Дүйсенбі, 16 Қыркүйек 2019
Мәйекті 5476 0 пікір 29 Тамыз, 2014 сағат 18:51

Тұрсын Жұртбай. ДӘНЕКЕР ТҰЛҒА

Кеше, 28 тамыз, Алматыдағы жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде Қазақстан Жазушылар одағы мен Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен белгілі жазушы, этнограф, тарихшы, ғалым Зейнолла Сәнікті еске алуға арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Ғылыми конференцияға сенатор, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, тарихшы, ғалым Тұрсын Жұртбай, Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан,  «Ұлы дала қырандары» қозғалысының жетекшісі Сәдібек Түгел, Қаламгерлер Берік Шаханов, Ғалым Жайлыбай, Маралтай Райымбек және Зекеңнің ұрпағы Қанат Зейнолла қатысып, ғалымның ғылыми еңбектері мен шығармашылығы турасында сүбелі ойлар айтты және көлемді баяндамалар жасады. Қайрат Құл-Мұхаммедұлы бастаған өнер қайраткерлері өлеңнен шашу шашты. Назарларыңызға Тұрсын Жұртбайдың Зейнолла Сәнікұлы туралы жазған «Дәнекер тұлға» атты мақаласын ұсынамыз.

***                   ***                        *** 

Тіршіліктің мәжбүрлік заңына орай, пенде атаулы жаны жөргекке оралғаннан бастап, өз аманатын иесіне тапсырғанға дейінгі азды-көпті уақытта күн сайын бір нәрседен айырылып отырмақ. Кімнің қанша жоғалтқанын кім білсін, әйтеуір, «тұяғы бүтін тұлпардың, қанаты бүтін сұңқардың, қабағына кіреуке түспеген арудың» жоқтығы анық. Жоғалтқаныңның бәрі алтын болмас. Бірақ, ине екеш иненің сабағы болса да жаныңа қат. Сол жіңішкелі-жуанды жіптің сабақталмаған көзі, жамамаған жыртығының орыны жан түкпіріңде үнемі үңірейіп тұрған күйінде өміріңді өткізесің. Жан жараңды өзің жалап, жатығын жазасың.

Ал ел тағдырына қатысты жарықшақтарды тұлғалар ғана дәнекерлеп, қиюын қыиыстырады. Мұндай қиюы қашқан қисындар қазақ тарихында молынан ұшырасады. Тіпті, сол қиюы қашқан күйі ажырап, бара-бара алыстап, ақыры жатсынып тынған тағдырлы түйіндер аса мол. Оған бүгіннің өзінде үрімі үзілмеген, біз жүздескен Ішкі Монғолияның Найманши атты ауданында 262 мың жан санын құрап, ұлы найман қағанатының ханы Таян ханның 21-ұрпағының айналасында топтаса жиын отырғанын, олардың «Найман ордасы» атты тарихы жеті ғасырлық алты қатпарлы хан сарайын мұражайға айналдырып, «Найман мәдени орталығын» құрып, найман-монғол жазуымен «Найман шежіресі», «Найман энциколпедиясы», «Найман жер аттарының тарихы», «Найман жыр-аңыздары», «Найман ән-күйлері», «Найман ауданының көркемөнер тарихы», «Найман көркемсөзі мен жазуы» сияқты танымды кітаптар мен жинақтар шығарып жатқанынан негізгі жұртымыз бейхабар. Ал осы Ішкі Монғолиядағы атақты Құрымбел аймағында – жалайыр мен керейдің, қоңырат пен қыпшақтардың, Көкотта – оңғыт-уақтардың, алышын аймағында (Сарыөзен мен Саржазықтың бойы) – алшындардың ұйыса отырғаны және олардың да сондай тектік нысандық бағытта зерттеулер жүргізуге ден қоятын ыңғай тынытып жатқанын көзіміз көрді.

