Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Билік 21033 0 пікір 22 Тамыз, 2014 сағат 14:47

Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ

 

Жаңа  мақсаттар  жауапкершілігі

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың үстіміздегі жылы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы ұзақ мерзімді мақсаттар мен міндеттер белгілеген кешенді бағдарлама саналады. Бұл кездейсоқтық емес. Тек қалыптасқан, мықты мемлекет қана жоспарлаумен, ұзақ мерзімді дамудың және экономикалық өсу саясатымен айналыса алады. Осыған байланысты Елбасы білім беру саласын дамыту бойынша шараларды анықтады, сапалы білім беруді жинақтауды және кәсіптік машықтарды көбейтуді алға тартып, ұлттық білім беру  жүйесін  қалыптастыру бойынша міндет қойды. Бұл орайда белсенді, білімді және дені сау азаматтар болып қалыптасқан қазақстандықтардың әлеуетін ашу тұрғысында нақты жұмыстар жүргізу айрықша маңызды болмақ.

Осы мақсаттарға жету үшін білім берудің барлық сатыларын­да пәрменді де тегеурінді қыз­меттер атқаруымыз қажет. Елбасы айтқандай, 2020 жылға дейін 3-6 жастағы балаларды да білімге бейімдеу – мерейлі міндет болып  саналады. Бұл орайда білікті жұмыстар атқарылды. Мәселен, Ақмола облысында «Балапан» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 89 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Яғни, 2010 жылдан бастап мектеп жасына дейінгі балаларға арналған 14617 жаңа орын ашылды. «Балапан» бағдарламасының 2020 жылға дейінгі қадамдық жоспарына сәйкес, тағы да 17994 орындық 229 балалар бақшасы мен шағын орталықтарды іске қосу көзделуде.

Жолдауда қадап айтылған мәселенің бірі – білім ошақ­тарын­дағы жоғары білікті мамандар санын арттыру. Бүгін­гі таңда мектепке дейінгі меке­мелердегі жоғары білімді ұс­таз-тәрбиешілердің үлесі 10 па­йыз­ды құраса, 2020 жылға дейін оны 40 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Ал, орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне көтеру мақсаты қойылды. Қазір бұл бағыттағы қанатқақты жобалар зерделеніп, мектеп басшылары мен мұғалімдері арнайы дайындықтан өтуде.

Елбасы Жолдауында мектеп түлектері қазақ, орыс және ағыл­шын тілдерін білуі қажеттігі уақыттың өскелең талаптарымен байланыстырылды. Осы орайда, ағымдағы оқу жылынан бас­тап облыстағы барлық жалпы білім беру мектептерінде ағылшын тілі пәнін оқыту енгізілгенін айтқым келеді. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап сабақ орыс тілінде жүргізілетін сыныптарда қазақ тілі пәнінің сағаттары ұлғайтылды. Сондай-ақ, аралас тілді 13 мектепте білім беруді қазақ тіліне көшіру жоспарланып отыр. Ал, орыс тілінде оқытатын 23 мектепте қазақ сыныптарын ашу көзделген.

Оқушылардың өздігінен ойлау қабілетін дамытып, ақпаратты терең талдау тәсілдеріне жетелеу жолында маңызды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы тәжірибелік жұмыстар облыстың 7 аймағында жүргізілуде, оған 22 мектептің 592 мұғалімі  жұмылдырылған. Елбасы болжамдарын есепке ала отырып, аталған жұмыстар одан әрі дамытыла түсетіні айқын.

Түбегейлі жаңару Жол­дауында: «Таяудағы үш жыл ішінде, 2017 жылға дейін орын жетіспеушілігін жойып, қажетті жерлерде елдегі барлық мектепті екі ауысыммен оқытуға көшіру керек» делінген. Былтырғы оқу жылында облыс аумағында 4 мектеп үш ауысымда жұмыс істеді. Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы облыс тұрғындары үшін қуанышты оқиғалармен бас­тау алды. Әсіресе, агломерациялық аймақтағы Целиноград ауданының Қоянды ауылында 900 орындық, Қараөткел ауылында 1200 орын­дық заманалық мектептердің пайдалануға берілуі жоғарыда атап көрсетілген проблеманы шешуге мүмкіндік жасады. Былтыр республикалық бюджеттен 844 миллион теңге қаржы бөлініп, осы аудандағы Тайтөбе ауылында 300 орындық мектептің құрылысы бас­талды. Биыл мектепте қоңырау үні сыңғырлайды деп күтілуде. Сонымен бірге, ағымдағы жылы Көкшетау қаласындағы №6 орта мектептің оқу кабинеттері мен сынып бөлмелерін тиімді пайдалану есебінен балалар екі ауысымдық оқытуға көшірілді. Осылайша, таяу жылдары облысымыздың мектептерінде нақты бәсекелестікті қалып­тастыратын ыңғайлы жағдайлар орнығатынына әбден сенуге болады.

