Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
46 - сөз 8864 0 пікір 19 Тамыз, 2014 сағат 13:13

ОҚУШЫ КИІМІН НЕГЕ ӨЗІМІЗДЕ ТІКПЕСКЕ…

Тамыз айының алғашқы онкүндігі өтісімен-ақ еліміздің түкпір-түкпірінде «Мектепке жол» акциясының жүргізілуіне орай жәрмеңкелер өз жұмыстарын бастап кетті.  Биыл елімізде 300 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады. Тек Алматының өзінде 23500 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды екен.

Осы орайда мектеп оқушылары киетін киімнің пошымын, бағасын білу мақсатында  Гагарин даңғылы, №294-үйдің алдында орналасқан сауда орнына барып көрдік. «Angelcher» мектеп оқушыларының киім үлгілері ҚР Мемлекеттік стандарттарына сәйкес келеді» деген жазулары бар сәнді плакат дүңгіршіктің сыртына ілініпті. Оқушылар киіміндегі «Қазақстанда шығарылған» дейтін жапсырма жазулар көзімізге оттай басылды.
«Магнум» дүкенінде мектеп оқушыларына арналған «Clasman», «Altinlar», «Marshal», «Fashion», «Koorman», «Sano», т.б. шетелдік фирмалардың киім-кешектері, шұлықтары, шаш түйреуіштері, оқу құралдары төмендетілген бағамен акция бойынша сатылуда. Мәселен, 13 мың теңге тұратын ер балалардың костюмдері 11 мың теңге шамасында болып шығады.
Мектеп формасын «Abdi», «Заң­ғар», «Метро», «Алма», «Рамстор», «Мега», т.б. үлкен дүкендерден де, көше базарларынан да сатып алуға болады.
Бүгінгі күні әрбір ата-ана баласын мектепке дайындаудың қамына шұғыл кірісуде.  Яғни киім-кешек, аяқкиім, сөмке, мектепке қажетті құрал-жабдықтары, т.б. керек-жарағын сатып алулары қажет. Әйтеуір, қатардан кем қылмайын деп әуреленгендіктен мүмкіндігінше баласына тәуір киім әперуге тырысады. Осындайда «оқу ошақтарында бірыңғай мектеп формасының болғаны қажет» деушілер мен «баланы жібере салуға болады» дейтін ата-аналар да табылатыны анық. Бірі «әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына қиын түспес үшін біркелкі форма кидіру керек» дегенді алға тартса, екінші жақ, баланың талғамын шектемеуді құптайды.
Қоғамдағы осындай екіұдай пікірдің орын алуына қарамастан, қазір мектептерде лажы болғанынша бірыңғай киімдерді кию үрдіс алған. Бірақ сол бірыңғай киімдердің өзі әр мектепте әртүрлі. Мысалы, кейбір мектептің шәкірттері бұрыннан қалыптасқан ақ фартук пен қара көйлек кисе, енді бірі өздеріне лайықталып тіктірілген бірыңғай киімдерімен бірден көзге түседі.
Сонымен, бір баланы мектепке дайындау үшін орта есеппен 40-45 мың теңге жұмсалады екен. Ал бір үйден бірнеше бала мектепке баратын болса, ата-ананың қалтасын жұқартатыны анық. Киімнен басқа оқушылар үшін қаншама сурет салуға арналған альбомдар, торкөз, кең жол, қалың дәптерлер, сызғыш, желім, қаламсаптар, санағыш-есепшоттар, бояу қарындаштар, плас­тилиндер, еңбек сабағына арналған түрлі-түсті қағаздар, яғни толып жатқан ұсақ-түйек болса да аса қажетті оқу құралдарын алу, әсіресе ауылдық жердегі ата-аналардың қаржысын ортайтатыны сөзсіз. Рас, кейбір жерлерде әкімдіктер, фирмалар, демеушілік жасауға ықыласты азаматтар  әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына ақшалай немесе заттай көмек беріп те жатады.
Осы орайда қала дүкендерін жаулап алған шетелдік өнімдердің орнына отандық тауарлар көптеп жасалса деген тілегіміз бар. Мектеп жасындағы 3 миллионға жуық оқушыны бірың­ғай киіммен қамтамасыз етуге ел экономикасының қаражаты  толық жетеді деген ойдамыз. Қазақ халқы әу бастан қолөнеріне, ісмерлікке жақын емес пе еді?! Олай болса мектеп оқушыларына арналған киім үлгілерін қолжетімді бағамен неге шығармасқа?! Осындай игілікті іс таяу арада жолға қойылар ма екен?

Нұрлан ҚҰМАР

"Ана тілі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2251
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3504