Тегі бір, тарихы бір, мемлекеті бір, мүддесі ортақ біртұтас ұлыстың тағдыры қақ бөлініп, араға сегіз ғасыр өткенде бір-бірінен мүлдем мақұрым қалуының басты кілтипаны – белгілі бір дәрежеде басыңды бәйге тігетін тәуекелді дәнекер тұлғалардың жетіспеуі. Тіпті бес ғасырдың төңірегінде бесігімізді кезектесе тербеткен, «үріккен ала тайдың кесірінен» іргеміз ажыраған Асанқайғы, Шалкиіз, Доспанбет, Қазтуған жыраулардың мұрасы мен эпостарда айтылатын ноғайлы жұртын да жатырқап қалдық. Қазіргі Ауғанстан мен Ирандағы, Ирактағы наймандар (алманиялық ауғандықтардың айтуынша, олардың 24 мыңға жуығы өздерін тікелей Кетбұғаның тұқымымыз деп есептейтін көрінеді) және қан құрамы арғын тайпасымен бірдей түзілген қызылбастар мен қашқайлар, жалайырлар, қыпшақ мәмлүктері, Пәкстандағы моғолдар атанған жалайырлар мен қыпшақтар, қоңыраттар мен наймандар енді басы қайырылмастай боп жаттанып кетті. Міне, дер кезінде дәнекерленбесе, ұлттық ұйытқы да осылай іріп тынады екен. «Елге ел қосылса – құт, Елден ел ажырасса – жұт», «Беріспесең – алыспайсың, Барыспасаң – алыстайсың» – деген тарихи әрі тағдырлы тәмсіл содан қадыптасқан сияқты.

Сондай дәнекері үзіліп, арасы ажыраған, тіпті бір-біріне қайшы саясаттар жүргізген буырқанысты майдандардың кесірінен Қажығұмар Шабданұлы сияқты дегдар азаматтарды жарты ғасыр түрменің терезесінен телмірткен шақтарды да қазақ жұрты басынан өткерді. Қазақ сол баяғы бір қазақ, тілі мен дәстүрі бір, бірақ олардың тарихы екі түрлі жазылды. Мұндай қисынсыздықтан әлі де толық арыла алмасақ та, қырғиқабақтың ықпалы әлсіреді, қыртысы жазылды. Бір жұбаныштысы, және оның басты себебі, тура осындай талмалы тұста дәнекерлі тұлғалардың таным шымылдығын ашып, ұлттық сана иелерінің өмір сақнасына шығуы. Осындай тарихи саналарды сабақтастырып, ой дамытуға себепкер болған сондай тұлғаның бірі – біз бүгін жылын беріп, қаралы жиынын саналы саралауға айналдырып отырған жаны жәннәтта болғыр марқұм ағамыз Зейнолла Мүбәрәкұлы Сәнік.

Сонау сексенінші жылдардың ортасынан ауа атмекенге ат басын бұрған алғашқы аға жазушылар Айтқали Оспанов пен Зейнолла Сәнік және ұлт қормалы Сұлтан Жанболат ағаларымыз болды. Жазушылар одағының тапсыруымен біз де сол кісілердің тізгінін ұстап, қырын көзден көлегейлеп, елімен барынша еркін танысуына мүмкіндік тудыруға ұмтылдық. Қазір шаңдатқан қара жолға айналған қарым-қатынас ауқымының ол тұста ернеуі тар, қыспағы мол, қысылтаяңы шаншулы еді. Соған қарамастан, қуаныш пен сүйініштен төгілген көз жасына малшынып жүріп сандаған тағдырлардың шемен боп қатқан қасірет безін ерітті. Аңдулы сөз бен аңдылған қадамға қарамастан бұдан кейін үрдісі үзілмеген сол бір шын мәніндегі жанкештілердің қарасы молая берді. Кейіннен Жақсылық Сәмит, Армиябек, Тұрсынхан Қайыркенұлы, Алмасбек Ахметбекұлы, Серік Қапшықбайұлы бұйдасын ұстаған құтты көшке ұласты. Қазір тарихи отанында кеудесін тік ұстап, жерді нық басып жүргендердің ұзына саны жарты миллионға бет бұрды.

Ширек ғасырға жуық мерзім ішіндегі бұл қозғалыс саны жағынан да, сапасы тұрғысынан да ұлтымыздың тынысын кеңейтті, санасы мен дәстүрін жаңғыртты, көзқарастарымызға өзгерістер енгізді, өрісімізді ұзартты. Әсіресе, мәдениет пен руханият саласындағы үлестері басым байқалды. Тарихымыз бұрлығып, ойымыз тұтқырланып қалған сол бір булығу тұсында борлыққан өкпемізге таза ауа қосқандай болды.