Білім саласы қызметкерлерінің алдында таяудағы екі-үш жылда дуалдық, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру міндеті тұр. Облыстағы 43 техни­калық және кәсіптік білім беру мекемелері 117 біліктілік бойынша 72 кәсіп пен мамандыққа бау­лиды. Онда  24 мыңға жуық жас білім алуда.

Әлемдік тәжірибе көрсеткенін­дей, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде мамандар даярлау сапасы тікелей жұмыс берушілердің қатысуымен және кәсіпорындарда тәжірибе алмасумен тығыз байланысты. Бүгінде білім саласының әлеуметтік серіктестігі ретінде 251 кәсіпорын жұмыс істейді. Алдыңғы қатарлы кәсіпорындармен 75 меморандумға қол қойылса, оқушылардың кәсіптік тәжірибесін ұйымдастыру үшін  951 үш жақты келісім  қолданысқа енгізілген. Облыстық білім басқармасының шешімімен, кешенді білім берудің оқу бағдарламаларын қамтамасыз ету мақсатында Степногор қаласындағы №2 индустриялық-техникалық колледжі дуалдық жүйемен оқытудың тәжірибелік алаңы болып бекітілді. Оның серіктестігі осы қаладағы Еуро­қауым­дастық шеңберінде жұмыс істейтін подщипник зауыты болып табылады.

Жалпы, осындай жоспарлы жұмысымыз 10 колледжді дуалдық жүйені пайдалануға көшіруге мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта олардың саны 28-ге жететін болады.

«Мәңгілік Ел» байрағын көтер­ген Елбасымыз тарихи Қазақстан-2050 Стратегиясының ең алдымен жастарға арналғанын атап көрсетіп, мынадай тол­ғанысты өсиетін алға тартты: «Оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де сіздер. Өз жұмыс орындарыңызда отырып, осы жұмысқа әрқай­сы­ңыз атсалысыңыздар. Нем­құрай­дылық таныт­паңыздар!». Бұл сөздер ұстаздар жүрегін де жалынға толтырып, іргелі істерге жігер­лендіретіні сөзсіз. Өйткені, біз Мәңгілік болашағымыздың жар­қындығына сенеміз.

Балым ІЗБАСАРОВА,

Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы.

 Ақмола облысы.

 

Өзгерістер арқауы – ­өміршең стратегия

Сонау бір жылдарда қазақ ұлтының дербес мемлекет болуы көкейді тескен арман бола тұра тәуелсіздік деген сөздің өзі үрейлі де үмітсіз, қолдан келмейтін, құрғақ қиял тәрізді нәрселер емес пе еді? Өзінің жерінде азшылыққа айналған, халқы өзінің қолымен жасаған игіліктерін, атап айтқанда, еккен астығын, қазып алған кен байлықтарын, жоспар бойынша одақтың игілігіне арнап, өздері қалған­-құтқанымен ғана күнкөріп, жан сақтаған, осындай ғана «ерікті ел» емес пе еді ? Мемлекеттік ше­к­­а­ра мүлде күдер үзілген мәселе болатын. «Түрі ұлттық, мазмұны социалистік» идеологияның астында ұлттық салт-дәстүріміз, ана тіліміз бірте-бірте ығыстырылып, сол үдеріске қарағанда алдағы елу жылға жетпей-ақ ұлттық құндылықтарымыз біржолата құрып кетерліктей белгі бергендігі де бір де бір өтірігі жоқ, нақты жағдай болмады ма?

Міне, бұл дүниеге жаңадан қалыптасқан қазақ мемлекеті 23 жылда жасампаз ел атанды. Елінің, жерінің иесі болды. Бұл енді ешкімнен кем түспейміз, жалбақтап кім-көрінгеннен ақыл сұрамаймыз деген сөз. Өз ақылы өзіне жеткен, қаһарман халықтың қалыптасуы Мәңгілік Ел болудың нақты сипаты. Ана тіліміз қалай айтсақ та үлкен серпін алды. Өз жерінде өзінің ана тілінде сөйлейтін халықта не арман бар?

Қарыштаған шапшаңдық, әрине, жалғаса береді. Ол – «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы. Бұл шапшаңдықтың өзін ертегіге теңеуге болады. Олай дейтінім, осыдан 17 жыл бұрын ғана «Қа­зақ­стан-2030» бағдарламасы ұсы­нылған кезде де оның орында­ла­ты­нына шүбәлана қараған едік қой. Орындалды, оған біздің көзіміз жетті. Ел, өнер, тіл, дәстүр барлығы да шегініп бара жатқан жағдайда болатын. Олардың ілгері басқандығын бақытымызға сай бүгін, міне, біздер көзімізбен көр­дік. Осылайша көзбен көріп, қол­мен ұстап, жүрекпен сезін­ген нақ­ты табыстарымыз, қалып­тасқан мем­лекетіміз бар, сол үшін де біз «Қазақстан-2050» Стратегиясының жүзеге асатынына кәміл сенеміз.

