Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Мәйекті 9276 0 пікір 29 Тамыз, 2014 сағат 12:26

БІЗ – АЛАШПЫЗ БА, ҚАЗАҚПЫЗ БА?

«Алаш» – күллі қазақ үшін қастерлі ұғым. Бұл сөз жайдан-жай емес, ерекше жағдайда айтылып, кезінде қанға қуат, жанға жігер берген, жеке адамдардың санасын оятып қана қоймай, оларды біріктіріп, ынта-жігерін бір арнаға бағыттап, ортақ ұлттық мүддеге жұмылдырды. Заманауи ұлттық санамыздың негізін қалаған, «алаш азаматтары» аталған Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов және Ахмет Байтұрсынов бастаған топ. Ұлттық саясатымыздың тәлім болар ең озық үлгілері – Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің іс-әрекеттері.

Иә, рухани дүниемізде осындай орны бар «Алаш» сөзін біз қалай түсініп, бүгінде қалай қолданып жүрміз?

Тарихшыларымыз алты алашқа қазақтың үш жүзін, Ташкент маңындағы құраманы, қырғыз бен қарақалпақты жатқызады. Алаш – ХІІІ ғасырда, қазақтың үш жүзі – ХҮІ ғасырда қалыптасса, қырғыз ешбір тарихи кезеңде қазақпен бір тудың астында болмаған. Саяси іс-әрекетте бұл халықты туысқанбыз деп ішке тарту орынды болғанымен, тарихты ойдан құрастыруға болмайды. Алты Алаш жөніндегі тарихи деректер оған Керей, Найман, Меркіт, Қоңырат, Жалайыр және Моңғол жерінде болған Татарды жатқызады. Алтын Орда заманында татарлар басшысының есімімен «Ноғай» атанған. Алтын Орда ыдырап, қазақ болған рулар шығысқа қарай қайтқанда, ноғайлар батыста қалған. Ол заманнан қазақ пен ноғайдың қоштасу жырлары сақталған.

Ал бізге белгілі қазіргі татарлар «бұлғар» аталған. Бұлға – ұлы өзен, ертедегі Еділ өзенінің атауы, кейін ол «Великая русская река – Волга» болды. Бұлғар – сол өзен жағасын мекендеген халық. Еділ, Ноғай, Мамай – осы өлкеге билік еткен кісі аттары. Отаршылдық жүйе елге, жерге иелігін бекемдеу үшін, олардың атын да, затын да өзгертіп, өз ыңғайына бейімдейді. Ал Жалайырға келсек, оның ат жалына қатысы жоқ атау. Ерте заманда «жал» деп қорғанды атаған. Бұл ру Қытайдан төлем алып, Қытай қорғанын сырттай бақылайтын болған.

Ол дәуірде хан өзіне жақын қарашы топты таңдаған, қалған жұрты – алашысы деп, яғни олар ханның билігіне бой ұрғаны үшін, жарлығын орындап, барлық қажетін өтегенінің қарымтасы ретінде «хан талапай» етіп, барлық мал-мүлкін, тіпті ырым ретінде үстіндегі киіміне дейін бір жапырақтан бөлісіп алған. Ханға ешбір жеке меншіктің қажеті болмаған, өйткені ол бүкіл елдің, мемлекеттің иегері. Шыңғыс ханның қарашысы моңғол текті өз руластарынан болып, алашысы – алаш атанған жоғарыдағы алты ру ел екен.

Алты алаш деп алты санын қолдану көне дәуірден қалған нысан ғана. Алаш ұғымы ру немесе ұлтпен шектелмейді, оның шын мәні – бір ортаға топтасқан берекелі, ынтымағы жарасқан, бағынышты болса да, қадір-қасиетін сақтаған қауым. Оны тарихтағы орны дүдәмәл Алаша ханға телу де орынсыз. Арғы түп-төркініне барсақ, «Алаш» институты ұлы империя құрамындағы бағынышты жұрттың өзіндік қадыр-қасиетін сақтау мүмкіндігін қамтамасыз етті. Шыңғыс ханға бағынған қаншама тайпалардың ішінде алаш атанғандардың мерейі үстем болып, әскердің ең бір айбынды, қуатты құрамы болды. Олардың көрнекті өкілдері әскербасылық, мемлекеттің беделді билік дәрежелерін иеленді. Алаш құқығындағы топтар жойылып, не үстем тайпаларға сіңісіп кетпей, бет-бейнесі мен ерекшеліктерін сақтап, кейін өз алдына дербес мемлекетін құрды.

