Жұма, 19 Сәуір 2024
Алашорда 8000 0 пікір 19 Тамыз, 2014 сағат 13:19

КҮЙІНІП, СҮЙІНЕ АЛМАҒАН ӨМІР (жалғасы)

(«Мұхтардың өлім күйі»)

 

1.

 

Жиырма бес жылға созылған қуғын мен сүргіннің сүркілі көзінің отын сөндірсе де, жүрегінің отын сөндірмеп еді. 1954 жылы ақпанның 24-жұлдызы күні диктовка[1] жасап тұрған кезінде біресе көзінен жас бұршақтай тамып, біресе тиылып, қыстығырылып барып:

«Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай, игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті!»,– дегенде өкісіп жіберді.

Жиырма жылға ұласқан ұлы еңбек «Абай жолы» роман-эпопеясы осылай аяқталды. 

Осындай дүдәмалды өліара тұста Қазақстанның басшылығы ауысып, Шаяхметовтің орынына Пономаренко келді. Саясаттың беті жыли бастады. Республикадағы бұл жағдайды Мәскеудегі М.Әуезовке емеуірінмен баяндап жазған хатында Ә.Тәжібаев:

«Мүмкін бізге жақсылық, жаңалықтарды арқалай келген Пономаренкомен өзіңіз кездесіп, сөйлескен де боларсыз. Сондықтан менің хатым жүйрік хабаршы емес, мимарат сәлемші ғана. Басының сырты қандай тақыр болса, іші де сондай тақыр Жұмабай кеткелі, ол көтерген маймылдар әлсірей бастағалы, біздің аңқауымыз әдеміленіп келеді. Думан тойды Пономаренко ала келді. Ғабиден депутат болады дегенде бір тойлап едік, сайланып қайтқанын тағы қуаныш еттік. Пленум өтті. Адам сияқты адам, шын адамның сөзін айтты. Жазушыларға ілтипат, мейірім көрсетті. Нұрышев сияқты қоқырсықтар кіруге тесік таппай бұғып отырды. Жаңадан соғылатын жақсы үйдің проектісін жасау, соғылатын орынын таңдау да бізге жақсы ермек. Біз бұрын халықтың махаббатына ғана сүйенуші ек қой. Енді ақылды ел басқарушыларды да сезе бастайтын сияқтымыз. Енді бұзықтар жалтақтай бастаған көрінеді. Тамаша емес пе, қомпиған, тікендеген, әкіреңдеген Шұжықұлының `(Сужиков – Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы – Т.Ж.) өзін көрсеңіз еді. Майлаған қасықтай жылп-жылп етеді...

Мұха, мен Абай комиссиясының секретары ем ғой. Оның бірінші мәжілісі өтті. Жетім қыздың тойындай қып өткізгісі келгендердің де тегі болатын емес. Тағы да Пономаренко жолдас араласып, құлаш – жарқын қосыла бастады. Қаржы мол жіберілетін болды. Абайға памятник салу, оған арналған пленумға қонақтар шақыру, оларға сый-сияпат жасау, Мәскеуде де тәуір өткізу, банкеттер өткізу, түгел жоспарлануда. Тойдағы баяндамашы сіз боларсыз. Сондықтан да осы бастан жақсы әзірленуіңіз керек, бар білгеніңіз, барша берілгеніңіз түгел салынсын»,– деп көтеріңкі лебіз білдірді.

1954 жылғы көктемдегі жазушылардың пленумының қарсаңында Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшысы Пантелеймон Кондратьевич Пономаренко М.Әуезовті кеңсесіне оңаша шақырып, түннің ортасына дейін екі сағаттан аса әңгімелесіп, көңіліне сенім ұялатты. Ол осы съезде сөйлеген сөзінде:

«Социализм талантқа өте мұқтаж. Сіздер қызмет бабының парызын өтеу үшін де дарынды адамдарды тауып, оны көтеріп, кеңес өкіметіне қызмет етуге баулуларыңыз керек еді. Ал сіздер, өздеріңізде бар сол аздың қадіріне жетпей, кір суды басына төгіп, қатардан шығардыңыздар. Сіздер соларға қол көтеру арқылы сіздер халықтың болашағына, социализмге қол көтердіңіздер»,– деп батыл айтты.

