Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қорған 8326 0 пікір 28 Тамыз, 2014 сағат 13:17

Болат Қалымбетов. ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ

Баршаңызды Конституция күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл, ең алдымен — еліміз үшін патриоттық пен намыстың мерекесі!
      Ежелден еркіндікпен өмір сүріп, еңселі азат ел болуды көксеген бабаларымыздың басты арманы–Тәуелсіздік болса, тәуелсіздіктің ең басты белгісі–Қазақстан Республикасының Ата Заңы болып табылады.
Ата Заңымыздың тарихы әріден бастау алатыны да барлығымызға аян. Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы, әз-Тәукенің «Жеті жарғысынан» бастау алған біздің Конституциямыз еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосты. Конституция негізінде және соған сүйене отырып, елімізде жүргізілген реформалардың оң нәтижесі ретінде қоғамда тыныштық пен бейбітшілік қалыптасты. Қазақстан қоғамды жаңартудың қай саласында болмасын тереңдігі мен кеңдігі жағынан бұрынғы Кеңес республикаларының ішінде көш басында келеді. Кең көлемді жекешеленді­руді, зейнетақы реформасын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалауды, халыққа білім беру мен мемлекеттік қызметті қайта құруларды айтқанның өзі де жеткілікті.

     Өзім өнер саласында жүргендіктен, Елбасының жалпы мәдениетке  қатысты айтқан сөздерінің дерлік барлығы көңілімнен шығады десем артық айтқандық емес. Мәселен, Ата заңымыздың 37 бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндетті» деп жазылған. Президент Жарлығымен қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы осы баптың орындалуына көп септігін тигізіп отыр.

       Ұлттық тарихи мұраны халықаралық деңгейде насихаттау мақсатында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы да  «Мәдени мұра» бағдарлама аясында қоғам, өнер және мәдениет қайраткерлері циклы бойынша  және  тарихи орындар мен мұралар туралы деректі фильмдер түсіруде. Осы секілді қоғамымыздың әрбір саласы, әрбір азаматы Отанымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосар болса, Ата заңымыздың  іргесі берік, ғұмыры мәңгі болмақ!

      Құрметті отандастар! Баршаңызды тағы да  бір осы  жарқын мерекемен құттықтағым келеді. Сіздерге зор денсаулық, отбасында бақыт, береке-бірлік, Отанымыз ― Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыстар тілеймін.

 

Болат Қалымбетов, актер, кинорежиссер,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

0 пікір