Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Рух 5556 0 пікір 25 Тамыз, 2014 сағат 18:03

ДӘУРЕН ҚУАТ. ӨЗ ЕРЛІГІН ЖОҚТАМАЙТЫН ЕЛ БАР МА?

(Арнайы жазылған мақала емес, әріптестер сұраған соң айтып берген пікірім еді. Оқырманның ой-талқысына жеткізуді құп көрдім).

Президент Назарбаев «қазақ халқының тарихы – бірігу тарихы»  деп келеді. Рас сөз. Қазақ қашанда бірлігін бекем ұстап, елдігін ерлігімен сақтап қалудың қамында келе жатқан ел. Бұның көнедегі көрінісі – қазақ хандығының  тұсындағы дүбірлі кезең  екені даусыз.  Қазақ Ордасы  - Алтын Орда империясына мұрагерлік етуге ұмтылған бахадүр хандар мен батыр бабаларымыздың  заманын әйгілейді. Бұл жайт оқулыққа еніп, жалпы көпке мәлім болмағанымен үркердей топтың ортасында белгілі сөз.

Елбасымыздың «Қазақфильм» АҚ-ның президенті Ермек Аманшаев мырзамен жүздесе отырып, хандар туралы, хандар өмір сүрген дәуір туралы көркем фильмдер түсіруге кеңес бергенін естіп «е, міне әңгіме» деп елең еткеннің бірі мен болған шығармын. Жөн-ақ. Алайда біздің режиссерлар бар, «Қазафильм»  бар Елбасының тапсырмасын күтіп отырмай-ақ, осыған баяғыда кірісіп кететін жөндері бар еді. Амал кем, тапсырма түспейінше, осылай тапжылмай отыра беруді әдетке айналдырып алғанбыз ғой... Дегенменде, ештен кеш жақсы. Президент Назарбаев бұның алдында да отандық экраннан ел тарихын көргісі келіп, «Көшпенділердің» түсірілуіне пәрмен еткен. Ол фильмге шетелдерден режиссерлар мен актерлар шақырылып (аталған фильмнің сәтсіздігін Талғат Теменовке жаба беруге болмайды), ақыры су аяғы құрдымға кетті. Оның есесіне телеарналарымызды кәрістің батырлары жаулап алды. Бірақ, осы арада Ақан Сатаевтың ерлігін ерекше атап өтпесек болмайды. Ол өзінің жеке студиясының шекті мүмкіндігіне барын сала отырып, «Жаужүрек мың бала» атты фильм түсірді. Азды-көпті кемшілігі болғанымен Сатаевтың «Мың баласы» ел ішінде өте жылы қабылданды. Жастардың рухы оянды. Өз тарихына деген құрмет пен мақтаныш сезімі серпіліп бас көтерді.  Көрдіңіз бе, қазақтың тарих пен бабалар ерлігін паш ететін қисса дастандарға рухани сұранысы тым жоғары екен. Өз тарихын, өз ерлігін жоқтамайтын ел бола ма? Қазақ та жоқтайды, өзгелердің кереметіне бас шайқай отырып өзінікін іздейді. Ендігі сөздің қысқасы, хандар мен батырлар туралы фильмдер жарық көруі керек. Алайда оған бүгінгі заманның көзқарасын таңып, бүгінгі уақыттың талабын қоюдың қажеті жоқ. Жәнібек пен Керейден бастап, Қасым хан, Бұрындық хан, Есім хан, Тәуекел хан, т.б. түгелімен «қайта тіріліп» Кенесары хан, Сыздық сұлтанға дейінгі уақытты тегіс қамти алса, «Қазақфильм» тарихта мәңгі қалар іс тындырғанға есеп дер едік.  Бұлармен ілесе қазақтың азаттығын аңсаған алашордашылар мен коммунист атанған, бірақ шын мағынасында ұлтын сүйген  ұлы тұлғалар - ғазиз ағалар жайында, ғаламат аштық, Карлаг пен Алжир  қасіреті, шетелдерге ауып, жер бетінің тозағын кешіп өткен  еңіреулі ел тағдыры  таспаға тартылып жатса, және соның бәрі  кәсіби деңгейде түсіріліп, кино туындыға айналса, бек қуанар едік.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3508