Бұл – елуінші жылдары қудалауға ұшыраған Мұхтар Әуезовке, Қаныш Сәтбаевқа, Ілияс Омаровқа, Төлеген Тәжібаевқа, Ермұхан Бекмахановқа, Ахмет Жұбановқа, Есмағамбет Исмаиыловқа, Қажым Жұмалиевке, Қайым Мұхамедхановқа, Бек Сүлейменовке ғана емес, мұқым алаш ардагерлеріне, сонымен қатар ұлтының барлық адал перзенттеріне қаратыла айтылған емеуірінді тұспал деп те түсінуге болады. Сонымен қатар мұндай еркін сөйлеуінің екінші себебі, мұнда үлкен саяси және «коммунистік колонизаторлықпен» астасып жатқан отарлау иделологиясының қыртысты пиғылы жатыр еді.

Біріншіден, бүкіл елдегі қуғын, сүргінге ұшырағандар жөніндегі қастаншықпағыр саясаттың беті бері қарап, «жылымық» атанған «отамалы маусымға» дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан. Қауіпсіздік мекемесінің құжаттары реттеліп, атылып кеткендердің істері әскери прокуратура мен трибуналда қайта қаралып, оларды жаппай ақтаудың амалдары ойластырылып жатқан. Осы бағытта Орталық комитеттерге үгіт-насихат жұмыстарын сақтықпен жүргізуге нұсқау берілген. Соған орай барлық одақтас республикалардағы елуінші жылдары сотталып, жер аударылып, қысымға ұшырағандарды еркіндікке шығару мәселесі бірінші кезекке қойылды.

Ал Қазақстан жағдайында мұның аса маңызды ұлттық мүддені қозғайтын екінші бір жымысқы астары бар еді. Қазақ даласы патшаның да, Столыпиннің де, Лениннің де, Сталиннің де жүзеге асыра алмай «арманда кеткен» үлкен науқанның алдында тұр еді. Ал «жылымық» пен «тың эпопеясының» өліарасында республиканың негізгі тұрғын халқын, яғни, қазақ ұлтының көңілін орнықтыру үшін бұрынғы басшының беделін әлсіретіп, «ауыл шаруашылығын өркендетуде немқұрайлылық жібергені», ал шындығында, тың көтеруге қарсы болып, «тиісті шаралар қолданбағаны үшін» орынынан алынған Ж.Шаяхметовтің бетіне шіркеу түсірудің оңтайлы сәтін пайдаланбау – саяси көрсоқырлық болар еді. «Бір қолмен нан беріп, құшақтағанда кеудеңе інжілді төсеп, екінші қолымен ту сыртыңнан қанжарын қадап тұратын» «қасиетті әкейлердің» тәсілін коммуистер сондай бір әккілікпен қолданды. Сталиннің, Хрущевтің, Брежневтің, Андроповтың тұсында идеологияны уысында ұстап тұрған «сұр кардинал» Сусловтың аяр ақылына бойлай бермейтін «партизан Пономаренко» да мұны түсіне қойды. Өйткені ол өзінің майдандық тәжірибесі арқылы қарауылды дәл көздей білетін. Сол жылғы тамыз айында Опера және балет театрында өткен зиялылар бас қосқан, «тың эпопеясының басталғанын» салтанатты түрде жариялар алдында:

«Қазақстан ұлан асыр табиғат байлығына ие, кен көздері қисапсыз мол, яғни, келешегі орасан зор алып республика ғана емес, мәдениеті жоғары, өсіп өркендеген ұлттық тұлғаларға да бай. Өкінішті жәйт: осы байлықтарды ел мүддесіне кеңінен пайдалануға республиканың бұрынғы басшыларының өресі жетпеді. Мысалы, қазақ халқының атағы әлемге машһүр тарихи тұлғалары – геолог-академик Қ.И.Сәтбаев, ғалым-жазушы М.О.Әуезов, ғалым-композитор А.Қ.Жұбанов сияқты аса талантты перзенттерін және басқаларды қамқорлыққа бөлеп, ел кәдесіне жарар ірі жұмыстарға жұмылдырудың орынына шам алып түсіп, күн көрсетпей, туған елінен безуге мәжбүр еткенсіздер. Осыдан соң сіздерден қандай жақсылық күтуге болады?»,– деп (М.Сәрсекенің аудармасы) кесектене зіл тастады.