Империя құрамындағы бағынышты жұрттардың жағдайының әрқилы болатынын кешегі өзіміз болған Кеңес Одағының ахуалынан да түсінуге болады. Мәскеудегі Орталық үкімет Украина, Белоруссия, Грузия, Прибалтика республикаларына жалпы директивалар ғана беріп отырса, басқа Одақтас республикалардың шаруашылығын тұрақты түрде қадағалады. Оның ішінде Қазақстанды тікелей басқарды. Тіпті, Орталық аппаратқа ұсынылатын басшылар алдымен Қазақстанда қызмет істеп, тәжірибе алды. Қазақстан ресми насихатталғандай «халықтар достығының лабораториясы» емес, іс жүзінде отарлық басқарудың сынақ алаңы болды. Ресей империясы қазақ қауымын жоғарыдан уезд деңгейіне дейін бақыласа, Кеңес дәуірінде бақылау ғана емес, бүкіл басқару ісі бірде-бір мекемені, құрылымды тыс қалдырған жоқ. Ал оқу-білім, идеология жүйесі арқылы әрбір қазақтың санасын да толық бақылауға алып, ұлы держава мүддесіне бейімдеді.

Алаш болу деген – жоғарғы хандық биліктен өз еркімен бас тартқанымен, есесіне жерге иелікті, басқа да әлеуметтік-құқықтық құндылықтарды сақтап қалу. Моңғол империясы кезінде алаш болып топтасқан алты жұрттың бесеуі кейіннен қазақ болып, Алтын Ордадан бөлініп кетті.

Қазақ болу деген – бөтеннің билігіне бой ұсынбай, өз бетінше жеке болу, қазіргіше – тәуелсіздік. Алаш партиясын құрушылар «Алаш» ұранын толық мемлекеттік тәуелсіздік үшін емес, тек қана автономия алу үшін көтерді. Тіпті Кенесары да патша үкіметіне «Біз – жай ғана тобыр емеспіз, алашыңбыз, қонысымызға, ішкі билігімізге қол сұқпайсың» деп, Ақ патшаға келісімін орындату үшін қол бастап, қару алды.

Біз қазір этникалық мағынада ғана емес, тарихи-саяси тұрғыдан да қазақпыз, тәуелсіз мемлекет құрған ұлтпыз. Бұрын алаш болғанбыз, қазір – қазақпыз. Қазақ халқының қалыптасуы 1456 жылы Жәнібек пен Керей хандардың басшылығымен туын көтерген шын мәнінде тәуелсіз мемлекеттіктің жемісі. Бұл тәуелсіздіктен кейін Ресейге бағынғанда айырылдық, 1847 жылы Кенесарының басы алынғанда, ұлттық туымыз да құлады. Ресейдің қол астында барлық болмысымыздан, жер-судан айырылып, «өз малымды – өзімдікі» дей алмайтын халге жеткенде, «бағыныштылығымыз құлдық сипатта емес, алаштық дәрежесінде болсын» деп, ұлтжанды азаматтар Алаш қозғалысын бастады. Бұл бірден-бір мүмкін, сол кездегі қоғамдық-саяси жағдайдағы реалистік, тиімді бағыт еді. Ресейдің отарлық бұғауынан босануға ешбір жол болмағандықтан, бұрынғы замандарда бастан өткізген алаштыққа қол жеткізуге ұмтылды.

Алаш қозғалысының халқымыздың даму жолындағы маңызы ерекше, бұл азапты жолдағы құрбандықтар зая кеткен жоқ, олардың өтеуі – КСРО-ның құрамында Қазақстан аталып, белгілі бір жетістіктерге жетуіміз. Кеңес дәуірінде алаштық дәрежеге жеттік деуімізге негіз бар.

