Бейсенбі, 27 Ақпан 2020
46 - сөз 5159 0 пікір 5 Тамыз, 2014 сағат 16:20

АРАҚ, МАСТЫҚ, ЖАР, ЖАН, ШАТАҚ ИМАННЫҢ ШЕШУІ

Арақ – ақыл‚ мастық – ой, жар – ХАҚИҚАТ‚

Жан – нәпсі, шатақ иман – дін қиянат.

Маскүнем‚ әйелсүйгіш‚ дінсіз ғой деп,

Сырым білмей сыртымнан қылма ғайбат.

 

ХАҚИҚАТТАН басқаға бас ұрмаймын,

Дәлелсізге нанам деп болмаймын мат.

Бастағы көз‚ құлаққа сенімім жоқ,

Терең ой мен ақылға айтамын дат.

Пайғамбар, әулие айтты десе-дағы,

АҚЫЛ қабыл алмаса, ол маған жат.

Шатақ дінге, әдетке не білгішке

Ноқталатпай ойымды қылам азат.

 

«АҚЫЛҒА БИЛЕТПЕГЕН ПЕНДЕ – АЙУАН»‚

Десем де бола қоймас сөзім ағат.

Құранның шын мағынасын шатақ ұғып,

Молдалар маған қоймақ кәпір деп ат.

«АҚЫЛЫҢА СЫНАТ,– ДЕП,– ДӘЛЕЛ АЙТҚАН»

Құраннан табылады талай аят.

Тәпсір деп қасиетін талқан қылып,

Бұзғанмен Құран болмас адасқан хат.

Жарық нұрдан жаралған Күн жоғалмас,

Бетіне перде жапсаң неше қабат,

Құран сырын ұға алмай бұзса-дағы,

Жасырылмай жарқырап тұр кәрәмат.

 

Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне‚

Дін десе тұра қашты есті азамат.

Бар обалы олардың тәпсіршіде,

Адасып нұрлы аятқа жағыпты тат.

Ол қатені түзеткен әлімдер көп,

Соның сөзін оқысам, боламын шат.

Қиянатың бар болса‚ иманың жоқ,

МАҒАН ДЕСЕ, МЫҢ ЖЫЛДАЙ ҚЫЛ ҒИБАДАТ.

***                ***               ***

 

ШӘКӘРІМДІ ОҚИ БЕРІҢДЕР, ӨМІР АЛДА ЖОЛДАРЫҢДЫ ТАБАРСЫҢДАР, "САЛАФ БАУЫРЛАР", СОСЫН-АҚ ТОҚИ ЖАТАРСЫҢДАР.

Досан Кенжетай. («Facebook» әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды)

0 пікір