Ақиқатына жүгінсек және жоғарыда келтірілген құжаттарда көрсетілгеніндей, Ж.Шаяхметовтің Ғылым Академиясындағы Қазақстан тарихы мен әдебиеті туралы қысым көрсету шараларына, Едіге мен Кенесарының қозғалысын реакцияшыл деп жариялауға, соны сылтаурата отырып Қ.Сәтбаев пен М.Әуезовті, Е.Бекмахановты қудалауға қарсы болуы «республиканың бұрынғы басшыларының» бұл науқанның астарын түсінуге «өресі» жеткендігі еді. СОКП Орталық комитетінің ғылым мен идеология бөлімдері қазымырлықпен жүргізіп, «Правданы» әшкерелеуші құрал ретінде пайдаланып, «мылтықсыз майдан» ашқан, оның қарсылығына қарамастан еркінен тыс Қаулы, Қарар шығартқанын «партизан Пономаренко» да білетін. Алайда «шындықтың көзін бояуға» (Абай) құрылған коммунистік аяр саясат халықтың көңілін қалай табудың жолын жақсы игерген болатын. Ұлттық тұлғаларды қайтарып, «әділдік орнатқанының» төлеуінің бодауына бүкіл Қазақстанды басыбайлы етті. Елін аздырды, жерін тоздырды. Егерде ар жағынан өктем күш итеріп тұрмаса бүкіл бір халықты күстәналап, өздері істеген күнәлары үшін өзгені жазғырып: «Осыдан соң сіздерден қандай жақсылық күтуге болады?»,– дейтіндей өктем құқықты Пономаренкоға ешкім де берген жоқ болатын.

Сол кездегі Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Мұхамедқали Сужиковтің «Мен ол туралы жақсы көзқарастамын» атты Ж.Шаяхметов туралы естелігіндегі:

«Қазақтың маңдай алды интеллигенция өкілдерімен қоян-қолтық араласа еңбек еттім. А.Жұбанов, М.Әуезовті қудалауды тоқтатуға қатыстым. Әңгіменің шыны керек, қуғындалған Әуезовті, Сәтбаевті Мәскеуден Алматыға шақырып алған, Е.Бекмахановты түрмеден босатуға көмек берген – Пономаренко мен Брежнев еді. Мұндай жақсылықты қазақ халқы еш уақытта ұмытпауы керек»,– деген дерек назар аударуды қажет етеді.

Мәселе мынада, егерде осы үш адам – Понмаренко, Брежнев, Сужиков республиканың басшылығын қолға алмаса, онда бұрынғы жетекшілер Ж.Шаяхметов пен І.Омаров, немесе осы екі топтан мүлде басқа біреулер билік тізгінін ұстаса, онда Әуезовті, Сәтбаевті, Е.Бекмахановты елге қайтару шаралары қолданылар ма еді, жоқ па еді? Біздің ойымызша, бұл жалпы кеңестік қоғамның бағыты және қаласа да, қаламаса да ондай шешімді қабылдауға мәжбүр болар еді. Егерде Ж.Шаяхметов пен І.Омаров өз орынында қалғанда, мүмкін, осы «ойранды науқанды» бастаған С. мен Т., және тағы да басқа Пәленшелер мен Түгеншелер ғылым мен мәдениеттің сахнасынан мүлдем ығыстырылар ма еді, кім білсін.