Алаш ұғымын мағыналық және институциялық тұрғыдан қарастырсақ, ол күрделі этникалық, әлеуметтік, саяси ұғым. Бастапқыда Алтын Орда дәуірінде оның этникалық мәні басым болып, Алаш қауымын жоғарыда аталған қазақтың бес руы мен ноғайлар құрады. Кейін ноғайлар оқшауланып қалды да, басқа бес ру қатарын молайтып, қазақ халқының құрамына енді. Сөйтіп, ұлттық санада арғы тегіміз Алаш деген қастерлі ұғым сақталып қалды.

Әлеументтік тұрғыдан алғанда Алаш ұғымы «көпшілік», «халық» дегенді білдіреді. Алаш партиясын құрушылар бұл атауды ұйымның демократиялық сипатын айқындау үшін таңдады. Ол кездегі қазақ қауымына демократия дегеннен гөрі, «алаш» сөзі түсінікті еді және Кенесары сияқты тағы бір хан азаттық туын көтерсе деген арман болатын. Көзі ашық, оқыған азаматтар ондай заманның қайтып келмейтінін, халық (алаш) өз жоғын өзі жоқтауы керек екенін түсінді. Хан тұқымынан шыққан Әлихан Бөкейханов: «Біз, хан тұқымы, қазақтың үмітін ақтап, елдігін, тәуелсіздігін сақтай алмадық, қарызымызды өтеу үшін көшін бастай алмасақ, қосшысы боламыз» деп, айтып та, жазып та кетті. Алаш партиясының шын мәніндегі демократияшылдығын оның бағдарламасы мен барлық іс-әрекеті дәлелдеді. Ал Алашорда нағыз ұлтжанды халықтық үкімет болды.

Саяси тұрғыдан Алаш – мемлекеттің монархиялық басқару жүйесінің далалық көшпелі өмірге бейімделген атрибуты. Феодалдық дәуірде халық сирек қоныстанған кең алқапта тұрақты үлкен армияны ұстап тұру мүмкін болмағандықтан, қажет жағдайда ғана ер азаматтар мініс аты мен қару-жарағын, азық-түлігін, яғни барлық қажеттілігін өзі дайындап, бір дабылмен әскери сапқа тұра білді. Бұндай жүйе жай халыққа, яғни алашқа белгілі бір дәрежеде еркіндік пен экономикалық мүмкіндік беріп, жауапкершілік жүктеп, бағыныштылықта ұстайды.

Ел аузындағы аңыздарда ханның қаһарына ұшырап, жазықты болғанда, рахымшылық өтініп, «Хан ием, жақсы көрсең – қарашыңмын, жек көрсең де – өзіңнің алашыңмын» деген мойынсұну уәжі осыдан сақталған. Ондағы мағына: жақсы көрсең, қасыңда ұстайсың, болмаса жай ғана бағыныштыңмын дегені. Аңыздарда алаштықты желеу етіп, хан алдында өзін тым еркін ұстап, шектен шығып кеткен уақиғалар да баяндалады. Қазбек бидің ұлы Бекболат бастаған топтың Абылай хан мен оның ұлына көрсеткен астамшылығы, оған байланысты жазаның атқарылуынан туындаған қарама-қайшылық сол кезде нығая бастаған қазақ қауымының ынтымағына зиян тигізгені жыр-дастандарда сақталған. Ескере кететін жағдай – Ресейде монархиялық жүйе күйрегеннен кейін, ұлтымыздың зиялылары алаш ұстанымынан тиылып, халқымыздың қазақ атауын қалпына келтіруге күш салып, бұл мақсатқа да қол жеткізді.

Қазақ болғанға дейін аталарымыз әр өлкеде тоз-тоз болып бытырап та, ғундар, түріктер, Шыңғыс хан құрған қуатты империялардың аясында жеке тайпа-ру болып, одан Алтын Орда дәуірінде бұл ру-тайпалар ерекшеленіп, ортақ тіл, ортақ дін, ортақ салт-дәстүр негізінде кейін бір халық болып топтасты. Бұл топтасу – алаштық ұстанымның нәтижесінде мүмкін болды. Қай империяның құрамында қандай жағдайда болғанымызды саралап, оң немесе теріс баға беріп, дәл сипаттау мүмкін емес. Тіпті кешегі Кеңестік империяны әсіре мақтап, оны аңсайтын қандастарымыз да жоқ емес. Оның объективтік себептері де бар, тақылеттес тарихи оқиғаларды әртүрлі позициядан бағалауға болады. Мысалы, 1916 жылдары Амангелділер орыстарға қазақтың қанын төктірмеу үшін соғысса, «Ұлы Отан соғысы» атанған Екінші дүние соғысында Бауыржандар жан аямай, империяны қорғап шайқасты. Бұлардың қай-қайсысы болмасын қазақтың ерлік рухын паш еткен ұлттық мақтанышымыз.

