Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6339 0 пікір 22 Тамыз, 2014 сағат 12:34

Қазақ ескерткішіне фашистік таңба басылды

Ақтауда вандалдар ескерткішке фашистік таңба салып кеттіАқтауда вандалдар ескерткішке фашистік таңба салып кетті

Ақтау қаласында Тобанияз Әлниязұлының ескерткіші қорланды. Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті маңында орналасқан ескерткішке вандалдар фашистік таңбаны салып, бейпіл сөздерді жазып кеткен. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты "Лада" порталына сілтеме жасап хабарлады.

Вандалдар қызғылт сары бояумен Тобанияз Әлниязұлының ескерткішіне свастика таңбасын салып, боқтық сөздерді жазып кетіпі. "Каспий Оперейтинг" ЖШС директоры Әбдірахым Қалымовтың сөзіне қарағанда, қалада ескерткіштерді бояу сияқты вандалдық әрекеттер жасалуы бір бұл емес екен, Тобанияз Әлниязұлы, Тарас Шевченко және Мәңгілік алау ескерткіштері жиі қорланып тұратын көрінеді. "Біздің жұмысшыларымыз аптасына үш рет барлық ескерткіштерді тексеріп отырады. Сол кезде ылғи бір жазуларды өшіруге тура келеді. Біз оның бәрін істейміз. Бірақ мұнымен мәселе шешілмейді ғой. Біз қаланың ішкі істер басқармасына бірнеше рет өтініш жасап, бейнебақылауды орнатуды сұрағанбыз. Алайда әлі күнге дейін нәтиже жоқ", - дейді Қалымов.  Бұл масқаралаудың  кімге тиесілі екені әзірге анықталмаған. 

Айта кетейік, ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, вандализм үшін 100-500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу, 120-180 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру сияқты жаза қолданылады.

Тобанияз Әлниязұлы - 1875, бұрынғы Закаспий облысы Маңғышлақ у. Жетеней болысында туған қоғам қайраткері. Діни мектепте бастауыш білім алған. 1915 ж. болыс басқарушысы болып сайланған. 1916 ж. патша жарлығына қарсы шыққаны үшін тұтқынға алынып, 1917 ж. патша өкіметі құлағаннан кейін абақтыдан босатылды. 1918 – 1923 ж. Адай уездік революциялық комитетінің төрағасы. Алашорда үкіметінің батыс бөлімшесінің жетекшілері – Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен тығыз байланыста болған.  Кеңестік билікке қарсы Қарақұм өңірінде жүріп жатқан қозғалысқа қолдау танытты. Билік орындарының нұсқауларында жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі, дініндегі ерекшеліктердің сақталуын талап етті. 1923 ж. Тобаниязға “ұлтшыл”, “діндар” деген айып тағылды. Соған орай ол уездік революциялық комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. 1924 – 1928 ж. уездік салық инспекторы болып еңбек етті. 1929 ж. желтоқсанда тұтқынға алынып,  1930 жылы Алматыда атылды. Тобанияз 1990 ж. 26 сәуірде Қазақ КСР-і Жоғарғы сотының шешімімен ақталған.

Абай-ақпарат

 

 

0 пікір