Өйткені олар кейін де, әсіресе, Сәтбаев пен Әуезов, Бекмаханов дүниеден өткен соң өздерінің азуын қайтадан білеп шыға келді де, сексеніші жылдарға дейін идеология сайысында ықпалын жүргізді, онымен қоймай, артына алған бетінен айнымайтын шәкірттерін қалдырып кетті. Ал ол шәкірттер тәуеслсіздіктен кейін де сол ұстанымын бұрынғыдан бетер қорғап, Қазақстан ғылымын жалған бағытқа бейімдеп, жалған саясат пен идеяны тұжырым ретінде ұсынып, мемлекеттік идеяны Алаш идеясынан ауытқытып әкетті.

Абайдың дүниеден өткеніне елу жыл толғанын еске алу рәсімінен бастап Мұхтар Әуезовтің бағы қайтадан көтерілді. Оның тағдырындағы бетбұрысты оқиға 20-шілде күні өтті. Сол күні Алматының айнымас парасат белгісіне айналған Абай ескерткішінің іргетасы қаланды. Әрине, Тіл және әдебиет институтына және университетке қайтадан қызметке алынды, яғни, бұрынғы бұйрық күшін жойды. Оның сол кездегі көңіл-күйін ақын шәкірті Т.Молдағалиев:

«Күз. Жылдар өтті. «Мүмкін бір күндері бұл пәннен Мұхаң өзі кеп лекция оқыр әлі»,– деп  қарап тұр Ханғали ағамыз. Айтқанындай Мұхаң ҚазМУ-ге қайта оралды. Асыл ұстаз Абай туралы лекциясын бізге біртүрлі көңілсіз оқыды. Анау бір жылғы шабыт оты Мұхтар ағаның бойынан көрінбей кетті...»,– деп мұңая да, өкіне де еске алады.

Осы күннен бастап көтерілген Мұхтар Әуезовтің беделі мен мысы енді ешкімге дес бермеді. Тіпті, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің де айдыны мен айбыны, айбары мен атағы, соған қоса ілескен шатағы да Мұхтарды сескендіре алмады. Ол мәңгілік даңқ тұғырына көтеріліп бара жатты. Ал СОКП-ның ХХ құрылтайындағы «жеке басқа табынушылықты» әшкерелеген атақты тарихи шешімі мұқым интеллигенциядан, соның ішінде жиырма жыл бойы саяси қысым мен жазалаудың қыспағында жүрген Мұхтар Әуезовтен де «қарғыс қамытын» сыпырып тастап, еркін тыныстауға мүмкін берді. Мұны ақыл-ой иелері «жылымық» деп атады. 1955 жылы Қаныш Сәтбаев Ғылым Академиясына, Ермұхан Бекмаханов, Есмағамбет Исмаиылов, Қажым Жұмалиев, Қайым Мұхамедханов айдаудан қайтып оралды.

Ш.Шокин: «... 1954 жылы қарашада Қазақ ССР Ғылым Академиясының жалпы жиналысының кезекті сессиясы өтті. Онда мені академик және шикізат қоры бөлімінің төрағасы етіп сайлады. Келесі жылы мені академик-хатшы етіп бекітті. Академияның құрылғанына тоғыз жыл өтті. Бір жыл бұрын республика басшылығында кезекті өзгерістер болды. Қазақстанның партия ұйымын П.К.Пономаренко мен Л.И.Брежнев басқарды. ... Республиканың жаңа басшылары әділеттілікті қайта орнатуды көздеді. Елу бесінші жылдың жазында Сәтбаев, Павлов, Пальгов, Әуезов, Тәжібаев және мен Қазақстан Компартиясының Орталық комитетіне шақырылдық. Орталық комитеттің бірінші хатшысының кең бөлмесінде бізді Пономаренко мен Брежнев қарсы алды. Пантелеймон Кондратьевич, (мен онымен үш рет кездестім), ашығын айтсам, ол мені өзіне тартып әкете алмады. Көбінесе ұрандатып сөйледі, мүмкін, әдейі солай жасады ма, әлде, партияның тақтасына орынды-орынсыз тұздық араластырып сөйлеу өзінің үйреншікті мәнері ме екен, кім білсін. Оны: сен сайламасаң да, тек таныстыру арқылы ғана тағайындап қойса да, көсемнің бойынан оның моральдық және парасат пайымының сенен қаншама биік тұрғанын іздейсің ғой. Онсыз қандай басшы болмақ? Мұндай артықшылық Пономаренконың бойынан байқалмады. Брежнев оның сол жағында отырды. Сол жылдардағы фильмдердегі парторгтің көп көшірмелерінің біріне ұқсайды. Қарап отырады, тыңдайды, бірінен кейін бірін тоқтатпай темекі тартады, кенет – әділеттілікті орнатып шыға келеді. Ал Брежнев адамдардың бетіне тура, қадала, ашық қарайды. Бір сөзбен айтқанда жігіттің қыраны. Екі-үш сөз айтады да, тағы да тура қарап тыңдауға көшеді.

