Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Елім-ай 8330 0 пікір 7 Шілде, 2014 сағат 18:13

ӘРБІР БЕСІНШІ БАЛА – КӨРДЕМШЕ...

Қазақта «ақырзаман боларда көрдемше көбейеді» деген тәмсіл бар. Статистика агенттігінің мәліметіне жүгінсек: соңғы 10 жылда елде туған  3 397 652 сәбидің 682987-сі некесіз анадан дүниеге келген. Бұл - әрбір бес баланың біреуі – көрдемше, некесіздіктен туып жатыр деген сөз. Және де бұлардың бәрі дерлік әкесіз өседі немесе тастандылар қатарына жатады.

Осыдан он жыл бұрын дүниеге 68.000 көрдемше сәби дүниеге келсе, жыл өткен сайын олардың қатары көбейіп, 2008 жылы 75.000-нан асқан. Дегенмен, бүгінде біртіндеп азайып, былтыр олардың жалпы саны 62.306 болыпты. Бекжан Әбдуәлиұлы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры: «Қазіргі қоғамда бұл үлкен белең алған, үлкен көрініс туып отыр, ондай балалар көп деп айтуға болады. Мен мысалы Астана қаласындағы Алматы ауданынан 4516 баланың тізімін алдым, солардың тең жартысының әкесі туралы мәлімет жоқ...» - дейді шарасыздық танытып. Бұл санға «үлес қосып» жүргендер оң жақта отырып қалып, Олжабай табуға мәжбүр болған кәрі қыздарымыз бен қаладағы еркіндікті етектің еркіндігімен шатастырған бойжеткендеріміз. Бұлардан жезөкшелер де қалатын емес. Көрдемшені көбейтудің «көкесі» – осыларға ұрық сепкіш серісымақ еркектерде болып тұр.

Ислам діні бойынша некесіз бала табу мен таптыру - аса күнәһар істің бірі. Қазақ халқы мұндай жағдайға аса қатал қараған, тіпті, ертеректе әлгі қыздың ата-анасын да елден, рудан аластаса керек. Сол дағды мен дәстүр бүгінге дейін қазақ қыздарының көрдемше тууына кедергі болып келгенмен, соңғы жылдары көрдемше тапқан қыздар ол жайында әке-шешелеріне айтпай, баладан құтылуға асығуы болмаса қашып-пысып өздері баланы өсіруіне себеп болды.

Мәжілісмен Тұрсынбек Өмірзақов «Бүгінгі күнде бұны қалыптасқан жағдай деп айтуға болады. Әкесіз сәбилердің саны неге көп? Бұл проблема неге соншама өзекті боп, қазір ары қарай өсіп жатыр? Біз мұны қалай тоқтатамыз?...» деп  жағасын ұстады.

Ислам дінінің өкілдері «некесіз туған балаларды некелі ету мүмкін емес, енді оларды асырап алып немесе өкіл әкелер қолға алмаса, бұл – болары болып, бояуы сіңген нәрсе» деген ұстанымда. Алайда мұның бір жолы  екі немесе үш жақтың келісімімен көрдемше баланың шешесімен көкек әкені некелестіру мүмкіндігіне саяды, бірақ ол мейлінше мүмкіндігі аз жағдай. Ол үшін әлгі әкенің жауапкершілігі жоғары болуы керек, болмаса оның бүгінгі жанұясы соған ынталы болуы қажет. Әйтпесе, елде көпәйелдік некені мойындарлық заң қабылдануы қажет. Қалай болғанда да руханиятмыздың құлдырауы мен азаматтарымыздың ар-намысы азайғандығын білдіретін көрсеткіштің нақ өзі осы болып тұр. Көрдемшелер еліне айналмасақ болғаны...

 

Анықтама:

Көрдемше - некесiз туған жас нәресте, бала.( http://www.mtdi.kz/tusindirme-sozdik)

  «Көрдемше» деген сөз қазақтың дәстүрлі ұғымында бар сөз. «Көрдемше» сөзі Әбдіжаміл Нұрпейісов пен Бекен Әбдіразақовтың   шығармаларында кездеседі.  «Қан мен тер» трилогиясында Тәңірберген мен Ақбала некелері қыйылмай тұрып тапқан нәрсестені Тәңірбергеннің бәйбішесі «Мына көрдемшеңді әрі алып кет» дейтіні бар.

 

Abai.kz

0 пікір