, басқаша бағытпен құйғытатынына да сенімдімін... Амал нешік?!.

Сіздің, Ереке, сайқал-саясатпен итжығысқа түскеніңізге де ширек ғасырдың жоны көрінді. Әсілі, «тәртіп сақтап», билікте жүрсеңіз, талай лауазымды төңкерер едіңіз: білім-білігіңіз де, ақыл-айлаңыз да қазіргі мақаулардың мұқымын «шаңына адастырып кетер еді...»

Бұлай дейтінім: зәуде қайсыбір әкімсымақтармен тілдесе қалсам, халқымды аяймын: екі ауыз сөзді біріктірмейтін біреулер балаша былдырлап, жүйкеңді шаншытады...

Тағы да амал нешік?!.

Ереке, сіздің «Ал дұрысын біз ақылмен айтпасақ, ел жағына шығатын зиялылар зым-зиян болады... Сонда зымияндарды ойлы оқырман ұялтады» деуіңіз құлаққа кіретін сөз. Шынында, баспасөз – қоғамның балабақшасы секілді ғой, күллі қоғам мүшелеріне, әсіресе, зиялыларға сүрлеу сілтеп, тәрбиелеп отыруға тиіс...

Қазір, Ерағасы, «балапан – басымен, тұрымтай – тұсымен» әуре болған бір алмағайып кезең ғой, соған қарамай, от пен оқтың астында жүрген Өзіңіздей арыс азаматтар, меніңше, біздің нағыз асылдарымыз... Өкінішке қарай, «қолда барда алтынның қадірін білмей» жатамыз...

Сіз, шынтуайтқа келгенде, бір маған ғана емес, Өзіңіздің өкшеңізді ала дүниеге келген қазақтың рухы биік барлық ұрпағына ардақты ағасыз, ұлағатты ұстазсыз...

Қашанда Сізге деген ниетіме шаң түспесін! Отбасыңызға һәм амандық, бойыңызға қуат, жүрегіңізге шуақ тілеймін!

Құрметпен, ініңіз, Қажымұқан ҒАБДОЛЛА.

Орал шаһары, 12 сәуірдің ымырты, 2012 жыл.»

 

Ермұрат Бапидың

3-інші ХАТЫ:

«Рахмет, бауырым, екеуіміз қысқалау болса да мәмілелі әңгіме айтқан сияқтымыз. Ең бастысы, «оқырман» деген аты бар әлеумет, қажет болса төңкеріс жасайтын халық екенін екеуіміз де түйсініп жүрміз. Сондықтан сол оқырман арқылы жалпақ жұртқа жағымды жүйедегі сөз айта алсақ, жарап кеткеніміз.   Өзім солай ойлаймын. Сондықтан бізге ешкім жүктеп бермеген, бірақ сананың терең саңылауы сыбырлаған осы парызды алып жүре алуға жарайық.

Аман бол, інішегім!

Ермұрат Бапи

 

P.S. Менің ер мінезді Ерағам інісінің бұл «әлсіздігіне» түсіністікпен һәм кешіріммен қарайтындығына үміттенемін. Иә, екі адамның арасындағы қатынас-жазбалар, бір қарағанда, құпия дүние болуға тиіс. Дегенмен, көпшіліктің үлгі тұтып, өнеге үйренуіне әбден лайықты дүниелерді жасырып-жастанудың қажеті де жоқ. 

Ерағам: «Мен сені жақсы көргеннен айтам» деп қалғасын, мен де Ерағаңды және қазағымды жақсы көргендіктен қолыма қалам алып, жақсыны жария еттім. Артық-кемі болса, ғафу етуге үміттімін.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2269
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3583