Пономаренко бізге: Қонаевтің Министрлер Кеңесіне ауысуына байланысты бізбен академияның президенті туралы ақылдасуға шақырғанын – хабарлады. «Сіздер академияның басшылығына кімді лайық деп есептейсіздер?»,– деп сұрады бірінші хатшы. Сәтбаевтан басқалардың барлығы да бір ауыздан Қаныш Имантайұлын ұсынды. Академик өзінің денсаулығы мен геология институтындағы жұмысының қарбаластығын алдыға тартып, бірден бас тартты. Әңгіменің аяғында Пономаренко: Брежнев екеуі дәрігерлермен кеңесіп, содан кейін шешім қабылдайтынын жеткізді. Бірнеше апта өткеннен кейін Сәтбаевті қайтадан президент етіп сайлады». 

Осыдан бастап Қ.Сәтбаев пен М.Әуезовтің басына үйірілетін бұлттар олардың бақыт құсы шарықтаған аспан аясынан төменде қалды.

Қайым Мұхамедханов (Естеліктен): «…Елу бесінші жылы ақталып, түрмеден босадым. Мойынты-Шумен келіп, Алматының вокзалына түстім де, Есмағамбеттің үйіне телефон шалдым. Ол айдаудан келіп қойыпты. Амандық-саулықтан соң-ақ, ол:

– Ойбай, бауырым, Мұхтарға телефон шал. Бәрің келіп, Қайымды тастап кеттіңдер деп төбемізге шай қайнатып, бізбен сөйлескенді қойды. Өзі Индияға жүргелі жатыр,– деді.

Мұхтармен сөйлестім. Байқаймын, телефонның аржағында булығып тұр. “Үйге кел!”,– деді. Үстімде түрменің киімі, қалтамда алты-ақ сом ақша бар. Әрі поезд үш сағаттан кейін Семейге жүреді. Мұхтар бұл кезде кейбір мәселелерге байланысты кешірім де сұрап қойған. Сол да қитығыма тиіп тұр.

– Жарайды, Қайым, он бес күн үйіңде дем ал да, маған кел. Жеңгеңе айтып кетемін. Кеңінен әңгімелесеміз,– деді ол.

Мұхтар екеуіміз ағалы-інідей Алматыда қауыштық. Сырымызды, шынымызды айтыстық. “Абайды халқыңа беріп кетем десең, Мұхтар, басыңның амандығын тіле. Біздің шаруамыз бітіп, талқанымыз таусылған адамбыз. Партиядан кешірім сұра”,– деп ақыл айтқан Ахмет Байтұрсынов екен. Осы сырын маған ғана айтты.

– Түрмеде қалай жаттың? Пәлі, біз – Мағжан, Жүсіпбек, Ахмет бәріміз бір камерада жатып, басымыз қосылып, бір жасап қалдық”,– деп мысқылмен кеңк-кеңк күледі Мұхаң.

Менің де ашуым тарқаған. Бір сәтте Мұхтар:

– Қайым, сен түрмеде не ойлап отырдың?,– дегені. Бір кісілік камерада отырғанымды, көрген қорлығымды айттым да, мынау өлеңімді оқи жөнелдім:

Отырдық тар қапаста күнді санап,

Ұйқысыз өткен түнді жылға балап.

