Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 5828 0 пікір 7 Шілде, 2014 сағат 18:24

БИЫЛҒЫ ТАЛАПКЕР ЖУРНАЛИСТЕР ҚАҚЫНДА

IT университетіндегі журналистикадан шығармашылық емтиханның екінші күнін көріп келдік. Қазақ тобына құжат тапсырғандардың саны аз, соған қарағанда көпшілігі дәстүрлі түрде ҚазҰУ-дың журфагына барған сияқты. Ал, орыс тобына тапсырғандардың саны екі есе көп. Көпшілігі Алматыдан немесе өзге қалалардан келген екен. Қазақ тобына тапсырғандар Абайдың қара сөзін оқимын, "Абай жолы", Мұқағали, Мұхтар Шаханов дейді. Оқыған кітабының тізімі өте шолақ. Шетел әдебиетін оқыдым дегендер мүлдем жоқ, Шахановтан өзге қазіргі көзі тірі ақын-жазушылардың бірінің атын естімедік. Есесіне, бәрі тележұлдыз болғысы келеді. Қазақ газеті десең, бәрі "Егемен Қазақстан" мен аудандық газеттің атын атайды. Анда-санда "Айқын" мен "Алаш айнасы". "Жас Алаш" дегенді бірі атамады. Ең көп көретін хабарлары "Айтуға оңай". Интернет тұрмақ, көпшілігі ауылдарында екі-үш арна әрең көрсететінін айтады. Бір қыз бала тіпті, "интернеттен Гуглды білем" деді. Шынымен, ауылдарымызға газет-журнал таралмайтыны, әлеуметтік жағдайдың мүлде төмен екені байқалды. Ал, орыс топтарына тапсырып жатқандар интернет-журналистикаға бейім болғысы келеді. Газетке ешкім барғысы келмейді. Олар да Платонов сияқты хабар жүргізсек дейді. Бәрі "Казправданы" оқитынын айтып жатыр еді, бір қыз бала Г.Ерғалиеваның "Адам бол" журналын оқимын дейді. Орыс топтарына тапсырып жатқандардың тоқсан пайыздан астамы қазақ балалары. Қазақша түсінеді, аздап-аздап сөйлейді. Олардың озып тұрған тұсы - қазірдің өзінде өздері әуесқой сюжет түсіріп, өздері монтаждай алады екен. Екі топқа тапсырып жатқандардың да білім, пайым деңгейлері теңдес. Бірақ, қазақ топтарына ұяңдау, орыс топтарына өткірлеу, оқыған ақпараты көп қыз-жігіттер келіп жатыр. Бәріне де тілектеспіз!

 

Фейсблоктан

0 пікір