Қазақ тарихынан Қаракерей Қабанбайдың аты өшпейтіні анық еді. Алайда талай тосқауыл мен күлтөбеге, күңкілге ұрынарымыз кәміл болатын. Сол алғашқы сапарының өзінде «Қаракерей Қабанбай» атты тарихи әфсанасы арқылы исі қазақтың санасын оятқан Зейнолла Сәніктің шағын кітапшасының әсері ерекше болды. Бұрын жыр, дастанның, Бұқар жыраудың толғауларының ішінде аты аталып өтетін қатардағы һас батырдан «хан батыры Қабанбай» атанып, күмәнсіз, кәдік пен күдіксіз ұлт киесіне айналды. Іле халықтық қозғалысқа ұласып, үш жүз жылдық торқалы тойы өтті. Ондағы тарихи оқиғалар қайтадан ой саралауынан өтті. Бұл ұлттық рухтың асқақтауы Абылайдың, Бөгенбайдың, Наурызбайдың, Төле бидің, Қазыбек бидің, Әйтеке бидің, Райымбек әулиенің, Шақшақ Жәнібектің, Керей Жәнібектің, Байғозы батырдың, Кенесары-Наурызбайдың, Ақжолтай Ағыбайдың, Жанқожаның, тағы да басқа қасиетті тұлғалардың, сонымен қатар Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының батырларымен қоса Бөке, Зуха, қос Оспан, Сұлубай, Бүркітбай, Еңліхан, Баспай, Акпар, Ғани, Қалибек, Құсайын тәйжі сияқты «ұмытылған», бірақ «азаттық іздеген көш» қаһармандарының бүркелген шымылдығын ашты.

Отын өзі үрлеп, дем берген қозғалыстың ырқынан тыс қалмай «Баспай», «Дала мәдениетінің дара үлгілдері», «Демежан», «Тұғрыл хан», «Сергелдең» сияқты деректі әфсаналарды өмірге әкелді. Аталған ағалар мен інілер бас түзеген көштің алдыңғы қатарлы толқындары Қазақстанның «Көк туын» желбірете әндетіп, Қабылаш, Майра мен Шұғыла, Гүлзира, «Қыздар-айлатып» Тілеубек пен Ермұрат, ерлі –зайыпты Құрманбек пен Риза, Отанбек пен Жанат Тоқтасынқызы, Шәбә мен Еркін Ергендер әлем сақнасын аралап кетті. Ақыт Үлімжібастатқан Қажығұмар, Омарғазы, Задахан, Сұлтан, Серік Қапшықбай, Оразанбай Егеубай, Жұмабай Біләл, Жақып Мырзахан, Тұрсынәлі Рыскелдіұлы сияқты ағалардан бастап Шәміс, Асылхан Құсбегин қатарлы көкжалдар, Алмасбек пен Керім Елемеске, Ғалым мен Дукендерге дейінгі кексе қаламгерлер қазір дүниежүзі қазақтарының арасындағы танымал тұлғаларға айналды. Мен осылардың қатарында көне қытай тілінен қытайлардың өздерін оқытатын және оқытқан, бүгін отан тарихына ерекше үлес қосып, дербес ғылыми мектеп ашуға бет алған Нәбижан Мұхаметханұлы, Бақыт Еженханмен қатар Жалмұхан Ошан, С.Сұңғатай, Тұрсынхан Қайыркенұлы, Қалбан Ынтыхан, Еркінжан Сіләмханұлы сияқты ғалымдардың еңбек зейнеті мен бейнетін ерекше бағалаймын. Көпестік пен кәсіпкерлігінің бағы жанғандар қаншама?!

Міне, қатулы шекараның қылауын алғаш тауып елге оралған ағаларымыздың, соның ішіндегі бірегейінің бірі Зейнолла Мүбәрәкұлының өткен өмір кешуін ежелдете еске алғанымыздың өзінде, осындай сардарлы ғұмыр ғибыраты еске түседі. Бұл тарихи қозғалыс та әлі талай екшелер, ығыса-ығыса сығылысар, бастығар. Алайда елінің рухани тарихының өтпелі тұсына дәнекерлі бір қиыршық болып қаланған жандардың жанкешті жауапкершілігі – үнемі есте ұстауға тұрарлық еңбек.

Ғылым демекші, Зейнолла дегдардың өзіміз сүйінетін осындай азаматтық сипаттағы мінезімен қоса қадірлейтін бір пітінәм – ол кісінің қытай қолжазба мұраларындағы жалпы түркі жұртына, оның ішінде қазақ руханиятына қатысты деректерді жинастырып қана қоймай, оны жинақы ғылыми пайыммен қалың жұртқа таныстыруы. Біздің жыл қайыруымыздан бұрынғы «Му тянь зының» жазбасындағы «Ғұн анасының»:

Аша бұлт көз ұшында бұлаң қағып,

Асқар тау көрінеді мұнарланып.