Мөлтілдеп көз жасындай кеп қапсың ғой,

Көзімнен бір-бір ұшқан қайран арақ.

Дейтұғын уақыт жетіп, соқты сағат.

Сағынған сондай күнді қылмай тағат.

Жарқ етіп бұлттан шығып күткен күнім,

Ақ құсы әділеттің қақса қанат.

Дер едім сонда, дүние, арманым жоқ.

Тағдырға таба болып қалғаным жоқ.

Көрсеттің қорлығыңды, зорлығыңды,

Кеудемнен жүрегімді алғаның жоқ.

Өр зорлықпен басымнан еркімді алдың.

Әжім салдың бетіме, көркімді алдың.

Аңқылдап ақ көңілмен алданбасқа,

Аузымнан айнымайтын сертімді алдың.

Отқа салдың, отырдым жігер қайнап,

Тордағы арыстандай көзім жайнап.

Шыңдалып шарболаттай шықтым, міне,

Отырмын өзіңменен күліп-ойнап».

Иә, бұл әңгімені Қайым дегдардан біз де жиі естуші еді. Оның өзі дербес бір түсінікті қажет ететін әңгіме.

Еңсесін тез көтерген Мұхтар Әуезов бұрын өзі ығына жығылатын адамдарды енді өзінің ырқына бейімдеуге ыңғай танытты. Мысалы, елуінші-елу бірінші жылдары «Знамя» журналының қатардағы қызметкерінің жеделхатымен Мәскеуге бірнеше рет ұзақ мерзімге ұшып келген Әуезов, енді оған талап қойып, бас редактор В.Кожевниковтың өзіне сес танытқандай сыңай да байқата бастады. Оған сол тұстағы қазақ әдебиетінің СССР Жазушылар Одағындағы кеңесшісі Тәкен Әлімқұлов пен жол ма жол аударушы Зейін Шашкинге жазған төмендегі хатының мазмұны дәлел:

«7 тамыз. Құрметті іні-достар Тәкен мен Зейін! Мен сен екеуіңе бір өтініш-тапсырма айтқалы отырмын. Мәселе менің соңғы кітабым «Абай жолының» 2-інші кітабы жайында. Осының аудармасын В.В.Смирнова ауырып қалып, қатты созып кетті. Кейін соған көмек етсін деп Фаизова Разияны бір атап едік. Артынан ол араласпасын деп өзім қайтып алдым, себебі, ол қазақшаны түсінбейді, танымайды екен. Не қазақшаны білмесе, не аударушы есебінде дендүріс, тек қана бастаушы аударушы болса – оны көмекке алып не береке табамыз! Зоя Сергеевна Кедрина бір Письменный деген, мен білмейтін біреуді рекомендовать етіп еді. Одан да іс шықпады, подстрочникпен іс істеп көрмеген адам екен. Маған: «Сіз қасымда отырмасаңыз подстрочникпен аударып болмайды»,– депті. Одан да күдер үздім. Қазір енді ойлап-ойлап кеп өз қасымда отырып істейтін Анов Н.И. тапсырғалы отырмын. Жарымын В.В.Смирнова аударған, мынау қалған жарымын, 3-главаны аударады.

Ал, сендерге тапсыратын сөзге әлі жеткем жоқ, сабыр етіп шыдай тұрыңдар! Жаңағы аударма қырсығының бөгелісімен (уәжін) дәлелдеп Кожевников («Знамя»): «Біз жақында баса алатын емеспіз, енді қайтып аласыз ба, қайтесіз»,– деп жазыпты. Мен осы сөзді ЦК КПСС отдел культуры Поликарповқа жазып, наразылық айттым. Себебі, аударма менің міндетім емес, «Знамяның» өзі ұйымдастыру керек, соның міндеті, ал Кожевников маған аударманы міндет қып теріс істеп отыр, аудармашыны тапсын да тез аудартып, бастырсын – деп талап еттім. Келесі жыл менің 60 жылдығым және жазушылық еңбегімнің соңғы кітабы – одақтық оқушының алдына шығуы, менің тарапымнан заңды талап екенін айттым. «3намя» дейтінім, басқадай жаңа журналмен келісуге енді кеш. Шарты, міндеті бар «Знамя» өзі ада қылса екен деп отырмын. Осы жайды, сен Тәкен, Семен Владимирович пен Тихоновтарға да білдіріп қоюың қажет болар.