Стратегияның межелегеннен кем түспейтін дәрежеде орындалатынына күмәнданбаймыз. Бұған біздер ғана емес, дүниежүзінің елдері де сеніп отыр. Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің өзі осы сенімнің белгісі, елордамыз Астананың көрімдігі деуге болады. Онымен қоса сол көрмеге қалай дайындалу, қалай өткізу қазақстандықтар үшін үлкен сын болады. Сол үшін Елбасы бұл істі өзі қолға алу арқылы ке­лер 3 жылда 10 жылға татитын жетістікке жетіп, халқының қолын жылы суға малатыны айдан анық. Қазақстан өз бастамасымен талай істерді тыңнан көтерумен қатар, дүниежүзіндегі озық тәжірибелерден де үлгі алып, өз ерекшеліктерімізге сәй­кес қолдана білуде. Осыған сәй­кес көптеген ірі мемлекеттер Қазақ­станнан үлгі, тәжірибе алуда. Бұл біз үшін мақтаныш.

Біз «Алдымен экономика, содан соң саясат» деген айқын формуламен ілгерілеп келеміз деген болатын Н.Ә. Назарбаев. Осы формула, осы жолдан таймауды халық та қолдап отыр. Өйткені, отбасында жайлы тұрмыс болмайынша жақсы әңгіме өрбімейді. «Аш адам ұрысқақ, ауру адам тырысқақ» деп халқымыз бекер айтпаған. Саясатпен ғана шұғылданатындардың көсегесі көгергенін көргеніміз жоқ. Олардың көпшілігі саясат дегеніміз демократия, ал демократия дегеніміз билікке таласу деп білетін көрінеді. Осындай ұғымның жетегінде кеткендердің ортасында бүлікшілік пайда болады да, азады-тозады, есін жиғанша талай уақыт өтеді. Ал біздің түсінігімізше демократия дегеніміз, өз құқын сақтаумен қатар, басқаның құқына нұқсан келтірмеу.

Қазақстандықтардың табысы 15 жылда 20 есе өсті, жұмыссыздар саны күрт азайды. Денсаулық сақтау, білім, ғылым саласында ірі өзгерістер жасалды. Бұрын көптеген ауруларды емдеу үшін қазақстандықтар шетелге баратын болса, қазір шетелдіктер Қазақстанға келіп емделетін болды. Бұрын ұзаса Мәскеу мен Ле­нинградтан білім алатын жас­тар бүгінде әлемнің ең таңдаулы оқу орындарынан білім алып келіп жатыр.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен көтерілген “Балапан” бағдарламасы бойынша 4 мыңға жуық балабақша мен шағын орталықтардың іске қосылғандығы ел болашағы – жеткіншек ұрпаққа маңыз берілген кемеңгерлікті көрсетумен бірге, ел экономикасының қарымын да танытып отыр. Әрине, бұл ең басты міндет. Балалар – мәңгілік елдің жасампаз мұрагерлері, алынбас берік қамалы да солар. Бүгінгі мектеп жасына дейінгі ұрпақ мәселесі аса күрделі. Олардың тұрмыстық жағдайы әр алуан, өмір сүретін ортасы, тұтынып, игіліктенетін заттары, киіну деңгейі де әртүрлі. Бұрын мектепке бару жасы жеті болса қазір алтыға түсуде. Сондықтан бұл жөніндегі зерттеу, білім мен тәрбие беру ісі де соған сәйкес жетіле түскені абзал. Әлемдік деңгейге жетуі керек. «Болашақ» бағдарламасы да ел болашағының үлкен тірегіне айналды. Осы арқылы Қазақ елінің білім өрісі кеңейіп, әмбебап маман халық болып келеді. Осы бағдарламаға шетелде тұратын қазақ жастары да қамтылғысы келеді. Өйткені, олар да болашақта Қазақстан азаматтары болады.

Халқымыз Қазақстан мемле­кетінің ішкі ұлт татулы­ғына байланысты саясатын және сыртқы саясатын толық қолдап отыр. Елбасымыздың халықаралық беделі өте зор. Алайда, халықара­лық жағдай қазіргі кезде мейлінше тұрақсыз. Бұл тұрғыда халықтың қолынан келетіні – өз ішімізде береке-бірлікте болу деп білемін. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбе­дегі келеді», деген даналықты осы орайда қайталап айта беруге тура келеді. Бұл Мәңгілік Ел болуымыздың негізгі қағидасы.

Үзбен ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,

жазушы.

АСТАНА.

0 пікір