 

Өзен бойлап, жартаспен жағаласып,

Тау жолы көкжиектен барады асып.

 

Ақша бұлт болсам егер, айтам анық,

Келер ем осы араға қайта айналып.

Екінші нұсқасы:

Ақша бұлт көз ұшында бұлаң қағып,

Асқар тау шақырады мұнарланып.

 

Өзен бойлап, жартаспен жағаласып,

Көш жолы көкжиектен барады асып.

 

Болғанда ауылың алыс, ара қашық,

Таудан асқан бұлтпен араласып:

 

Келерсің., аман болса, қауырсының,

Тағы да қандырып бір көз сусынын, –

деген толғауымен тұңғыш рет Зейнолла ағамыздың қолжазбасынан танысып, «Жұлдыз» журналына жариялап едім.

Бұл ізденістің соңы жиырма жылға созылып барып, «Көне қытай деректеріндегі тегі түркілік әдеби нұсқалар» деген найман, арғын, қаңлы, керей, қыпшақ, қоңырат деп ру аттары анық жазылған, уақыт мерзімі жыл қайыруымыздан бұрынғы Х ғасырдан бастап ХҮІІІ ғасырға дейінгі аралықты қамтитын 72 ақынның шығармасын жеке жинақ етіп шығарудың міндеті маған жүктелетінін ол кезде қайдан білейін. Бұл деректерді оқыған адамның қызықпауы, білуге ұмтылмауы мүмкін емес еді. Мысалы, 1237-1295 ж.ж. өмір сүрген қаңлы Баян ақынның «Қамшы» атты:

Ойқастап оңды-солды бастым амшы,

Сорғалап тебінгіден ақты тамшы.

 

Семсердей болмаса да өткір жүзі,

Үш құлаш өрімінің ұзындығы,

 

Дойырды жібергенде бір иіріп,

Түменді бір кісідей тұрды үйіріп, –

деген жолдарды Абайға болмаса, Несіпбектің өзіне қайтып қиярсың.

Осындай қатпарлы руханияттың қыртыстарына көз сұғын қадатқан Зейнолла Сәнктің пайымды ғылыми, әдеби-зерттеу еңбектерінің маңызы ерекше. Бұл орайда арнайы деректенушы мамандардың араласуын қажет ететін түйінді мәселелер де бар екені анық. Мұны келер күннің еншісіне тиесілі пікір ретінде көпшіліктің есіне сала кетуді лайық санадық.

Осы ретте алдыңғы толқынның ерекше өмір майданынан өткенін және олардың көргендерінің өзінің энциклопедиялық мағлұматқа ие екенін баса назар аудара айтқан орынды. Өмірінің соңғы тынысмен жазылып, ыстық демі қалған «Қазақ этнографиясы» атты көлемді еңбекті халықтық сыпаты басым басылымның қатарына толық жатқызуға болады. Мұнда ғылыми пайымды, жазушылық көркем, шежірешілік баяндаулардың барлық түрі тоғысқан. Еркін әрі түсінікті тілмен жеткізілген, мағлұматы мол қазыналы қормал туынды. Білім мен пайым, өмірлік тәжірибе астасып, аталы сөзге айналған. Өзгені былай қойғанда, көз сусынын күнде қандырып жүрген киіз үйдің керегесіне қатысты – ерсі, балашық, сағанақсияқты өлшем мен желкөз кереге, торкөз кереге, иін, қар, қалам, тоғын, қаламдық, сықырлауық, дөдеге, жиек, таңдай өрнек, өрік кереге, таңғыш, шалғыш уық, салма деген атаулардың атын да және олардың міндетін де толық түсіне бермейтініміз анық. Демек, қалам ұстағаннан бастап балалар әдебиеті мен халық ауыз әдебиетіне етене өмір сүрген Зекеңнің танымдық саласындағы ізденістерінің бір қомақты қорытындысы сияқты.

Иә, пенде атаулы күн сайын әр қымбатының бірін жоғалтумен өмір сүріп, өзі де бір күні ғайыпқа айналады. Алайда өзгеден гөрі адамға берген бақыттың бірі – белкүшің мен рухани күшіңнің артта қалған белгісі. Сол белгілеріне қарап, өткенге – салауат жасаймыз. Бұл ретте жоғалтуынан қалдырған белгісі мен тапқан қымбаты басым болған Зейнолла Мүбәрәкұлының рухына ел атынан тағзым етеміз.

Тұрсын Жұртбай,

жазушы, профессор.

Abai.kz

0 пікір