Ал менің диктовать еткенімді айтса, мен анау «Абай» романының да қақ жарымын – жұрт сүйсініп жүрген қақ жарымын да солай жазғам. Мен диктовать еткелі 14 жыл болды. Заманында Марк Твен, Ло пе де Вега – талай жазушы тәжірибе ала келе жазған-ды.

Шынында «Абайда» ғашықтық тілі, сезім тілі басым болса, мына кітапта ойшыл болған Абайлардың аузында Абай өзі айтпаған, бірақ айтуға мүмкін шебер, терең философиялық афоризм толғаулар бар. 5-нші, 6-ншы бөлімдерді әсіресе еске алсаңдар екен. Бұл кітап «Абайдан» жоғары – қоғамдық жөнінде панисламизм, бурж. нац-змнен алысу дәл осында. Үлкен ойлар, кейінгі жайлар басы (тартыс жайлар) осында. Осыны баса айтып екеуің тең, аударылып басылуын талап етіп мақала жазсаңдар деймін. Мен Зоя Сергеевнаға да жаздым. Кейін сол кісіге табыс етіңдер, өзі түзей түссе қарсы болмаңдар. Ол сентябрь басында демалыстан қайтады, телефоны – д. 7-28-36 (үйі) – сонымен жалғасыңдар, газетаға бастырады. Осыны екеуіңнен қатты өтінемін. Өзім сентябрь ортасында барамын. Осыны алысымен жауап жаз, Тәкен!».

Иә, бұл хаттың емеуіріні мен талабы мүлдем басқа. Ал эпопеяның диктовкамен жазылуының дұрыс, бұрыстығы шығармашылық психологиясына қатысты дербес мәселе. Оның ұтысы мен ұтылысын саралау бұл әфсананың міндетіне жатпайды.

Сонымен, «жеке басқа табынушылықтың» әшкереленуінің нәтижесінде ел-жұрт та еркін тыныс алды. «Халық жаулары» да ақтала бастады. Ақталу үшін сол ұсталған «халық жауының» соңғы жұмыс орыны мінездеме беруі тиісті еді. 1957 жылы 26-көкекте Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтің азаматтық тұлғалары ақталып, Жазушылар Одағының мүшелігі қалпына келтірілді. Олардың шығармашылқ мұраларын ақтау туралы 1957 жылы 3-қыркүйекте Жазушылар Одағы төралқасының мәжілісі өтті. Ұлттық руханияттың салтанатын жариялайтын мұндай сәттерде тек ақ ниет қана, істің игілігі ғана ортаға салынуға тиісті бұл отырыста:

Ғ.Мүсіреров: «Олардың шығармалар жинағы жазылу (подписка) арқылы жүргізілсін;

С.Мұқанов: Бұл жазушылардың шығармаларын жариялау мақсатында жеке-жеке редақциялық алқа құрылсын;

Ә.Тәжібаев: Бұл жазушылардың еңбектері, әрине, зерттеу үшін ғана керек, сондықтан да біз Ғылым Академиясының міндетін өзіміздің мойнымызға ала алмаймыз. Олардың шығармаларының барлығын жаппай жариялау да дарақылық (огульно) болады және бүгінгі күннің талабына жауап береді деп те айта алмаймыз. Әзірше үш том етіп басып шығарсақ та жеткілікті, қалғанын баспалар ойлана жатар. Мысала ірі ақын Ілияс Жансүгровтің «Дала» дастаны қысқартуды қажет етеді. Онда жариялауға жатпайтын, алып (изолировать) тастайтын тұстар бар. Бұл жазушылардың шығармаларын бүгінгі күннің талабынан қайтадан қарап шығу керек. Біз бұған барынша жауапты қарап әрі қатаң талап қоюымыз шарт»,– деген пікір білдірді.

