Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 7593 0 пікір 25 Шілде, 2014 сағат 10:50

АРЫ ҚАЙДА, ҰЯТ ҚАЙДА, НАМЫС ҚАЙДА?!

Мәжілісмен Айқын Қоңыров атышулы мәлімдеме жасады таяуда. Бірден қызыл қағаз "көрсетіп", футболға жауапты жұмысшылар мен қызметкелерді алаңнан "қуып шығармақ" ниетте екен. Бәрін басынан бастасақ...

Бүгінгі таңда әлем назарын өзіне аударған №1 спорт түрі – футбол. Ол тікелей мемлекеттің беделіне "уәкілдік" ете бастады. Олай дейтініміз саяси сахнада таныла қоймаған көптеген ел аяқдоптағы жетiстiктерi арқылы жақсы атын шығарып келеді. Оған мысал – жақында Бразилияда өткен Әлем чемпионатына қатысқан Алжир, Кот-д'Ивуар, Гана, Коста-Рика, Уругвай мемлекеттері. Өкiнiшке қарай, қазақ футболы дегенде, жанарымызбен жер шұқып, тiлiмiз күрмелетiнi жасырын емес. Дәл жоғарыда аталған мемлекеттер сияқты футбол арқылы атымызды әлемге паш ете алмай отырмыз. Кеше ғана Әлем чемпионаты сынынан кейін Қазақстан осы спорт түрі бойынша әлемдiк рейтингте 127-орынға жайғасты.

Бұрынғы ТМД елдері арасында қырғыздар мен тәжіктерден ғана оза шауып келеміз. Кейбір спорт маманы бұл көрсеткішті көре отыра, Қазақстан футболы туралы: «Еуропа алаңдарында доп тепкенше, бұрынғы өзімізге таныс Азияда ойқастаса болар еді», – дейді. Кейбір қайраткер футболымыздың кенже қалуына шетелден алдырып отырған біліксіз бапкерлердің өзін айыптап отырса, отандық БАҚ өкілдері стадионға аз жиылатын көзі қарақты жанкүйерлер мен ойыншылардың осалдығын тізіп жазып жатады. Бірақ айтылған сындардан кейін футболдың көсегесі оңала алмады. Керісінше, ұлттық құрама жылда жолдастық кездесу болсын, іріктеу ойындары болсын ала-құла ойын көрсетіп келеді. Енді, міне, кінә тағар айыптыларды кімдерден іздейміз деп жүргенімізде, ҚР Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров ағамыз отандық футболдың жағдайы үшін ғана емес, барлық Қазақстан спортының жағдайы үшін әрбір федерация атқарушы басшылары мен жауаптылардың жұмысқа салғырттығынан екенін кесіп айтты.

Футболдан жүз жылдық тарихы бар Қазақ елінің биылғы Еуропа кубогы турнирінің жаңа маусымындағы командаларының сәтті ойындарына қарап (он ойынның жетеуінде ұтып, үшеуінде тең түсті), енді ғана сүрлеуге түскен ойынның бағы ашылды ма деп қаламыз. Қазіргі таңда Чемпиондар лигасында «Ақтөбе», Еуролигада «Астана», «Қайрат», «Шахтер» ұжымдары Еуропаны дүр сілкіндіріп, азулы командаларды састырып жатыр. Бұл отандық футбол тарихында «Шахтердің» былтырғы сенсациясынан кейінгі жаңашылдыққа ұласып тұр. Бірақ енді ғана оңалып келе жатқан футболдың бағын көрген «Халықтық коммунистердің» бірі, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров отандық футболды реттеуді толықтай қолға алуды көздеп отыр. Парламенттік демалыс аяқталысымен, кезекті Үкімет отырысында отандық футболдың жағдайы, оған тікелей жауапты федерация басшыларының ісіне байланысты мәселелер төңірегінде депутаттық сауалнама жолдамақ.

Айқын Ойратұлы журналистер тарапынан қойылған «Отандық футболда сіздің көңіліңіз неге толмайды»? деген сауалға: «Бүгінгі қазақ футболын көріп отыра, көңілім ештеңеге толмайды: бөлінген қаржыны ысырап ету, келісімді ойындар, негізгі құрамаға алыну үшін ойыншылардың пара беруі, алаңда қазақ ойыншыларын жасырып қалатын қазақстандық паспорты бар легионерлер. Қабілетсіз шетелдік ойыншылар. Осылардың барлығы қазақ футболының бас ауыртатын тақырыбына айналды», – деп жауап берді.

Сондай-ақ Айқын мырза бүгінгі премьер-лигадағы ойындарды тамашалауды баяғыда қойғанын айта келе: «Қазақстандық футбол клубтарының ойындары – ересек бала ойыны», – деп күйінді.

Сонымен қатар депутат футбол төңірегіндегі біраз дерек пен статистиканы айтып өтті: «Қазақстан легионерлерінің трансферлері жалпыеуропалық рейтингіде топ 20-ға кірсе, нәтижеге келгенде, мықты деген жүздік ішіне әрең кіреді. Ең жоғарғы трансфер – 900 000 еуро, ең қарапайым – 350 000. Қарап отырсаңыздар, осыншама қаржыны қалтаға басқан легионерлер біздің футболды Еуропа төріне көтеріп жатқаны шамалы. Қазіргі кезде отандық клубтардағы ең төменгі бюджет 3 млн долларды құраса, ең жоғарғысы 12 млн ш.б. құрайды. Оған қоса қаншама демеушіміз ақша бөліп, сол клубтарды қаржыландырып отыр?! Ендеше осыншама қаражаттың барлығын тексеріп, қайда кеткенін анықтау керек».

Айқын Қоңыровтың ойынша, отандық спорт жетекшілерін қызметінен босатып, Қазақстан футбол федерациясына нағыз патриот спортшылар мен басқарушыларды көптеп жұмылдыру қажет.

«Кәсіби мамандарды жетекшіліктерге алар болсақ, оларда нәтиже де, жетістік те болады, себебі олар – өз істерінің фанаты. Ал бүгінгі біздің спорттағы федерацияларда жариялылық пен әділдік жетпейді. Егер бәрі әділ болса, алға ұмтылу да, нәтиже де болар еді».

Мәжілісмен Айқын Қоңыров айтқан мәселелерден кейін тереңiрек ойланбасқа амал қалмады. Мәселе тек атқарушы басшылар мен федерация жеткешілерінде емес. Ең бастысы, аттай қалап, мол жалақы ұсынып, шетелден жаттықтырушы, легионер ойыншы алғанда жеткен жетiстiгiмiз шамалы. Отандық футболдың ұңғыл-шұңғылын бiлетiн өзiмiздiң бапкерлер неге жұмыссыз жүр? Неге соларға қолқа салмаймыз? Жанкүйер көкейiнде жүрген осы сауалдарға жақын арада жауап табыла қоюы да неғайбыл. Өйткенi ұлттық құрама түгiлi, Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсететiн 12 команданың жетеуiн шетелдiк жаттықтырушы баптайды. Тек ақша табу үшiн келген бапкердің қазақ футболының көсегесiн көгертедi дегенге сену қиын. Ендеше осы олқылықтарға жол берген федерация басшылары мен командалардың атқарушы жетекшілері өз қара домалақтарымызды құрама сапына алуды көздеуі керек. Өз бауырларымыздың арасынан ертең Мессидің, Неймардың, Роналдудың шықпасына кім кепіл? Депутат сауалы да осы мәселеге арналып тұр.

Ел футболының ертеңі не болмақ?!

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563