Әйтсе де қазақтың ұлттық мүддесін ту етіп, өткен ғасырдың ортасында Қытайда ұлт- азаттық көтеріліске шыққан Исламұлы Оспан батыр бастаған майданның тарихи маңызы ерекше. ХХ ғасырда қазақ тарихындағы батырлықтарды шартты түрде Амангелділік, Бауыржандық, Оспандық деп, оларды Алаш-Қазақ идеясы тұрғысынан бағамдасақ, Амангелділік – патшалық Ресейдің қазаққа әскер ретінде қару бермей, күрек ұстатып, жұмысқа салғанын қорлық санап, тапталған ұлттық намыс үшін болған шайқас. Бауыржандық – санатқа қосылып, сапқа тұрған сарбаздардың империяны қорғап, алаштық қызмет атқаруы. Оспандық – алаштықтан да жоғары, таза қазақтың мүддесі үшін соғыс.

Қорыта айтқанда, Алаш болу – белгілі шартты жүйе бойынша қадір-қасиетін таптатпай, тіршілік кеңістігін сақтап, қажетті азаматтық және шаруашылық құқықтарға иелік етіп бағыну. Қазақ болу – басқаның шылауында болмай, тәуелсіздік пен дербестікті қамтамасыз ету. Ресейге бағынғанда алаштық дәрежеге көтерілуге тырыстық, оның өзіне де қол жеткізе алмадық. Қазір дүние жүзі мойындайтындай тәуелсіз мемлекет құрып жатқанда, «Алаш» ұранын ту еткеніміз білместік немесе саяси соқырлық деуге келеді. Адамның балалық шағын аңсағанындай, тарихи жадымыз алаш идеясын қастерлегені орынды болғанымен, балалық шақты сағынып, «Сәби болғым келеді» деп өлеңдеткенмен, саяси сәби болмау керек! ХV ғасырда этникалық алаштықтан өтіп, қазақ болып ұйыстық. Бұдан кейінгі дәуірдегі алаштығымыз саяси негізде, монархиялық-хандық жүйеде жоғары билікке қол созбай, оның есесіне белгілі дәрежеде әлеуметтік құқықтарға иелік етуді білдірді. Ресей отаршылығы жағдайында алаштықты әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету жолында күресуге тура келді.

Алаштық пен қазақтықтың лингвистикалық және саяси мән-мағынасын ажыратуға тырыстық. «Алаш» деп ұрандатқанымызбен қоймай, геосаяси тұрғыдан да алаштықтан толық шыға қойғанымыз жоқ. Жаһандану заманында әртүрлі интеграциялық үрдіске орынсыз ұрынсақ, қазақтығымызды әлсіретіп, қайтадан алаштыққа бой алдырамыз. Қазіргі сәтте күн тәртібінде қазақ боламыз ба, алаш боламыз ба деген диалема тұр. Нағыз қазақ болуға ынта-жігеріміз бен күш-қуатымыз жетеді, сондықтан тәубешілік әдетімізбен алаштыққа қанағат етсек, бұл тарихи таңдау жасайтын сәтті өткізіп аламыз. Ел азаматтары ұлттық мүддеге қызмет етіп, қазіргі дүрмекке бой алдырмай, әлдекімге бұйыратыны неғайбыл жалған байлықтың құлы болып қалмауы керек. Жеке бастың қамын ғана құнттаған қауымның болашағы болмайды.

Тілеуберді САЙДУЛДИН, 

ҚР ҰҒА академигі

«Общественная позиция»

(«DAT» жобасы № 28-29 (253) от 27 тамыз 2014 ж.

0 пікір