Мұқым ұлттың өлгені тіріліп, өшкені жанған күні, Әбділдә Тәжібаевтің бұл қаупі неден туып отыр? Саяси қырағылық па, жоқ, әбден үрейленіп қалғандықтан да жауапкершіліктен қашып отыр ма, әлде, «ақындық бас асауына» ерік берген қызғаныштың қызыл тырнағы ма? Кім білсін. Қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.В.Губин Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев пен Зылиха Жұмабаеваның өтінішіне орай  Шәкәрім мен Мағжан Жұмабаевты ақтау, не ақтамау туралы Жазушылар Одағының пікірін сұрады. Ғ.Мүсіреповтің оларды ақтау мәселесін қолдайтыны туралы хаты қоса тіркелді.

1957 жылы 20-қарашада Одақтың төрағасының орынбасары ретінде Ә.Тәжібаев оларды «мәңгілік ақталмайтын, ұлтшыл-буржуазияшылдар, шығармаларының көркемдігі төмен ақындар» деген мағынада хат жіберді. 1987 жылы ақпан айында Олжас Сүлейменовтің ұйымдастыруымен қауіпсіздік комитеті мекемесінің жеті полковнигімен өткен кездесудегі осы жолдардың авторының «алашордашыларды ақтау» мәселесі туралы сұрағына МҚК-нің орынбасары К.Әбдірахманов Ә.Тәжібаевтің осы хатын оқып беріп: «Мәселе бізде емес, өздеріңізде», деп еді. Сол отырыста Ғалым Ахмедов марқұм мұндай қатынасты кезінде жазудан бас тартқанын, бірақ оны еріктен тыс басқа біреуге жаздыртып, салдырғанын айтты. Бұған қарағанда жоғарыдағы пікірдің қалайда кездейсоқ айтылмағанын, ашығын айтқанда, Ә.Тәжібаевтің арнайы құпия мекемелердің тапсырмасын ұзақ жылдар бойы орындап келгенін дәлелдейді.

Оған кәрі ақынның шау тартқан шағындағы мына мінезі дәлел. Архивтегі осы дерекке кешкі сағат бесте көзіміз түсті, көшіруге толық үлгермей, ертеңге қалдырып кеттік. Сол түні таңғы 7-де Ә.Тәжібаев үйге хабарласып, шұғыл, бір сағаттың ішінде үйіне келуді бұйырды. Болымсыз әңгімемен тоғыз жарымға дейін ұстады. Ал архивке барғанымызда әлгі «істердің жоғалып кеткенін» білдік. Архивтегі арнайы мекеме адамдарының тапсырыстың ізін жойып үлгеруіне мүмкіндік беруі үшін бізді «бөгей тұрғаны» анық еді. Соған қарап ол кісі өзінің сол құпия мекемемен байланысын ғұмырының соңына дейін үзбеген екен-ау деген күдік ұялады. Бұл пікірімізді баспасөз арқылы ашық білдіргенімізде ол кісі ешқандай жауап бермеді, не қосымша пікір білдірмеді.

Сонымен Ә.Тәжібаевтің қарсылығына қарамастан 1957 жылы 18-қыркүйектегі отырыста: С.Мұқанов С.Сейфуллиннің, Ғ.Мүсірепов Б.Майлиннің, М.Әуезов – Ілияс Жансүгіровтің көп томдықтарының басылымының төрағалығына бекітілді. 1957 жылы 12-шілдеде М.Әуезовтің 60 жасқа толуына арналған мерейтой мәселесі қаралып, бас баяндамашы С.Мұқанов ұсынылды. Мұны М.Әуезовтің өзі де қолдады.

(жалғасы бар)

Abai.kz


[1] М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясының екінші кітабін ішінара, ал үшінші, төртінші кітаптарын тегістей диктовка арқылы, яғни, машинисткаға ауызекі тікелей айту арқылы жаздырып, соңынан өңдеуден өткізіп отырған.

0 пікір